Алимент төлеуден қашып, Ресей Федерациясының Омбы қаласында жасырынып жүрген 36 жастағы көкек әкені Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері іздеп тапты, деп хабарлайды Egemen.kz
Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері борышкерлер мен алимент төлемеушілерді іздестіру бойынша акция өткізген еді. Үш күндік акция барысында іздеудегі 13 адамның жүрген жерлері анықталды. Солардың ішінде жоғарыда аталған 36 жасар көкек әкені Уәлиханов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері анықтады. Ол кәмелетке толмаған ұлына қамқорлық жасауды ұмытып, 2018 жылдан бері іздеуде болған. Енді сот орындаушылары берешекті өндіріп алу үшін шаралар қабылдайтын болады.
"Іздеудегі адамның басқа мемлекетте жүргені туралы ақпарат алғаннан кейін, оған мемлекетаралық іздеу жарияланады. Ол жерге бағыт-бағдар мен іздестіру тапсырмалары жолданады", деді облыстық Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы Еділ Қазиев.
Аталған акцияның барысында туыстарымен қатынасын үзіп, хабарсыз болып кеткен адамдардың да жүрген жерлері анықталды. Мәселен, Жамбыл ауданының полиция бөліміне Украинское ауылының тұрғыны жүгініп, екі жыл бойы жиенінің қайда жүргенін білмейтінін айтқан. Тәртіп сақшылары оның Петропавл қаласында жүргенін анықтап, оған туыс апасының іздеп жүргенін хабарлады және байланыс мәліметтерін табыстады.
Бүгінгі таңда іздеу жарияланған тағы 16 адам алимент төлемеушілердің, ал 32 борышкер және туыстарымен байланысын жоғалтқан 17 адам іздестірілуде.