• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Руханият 28 Қыркүйек, 2020

Азамат бейнесі аласармайды

411 рет
көрсетілді

Тағдыр мені талай текті тұлғалармен табыстырды. Қым-қуыт тірліктің сан тарау сүрлеуінде көп адамдармен жолың түйіседі. Жүрегінің кірі жоқ жандармен туысасың, ал та­банының бүрі жоқ пенделермен суысасың. Жүрегі жомарт, кеудесі қорған ағаларды ардақтасаң, ал өзің ізеті бөлек інілерге құрметті боласың. Осындай айтулы азаматтардың бірі – Сәмит аға Далдабаев болатын.

Сәмит аға 1938 жылы Қы­зыл­орда облысы, Жалағаш ауда­нына қарасты қазіргі «Еңбек» ауылдық округінде (бұрынғы «Ынтымақ» елді мекені) кол­хозшы-шаруаның отбасында дүние есігін ашады. 1956 жы­лы Жалағаш қыстағында­ғы орта мектепті үздік бітіріп, сол жы­лы Алматы зоотехникалық-мал­­дәрігерлік институтына оқуға түсіп, 1961 жылы мал дәрігері ма­мандығын алып шығады. Жол­дамамен туған топы­рағына оралып, еңбек жолын «Те­рең­өзек» кеңшарында бас мал дә­рігері болудан бастады. Бер­тін келе, яғни 1964 жылдан Сыр­­­дария ауданы­ның бас мал дәрі­гері, аудандық мал­­дәрігерлік стан­сасы басшысы қыз­метін абыройлы атқарды.

Сәмит ағаның еңбегі еленіп, 1965 жылы Еңбекші депутаттары Сырдария аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып сайланса, 1967-1974 жылдар аралығында Тереңөзек аудандық ауыл ша­руа­шылығы басқармасының бас­­тығы және аудандық атқару ко­ми­теті төрағасының орынбасары қызметін қоса алып жүрген. Мұ­нан соң ондаған жылдар бойы Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Сыр­дария аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Жаңақорған аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, осы аудандағы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Ал 1989 жылы Қы­зыл­орда облыстық партия ко­митетінің хатшысы қызметіне жоғарылатылса, 1991 жылдан облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болды. Осыдан кейін алты жыл бойы Жалағаш ауданының әкімі қызметін абыроймен атқарды. Ауданнан кейін облыстық тәр­тіптік кеңес төрағалығына сайланып, бұл саяси қызметті де мінсіз атқарып, 2003 жылдың мамыр айында зейнет демалысына шығып еді.

Сәмит ағаның Жаңақорған ауданында он жыл бойы бас­шы­лықта болғанда атқарған ша­руалары шаш етектен. Ең бас­тысы, ауданда кетеуі кетіп тұрған күріш шаруашылығы­на баса мән берілді. Сол жылда­ры басты дақылдың өнімі осы аудан бойынша 35 мың тоннадан 72 мың тоннаға жеткізілді. Күздік би­дайдың да көлемі ұлғайып, алына­тын өнім гектарына 27 цент­нерге дейін көтеріліпті. Бұ­рын жарыс кө­шінің соңында жү­ретін аудан Сә­кең басшылық еткен жылдары астық тапсырудан көш басынан орнықты орын алған. Аудан аумағында төрт түлік мал басы да ар­тып, ет-сүт өнімдері де көбейген еді.

Сәкеңнің бұл ауданда бас­шы­­лықта болған жылдары әлеу­меттік салада да көп шаруа жүзеге асты. Сырдарияның сол жағалауынан Түгіскен каналы қазылып, сол каналдың бо­йын­дағы Келінтөбе, Түгіскен, Өзгент, Қожакент, За­дария кең­шар­­ларында жаңа білім ошақ­тары мен учаскелік емдік орындары типтік жобамен салынып, мәдениет үйлері бой көтерді.

Еліміз тәуелсіздік алған тұс­та­ғы экономикалық жағдайды бүгінде айтып жеткізудің өзі қи­ын. Халық­тың хал-ахуалы тым ауырлаған шақ болатын. Қолда қалған жарытымсыз төрт түлік талапайға түскен, ауыл ша­руашылығы техникасы ойлаған істі орындауға дәрменсіз еді. Аудан аумағындағы шаруашы­лықтар се­ріктестіктерге бөлініп, ондаған ша­ғын ғана құрылым шаңырақ көтере бастады.

Осы тұста Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүрген мені туған топырағым Арал ауданы әкімі қызметіне жіберді. Ал Жа­лағаш ауданы әкімі бо­лып Сәмит аға Далдабаев тағайын­далды. Сол кездің қиындығына қарамастан біраз істі қолға алған едік, сол бастамаларды Сәкең қолдап, жұмыстың жалғасын тапқанын әлі күнге мақтаныш етемін.

Аудан ең басты табыс көзі – егін шаруашылығынан аймақ­та көш басына шықты. Мал ша­руашылығындағы түйткілдер түйіні де бірте-бірте тарқатыла бастады. Сәкеңнің бастамасы­мен осынау қиын-қыстау кезең­нің өзінде Сырдария өзені қа­­уіпті тұсынан бөгеліп, арнайы арна қазылып, дария жа­ға­лауын­дағы М.Шәменов ауылы тұрғындарының қауіпсіздігі қам­­тамасыз етілді. Бүгінде ол «Сә­мит арнасы» аталады. Сон­дай-ақ Аққыр ауылына апаратын 20 ша­қырымдық автокөлік жолы күрделі жөндеуден өт­кізілді.

Сәмит ағамыздың өзімен сыйлас та сырлас болған айтулы азаматтар жайлы жазып жүретіні бар еді. Алаштың анасы атанған Сыр елі топырағында дүние есігін ашып, ел еңсесін көтеруде өз қолтаңбаларын қалдырған қай­раткер азаматтар жайлы жаз­балары Сәкеңнің «Дария ғұмыр» атты деректі хикаятына жи­нақ­талып, баспадан жарық көрді. «Белгілі азаматтардың өнегелі өмір жолын ұрпақтарға ұлағат ету – бізге парыз» деуші еді Сәмит аға. Ағаның осынау игілікті іске қолұшын созып, кітаптың жарыққа шығуына қолдау жа­саған Сырдың белгілі азаматы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қы­лышбай Бисенов інісіне деген ықы­лас-ізеті өзгеше еді.

Ағамыздың ел алдындағы ересен еңбектері де ескерусіз қал­мағанын айтпасқа болмас­. Сәкең «Құрмет белгісі», «Ха­лық­­­тар достығы», «Құр­мет» ор­­ден­дерімен, ондаған еңбек жә­не мерекелік медальдармен ма­ра­­­патталған. Жетпісінші жыл­дары «Қазақ ССР-не еңбегі сің­ген ауыл шаруашылығы қыз­мет­кері» атанса, 1998 жылы ел Прези­ден­тінің Жарлығымен «Қазақ­стан Рес­публикасына ең­бегі сің­ген қыз­меткер» ата­ғына ие болды.

Иә, Сәмит аға қоғамдағы қай құ­­былысты да зерделеп, ғибратты ғұ­­мыр кешті. Бірде ағамызға Қа­зақ­станның Еңбек Ері, ғұлама жазу­шы Әбіш Кекілбаев «Сіз ізет-іл­типатқа әбден лайықтысыз, өмір­ге ізгілік сыйлаған ақиық аза­матсыз, тұл­ғасыз» деген еді. Біз­дің ойымыз­ша, бұл ес білген­нен соңғы демі үзілгенге дейін елге қызмет етіп өткен қайраткер ағамыздың бол­мыс-бітімін дәл айшықтайтын пікір.

 

Биғали ҚАЮПОВ,

Парламент Сенатының бірінші шақырылым депутаты,

 экономика ғылымдарының кандидаты