• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Кино 28 Қыркүйек, 2020

Қалың қалай, қазақ киносы?

1415 рет
көрсетілді

Қазақ киносы, оның табиғаты мен көркемдік деңгейі дегенде, рас, көңілге түрлі-түрлі ойдың оралатыны бар. Әсіресе, соңғы уақытта экраннан ұлттық фильмдерді көріп отырып ұлттың иісін сезбей тым-тым жиі пұшайман күйге түсуіміз көбейген сайын күрмеуі шешілмей келе жатқан осы бір мәселенің түйінін тарқатып көргіміз келді.

Кезінде әдебиет белгілі бір идеологиялық мақсатта ғана емес, ұлттың рухын бекітетіндей, өзінің тұғырын нықтайтындай аса бір маңызды рөл атқарса, бү­гінде сол жауапкершілікті кино өнері мойнына алып отыр. Осын­дай бір жауапты кезеңде біздің кино міндетті түрде ұлттық болуы шарт. Яғни фильм басынан аяғына дейін ұлттық мақсатқа, ұлттық мүддеге құрылуы тиіс. Өйткені кино – идеологияның басты құралы.

Естеріңізде ме, осыдан бір­неше жыл бұрын телеарналардан «Жумоң ханзада», «Құйынды мекен», «Сарай әміршісі», «Тәуіп Хо Жун» сынды кәрістің тарихи хикая­лары жиі берілетін. Кейін оның орнын үнді мен түріктің телесериалдары алмастырды. Соның біразы қазір де бірнеше мәрте қайталанып көрсетіліп жатыр. Жат елдің сериалдарына деген сұраныс, әсіресе, карантин уа­қытында тіпті күшейгендей. Үйде «қамалған» халықтың күн­ұзын экранға телміріп, шетел телехикаяларын тамсана тама­шалағанын көргенде, еріксіз біз­дің де ішімізді бір кәсіби қыз­ғаныштың кернегені рас. Кәрістің Жумоң ханзада немесе түріктің Сүлеймен сұлтанынан артық болмаса, кем түспейтін батыр-бағлан, сұлтан-серілер бізде де жеткілікті ғой, әйтпесе. Тек соны кино тілінде сапалы сөйлете алсақ, қанеки?!

Рас, бүгінде отандық кинематография қоржынына қосылып жатқан сан алуан жанрдағы сапа­лы-сапасыз фильмдердің ауқымына қарап, «отандық өнер­дің осынау бір саласы бұрын­ғымен салыстырғанда сәл де бол­сын көш ілгері жылжыған екен ғой» деп ой қорытуыңызға негіз бар. Бұл әсіресе Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы» мен Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмдері жарыққа шыққанда тіпті беки түскені анық. Жал­қы бөлімді көркем фильмдер жақ­­сы әрине! Бірақ жекелей батыр­ларымыздың өмірі мен ер­лігін толық қамтитын кә­рістің «Жумоң ханзадасы» немесе қытайдың «Шыңғыс хан» сынды көпсериялы кинотуын­дылар өмірге келсе деген тілектің де көкейде тым-тым жиі қылаң бе­ретіні бар. Бұл әсіресе «Қа­сым хан» 75 сериялы картинасы түсірілгелі жатыр деген ақ­жолтай хабарды естіген кезде тіпті үдеп, қуанышымызда шек бол­маған. Алайда кейінірек ол сериалдың сценарийі мен жал­пы түсірілім жұмыстары қа­зақ­тың тарихын тереңнен бі­летін төл перзенттеріне емес, түрік режиссері Метин Гюнайға тап­сырылғанын естігенде біз ғана емес, жалпы қазақ қоғамы дүр сіл­кінген. Өйткені қасқа жолын салып кеткен хан Қасымды қазақтан артық, қазақтан асырып кім жырлап, әспеттей алмақ тегінде?! Хош, түрік режиссер тү­сірілім жұмысында теңдессіз ма­­ман делік, бірақ қазақ тарихын қазақтан артық жеткізе ала ма? Жеткізу былай тұрсын, ұлттың табиғаты мен болмысын толық­қанды түсіне ала ма? Міне, мәселе осында!

«Сценарийст, режиссер, актер шетелден шақырылып 30 миллион долларға түсірілген «Көш­пенділер» тағдыры Қазақ­станға титтей де бір сабақ бол­маған тәрізді. Режиссері, сце­нарийсі және тағы да басқа маманы түріктен жасақталған «Қасым хан» тағдыры да сол «Көш­пенділер» тағдырын қай­таламасына кім кепіл? Қашанға дейін қазаққа қазақ тарихын экранда шетелдіктер үйретіп жү­руге тиіс?! Ертең экраннан қазақ емес, басқа Қасым ханды көріп, түгел Қазақстан шулап кет­песіне кім кепіл? «Бұған кім кінәлі?» деп сұрамасына кім кепіл?» деп шарқ ұрған жазу­шы-драматург Смағұл Елубай­дың алаңы әбден орынды.

Бұл жерде ескеретін жалғыз-ақ мәселе – киноны ешқандай ұлттық ерекшеліктерсіз, ұлт таң­дамайтын шекарасыз өнер ретінде қабылдауға болмайды. Бізде кешенді түрде болса да сая­сат жүргізілуге міндетті. Бұл арада халқымыздың мәдениеті мен әдебиетінен хабары мол, таным көкжиегі кең талантты қазақтілді жастарды оқуға қа­былдау сая­саты қолға алынуы тиіс. Ал қ­азіргі кезде, өкінішке қарай, ондай нәрсе жасалып жат­қан жоқ. Жоғары оқу орындарында кино мамандарының дені қазақ бөліміне түскенімен, негізінен орыс тілінде білім алады. Бүгінде көптеген жас әлем әдебиетін жатқа білгенімен, қазақ әдебиетіне келгенде осалдық танытып жатады. Мұны айтып жатқан себебіміз – сапалы өнім тікелей сапалы сценарий мен оны ұқсататын маманға байланысты. Өкінішке қарай, бұл жағы бізде әлі де ақсап тұр. «Ки­ноның жүрегі – сценарий» десек, жүрек соғысымыз өте әлсіз, баяу. Оның айқын дәлелі – «Көш­пенділер» мен «Қасым хан» фильмдерінің жағдайы. Түсіріліп жатқан киноларымыздың дені әуелі шетелдік мамандардың қолынан өтеді. Сценарийі, өң­делуі, оны ойнайтын актері, тіпті түсірілу тіліне дейін өзге ұлт өкілдеріне тәуелдіміз. Қазақ ак­терді қинап қойып экранда орысша шүлдірлетеміз. Соңынан оны қазақ тіліне аударып және әуреленеміз. Ал сол телехикаяларды толықтай туған тілімізде түсірсек, қалай әсерлі шығар еді! Кино өндірісімен айналысып жатқан қай мемлекетті ал­сақ та, фильмі ана тілінде түсі­ріліп, содан кейін барып қана өзге тілдерге дубляждалады. Ал бізде барлығы керісінше, төл туын­дымызды әуелі жат тіл­де түсіріп алып, өз тілімізге қайта аударамыз. Нонсенс! Мұн­дай мағынасыз әрі пайдасыз машақаттың кімге қажеті болды екен? Бұл сауалымызға мамандардан: «Біздің басты мақсатымыз – телехикаяларымызды ТМД ел­деріне шығару. Сондықтан кино­ларымызды орыс тілінде түсіруге мәжбүрміз», деген жауап алдық.

Енді ойланып көріңізші, ТМД елдерінің көбісі түркітектес халықтар ғой. Біздіңше, оларға орыс тіліне қарағанда, қазақ тілінде түсіру тиімдірек деп айтар едік. Тоқетерін айтқанда, түп­тің түбі көрсетілетін, мемлекет тіліне бәрібір аударылатын болғаннан кейін, бұл жерде туған тілімізді өз елінде өгейсітуден еш мән көріп тұрған жоқпыз.

Ал сценарий үшін де шетелдік маман пікіріне жалтақтап-жал­пақ­тағаннан кейін, фильм сөзсіз рухынан айырылады. Осының салдарынан еліңіздің тарихы жа­йында түсірілген көркем дү­ниелерді тамашалап отырып, бұрын оқып көрмеген, мүлдем «тың тарихтың» куәгері болып шыға келесіз. Бұл да кино аталатын осы бір идеологияның қуат­ты құралының басы-қасында жүр­ген мамандардың аты қазақ болғанымен, жанының қазақ болмауының салдары. Ащы да болса шындық осы!

Бүгінде сценарийді толыққан­ды жазып шығатын маман әзірге өз елімізде табылмай отыр. Бол­са да, ескерілмей келеді. Осы се­беп­ті де өзге елдің мамандарына жү­гінуге мәжбүрміз. Мә­селен, кезінде көрерменінен сүйін­ші сұратқан «Астана – менің ма­хаббатым» телехикаясының сце­нарийін Ләйлә Ақынжанова жазып шыққанымен, диалогтерін жазу үшін ресейлік сценарийстер – Евгений Никишов, Марина Бартинова және Валерий Федо­ровичтердің көмегіне жү­гінуге тура келген. Осыдан кейін төл мә­дениетімізге қанық, та­за ұлттық нақыштағы фильм түсіріле ме? Әйтпесе, тарихқа бай біздің елде фильм сценарийіне өзек болатын дүние жоқ дегенге кім сенеді?! Тек соны экранға ла­йықтап жазып, көрерменнің жү­регіне жеткізетін мамандарға зә­руміз, өкінішке қарай. Осы орайда ұлы кемеңгер Мұхтар Әуе­зовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген даналық сө­зін әңгіме етіп отырған сала­мызға қарай лайықтап, ел боламыз десек, ең әуелі киномызды түзеу ке­рек-ау дегіміз келеді. Ал сіз қа­лай ойлайсыз?