Футбол мен оның тағдыры балалардың балауса көңіліндегі қиял әлемі еді, алыстағы армандарға жетудің баспалдағы сияқты болатын. Ала доптың соңынан жүгірмейтін бала бола ма? Ол баршамыздың қиялымызды ұштады. Сонау жылдары «Тимур Сегізбаев боламыз» деп бүкіл ауыл баласының аңсары спортқа ауды, қададан жасаған қақпаға алаөкпе болып ұмтылған алашапқын кезінде өздерін шынықтырып, шыңдады.
Еліміздің маңдайға біткен жалғыз үміті «Қайрат» жеңіске жетсе – масаттанып, қапы кетсе қайғыратынбыз. Бұл біздің психологиямызға мүлдем сіңісті болған өмір бөлшегі еді. Қазір ше?
Еліміздегі футбол жайы мен тағдыры, ондағы ұлт өкілдеріне деген қамқорлық жайлы «Жерге қаратқан командалар жанкүйерлерден кешірім сұрай ма?» деген тақырыпта «Egemen Qazaqstan» газетінде (№179 (29908) 21 қыркүйек, 2020 жыл) Алмас Манаптың толғақты мақаласы жарық көрді. Жыл сайын 56 миллиард теңге жұмсап, сондай-ақ жатжұрттықтан «бес аспап маман футбол ойыншыларын» жалдап, көсегемізді көгертеді, елдің абыройын арттырады деген мақсатымыз желге ұшумен келеді. Сол себепті мақала авторының «Мұның себебі, «өзіңнен тумай ұл болмастың» кері сияқты. Сондықтан да қазақ футболының намысын өз ұландарымыз қорғау үшін, қазақ баласы доп тебуіне мүмкіндік жасау керек» деген келелі ұсынысы көкейге қонды.
Ел тағдырына, оның әрбір буынына алаңдаушылық білдіріп, жіті назар аударатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда. Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет», деген тапсырмасы дер кезінде көтерілгеніне күмән жоқ. Ол негізсіз емес екен.
Қазір елімізде «Kursiv.kz сайтының мəліметінен командаларға бюджет есебінен 2020 жылға «Астана» – 15 млрд, «Қайрат» – 8 млрд, «Ордабасы» – 7 млрд, «Тобыл» – 4,5 млрд, «Қайсар» – 4 млрд, «Шахтер» – 4 млрд, «Ертіс» – 3,8 млрд (банкрот деп танылды), «Жетісу» – 3,3 млрд, «Каспий» – 2 млрд, «Оқжетпес» – 1,9 млрд, «Тараз» 1,9 млрд, «Қызыл-Жар СК» – 920 миллион теңге» жоспарланғанын білмейтін жан жоқ. Бірақ одан қайтарым болмасына тағы сенімдіміз. Сонда қыруар қаржыны шашудың қажеттілігі кімдерге тиімді болмақ?
Әлбетте, мұның мемлекет бюджетінен қаржыландырылып отырған футбол саласына үлкен соққы болары анық. Бірақ масылдық пиғылдан, жанашырлық көзқарасқа ауысатын кез жетті. Жат елдерден жалдамалылылар қатарын толықтырғанша, олардың әдіс-тәсілін меңгеріп, қаржыландыру көзіне қалай қол жеткізетініне көз жеткізіп, үнемдеу мен ұтысқа шығудың жолдарын үйренуге талпынсын.
Есесіне елдегі өз жаттықтырушыларымыз бен ұлттық спортшыларымызды жас буын есебінен өз құрамасын толықтыруды батыл қолға алсын. Өзгеге өзеуреп жаман үйренгендер қалтасы мен өзгеге жағымпазданудан арылып, елдегі бауырларының өзгеден еш кемдігі жоғына көзін жеткізсін. Мұның өзі оларға да абырой әперері сөзсіз.
Сонда еліміздегі жергілікті əкімдердің қолына қарап отырған «жалынышты» кез келген клубтар тағдырына да оң өзгерістер енері сөзсіз.
«Өзіңдікі өзекке тепсең де кетпейді» дегендей, ол қайта қолғанат болады, ал жаттың аты жат, қаламаса еліне кетіп қалады. Сол сияқты «Өзгеден тартып ал, өзіңдікін сатып ал» деудің астарында да мән бар. Өзің баптап өсіргеннен сұраныс та болады. Өзгеден не бетіңмен талап ете алмақсың. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деу өз еліңе деген құрметтің бастауы болары анық. Өзіңді құрметтесең ғана өзгелерде ойлы көзқарас қалыптасады. Осыдан келіп бұқаралық спорттың кең дамуы туындайды. Жастар да жан-жақты болмақ.
Осы мәселені де қаперге алсақ дегім келеді.
Тоғанбай ҚҰЛМАНҰЛЫ,
ардагер журналист