• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қыркүйек, 2020

Жемқорлықты әшкерелеуге жәрдемдескен 9 азаматқа ақшалай сыйақы берілді

139 рет
көрсетілді

Қоғамда парақорлыққа көп жағдайда тұрғындардың құқықтық сауаттылығы мен  азаматтық белсенділіктің төмендігі себеп болып жатады. Тірлігін теңгемен шешуге тырысып, қызмет көрсетушіге қаражат ұсынуға құмар азаматтардың әрекеттері "Пара беру, пара ұсыну" қылмысының туындауына тікелей ықпал етуде. Сондықтан да, пара беруші болмаса, пара алушы да болмайтынын ескерсек,  көпшілік қауым елдің ертеңгі болашағы үшін  өзінің азаматтық белсенділігін танытуы қажет-ақ, деп жазады Egemen.kz.

Соның ішінде, адал қоғамды қалыптастыруда еліміздің әрбір азаматы ар тазалығын сақтап қана қоймай, ұшырасқан сыбайлас  жемқорлық деректеріне бейжай қарамауы тиіс.  Бүгінгі күні Агенттіктің  тәулік бойы тегін қызмет көрсететін 1424 Cаll орталығына қоңырау шалу арқылы тұрғындар өз ақпараттарымен бөлісуіне толықтай мүмкіншілігі бар. Және мекемеге арыз-шағым қалдыру арқылы өзінде бар барлық мәліметін толықтай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне ұсына алады. Осы орайда, Түркістан өңірінде соңғы 8 ай ішінде  жемқорлық қылмысын әшкерелеуге жәрдемдескен 9 азаматқа ақшалай сыйақы беріліп, облыс тұрғындарының тарапынан шалынған қоңыраулар арқылы 7 тұлғаның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айта кеткен жөн.

Мемлекет экономикасын тұралатуға және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге қауқарлы сыбайлас жемқорлық мәселелері - әлі де күн тәртібінен түспей келеді. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев халыққа арнаған  Жолдауында  жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квази мемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керектігін айтты. Сондай-ақ Президент сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыру қажеттігін атап көрсетті.

Ел Президенті атап өткендей, жыл өткен сайын көлеңкелі қылмысқа жол бергендерге көрілетін жаза түрі қатаңдап келеді. Дегенмен, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық тәуекелдерінің туындауы тек бір ғана тараптан болмайтындығын ескерген жөн. Осы орайда, ел дамуын бәсеңдетіп, халық пен билік арасындағы берік сенімді сетінететін сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және оның деңгейін төмендету тек Агенттік қызметкерлеріне жүктелген міндет емес, ол әрбір қазақстандыққа ортақ міндет екендігі баршаға белгілі. Себебі,  бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол бермеу -  көпшіліктің көкейіндегі жалпылама ұран болғанмен, іске келгенде әр бір азаматтың, ардың ісі екені анық. Сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендетудің төте жолы - азаматтық белсенділікті арттыра отырып,  халқымызға  адал қызмет ету деп есептеймін.

 

Марат ҚАТТАУБАЕВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары