• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Білім 29 Қыркүйек, 2020

Білім беру үрдісінде жаңа тәсілдерді ұсынды

844 рет
көрсетілді

Қыркүйектің 24-25-і аралығында Сүлеймен Демирел уни­вер­­ситетінің ұйымдастыруымен «Мәдени көпірлер салу жө­нін­дегі 9-шы халықаралық конференциясы» (ICBCB) өз жұ­мысын бастады.

Конференция озық техно­ло­гияның тез дамыған жаһан­да­ну үдерісінде әртүрлі мәде­ниеттердің өкілдерінің арасын­дағы үйлесімді қарым-қатынас және өзара құндылықтарына төзімділік пен құрмет көрсетуді дәріптейді. Іс-шара аясында  Гонконг, Қырғызстан, Пәкістан, Португалия, Сауд Арабиясы, Швеция, Ұлы­британия және АҚШ мемле­кеттерінен білім сала­сы­ның белді сарапшылары білім берудегі жаһандық трендер және құндылықтар бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөлісіп, заман ағымының сал­да­­рынан туындаған өзекті мәсе­лелерді ортаға салады.

Негізгі мақсат – отан­дық және халықаралық ғалым­дар­мен ғылыми және кәсі­би байланыс орнатып, білім сала­сын­дағы жаңа сын-қа­тер­лерге оңтайлы ше­шім табу. СДУ ректоры Қуа­ныш Ерғалиев онлайн кон­фе­ренцияның ашылуында дүниежүзілік ғалымдар қауымдастығының өкілдері еңбектеріне жеміс тіледі.

– Конференцияның аясында қашықтан білім беруге қатысты, пандемия кезінде білім беру ерекшеліктері бо­­йынша маңызды баяндамалар тыңдалады. Нәтижесінде қазіргі таңда туындап тұрған сын қатерлі жаһандық мәсе­лер­ге оңтайлы шешімдер табылып, олар тәжірибе жүзінде қолданысқа алынуы мүмкін, – деген болжам білдірді СДУ академиялық істер және ғы­лы­ми-зерттеулер жөніндегі про­ректоры Давронжон Гаипов.

Жалпы, конференцияның бағыты жаһандану дәуірінде жаһандық трендтер және білім берудегі құндылықтар тақырыбы болғандықтан, осы саладағы кәсіби орта өкілдері, ғалымдар, педагог мамандар, зерттеушілер және білім саласындағы индустрия өкілдері де бар. Айта кетсек, қазақстандық «Ұстаз» кәсіби шеберлікті жетілдіру орта­лы­ғының жетек­шісі, Халық­аралық Гон­конг педа­гогикалық универ­си­те­ті­нен қашық­­­тан білім беру немесе ақпа­рат­тық коммуникация технология­лар саласының сарапшысы пленарлық баяндамашы ретін­де қатысады.

Сарапшылар бірқатар өзекті мәселені қамтуда, оның ішінде: «Білім беру бағдарламалары және педагогика», «Білім беру саласындағы ғылыми-зерт­теу­лер», «Құндылыққа негіз­делген білім беру», «Білім берудегі ақпараттық-ком­муникациялық технология­лар­ды қолдану», «Тілдік білім беру», «Білім берудегі көш­басшылық», математика, инженерия, өнер және биыл Қазақстанда аталып жатқан «Әл-Фараби мен Абай мұралары әлемдік руханият кеңістігінде» бағыттары бо­йынша ойларын ортаға салады.

– Әуел баста конферен­ция­ны СДУ кампусында өткізу жоспарланған бола­тын. Алайда пандемияға бай­ланысты іс-шара онлайн өткі­зі­луге мәжбүр болды. Осыған байланысты коллоборация мен нетворк жеткіліксіз болуы мүмкін. Бірақ соған қара­мастан, 9 мемлекеттің ғалым­дары бір платформада өз ой-пікірлерімен бөлісу, талқы­лау арқылы бір-бірімен танысу және әртүрлі деңгейде ғылыми жобаларға қатысу, ұсыныстар секілді ортақ ынтымақтастықтар жасай алады, – деді Д.Гаипов.