• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Қыркүйек, 2020

Терминология тезге түсуге тиіс

1141 рет
көрсетілді

Термин о баста латын тіліндегі «terminus – шек, шекара» деген сөздерінен пайда болған. Энциклопедиядағы анықтама «Термин, атау ғылым, техника сол сияқты тұрмыстың белгілі саласындағы ұғымдарды да атау үшін жұмсалатын сөздер мен сөз тіркестері». Сонда термин дегеніміз, ең алдымен, негізінен ғылым мен техника, технология саласында пайдаланылатын, қолданылатын арнайы лексика болып шығады. Оған қойылатын басты талап: дәлдік, нақтылық, жүйелілік, бір мағыналылық.

Терминология қазіргі заманда біздің жас мемлекетіміз үшін ең күрделі және шешілмеген проблемасы көп мәселе. Қазіргі жаһандану заманында терминология жалпы әлем жұртшылығы үшін үлкен де маңызды мәселе болып отыр. Сондықтан бізде де қазақ ұлттық терминологиямызды жасау, оны қалыптастыру, дамыту оңай жұмыс емес. Өйткені жаһан­дану кезеңімен байланысты жылына емес, айына көптеген жаңа ұғымдар мен терминдер күнделікті тұрмысымызға еніп жатыр.

Бұл орайда ортаға салар ой-тілегіміздің кемелденіп, қолданыс аясының кеңей­те түсуі үшін қазақ тіліндегі термино­ло­гиялардың дұрыс қалыптасуы да маңызды міндеттердің жүзеге асырылуына негіз болары анық.

Қазіргі қазақ тілінде «халықаралық терминдер» деген ұғым пайда болды. Бұл ұғымды жақтайтындар қазақ ұлтының тіліне жеңіл, атүсті қарайтындар. Ме­нің ойымша, ондай ұғым жоқ. Халық­аралық терминді қолдайтындар бірне­ше тілде өзгермей қолданылатын сөз­дерді «халықаралық термин» дейді. Ол ха­лықаралық болу үшін неше тілде қол­даныста болу керек десең, үшеу ме, он ба жауап бере алмайды, ондай сөздер көбінесе еуропалық сөздер ғана және олардың саны онша көп емес.

Жалпы термин сөздің өзі әр халықтың тіліндегі ғылыми ұғымдардың атауы ғана емес пе, басқаша айтқанда, кірме сөз ғой. Біз салалық ғылымдар терминдерін өзіміздің ұлттық тілімізге өзіміз алуымыз керек емес пе?

Енді кірме сөздерді қалай қабылдауы­мыз керек деген маңызды сұрақ тұрады алдымызда. Бұл сұраққа қысқа да нұсқа жауапты Ахмет Байтұрсынұлы баяғыда беріп кеткен:

«Шетелден қосылған кірме сөздерді Басына қазақтың түлкі тымағын кигізіп, үстіне ұлтымыздың шекпенін жауып, аяғына қазақ халқының саптама етігін кигізіп, үйлесім деген тілдің ұлы заңына сәйкес қабылдау керек» деген.

Ал бір қызығы, біздің дана бабаларымыз, университет бітірмей-ақ, профессор атағынсыз-ақ бәлен ғасыр бұрын шетелдердің қазақ тілінде баламасы жоқ сөздерін енгізудің классикалық тамаша үлгісін жасап берген ғой. Орыстың «самовар» деген сөзін «самаурын» деп, «ведро – бедіре» деп тілге енгізген. Міне, сөзжасамның керемет жолы осы емес пе? Ахмет Байтұрсынұлының айтқаны да осы ғой. Таңғалмасқа шара жоқ. Қа­зір­гі заманда кейбір «профессорлар» жүз жыл бұрынғы Ақаңның айтқандары ескірді. Қазақстан қазір дамыған, өркен­деген уақытта, шетел сөздерінің түбірін өзгертпей сол қалпымен алу керек деп көкіректерін керіп жүргенін көзіміз көріп жүр. Сондықтан да ғой, біздің келешек латын әліпбиінде тек дана Ақаң айтқан 28 дыбыс болсын деп жүргеніміз.

Ақаңның бұл даналық пікірін толық талдауға мақала мүмкіндік бермей­тін­діктен қысқаша баяндайық.

Қазақ тілінің беделін арттыру үшін қоғамдық өмірдің барлық саласында тек қазақ сөздерін, сөз тіркестерін, термин­дерін ғана қолдану, пайдалану немесе ол сөздер кірме сөздерге балама болуы керек. Екіншіден, кірме сөздерді Ақаң айтқандай қабылдасақ ұлттық тілімізді байыту құралы етіп пайдалануымызға зор мүмкіншілік береді. Үшіншіден, қазақ тілінде жаңа сөз қалыптастыруға ынта­ландырады. Кірме сөздерді тиімді қолдану тіліміздегі термин мәселесін шешуге қолайлы.

Әрине кірме сөздер тілімізге тез бе­йім­делу үшін бірнеше шарттар іске асуы керек. Кірме сөздердің дауыстал­уын тек қазақ әліпбиіне бейімдеген, шет тілі­нің дыбыстарын мүлдем алып тастау дұ­рыс болады. Басқаша айтқанда, кірме сөз­дерді (терминдерді) үйлесімдік заңын бұл­жытпай пайдаланып, орыс, басқа ұлт тіл­дерінің дыбыстарын енгізбей, тек қана ана тілі дыбыстарымен жазу қажет. Тек сол жағдайда ғана ол сөздер тілімізді бұзбай, керісінше кемелдендіреді.

Жалпы халықтың, мемлекеттің, адам­заттың өмір сүруі, дамуы, өркендеуінің әр саласы бірімен-бірі тығыз байла­ныс­ты. Мысалы, ең қажетті тілі болса ол ғы­лымға байланысты. Тіл қуатты болу үшін, ұлттың ғылымы дамыған болу керек. Елде ғылым тез дамыса, тіл де байиды, дамиды. Ғылым дамымаса, тіл де қолданысқа жарамай қалады. Оны кеңес кезіндегі жағдайдан анық көріп отырмыз. Кеңес кезінде, мысалы физика ғылымы тек қана орыс тілінде зерттелді. Ғылыми мақалалар, қаптаған диссертациялар тек орыс тілінде жазылды. Мен 1957 жылы Алматыдағы қазақша білім беретін жалғыз №12 мектепті бітірдім. Аты болмаса заты қазақ мектебі емес еді. Сол уақыттың өзінде біз физика, математика, химия, биология сабақтарын жетінші сыныптан бастап орыс тілінде оқыдық. Орыс тілінде шығарма жаздық.

1957 жылдан бастап мен қазақша сөй­лемедім. Бәрі орысша болды. Қазақтың тілі маған қажет болмай қалды. Бүкіл физикадан ғылыми жұмысым тек орысша болды. Бұл менің замандастарымның бәрінің басында болған жағдай. Сол кезде қазақ тілі тек отбасылық тіл болып қалды. Қазақтың ұлттық тілінің нағыз жұтаңдаған заманы болған ол уақытта. Сондықтан да қазақ терминологиясының сорлаған уақыты сол кезең. «Қазақ тілінде, бірді-екілі ғылыми-көпшілік мақалалар болмаса, шын ғылыми мақалалар физикадан, т.б. нақты ғылымдар және техникадан болған жоқ. Солай болған соң терминология саласы құлдырады, ғылыми тілдің қажеттілігі болмады. Ол үшін ғылымды дамытуымыз керек. Егер зерттеулерімізді қазақ тілінде жазсақ ондағы жаңалықтарды білу үшін қазақ тілінің қажеттілігі туады. Сонымен бірін-бірі дамытады, сол сияқты т.б. салаларда ұлттық тіліміздің мәртебесі артады. Қазіргі біздің жағдайда қазақша ғылым тілі, қазақтілді ғылыми қауым жоқ болса қазақ терминологиясы қалай қалып­тасады, қалай дамиды?

Осындай алмағайып кезеңде тұрғанда біздің жоғары жақтағы шенеуніктер мек­тепте жаратылыстану ғылымдарын (физика, математика, информатика, хи­мия, биология пәндерін) ағылшын тілін­де оқытылсын деген бұйрықтар беріп жат­қаны қазақтың, ұлттық тіліміздің тамырына балта шауып мүлдем құрту деп есептеу керек шығар, бұл ұсынысты қол­дап жүргендер нағыз қазақтың тілінің жаулары. Керісінше ұлттық тіліміздің келе­шегін ойлайтын болсақ, жоғарыда келтірілген ғылым салаларын тек қазақ тілінде оқытып, қазақтың ғылыми тілін, ғылым тілінің негізі – ұлттық терминологияны дамытуымыз керек.

Біраз жыл бұрын Түркия президенті Тұрғыт Озал Түркістанда сөйлеген сөзінде «60 миллион қазақ бармыз» деген еді. Неге олай дегенін түсіндіріп, 50 миллионы түрік, 10 миллионы қазақ деді. Түрік дүниесінің рухани астанасы осы Түркістан, сондықтан 60 миллион қазақ дегені сол, жалпы түріктілділердің ортақ тілінің негізі қазақ тілі болу керек деген еді. Жақында Түркия президенті Р.Эрдоған да түрік пен қазақ бір туған, біз 90 миллионбыз деп жалпы түріктер бізді өздеріне өте жақын тартатынын көрсетті. Түріктер алып Осман империясын құрған көпғасырлық тарихы бар, туысқан ел болғандықтан біз де жақындауымыз заңды жағдай болып табылады.

Сондықтан сөзжасам мәселесінде де біз түрік тіліндегі сөздерді қарқындырақ пайдалануымыз керек. Өйткені түрік тіліндегі сөздер біздің тілімізде сіңісіп кететіндігін кейінгі кезде анық көріп жүр­міз (ұшақ, сынып және т.б.), бұл жағдай тіпті заңдылық болып табылады. Себебі кезінде біздің ата-бабаларымыздың ортақ пайдаланған сөздер.

Қазақ білімпаздарының тұңғыш съе­зінде термин (пән сөзі) мәселесі туралы баяндама жасаған Е.Омаров: «Қазақ тіліне жай сөздерді кіргізгенде, оның жат дыбыстарын бұзбай кіргізуге болмайды... жат сөздерді жат дыбыстармен бұлжытпай айта алатын болып кет­се қазақтың тілі бұзылады» деген бола­тын. Ал Х.Досмұхамедов: «Жат сөз­дерді қолданғанда, тіліміздің заңымен өзгер­тіп тілімізге лайықтап алу қажет. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер, дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады. Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз деген — шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді» дейді.

Қазақ тілі ғылымының қазіргі таңда зерттелетін бір өзекті мәселесі дауысты және дауыссыз деп аталатын ұғымдарды қайта қарау керек сияқты. «Дауыссыз» дыбыс деген ұғым – дұрыс емес. Өйткені дауыс бізді қоршаған ауа дыбыстың айтылуына мүмкіндік беретін, онымен бірге дыбысты ауада пайда болатын толқындар арқылы естушіге жеткізетін өткізгіш рөлін атқарады. Сонда ол қалай дауыссыз болады. Дауыссыз – дыбыс бар, бірақ дауысты дыбыстарға қарағанда басқаша, бөлек, ерекше. «Дауыссыз» деген термин – сөздің ғылыми мағынасы дұрыс емес, шындығында дауыссыз дыбыс болмайды. Мен тіл маманы болмағандықтан әрі қарай бармай, қазақ тілі мамандарына ұсыныс ретінде қалдырамын.

Алайда сәтсіз жасалған кейбір термин­дерді мысалға келтіре отырып, қазақ тілінің сөзжасамға икемсіздігін, ғы­лыми ұғымдарды дәл беруге мүмкіндігі­нің жетпейтіндігін дәлелдеуге тырысқысы келетіндермен келісуге болмайды. Қа­зіргі таңда, ұлттық тіліміз мемлекеттік мәр­тебеге көтерілуіне сәйкес, оны халық­аралық дәрежеге жеткізу үшін ғылым мен технологияға кеңінен енгізу үшін төл терминологиямыздың ұлттық сипатын арттыра түсіруіміз абзал. Ол үшін салалық ғылым мамандарының, тілші ғалымдардың бірлесе тығыз байланыста жұмыс істегендері жөн.

«Жалпы терминологияны қалып­тас­тыруға қатысты Алаш оқығандарының өз арасында кейбір мәселелерге қатысты өзіндік пікірлері, жеке көзқарастары болғанымен, дәл терминқорды ұлт тілінде қалыптастыруға келгенде олар ортақ ұстаным төңірегіне топтасты. Яғни, қазақ тілінің терминологиялық лексикасының негізгі басым бөлігін ұлт тілінде жасап қалыптастыру – олардың ортақ мақсаты болды» – дейді Ш.Құрманбайұлы. Сөз­жасам тақырыбындағы мәселелерді қо­рыта келе ғылымның қандай саласы­нан болса да, қай тілден болса да терминге: біріншіден өзіміздің бай тіліміз­дің мүмкіндігін сарқа пайдаланып тың­ғылықты, байыппен асықпай балама іздеп табуымыз абзал. Екіншіден, ұлттық тіл­ден балама, аударма табылмаса қазіргі заманда ғылым мен технология жағынан дамыған түбі бір туысқан түрік тілінен қарастыру қажет. Бұл тілдегі терминдер мағынасы түсінікті болғандықтан тілімізге тез ену мүмкіндігі зор. Үшіншіден – араб, парсы, латын тілдерінен. Төртіншіден Еуропа, орыс және басқа тілдерден. Ке­лесі мәселе: кірме сөз, жат сөз, бөгде сөз­дерді тілімізге қалай енгіземіз? Басқа тілдерден, әсіресе ғылым, технология, экономика және т.б. жағынан дамыған елдерден сөз алмасуды заңды үрдіс деп санау қажет. Әрине олардан алынған терминдердің тұпнұсқасы негізінен сақталып ана тіліміздің заңдылықтарына барынша икемделіп алынуы жөн болады. Ол үшін міндетті түрде латын әлипбиіне көшкенде Ахаңның 28 дыбысын ғана қалдырып, орыстың бірде-бір дыбысын енгізбеу керек. Мен басқа тілдерден кір­ген сөздерді дұрыс жазу үшін қазақ тілін­де жоқ орыстың төрт дыбысын (в, ф, х, һ) әлип­биде қалдыру керек дейтіндерді түсінбей-ақ қойдым.

Мен өзге тілдерден сөз алынбасын, термин ауыспасын деген ойдан аулақпын. Егер дұрыс пайдаланса олар төл тіліміздің дамуына, тіпті тілі­міз­дің тер­мин­қорын қалыптастыруға оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Тек қана ол сөздер негізінен тұпнұсқа тіл­дегі мағынасын сақтай оты­рып қазақ тілі­нің толық дыбыстық жүйе­сіне сәй­кес өзгертілуі қажет. Егер де алдағы бекі­ті­летін латынша әлипбиде бір ғана орыс­тың дыбысы қалып қойса жоға­рыдағы жақсы тұжырымдардың бәрі далада қа­лып, баяғы қалпымызда боламыз.

Енді біз орыстың сөзін де өзге ел тілі ретінде қабылдауымыз қажет. Мысалы, физикада «hol» деген сөз (термин) бар. Бұл сөздің мағынасы электрон орнынан ығысып кетсе, оның орнын ағылшын тілінде «hol» дейді. Осы сөзді (терминді) орыстар тікелей аударып «дырка» деп алған. Біз «дырканы» – орыс тілінен «те­сік» деп аудардық. Күлкілі жағдай болды. Бірақ біраз уақыт солай айтылып құлақ та, көз де үйреніп алды. Шындығында, мағынасы дұрыс емес, онда еш­қандай тесік жоқ, электрон ығысып кеткенде оның орны теріс зарядталады. Келесі мысал: «Дегрейшын» деген сөз бар. Ол бірнеше электронды деңгейлердің энергиясының бірдей болып ажыратылмайтын жағдайы. Осы ағылшын сөзін орыстар «вырожденный» деп аударған. Орыстың бұл сөзін бірнеше сөзбен аударып «берекетсіз», «азғындаған» деп физиктер тікелей ауда­рып шатасып жүргеніне 40-50 жылдай болды. Осы жолдардың авторы 10-15 жылдан бері ол сөздің физикалық мағынасы «тоғысқан» болатынын дәлелдеп келеді.

1972 жылы редакцияның ұсынысымен Қазақ кеңес энциклопедиясына орысша «полупроводник» деген физикалық сөзге мақала жаздым. Ағылшын тілінде «semicon­ductor» деп айтылады. Мен мағы­насына қарай «шала өткізгіш» деп аударып едім. Ол кездегі редакция мүшелері орыс тілінен тікелей аударып, «жартылай өткізгіш» деп энциклопедияға өткізіп жіберді. Қазір көпшілік физика қауымы «шала» деген дұрыс деп, кейінгі 5-10 жылда қабылдап жүр. Бұл кристалдар электр тоғын жартылай өткізбейді, егер дененің температурасын төмендетсе электр тоғын өткізбейді, ол жоғарлатылса керісінше толық өткізеді.

Ғылымның әр саласы бойынша қан­дай терминдердің қажеттігін сол саланың ма­мандары ұсыну керек. Шет тілдерден енген терминдерді сала мамандары жасап, олар өз еңбектерінде пайдаланып, терминге қойылатын талаптар толық ескері­ліп, сұрыптаудан өткізіп барып терминді жақ­сылап, тіл мамандарымен ақылдасып бекіту абзал.

Эстондар өз тілінде физикадан ғылыми семинарларда баяндама жасағанда таза эстон тілінде сөйлеп тұрғандай естіледі. Біздікіне ұқсап жарты сөзі шет тілінің сөзі болып естілмейді. Себебі олар өзге ұлттар сөзін сингармонизм және басқа да заңдылықтарды пайдаланып қаптаған кірме сөздерді өз сөздері етіп жіберген.

Мектепте оқып жүргенде математикадан басқа тарих сабағын физика, орыс әдебиеті пәндерін жақсы оқитын едім. Жазда ауылға келгенде ойланып осы 3 са­бақтан физиканы таңдадым. Келесі жылы математиканы қойып физикаға ауыстым. Физикадан С.Нұрманов деген мұғалім сабақ беретін еді. Сонымен 1956 жылдан бастап 60 жылдан артық уақыт физика саласында оқып, ғылыми-зерттеумен шұғылданып келемін.

Сабырғали Нұрманов, қапсағай денелі,  мінезі салмақты, сабағын өте ұқыпты жүр­гізетін. Физиканың өрнектерін әдемі етіп жазып, оған өзі керемет риза болатын. Физиканың формуласын (өрнектерін) түсіндіргенде сондай бір тамаша күйде шаттанып тұратын. Мені физикаға ға­шық еткен ғажап ұстаз С.Нұрманов еді. Ол ұстаз «физика қиын сабақ емес, негі­зіне терең ден қойып түсінсе өте қы­зық пән, физиканың қызық болмайтын себебі мұғалімнен, сабақты оқушы қызы­ғатындай өткізбегендіктен» – дейтін. Қазір мен де солай ойлаймын.

Мен Абай атындағы Қазақ мем­лекет­тік педагогикалық институтын 1964 жылы жартылай қазақша, жартылай орысша бітіріп Эстониядағы Тарту университетіне барғанымда физикадан сөздік құру деген ой еріксіз, кездейсоқ пайда болды. Себебі сол уақытта бізде қазақ мектептері жабылып, жоғары оқу орындарындағы қазақ топтары қысқарып жатқанда, Тарту университетінің физика факультетіндегі жалғыз орыс тобын жауып жатқан. Са­бақтың бәрі эстон тілінде (біздегі сияқты жартылай қазақша-орысша емес) өтетін. Тарту қаласында жалғыз орыс мектебі болды. Ғылыми зертханаларда, семинарларда орыс сөзі (тіпті ағылшын сөзі де) естілмейді, тек эстон тілінде сөй­лейтін. Мен үшін таңданатын жағдай болды, әрі-бері ойланып мен де әр сөздің қа­зақша баламасын іздей бастадым. Осы ізденіс 1964 жылдан басталып еді.

Содан 1969 жылы Алматыға оралып, өзім оқыған ҚазПИ-дің физика факуль­тетінде теориялық физика пәнінен лекцияны қазақша оқи бастадым. Бір-екі жылдан кейін Қазақ совет энциклопедиясы шыға бастады да оған мақала жазуға шақырды және 1972 жылдан бастап аяғына дейін физика саласы бойынша энциклопедияның редколлегия мүшесі болдым. Осы кезден бастап сөздік жинауға саналы түрде кіріс­кен едім. Елу жылдан артық уақытта біраз сөз жиналып қалған екен. Белгілі бір мақсатпен жиналмағаннан кейін кө­шіп-қонып жүргенде біразы жоғалып қа­лыпты. Сөздік кітап шығарамын деген ойда болмаған еді.

Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан кейін, тіл туралы заң шығысымен физи­ка мамандығы бойынша факультетте қа­зақ бөлімін (топ емес) аштым. Ол уақытта физика факультетінің деканы едім. Қазақ тілінде сабақ жүргізетін оқы­­ту­шылар жоқ. Барлық оқытушылар қинала бастады. Содан жинаған сөздерді тауып, физика терминдерінің орысша-қазақша аз таралыммен университет ішінде қолданатын сөздікті тездетіп шы­ғардық. Сол кітапты шығарған кезде тер­мин деген ұғыммен таныстым. Со­дан басқа университеттердегі физика факуль­теттерінің көптеген оқытушы, профессорларынан сөздік шығару туралы өтініш, сұраулар қаптап кетті.

Ол сөздікті шығару оңай шаруа емес екен, міне сонда терминология жөнінде оқи бастадым. 2014 жылы «Физика тер­мин­дерінің орысша-қазақша сөздігі» деген кітапты 500 таралыммен шығардым.

Осы кітапты шығару барысында термин жөнінде сонау Алаш білімпаздарынан бастап, қазіргі термин мәселесімен тіке­лей айналысып жүрген Ә.Қайдаров, Ө.Айтбаев, Ш.Құрманбайұлы және т.б. ғалымдардың еңбектерімен танысып, бұл тақырыптың өзектілігін ескеріп, қазіргі таңда уақытты созып алмай іске кірісу керектігін түсіндім.

Бұл мақалада мен, ешқандай жаңалық ашқаным жоқ. Тек термин мәсе­лесінің ұлттық тіліміздің дамуына байланысты негізгі ұстанымдарын саралап алуға түрткі болса деп ойладым. Ол үшін келесі ұсыныстарды ескерсек.

Алдымен 10-15 адамнан (одан да көп болуы мүмкін) тұратын ұйымдастыру алқасы құрылса. Оның құрамына тер­миншілер, қазақ тілі мамандары, ғы­лым саласының мамандары қамтылса. Ұйым­дастыру алқасының міндеті:

1. Қазақ сөзжасам ғылымының негізгі ұстанымдары мен термин сөздерін қалыптастырудың ғылыми принциптерін құрылтайға ұсыну.

Әлемде сөзжасам әдістемелерінің не­гізгі заңдылықтарын біз қалай қабыл­дауымыз қажеттігі туралы ұстанымын қа­лып­тастыру.

2. Келесі құрылтайды ұйымдастыру.

Екіншіден, барлық терминологияға қатысты мәселелерді мемлекеттің дең­гейде басқару және ұйымдастыру, бе­кіту жұмыстарын іске асыратын Респуб­ликалық деңгейдегі Мемлекеттік орган – терминология комитеті құрылу керек және ол комитет тікелей Президент аппа­ратының немесе Премьер-Министрдің құзырында болу абзал. Ол ұсынған терминдер үкімет қаулысымен бекітілуге тиіс. Сонау заманда Францияның терминология жұмысын ел президенті Миттеран басқарған. Қазір Францияда тіл полиция­сы бар.

Үшіншіден, сөзжасамға арналған рес­публикалық арнайы журнал болғаны дұрыс. Ол журналда әрбір жаңа сөз, термин жарияланып, ашық пікір алмасу және бекітілген сөздердің тізімі міндетті түрде жарияланып тұруы қажет.

 

Темірғали КӨКЕТАЙ,

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры