• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 30 Қыркүйек, 2020

Аударма саласындағы өзекті мәселе қандай?

1534 рет
көрсетілді

30 қыркүйек – Халықаралық аудармашылар күні. Аударма ісінің зерттеу нысаны, қарастыратын мәселелер ауқымы кең. Елдің тілдік, әлеуметтік, саяси-экономикалық қатынастарына әсер ететін күрделі де жан-жақты сала. Соңғы уақытта елімізде қоғамдық саяси, ғылыми, ресми және көркем әдебиет қазақ тіліне аударылып шығыпты деген ақжолтай жаңалықты жиі естиміз. Ең заманауи, таңдаулы үлгілердің қазақ тіліндегі аудармасын жасау мемлекеттік деңгейде қолға алынған уақытта, мұндай міндеттен жекелеген тәуелсіз баспагерлер де тысқары қалған жоқ. Осы ретте аударма саласында қызмет етіп жүрген білікті мамандарды сөзге тартып, бүгінгі аударманың жайын сұрап көрдік. Аударма саласындағы өзекті мәселелер қандай? Ендігі сөз солар туралы.

Қазақ аударма теориясы бір арнаға түскен жоқ

Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, Аударма және филология факультетінің деканы Бағлан Мизамханның айтуынша, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романы ағылшын тіліне орыс тілі арқылы болса да аударылған аз еңбектің бірі. Осындағы Шыңғыс есімі (Gengiz Khan (4), 2. Gengizkhan (8), 3. Genghiz Khan (9), 4. Genghizkhan (137), 5. Genghizkhan (190), 6. Chingiskhan (193), 7. Genghis Khan (280), 8. Jenghiz-Khan (287), 9. Chinghiz (294), 10. Genghiz-Khan (367), 11. Geghiz-Khan (369), 12. Gengkhis-khan (484) деп он екі түрлі графикалық таңба арқылы берілген.

– Өкінішке қарай, кей адамдар аудар­маны еріккеннің ермегі ретінде қарас­ты­ратын кездері де жоқ емес, олар тіл біл­геннің барлығы аудара алады деген қате түсінікті ұстанады. Иә, қазақ аударма тео­риясы әлі де бір арнаға түскен жоқ, онымен нақты айналысатын құзырлы орын да жоқ, бізде бұл жекелеген мақалалар мен магистрлік, PhD докторлық диссертациямен ғана шектелуде, ал іргелі зерттеулер әлі де жасалмады. Алайда бұл әлемдік аударма теориясы да сондай жағдайда деген қате түсінік қалыптастырмауы керек. Шетелдік аударма теориясын былай қойғанда, орыс аударма теориясының өзі бізден әлдеқайда көш ілгері екенін мойын­дауымыз керек, – дейді ол. Ғалымның айтуынша, адам аттарын аударудың қалыптасқан бірнеше жолы бар, яғни түпнұсқа тілдегі адам аттарын аударма тілде сол қалпы көрсетуге, аударма тілдің фонетикалық және графикалық ережелеріне сай беруге және мәдени трансформация негізінде түпнұсқа тіл аттарын аударма тіл аттарымен алмастыруға болады.

– Тек қазіргі әңгімемізге арқау болып отырған жалқы есімдер, соның ішінде адам аттарын аударуға келер болсақ, бұл бір ма­қаламен немесе бір диссертациялық жұмыспен шешіле қоятын мәселе емес, оның тілдік, мәдени, прагматикалық, функ­ционалдық және өзге де аспектілері же­тіп артылады. Айталық, қазақстандық ақ­парат құралдарында Семей «Семей – Семи­палатинск», Өскемен – «Өскемен – Усть­каменогорск», Орал – «Орал – Уральск» деп беріліп жүр, – дейді Бағлан Мизамхан. Ал аударма үшін ең басты талап қандай деген сауалымызға ғалым мазмұнға еш өз­геріс енгізбеу, аудармашы өз жанынан мә­тінге жаңа ақпарат қоспау, жер-су, адам ат­тарын әлемдік аударма теориясын­да қа­былданған тәсілдердің көмегімен ұлт мә­дениетіне сай келетін аударма тәсіл­дерінің көмегімен жеткізу қажеттігін алға тартты.

Жиі бетпе-бет келетін қиындық – терминология мәселесі

Ұлттық аударма бюросының аудармашысы, дінтану ғылымдарының PhD докторы Мұхит Төлеген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Жа­ңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша ір­ге­лі оқулықтарды ағылшын тілінен қа­зақ тіліне аударуға атсалысты. Одан бө­лек «Kul Hoca Ahmed Yesevi Makaleler Kitabı» жинағындағы бірқатар ғылыми мақаланы қазақ тілінен түрік тіліне тәржімалап, «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шық­қан кітап авторларының бірі ретінде этнопедагогика, мифология бағытында ма­ңызды еңбектердің жариялануына үлес қосып жүрген ғалым қазақ аударма са­ласының дамуы үшін ғылыми және әдіс­темелік бағытта көптеген іс-шара жүзеге асуы қажет деп біледі.

– Жоғары оқу орнына, жалпы білім бе­ру саласына қажетті оқулықтарды аудар­ған кезде ең жиі бетпе-бет келетін қиын­дық – терминология мәселесі. Әсіресе оқу­­лықтарды аудару кезінде терминдер­ге қатысты түйткілдер қатты сезілді. Әр­бір ғылымның өзіне тән қалыптасқан тер­ми­нологиясы болатындықтан, мұ­ны тек лингвистиканың еншісі деп қа­рауға болмайтыны көрінді. Қазақ тілінің ғылым ті­ліне айналуы үшін оның термино­логия­лық әлеуетін барынша арттыру керек. Ме­ніңше, магистратура, докторантура бағ­­­дарламаларында ғылыми монография­лар­ды, оқулықтарды аударудың қыр-сы­рын зерделеу жолға қойылса, бұл қазақ аударма ісінің дамуына қосылған елеулі үлес болар еді, – дейді Мұхит Төлеген. Оның айтуынша, аударма методологиясын қалыптастыру мен жетілдіруді, әсіресе ғы­лыми оқулықтарды аударуды зерттеу нысанына айналдыруды қажет деп санайды.

 

Ана тіліміздің байлығын кәдеге асырсақ...

Әлемнің ең танымал және ірі баспа­ла­рымен бірге әріптестік жұмыс атқарып келе жатқан Steppe&WORLD Publishing баспасы еліміздің кітап нарығында то­сын жаңалығымен тез танылды. Атал­ған баспаның негізін қалаушы Райса Сайранқызы кеңестік заманнан қа­лып­­­тасқан орыс тілінен енгізілген транслитерация ережелерін бұзып-жарып, қазақ тілінің бай фонетикасын тура пай­далануға болатынын жақсы көрсетті.

– Біздің баспа үшін ең маңыздысы – тіл және сапа. Сонымен қатар қоғамда бас­па және аударма индустриясында жаңа мүмкіндіктерді көрсетіп, бағыттау болды. Жұмыс тобы мүмкіндігінше жеңіл оқы­латын және түсінікті мәтін әзірлеуге бар күшімізді жұмсадық. Халықаралық әріптестермен жұмыс істегендіктен, сол бас­палардың стандартына бағынуға тура келді. Олардың басты талабы түпнұсқадан аударуды бірінші орынға қояды. Шынында да, ағылшын тілінен орыс тіліне аударып, одан кейін қазақшаға тәржімалаған кезде маңызды нюанстардың бұзылып кететінін байқадық. Дәл осы себепті ағылшын, француз және неміс тілінен тікелей қазақ тіліне аударуымыз қажет деген талапты берік ұстанамыз, – дейді Райса Сайранқызы.  Иә, расымен де көзіміз үйренген Гарри Поттерді «Хәрри Поттер» деп атау үшін тәуекел мен батылдық керек-ақ. Өйткені аға буын өкілдері үшін бұл жағдайды қабылдау, көндігу оңайға түспегендей.

– Ал жас оқырмандар кітапты өте жақ­сы қабылдады. Өйткені сөздер, есімдер, атаулар – тура түпнұсқадағыдай дыбыс­талып жазылды. Орыс тілінде оқып өскен оқырмандар әлі де қабылдамай жатыр. Әйтсе де, ағылшын тілін білетін қауым жатсынбады, керісінше қолдады. Рет­те­луі тиіс мәселенің бірі – Кеңес заманынан қалған транслитерациядан гөрі, ана тілі­міздің бар мүмкіндігін, дыбысталуын кәдеге асыруымыз қажет. Қазір Ресейдің өзі түпнұсқалық дыбысталуымен жазғанды жөн көреді, – дейді баспагер.  Небәрі үш жыл ішінде 12 кітапты оқырман назарына ұсынып үлгерген баспа түпнұсқадан аударуды және авторлық құқықтың сақталуын насихаттап келеді. Мұны ірілі-ұсақты баспалар мен шығармашылыққа жақын жүргендер қатары түсініп келеді.

Үш тілді жетік меңгерген «Болашақ» тү­легі Эльнура Абақан «Атамұра» баспа­сы­ның бастамасымен беделді Dorling Kindersley (DK) баспасының «GENIUS» және «1000 Useful Words» кітаптарын аударып шығарды. Халықаралық қатынастар, даму және коммуникация саласында 15 жыл­дан астам уақыт қызмет етіп келе жат­қан Эльнураның бұл аударма саласындағы алғашқы тәжірибесі, десе де тыңғылықты, тиянақты атқарылған жұмыс екенін кітап­ты саралап көргенде өзіміздің де көзіміз жетті.

– Бұған дейін аударма саласымен айналыспасам да, қолым қалт ете қалғанда медиаға түрлі мақалалар жазып тұрдым. Аталған кітаптарды аударуға ұсыныс түс­кенде ерекше қуандым. Өйткені қа­зақ тіліндегі контентті дамытуға, оның ішін­де балалар әдебиеті аудармасына үлес қосу – мен үшін өте маңызды. Аударма ке­зінде салалық аударма терминдерін қазақ­шалауда аздаған қиындықтар кездесті. Әр адам өзінің туған тілін білуі міндет, ал өзге тілді білуі ғанибет. Экономикалық қауіпсіздіктің ең бірінші бастамасы отан­дық тауарды шығарумен қоса, тіл мен мә­дениет, этностық, ұлттық болмысымызды сақтап қалуда жатыр. Патриот қоғам өзіне жаны ашиды, өз тілінде сөйлейді. Білімді қазақ жастарын Уики­педия желі­сін дамытуға шақырамын, бұл – әр адам­ның қолынан келетін іс, – дейді Эльнура.

Көркем аударма, ілеспе аударма, ғы­лыми аударма, мейлі біз мән бермейтін жар­нама болсын тіл білімі кез келген ха­лықтың рухани дүниетанымымен, болмысымен тығыз байланысты. Осы ұстаным­ды ұстын еткенде ғана таза шығармашы­лық туынды дүниеге келеді. Санамызда сіресіп қатып қалған орысша мәтіндерді қазақ тіліне тәржімалап қана жеткізу мүм­кін емес, мұндай салғырт көзқарас таныту тіл­дің қолданылуына кері әсер ететін, оның дамуын тежейтін қателік еке­нін көріп келеміз. Десе де, осынау сеңді бұ­зып-жарып жүрген аудармашы мамандар қазақ тілін ғылым тілі, көркем әдебиет тілі дәрежесіне көтеру үшін термин және тер­минология мәселелерін тиянақтауда біріз­ділік керек екендігін айтып-ақ келеді.

«Аударманың түпнұсқаға таянуы шы­ғар­маның әрпін түгендеуге емес, оның рухын жеткізе беруде», деп В.Г.Бе­линский айтты деген сөз бар. Жалпы, қазақ әде­биетінде көркем аударма тәжірибесі жүз жылға жуық тарихы бар десек, артық айт­қандық емес. Осы ретте отандық аударма саласын көркейтсек деп түпнұсқаның көр­кемдік элементтерін қайта жасап шы­­ғуға талпынып жүрген бүгінгі аудар­машы­лардың табанды, тиянақты беталысы көңіл қуантады.