Әрбір халықтың көш бастаушы, ақылгөй, даналары болған, мәселен, өзбектерде Әлишер Науаи, түрікмендерде Мақтымқұлы, орыстарда Пушкин сияқты, қазақтарда Абай сондай бірегей тұлға болды.
Абай ұлы ақын, ғұлама ойшыл. Елге өсиет айтып, жақсылыққа бастаушы ретінде халықты өз өмірімен, ғибратты сөздерімен прогресске бастаған, кемістіктерді ашып айтқан, жаман әдеттен жирендірген. Мәселен,
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың, – деп ел-жұртын надандықтан арылту үшін, жанына тиіп, көзін ашқан.
Қазақтың арғы тегі жүз мыңдаған жылдар бойы көшіп-қонып өмір сүрген. Мал жейтін шөбін аяғымен жүріп тапқан. Себепсіз емес. Тек қыстың қаңтар, ақпан айында ғана өзен, көл жағасындағы тоғайлы жерге келіп қыстаған. Сол екі айдан артық қыста шөп таппай мал қырылады.
Бұл өте ауыр жағдай. Байдың киіз үйі бүтін, төсегі қалың, киімі жылы, тамағы майлы. Қиындықты көрген жалшы, қойшылар болған. Оның оңды үйі де, киімі де, жеке малы да болмаған. Сол жағдайды байлар ескерді ме екен. Бүрсең қаққан кедей, кедей-кепшік жағдайын ойлап, Абай былай деп өлең жазды:
Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай,
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай.
Орталық Қазақстанда бұл екі ай нағыз қыс. Міне, Абай үстем тап өкілі болса да жарлы-жақыбайдың қамын ойлап, күңіренді, елге ой салды, санасын оятты.
Абай «Болыс болдым, мінекей, бар малымды шығындап» – деп басталатын өлеңінде мансапқор, шенқұмар сұмдарды өлтіре сынайды. Олар болыс болу үшін ұлықтарға пара береді. Бірақ сайланып алған соң, жұмсаған дүниесін еселеп елден қайырады. Көздегендері көптің жағдайы емес, қара бастарының қамы. Абай осыны көріп, қынжылды. Бірақ надан ел оның бұл күйзелісін түсінбеді. Абай «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ» – десе де елде жалғыз екенін сезінді.
«Жартасқа бардым, күнде айқай салдым,
Одан да шықты жаңғырық», бірақ елде оған түсіну жоқ деп қайғырды. Өйткені Абай өзін түсінетін, бағалайтын заманнан ерте туды.
Абай орыс мектебінде оқып, тіл біліп, өнеге алған Шоқан, Ыбырайларды көріп, өзінің ауыл молдасынан басқаны көрмегендігіне қынжылады.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, – деп өкінеді.
Бірақ сөйтсе де білім алудың ерте-кеші жоқ екендігін түсінген Абай, орыс мектебіне барып, жас балалармен бірге оқып, орыс тілін үйренеді.
Абай орыс тілін тек үйреніп қана қоймай ондағы кей сөздерге мән береді. Абай «Евгений Онегиндегі» Пушкин жазған кейбір тарауларды қазақшаға аударады. Лермонтовтың «Терек» деген өлеңін
«Асау терек долданып, буырқанып» – деп қазақшаға аударды.
Бүгінгі біздің тойларда «Қараңғы түнде тау қалғып, ұйқыға кетер маужырап» – деген өлеңді жастар қосылып айтады. Сөзін жазып, музыкасын шығарған Абай. Бұл неміс ақыны Гетенің «Жолаушының түнгі әні», (зары десе де болады) деген өлеңін Лермонтов орыс тіліне аударған болатын. Абай осы өлеңді сөзбе-сөз емес, мағынасына қарап аударып, керемет шығарма тудырды.
Қазақ елінде қыз баланы жат елдік деп түсінген. Оны еріксіз қалың малға сатқан. Жастардың махаббатын аяққа басқан. Міне, соны көрген Абай махаббат мәселесін көтеріп, «Көзімнің қарасы, көңілімнің санасы, Бітпейді іштегі ғашықтық жарасы» – деп өлең жазды. Махаббатты жырлады.
Абай қазақ ауылында жұмысы жоқ, текке теңселіп жүргендерді сынады. Еңбектенген өзбек, татарларды өнеге етіп көрсетті. Кәсіпке шақырды. «Жұмысы жоқтық, қолы бостық, аздырар адам баласын» – деп жырлады.
Биыл әлемде коронавирус деген індет қаптады. Ақпарат құралдары сағат сайын індеттен сақтан, үйде отыр деп айтатын болды. Егер Абай бүгін тірі болса, еңбектеніңдер, егініңді күт, малға қара, тағам дайында, біліміңді көтер деген болар еді. Індеттен сақтан деген сөз еңбек етпей, үйде тығылып отыр деген сөз емес.
Абай бізге қашан да керек. Бүкіл ел Абайды тірек етеді, ақылына сүйенеді, ілгері ұмтылады.
Қажырлы еңбек те, ойын-сауық та, білімге ұмтылып, демалып, денсаулықты сақтау да, бәрі де керек.
Мәдениет дегеніміз осыларды ретімен жүргізу. Абайдың мақсаты, тілегі де осы болатын.
Досмұхамед КІШІБЕКОВ,
ҰҒА академигі