• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қазан, 2020

Сенаторлар жер қойнауын пайдаланудың жаңа ережелерінің ашықтығына күмән келтірді

109 рет
көрсетілді

Премьер-Министрге жолданған депутаттық сауалда Сенат депутаттары елде шетелдік инвесторларға жер қойнауын пайдалану құқығын қайта сататын делдалдардың көп екендігін мәлімдеді. Сенаторлар жер қойнауын пайдалануға, оның ішінде шетелдік компанияларға берудің транспаренттік емес механизмін құру әрекеті қоғамдағы әлеуметтік шиеленістерге әкелуі мүмкін екенін айтып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенат депутаттары тартылған тікелей инвестициялардың жалпы көлемінің жартысынан көбі мұнай-газ секторына тиесілі екенін айтты. Біздің елдің бірқатар аймағында мұнай-газ саласының ұйымдары әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа, жұмыспен қамтуға және халықтың кірістерін қалыптастыруға айтарлықтай елеулі қолдау көрсететіні айқын. Сонымен қатар мұнай секторы ұйымдарынан алынатын тікелей салықтар – Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру көздерінің бірі. Осылайша, мұнай-газ секторының барлық аспектілерін реттеудің ашықтығы, атап айтқанда, жер қойнауын пайдалану құқығын беру мәселелерінің өзектілігі жоғары болып отыр.

Депутат Н.Бекназаровтың айтуынша Энергетика министрінің м.а. бұйрығы бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар өткізу қағидалары бекітілген.

«Кодекс қабылдағаннан бергі 2,5 жылдан астам уақыт ішінде Энергетика министрлігі оны іске асыру үшін қажетті нормативтік құқықтық актілерді дайындады және осы кезеңде көмірсутектер саласында бірде бір конкурс өткен жоқ. Осылайша, конкурс үшін жер учаскелерінің жасанды жетіспеушілігі қалыптасып, нәтижесінде ел аймақтарына тартылатын инвестиция көлемі айтарлықтай төмендеді», - деді Н.Бекназаров.

Сенат депутаттары сарапшылардың пікірінше, Министрлік қабылдаған ережелерде іс жүзінде қатысушыларға ашық емес және тең емес жағдайлар жасай отырып, кәсіпкерлер үшін заңнамада көзделмеген шектеулер орнатуға тырысуда. Қабылданған ережелер Президенттің ашық Үкімет туралы, халықтың ақпаратқа қол жетімділігі, сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында мемлекеттік ресурстарды қоғамдық бақылау туралы тапсырмаларына қайшы келеді. Сонымен бірге, Ережеде келесі мәселелер ашылмаған немесе олар өте қысқа және түсініксіз, әсіресе рейдерлік проблемаларын болдырмауға немесе азайтуға бағытталған ережелердің жоқтығы байқалады. Техникалық ақаулар мәселелері жеткілікті түрде реттелмеген, ішкі қайшылықтары де жеткілікті.

«Электрондық аукциондардың операторы ретінде жарғылық капиталында мемлекеттің қатысуы бар коммерциялық ұйым таңдалды және оған мемлекеттік функциялардың бір бөлігі сеніп тапсырылды, оны беру заңмен қарастырылмаған. Сонымен бірге, оператор алдын-ала сатыларда (өтінімдерді қарау және тіркеу және т.б.), сондай-ақ аукцион кезінде болуы мүмкін теріс іс-әрекеттері үшін жауапкершілік тартпайды. Операторды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық құрамы үшін жауапкершілікке тарту да күмән тудырады», - деді Сенат депутаты.

Сенаторлар мемлекеттік органдардың басқару шешімдеріндегі және көмірсутектер бойынша электронды аукциондар өткізу туралы шешім қабылдаудағы кемшіліктер потенциалды және шынай инвесторлармен спекулятивті келісімшарттар ұйымдастыратын түрлі делдалдық және рейдерлік компаниялардың жандануына себепші болғанын айтып отыр.

Депутаттар қағидаларды қабылданған нұсқада қалдыру мемлекет үшін миллиондаған доллар кіріс алмау, ашық блоктарды делдалдардың қолына беру және соның салдарынан шетелдік компаниялардың біздің елдің экономикасына инвестиция салуға деген қызығушылықтарын жоғалту мүмкіндігін тудырады деп есептейді.

Осыған орай сенаторлар Нұрлан Бекназаров, Қанатбек Сафинов және Ләззат Сүлеймен Үкімет басшысына жолдаған сауалында ең маңызды табиғи ресурстарды беру бойынша электрондық аукциондар кезінде қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мақсатында сарапшылар мен қоғамды тарту қажет екенін айтты.