• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 02 Қазан, 2020

Жәркен Бөдеш: Атажұртын аңсаған ағайынның сағынышын жырладым

1007 рет
көрсетілді

Редакцияның тапсырмасымен Жәркен ағаны үйіне іздеп бардық. Ақын биылғы жылы Алматы қалалық әкімдігінің және Қазақстан Жазушы­лар одағының қолдауымен жарыққа шыққан екі томдық «Санадағы сарын» өлеңдер жинағын таныстырып, емен-жарқын әңгімесін бастады. Елеп-екшеп, бұрын-соңды шыққаны бар, сондай-ақ жаңа өлең­дері енген кітаптың сүйінші данасын салалы саусақтарымен парақ­тай отырып, «Бұл менің арманымның орындалғаны», деді. Жастық шағы­нан ақындықтың ат жалын ерттеп мінген Жәркен ақын замандасы Темірхан Медетбек ағамыз айтқандай, «Қырық қыры бар ақын». Қа­ламдас­тары «Жайырдың жалғызы» деп атап кеткен Жәркен Бөдеш­тің Тар­бағатай асқан жырлары бүгінде туған жерді аңсаған барша қазақ­тың үнжариясына айналған.

...Әлдебір ойдың жетегінде отырған  ақын­ның елегізген көңілі алысқа көз тігеді. Осы тұста бәлкім сонау Жайыр таудың баурайында сағымға айнал­ған балалық шағын сағынатын болар, бәлкім өмірдің қиын-қыстау кезеңінде ата-ана, туған буырмен бірге болуды жазбаған тағдырына өкпелі де шығар деп ой түйе­ріміз хақ. Жанарына ұялаған терең мұң мен көңіл түкпіріне орнығып алған сағыныш сарынының сырын ақынның шығармашылығымен жете таныс жан ғана аңғарса керек-ті. Ақын жүрегін мазалайтын жағдаят біз ойлағаннан да тереңде жатқандығына Жәркендей ақынмен өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан тағдырлас, замандас болған тарихшы Әлімғазы Дәулетханұлының «Мағжан мен қазақ поэзиясы» еңбегіндегі мына жол­дардан көз жеткізе түскендей боламыз: «Жәркен поэзиясын тұтастай алған­да бөлініп-жарылған қилы тағдырлар, қиямет кешулер поэзиясы бола тұра, мазмұны жағынан мынадай үш үлкен тақырыпқа жіктей қарастыруды қажет етеді. Бөлініп-жарылуға, Отаннан қол үзу­ге мәжбүр еткен тарихи себептерге; ту­ған жер, қара шаңырақты бір көруге зар болып еңірегендердің трагедия­лы тағ­дырына; қара шаңырақтың бо­сағасына табаны тиіп, қайта қауышуға қолы жеткен бақыттылардың көңіл-күйі, қилы-қилы жағдаяттардың саяси, психологиялық, адамдық қарым-қатынастарына арналған өлең-толғау, поэмалары жатады».

Осы жолдарды оқи отырып, тәуел­сіздікті аңсаған, елден жырақта қалып қойған қалың қазақтың мұң мен шерін шығар­машылығының бір парасына айналдырған Жәркен ақынның арманы не, өкініші қандай? Бізбен әңгі­месінде Әлімғазы Дәулетханұлы «Жәркен по­эзия­­­сынан Асан қайғы, Қазту­ған, Шал­­киіз, Ақтамберді, Бұқар шығар­мала­рындағы асыл ойдың сұлбасын байқаймыз. Ол – бөлініп-жарылған қазақ халқының айықпас мұңы, шерменде шері, өксікті құсасы, қанды көз жасы, қасиетті Алаш Ордасына деген теңіздей терең сағыныш пен алау махаббаты сан-сала, сан ағыс болып құйыла келе Жәркен ақын тұлғасын даралап, поэзиясын әруақтандырып тұра­тын сияқты. Жәркен поэзиясы – арысы Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақ­тамберді, Бұқар жыраудан бастау алып, «зар заман деген сөз шықты, заманның қарай түріне», – деп зарлаған Шортанбай, Мұрат, Дулат, Базар жыраулар әруағын ша­қырып, кешегі күннен, гуннен туған Мағжан рухымен іштей де, тыстай да үндесіп жатқан, жалғасып, жарысып бара жатқан өрісті, кенеулі, шешен де көсем, қазақы-ұлттық поэзия. Басқамызға бірде жетсе, бірде жетпей жатқан дәстүршіл, халықтық «қара өлең» Жәркен ақында жетерлік» дегені Жәркен Бөдештің ақындық қана емес, халқымыздың философия һәм тарихи болмысын сипаттай­тын суреткерлік қырын да танытса керек-ті.

– Аға, арманым орындалды дейсіз, алайда «Жер көгерді. Мен қашан кө­геремін, көгермей ішімде өлді көп өле­ңім» деген өлең жолдарынан өкі­ніш табы сезіледі. Ақынға шабыт келсе, көкірегін жарып шығатын құді­ретті өлеңге тоқтам жоқ қой. Елге орал­ғаныңызға да міне жарты ғасыр­ға жуық­тапты. Осы жылдарда ата­жұртқа деген мауқыңыз басылып, ел-жұртпен бірге тәуелсіздік таңын қарсы алдыңыз. Туған жердің топы­рағына аунап-қунап, өркендеуіне куә болдыңыз. Одан асқан қандай бақыт бар. Ақын жүрегін мазалаған қандай өкініш болды екен?

– Пенденің ғұмырында арман мен өкініш қанаттаса қатар жүреді ғой. Ақын жүрегі қашан да мазалы десек, одан қан­ша өлең туары бір Аллаға ғана аян. Қай кезде ша­быт келсе, көңіл түкпі­ріндегі өлеңнің сол кезде жарыққа шығуы заң­дылық та. Десем де, кеудемді кернеп, жа­ныма ты­ныш­тық бермейтін ой да, жү­рек­ке тағат бермейтін өкінішім де жоқ емес...

– Жәркен аға, «Жалғыз» деген жырыңызда «Жыр боп мәңгі жасарға, Абай жалғыз қашанда, Абай жалғыз болғасын, екеу емес Мағжан да» деп жырлайсыз. Бүгінде «Абайды тану, Абай арқылы қазақты тану» дегенді қалай түсіндірген болар едіңіз?

– Бүгінде Абайды әркім қалауынша зерттеп жүр ғой. Ол дұрыс та. Бірақ Абай­дың тарихы қазақтың тарихы екеніне назар аудару ләзім. Қазақ Абаймен ғана қазақ. Абай қазағымен ғана – Абай. Хакім Абай бұл дүниені жастайынан зерттеп, зерделеген ғұлама, данышпан десек артық айтпаймыз. Десек те, қазіргінің жас­тарына Абайды түсіну қиындау. Сондықтан да Абайды жастар арасында насихаттап, Қазақ елінің ұлы тұлғаларын дәріп­теу уақыт күттірмейтін келелі іс. Бұған ел болып жұмылғанда қол жетеді деп ойлаймын.

– Қаламыңызға бабаларымыз Қа­бан­бай, Оспан батыр, Махамбеттің  батырлығын арқау еттіңіз. Қаныш Сәт­баев, Бауыржан Момышұлы туралы жырладыңыз. Тұлғалар өмірін өлеңге арқау ету үшін де үлкен ізденіс керек екені белгілі. Тарихи тұлғалар тақы­рыбы несімен қызықтырды?

– Есімдері аталған тұлғалардың еліміз­дің тарихында қалдырған өшпес ізі сайрап жатыр. Ал олардың жүріп өткен жолы мен ерен ерлігін паш ету парызымыз. Иен даламызды қорғап қалған қазақтың хас батырларының тарихы терең зерделеуді, елеп-екшеуді қажет ететіндіктен, мен таңдаған тақы­ры­бымды зерттеп барып қолыма қалам алдым. Осылайша, Қа­банбай, Ма­хам­бет, Оспан, бабалар ерлі­гін жырлап, Қаныштай, Бауыржандай батыр­лары­мыздың өмірін жастарға өнеге еткім келді. Ел тарихында айшықты орны бар осы тұлғалардың өмірі жайлы көп оқыдым. Атажұртқа оралғаннан кейін Баукеңді арнайы іздеп барып, сәле­мімді бердім. Ол кісінің батырлығына, кісі­лігіне тәнті болдым. Бірінші пьесамды арна­дым. Бастапқыда батырға арнап поэма жазбақшы едім, нә­тижесінде жазған поэмам драмаға ай­­налды. Бауыржан Мо­мышұлының сөйлеген сөзі, жүріс-тұры­сынан батыр­лы­ғы бай­қалып тұратын, кісінің есінде бір көр­геннен қалатын ерекше қасиеті бар еді.

– Өзіңіз айтқандай, жоңғар даласын кешіп өтіп, Жетісуға, одан Көкшетау жеріне келдіңіз. Қой да бақтым, құры­лыс та салдым дейсіз. Бірақ өлеңге деген шексіз махаббат сізді қаламгерлер ор­тасымен қауыш­тырып, ұлт зиялы­ларының қана­тының астында қатайт­ты, шыңдады. Бұл кез  несімен ерек­шеленеді?

– Алматыға келіп білім алуыма этно­граф-ғалым Жағда Бабалық пен жазушы Қабдеш Жұмаділов ағаларымыздың көп ықпалы тиді. Кітап палатасына жұмысқа тұрған жылдарымда Тахауи Ақтановтың шапағатын көрдім. Бұл мекемеге мені ақын Жұмекен Нәжімеденов ертіп барып, «Мына жігіт арғы беттен келген. Мықты ақын және төте жазуды білетін маман», – деп таныстырды. Осы жылдарда Кітап палатасының қорындағы Мағжандай ұлт қайраткерлерінің шығармаларын кирилл жазуына көшірумен айналыстым. Тахауи ағамыз мені туған бауырындай көріп, тәрбиеледі. Ақындығымды дәріптеді. Атажұртты аңсап келгенімде қазақ қалам­герлерінің ортасы мені жатырқамай, бауырына басты. Одаққа келгенде өлең­деріме баға беріп, қолдап отыратын ұстазым Мұзафар Әлімбаевты аға тұттым. Ұстазың сені қаншалықты түсінсе, ақынға одан асқан қолдау бар ма. Мұхтар Мағауин шығармашылығым туралы толымды мақала жазды. Сондай-ақ Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдіков те мен туралы қалам тербеді. Ақын Есен­бай Дүйсенбаев ағамыздың «Жәр­кен жыраулық поэзия мен қазір­гі поэзия­­ны жалғастырушысы» деге­нінен кейін мен «Жәркен жырау» ата­­нып кеттім. Осындай жаныңа демеу болып, көңіліңді көкке жеткізер қа­зақ зиялыларының ортасы менің шығармашылығымның кемелденуіне ықпал етті. Соның арқасында өлеңдерім халқымның жүрегіне жетті. Бүгінде де қазақ қаламгерлерінің қасиетті қара шаңырағының басшылығында отырған Ұлықбек Есдәулет бауырымыздың да игі істеріне шығармашыл қауым тәнті.

–  Есімдері әдебиетімізде ерекше­ле­ніп тұратын Оралхан Бөкей, Мұқа­ғали Мақатаевпен бірге жүрген кез­деріңіз туралы да жиі айтып жүресіз.

– Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып істеген кезімде Мұқа­ғалимен бірге болдым. Мұқағали – өзінің өр өлең­деріндегідей ірі тұлға. Жалған айтып, біреуді қиянатқа жық­пайтын, шыншыл, мейірімді болатын. Мұқағалиға арнаған өлеңімде осы өр тұлғалы ақынның келбетін ашуға тырыстым. Оралхан да бар ғұмы­рын шығармашылыққа арнады. Ман­сапты болғанымен, қызмет қуған жоқ. Қызметте жүрген кезінде қазақ әдебиетінің Қырғызстандағы он күндігіне мені бірге алып барды. Жа­нынан бір елі тастамай, «Мен сен туралы жазам, сен мен туралы кейін жазасың», деген сөзі сол кезде орындалмастай көрінген еді. Осы сөзді айтқан жылы қазақтың көркемсөз шебері бақиға аттанып кете барды. Жадымда «түбі сен мен туралы жазасың» деген сөзі жатталып қалды. Осы айтқанын жадымда берік ұстап, «Оралханға оралу немесе Алтайдың ауас­ы» поэма-монологымды жаздым.

– Жәркен аға, қай өлеңіңізді алсақ та, оқырман одан сіздің өміріңіздің бір парасын танығандай болады. Балалық, жастық шағыңыз арқылы жырақта жүрген ағайын-туыстың сағыныш мұңын танығандай әсерге бөленеді. Неге ақындыққа жақын болдыңыз, жаныңыз өлеңге неге құ­мартты?

– Егерде мен ақын болмасам, мансап қуған жандардың бірі болып қалар ма едім. Мендегі ақындық әке рухымен астасып жатқан әлем. Қытайдың Шыңжаң өлкесі  Майлы Жайыр жайлауында туып өскен менің де, ата-анамның да арманы ата жұртқа оралу еді. Әкем қалайда менің білім алып, елге кетуімді қалады. Бір әке, бір шешеден туғандардың ішінде мен Үрімжі университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, Қытай үкіметі қудалай бастаған сәтте жоңғардың даласын жаяу кешіп өтіп, елге оралдым. Бүгінде сол жақын жандардың барлығы да өмірден өтіп кетті. Анау бір жылдарда жақындарыма деген сағынышымды басып жүрейін деген оймен інімнің баласын жаныма алғызған едім. Бірақ ол елде көп тұрақтамай, Қытайға қайтып кетті. Бүгінде мені танитын ет жақындарымнан ешкім қалмады. Ал ақындыққа қалай келдім десем, ұстаздық еткен әкем Қызыр Оспатаевтың оқығандарын көңілге түйіп өстім. Әкем әңгімесінің әлқиссасын өлеңмен бастап отыратын. Бала күнімнен мені өзінің туған бауырына табиғи еткендіктен, мен Бөдеш атанып кеттім. Ойы зерек, қазақтың арғы-бергі тарихынан терең білімі бар әкем Байтұрсынов емлесімен шыққан басылымның бәрін қалт жібермейтін. Архивтен алдырған Мағжан Жұмабаевтың бұрын жазылған өлеңдерімен таныстығым да осы кезбен байланысты. Кітапқұмарлардың көпшілігі біздің шаңыраққа жиналып, әкемді маңайлап жүруші еді. «Өлең адамның көшбасшысы» деген сөзін жадыма сіңіріп,  кітапқа деген құштар­лығын бойыма дарыттым. Ал Бөдеш әкемнің Борқасқасы менің атажұртты аңсай жырлаған өлеңіме арқау болды.  Борқасқамен бірге желіп, қанат бітіп елге жеткендей әсерге бөлендім, арманыма жетіп, ата жұртыма оралдым.

– Өзіңіз ұстаз тұтатын ақын Омар­ғазы Айтан туған нағашыңыз екен. Бойыңызда ана сүтімен дарыған ақын­дықтың да бар екені өлең әлемін­дегі қадамдарыңыздан  анық аңға­рылады. 

– Ана сүтімен келген қасиетті ары қарай дамытып, өшіріп алмаудың бас­ты жолы ізденіс пен білім екені айдан-анық. Анам Жәмішқан өте байсалды, жайдары, сондай қайырымды жан болатын. Әлі есімде, шөмшек теріп, ылғи қасында жүрген кезімде сен ауыз ти деп, жаңа сауылған сиыр сүтін маған ішкізетін. Сондағысы мен тоқ болып, аман жүр­сін деген тілегі екен ғой. Бүгінде туған жердің топырағын басу бақыты бұйырған менің тілеушілерім – әкем мен шешем. Әкем мен оқуға түскенімде Үрімжіде бас газетте істейтін Омарғазы Айтан нағашыма барып, бір жылқы сойып ас беріп, табыс­тап кеткені, кейіннен ойлап отырсам, болшағымды қамтамасыз еткені екен ғой. Алғашқы өлеңдерімнің тұ­сауын кескен де нағашым – Омар­ғазы Айтан. Ол кезде орта мектепте жүргенде ағаш егетініміз бар. Сонда жеке дара өскен шырша көз алдымда қалып қойыпты. Қой бағып жүріп қолыма іліккен бір түп шең­гелді ұстап, суға кетпей аман қалғаным да саңлауда қал­ған бала­лық шақ есте­лігінің бір кө­ріні­сіндей. Омар­ғазымен бірге маған ұстаздық еткен Керейғазы, Серік Қап­­­шықбайұлының да шы­­ғармашылығымда алар ор­ны бөлек. Серік Қап­­шықбайұлы Тіл-әде­биет факультетін тәмам­дап, «Шынжаң оқу-ағарту» жур­налында еңбек еткені бел­гілі. «Ұлтшыл» атанып, жиыр­­ма жылдан астам сүр­гінге ұшы­рады. Мектепте оқып жүрген кезім, ол кісі түр­меге жабылды. Сол кезде ар­тынан ере ба­рып, бір бума өлеңдерін та­быс­тағаным есімде қалыпты. Кейін­нен ұлт­жанды азамат тұтқыннан босап, елге оралып, қызмет етті.

– Өлеңдеріңізді оқып отыр­ғанда туған жеріңіз Жайырға деген сағынышпен ғана өмір сүре­тіндей көрінесіз. Бүгінде алыста қалған күндердің мауқын басуға септесер көзіңіздің қарашығындай, жаны­ңыздың алданышындай болған бала-шаға, немерелеріңіз бар десек те, сағынышыңыз сарқылмаған тәрізді.

– Рас айтасың. Балаларым, отбасым – жан жылуым. Елу жыл отасқан жан жарым Гүлшат – жанкүйерім. Ұлым Айбынымнан көрген екі немерем көз қуанышымдай болып көңілімді марқайтады. Ал бақиға кеткен ұлым Айдарға деген сағынышым мәңгілікке жүрегімнің түбіне ұялап қалды. Осы күндерде бір Алладан тәуелсіз еліміздің, отбасымның амандығын тілеп отырған жайым бар. Ал соңғы жылдары туған жерім түсіме жиі кіріп жүр. Жасым ұлғай­ғандыкі болар, туған жерге деген сағынышым өршіп бара жатқандай. Сондай ыстық, жаныма жақын әсерлі сәттерге жиі ораламын. Өзім өскен қоңыр тамды жиі көремін. Жайырдың бау­райындағы атақонысым көкейімнен кетпей тұрады. Сағынған сәттерімде:

– Туған жерім – Жайыртау,

Екі өркеші айыр тау.

Жайыртаудан сұм тағдыр

Тірідей мені айырды-ау..,

– деп те жаздым.

Туған жердiң қар, мұзы,

Аязыңмен жуындыр.

Туған жердiң бал қызы,

Бұрымыңмен буындыр.

Туған жердiң бұлағы –

Толқыныңмен ат менi.

Туған жердiң жыланы,

Шырылдатып шақ менi.

Туған жердiң шеңгелi,

Тырна аямай бетiмдi.

Туған жердiң ерменi,

Аузыма құй өтiмдi.

Туған жердiң доңызы,

Қан жоса ғып жарып кет.

Туған жердiң қоңызы,

Домалатып алып кет.

Туған жердiң қасқыры,

Кемiр, ақын сүйегiн.

Туған жердiң тас, құмы,

Сенi осылай сүйемiн, деген жырымды жырлап өтемін. Жайырмен сағыныш ауылына сапарлап,  кешімді де сағынышпен батырамын.

– Ақын өмірінде бір ғана кітап болады деп жоғарыда айтып кетті­ңіз. Шығар­машылығыңыздың төлқұ­жаты болған әрі жеке дара алып қ­арай­тын  кітабыңыз бар ма?

– Осы тұста бөле-жарып «Жұлдызға орын ай бермес» жинағымды атаған болар едім. Бұл өзі тұңғыш әрі маңдайыма біткен кітабым болатын. Одан артығы жоқ та. Осы жинақта алғашқы өлең-жырларым жарияланды.

– Өлеңдеріңізді жас ақындардың да қызығып  оқитынын байқап жүрміз. Сізбен сыр-сұхбат құрып, ақын жа­нына жақын болғысы келетін­дей. Жас­тар­ды өлеңдеріңізде не қызықтырады деп ойлайсыз?

– Менің өлеңдерімдегі жастарды елең еткізері туған жер, сағыныш тақырыбы деп білемін. Ақпараттық кезең жастардың мойнына үлкен жауапкершіліктер жүктеп отыр. Елге, туған жеріне деген жа­нашырлық, отансүйгіштік сезімді бүгінгі жастардың бойынан көруге болады. Әлі есімде қазақтардың ең алғашқы құрылтайы Алматыда өтті. Сонда жан-жақтан келген исі қазақ ағайындарымыз көз­деріне жас ала ата жұртымен топы­рағын сүйіп қауышты. Ұшақтан түскен қандастырымызды көріп, қазақ жау­ғандай қуандық. Міне, туған жерге деген махаббат қандай десеңізші. Ал менің жырларыма арқау болған алыстағы ағайынның сағынышы өлеңім арқылы жастардың жүрегіне жетіп жатса нұр үстіне нұр. Ал жылдамдық жетегіндегі бәсекелестік заманында жастар үшін ұзынсонар өлеңнен гөрі, қысқа да нұсқа, ойы жатық өлеңдер қажет-ақ.  Ал өлең­сүйер жастар үшін талғампаздықпен жаза алатын ақындар ғана сұраныста деп ойлаймын.

– Ал атақ дегенді қалай қабыл­дай­сыз? Оның мәні, сипаттамасы бар ма?

– Бүгінде қандай да бір марапат алғаның атақ емес. Туа сап ешкім атақ алмайды. Адам баласы атақ үшін тумайды. Тағдыр неге қиса  –  сол атақ. Өмір өзі атаққа жетелеп апарады. Атақ деп терең білім мен еселі еңбекті, халқыңның алдындағы борышыңды адал атқаруың дер едім. Иә, бүгінде кім көп, ақын көп. Алайда сол ақындықтың жүгін адал арқалап жүргендер некен-саяқ. Ал өз басыма келсем, Алла тағала ол күн­дерге жет­кізсе, ұлттық поэзиямызды дамы­туға күш-жігерім сарқылғанша, қал-қа­дерімнің жеткенінше еңбек етемін деп ойлаймын. 

Ішіме үңіл, ішіме үңіл, ағайын,

Шабыттанған кезімде айтып қалайын.

Қарай берме жұпынылау сыртыма.

Көкірегімде қайнап жатыр жыр тұма

Қайнарымнан сусын берсем деп едім,

Нарық қысып шөліркеген жұртыма.

Жолын кестім мансапқұмар пақырдың

Ұлтым үшін жан қиятын ақынмын.

Өлең шіркін тілі шыққан бөбек қой,

Жүрегіңді бесік етіп бөлеп қой.

Сыртыма емес, ішіме үңіл ағайын,

Ішке бүктім құпиямның талайын.

Қабыл болса ақ тілегім, шын сырым

Жас баладай бір қуанып қалайын.

– Аға, ағыл-тегіл жырла­ры­ңыз сар­қыл­масын. Әңгіме­ңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»