Елдегі тұрғын үй проблемасын түбегейлі шешу үшін 10 жыл және 25 трлн теңге керек. Қажетті қаржыны қайдан аламыз? Тығырықтан шығудың басқа жолы бар ма?
Қазақстан құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиевтің мәліметінше, бүгінде елімізде 2 млн 800 мың адам баспанаға мұқтаж. Оның 800 мыңының тұрғын үйге деп сақтаған азды-көпті жинағы бар. Ал қалғаны жалақыдан жалақыға дейін өмір сүруде.
– Мәселені күн тәртібінен ығыстыру үшін не істеу керек? Батыс елдері тұрғын үй мәселесін біржола реттеп алды. Қазір олар мұнымен бас қатырмайды. Мәселен, соғыста күйрей жеңіліп, құлдыраған Германия үшін оны реттеуге 20 жыл қажет болды. Отыз жыл өтсе де, тек посткеңестік елдердің ғана соры қайнап жүр. Егер дәл қазіргідей қарқынмен жүретін болсақ, Қазақстандағы тұрғын үй проблемасын толық шешуге 10-20 жыл керек. Оның өзі дүдәмал дүние болып тұр. Өйткені урбанизацияны естен шығаруға болмайды. Қазір ел халқының шамамен 40 пайызы ауылда тұрады. Алдағы уақытта аталған көрсеткіш 15 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Енді бір бес жылда Нұр-Сұлтандағы халық саны 2 млн-ға жетеді. Олардың бәрін қайда орналастырамыз? Бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмайды және мемлекеттің қолдауынсыз бұл түйіннің күрмеуі тарқатылмайды, – деді одақ басшысы.
Белгілі болғандай, қазір тұрғын үй құрылысына жыл сайын 1 трлн 300 млрд теңге бағытталады. Оның 40 пайызы – жекеменшік үй салатындардың үлесі. Қаржының 20 пайызы мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген. 40 пайызы – құрылыс салушылардың қаржысы.
Т.Ерғалиевтің есебінше, мәселені біржола реттеу үшін 25-30 трлн теңге қажет. Демек, салаға бөлінетін қаржыны ондаған есе ұлғайту керек. Бірақ бұл мүмкін емес. Сондықтан басқа бір жол ретінде халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алу ұсынылды. Алайда қазіргідей қилы кезеңде ешкімнің қарыз беруге құлқы жоқ. Оның үстіне бұл қадамның қауіпті жағы тағы бар.
– Мәселені шешудің оңтайлы бір әдісі – жеке тұрғын үй құрылысын дамыту. Құдайға шүкір, қазақтың жері кең. Соны тиімді пайдалану керек. Бұл үшін жылына тұрғын үй құрылысына 5 трлн теңге бөлінуі керек. Бұл да аз ақша емес. Бірақ табуға болады. Бөлінген қаржыға қалаларға жақын орналасқан елді мекендерден жер учаскелерін беру, инфрақұрылымды тарту жұмыстары жүргізіледі. Сонда мәселені шешуге бес есе аз ақша жұмсауға мүмкіндік бар, – деді Т.Ерғалиев.
Ел азаматтарының 10 сотық жер алуға құқылы екенін білеміз. Алайда экономист Рахым Ошақбаев келтірген мына бір статистикаға үңілсек, жеке тұрғын үй құрылысын дамытудың өзі қиындық тудыратынын бағамдауға болады. 2019 жылғы дерекке сәйкес, 1,5 млн адам мемлекеттен жер учаскесін алу кезегінде тұр. Ал 2012-2018 жылдары небәрі 122 мың жер учаскесі ғана берілген. Яғни жер телімін беру қарқыны өте төмен. Кезегін күткен мыңдаған адамды қамту үшін көп уақыт керек.
– Қазір тұрғын үй құрылысы қиын кезеңді бастан өткеріп отыр. Біріншіден, девальвация мен инфляцияға байланысты жылжымайтын мүліктің өзіндік құны өсіп келеді. Тұрғын үй құрылысы 2000 жылдардан бастап қарқынды дамуда. Өкінішке қарай, содан бері баспана бағасы бір рет те төмендеген емес, төмендемейді де. Иә, құбылып тұрады, бірақ бәрібір баға шарықтай түседі. Себебі біздің елдегі инфляция жоғары. Ресми деректерде инфляция 6-8 пайыз деп көрсетілген. Ал шын мәніндегі көрсеткіш 12-15 пайызды құрап отыр. Бұл жердегі мәселе инфляцияның дұрыс есептелмеуінде. Екіншіден, жұмыс күші жетіспей жатыр. Карантинге байланысты Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді елдерден келетін арзан жұмыс күшінің тартылуына тыйым салынды. Осы фактордың өзі тұрғын үй бағасына тікелей әсер етуде, – деді Т.Ерғалиев Қазақстан құрылысшылар одағы және Түркі әлемінің Орталық Азия бойынша Инженерлер мен сәулетшілер одағының алғашқы бірлескен отырысында.
Одақ басшысының айтуынша, еңбек ресурстарының жетіспеушілігі де өзекті мәселе. Мемлекеттік органдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аталған проблеманы реттеудің тетігі ретінде кәсіптік-техникалық білімді дамытуға көңіл бөлді.
– Бірақ бұл мәселені шеше алмайды. Себебі жастар кәсіптік-техникалық білімді таңдамайды. Жуырда құрылысшыларды даярлайтын бір колледжге бардым. Жыл сайын 100 түлекті тәрбиелеп шығарады екен. Ол қай жыртықты жамайды? Бір ғана компанияның өзінде 100-ден аса адам жұмыс істейді. Қазір құрылыс саласында 700 мың адам еңбек етуде. Сондықтан 100 түлек теңізге тамған тамшыдай ғана болмақ. Мұндай мәселе біздің елде ғана емес, тұтас әлемде етек алған тренд екен. Жастар индустрияға барғысы келмейді. Жапония да дәл осындай проблемамен бетпе-бет келіпті. Күншығыс елі вьетнамдықтарға бес жылға визасыз режім енгізу арқылы тығырықтан жол тапқан. Біз де осы жолды ұстануымыз керек. Біліктілігіне қатысты ешқандай талап қойылмайтын қара жұмысшылардың жетіспей жатқаны, осы фактордың тұрғын үй бағасына әсер етіп отырғаны өкінішті, әрине, – дейді Қазақстан құрылысшылар одағының басшысы.
Т.Ерғалиевтің болжамынша, тұрғын үй бағасы қымбаттайды. Құрылыс үшін қаңтар-ақпан өлара кезең. Ал көктем туысымен материалдар қымбаттайды. Электр энергиясы мен тасымалдау құны өседі. Бензин бағасы да шарықтайды. Осының бәрі түптеп келгенде баспана бағасына әсер етеді.
– Меніңше, комфорт-класс, бизнес-класс үйлердің бағасы қымбаттайды. Мұндай болжамға Президенттің биылғы Жолдауында айтылған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден асқан қаржыны пайдалану негіз болып отыр. Бұл мүмкіндікті 700 мыңнан астам адам пайдалана алады. Олардың шекті сомадан асқан қаржысы – 1 трлн 400 млрд теңге. Мұндай мүмкіндікке ие адамдар – тұрақты жұмыс істеген, зейнетақы салымын үзбей аударған орта таптағы жандар. Әдетте, бұл адамдар баспанаға мұқтаж емес. Демек, олар мүмкіндікті пайдаланып, комфорт-кластан, бизнес-кластан жайлы пәтер алуға тырысады. Осы факторды ескерсек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы үйлердің бағасы қымбаттайды. Екінші фактор – девальвация да бағаға түзету енгізеді. Теңге құнсызданып келеді. Яғни құрылыс тағы қымбаттайды, – дейді Р.Ошақбаев.
Былтыр Қазақстанда 13 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Оның 7 млн-ы – көп пәтерлі тұрғын үй, 6 млн-ы – жеке тұрғын үй. Биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланды. Бұл Қазақстан үшін тарихи рекорд. Еліміз бұрын-соңды мұндай көрсеткішке қол жеткізген емес. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан ТМД аумағында көш бастап тұр.