• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қазан, 2020

Жатақхана тапшылығы қашан жойылады?

1254 рет
көрсетілді

Жыл сайын мемлекеттік білім беру гранттарының саны артып келеді. Грант пен студент көбейген сайын жатақханада орын жетіспей жатыр. Бұл мәселе 2022 жылдың соңына дейін толығымен шешілуі тиіс. Жоспар солай. Ал жоспардың орындалу жайы қалай?

Аталған жоспар Елбасының 2018 жылы 5 наурыздағы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Жолдауынан шығып отыр. Н.Назарбаев үндеуінде: «Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидасымен жатақхана салуды бас­тауы керек. Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді», деді.

Білім және ғылым министрлігі берген статистикалық деректерге сүйенсек, еліміздегі 100-ден аса жоғары оқу орнында 500 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Былтыр 82 мыңнан аса студент тұратын 251 жатақ­хана жұмыс істесе, биыл бұл көрсет­кіш 361-ге көбейген. Еліміздің жоғары оқу орындарындағы осынша жатақха­нада 105 079 төсектік орын бар. Деген­мен әлі 42 756 студентке жатақха­надан орын керек. Міне, осы тапшылық­ты жою үшін 2022 жылға дейінгі үшінші әлеуметтік бастаманы іске асыру шеңберінде 75 мың жаңа орынға ла­йықтап кезең-кезеңімен жатақханалар салу жоспарын орындау қажет.

Өткен аптада Л.Н.Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлттық универ­си­те­тінің 2 361 төсектік орынға арнал­ған Студенттік тұрғын үй кешені құрылысының іргетасы қалан­ды. Бұл еліміздегі студенттерге арналған жатақханалардың ішін­дегі ең ауқымды нысанның бірі болғалы тұр. Жалпы ауданы 45 мың шаршы метрді ала­тын жаңа жатақхана бес қабат­ты үш блоктан тұрады және А.Байтұрсынұлы мен К.Әзірбаев көше­лерінің қиылысында орна­ла­сады. Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің рек­торы Ерлан Сыдықов аталған жоба жөнінде:

–  Студенттер қалашығының ірге­тасын қалау – Еуразия ұлттық уни­вер­ситеті үшін тарихи оқиға. Бұл – Елбасы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бағдарламасының үшінші бастамасы: «Жоғары бі­лім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жас­тар­дың жатақханадағы жағ­дай­ын жақсарту» тапсырмасына орай атқарылып отырған істер. Білім және ғылым министрлігі бұл тап­­сырманы ойдағыдай орындап ке­леді. Өйткені еліміздегі ЖОО-ның алды өздерінің жатақхана құрылысын бастап та кетті, кей­бірі оны пайдалануға беріп те үлгерді. ЕҰУ студенттер қала­шы­ғының ерекшелігі, инвесторлар өз қаражатына салып береді, қалашықта жастарға не керек, бәрі қамтылған. Сондықтан «Ме­га­СтройСервис» ЖШС ұжы­­мына ризашылығымды біл­ді­ремін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арна­ған Жолдауында әлеуметтік мәсе­ле­лерге, әсіресе елдің жағдайын қамтамасыз етуге, оның ішінде жас­тарға ерекше көңіл бөлді. Бұл жұмыс сол Жолдауда берілген тап­сырмалардың орындалуы деп біле­мін, – деді.

Жеке сектормен бірге білім беру са­ла­сындағы қордаланған түйт­кілдердің тү­йінін тарқату тәжіри­бесі бізде бар. «Балапан» бағ­дарламасымен 3-6 жасқа де­йінгі балаларды 100 пайыз бала­бақ­ша­мен қамту жоспары жүзеге асырыл­ды. Сондықтан осы бағыт бүгінде сту­дент­тер­дің әлеу­меттік жағдайын жақ­­сартуда қол­данылып келеді. Бірақ осы іске жеке кәсіпкерлер шынымен де мүд­­делі ме?

Жақында іргетасы қалан­ған Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлт­­­­­­тық уни­­вер­си­те­ті жатақ­ха­­на­­сының құ­ры­лы­сын қол­ға ал­ған «МегаСтройСервис» ЖШС инно­ва­ция­лық даму жөнін­дегі директоры Балше­кер Мұхамед­қы­зы:

– Алға басуға ниеттенген кез келген қоғамның, адамзат тари­хындағы кез келген өр­ке­­ниеттің іргетасы білім мен ғы­лымнан тұратыны белгілі. Біз де жатақхананың ғана емес, білім мен ғылымның ірге­та­сын қаладық. Абай атамыз «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» дейді. Студенттерге салғалы жат­қан жатақханамыздан хакім Абай айтқан ақыл, ғылым, ар, мі­не­­з­бен озатын жастар өсіп шығатынына сенеміз. 5 қа­бат­ты ғимараттың жобалық құны 7 млрд теңгені құрайды. «МегаСтройСервис» ЖШС 2005 жылы Маңғыстау облысы Ақтау қаласында тіркелген. Бұл компанияның инфрақұрылым және тұрғын үй салудағы тәжіри­бесі мол. Еуразия ұлттық универ­си­тетінің жатақхана құрылысы бо­йынша жариялаған конкурсқа қатысып, жеңіп алды. Құрылыс жұмысы негізі 2020 жылы көктем айында басталуы керек еді, бірақ әлемді жайлаған індеттің салдарынан жұмысымыз жарты жылға кешікті. Сәтін салса, Студенттік тұрғын үй кешенін 2022 жылы 30 тамызға дейін толықтай бітіріп, Конституция күні пайдалануға береміз, – дейді.

Иә, жоғарыда айтылғандай, елімізде аталған бастама бойынша пайдалануға берілген жатақ­х­аналар да бар. Себебі бұл жоспарлы жұмыс 2019 жылдан бас­талды. Былтыр 5 мыңнан аса төсектік орны бар жатақхана салынуы керек-тін, жоспар жоғары нәтижеде орындалып, 9 166 орындық 34 объекті пайдалануға берілді. Ал биыл қыркүйекте 2020 жылға арнал­ған жоспар 55 пайызға орын­далып, 11 035 орынға арнал­ған 42 нысанның құрылысы аяқталды. Әлемдік ахуалға, Қа­зақ­с­танда өршіген пандемияға бай­ланысты көптеген нысанның құры­­­­лы­сы бәсеңдеді. Соның салдарынан ІІІ тоқсанға жоспарланған біраз нысан­ның кілтін тапсыру жұмысы жыл аяғына, яғни соңғы тоқсанға ше­ге­­рілді.

Тағы бір ескере кететін жайт, «Пре­зи­денттің бес әлеуметтік бас­тама­сы­мен» колледждерге де жатақханалар салынған, әлі де құрылыс жүріп жатыр, келесі жылға жоспарланғаны да бар. Минис­трліктің мәлімдеуінше, бүгінде елімізде 700-ден аса кәсіптік-техникалық оқу орны бар. Ондағы 77 колледжге 17 873 орындық жатақхана қажет. Осы мәселені шешу мақсатында 5 931 төсектік орын 21 жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның ішінде колледж студенттеріне арналған 2153 орындық 10 жатақ­ха­на пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін тағы 2387 төсектік 5 нысанды пайдалануға беру жоспарланған.

Қызылорда медициналық жоғары колледжінің студенттер үйі 5 әлеуметтік бастама бо­йын­ша былтыр пайдалануға бе­рілген. Бүгінде студенттер жатақ­ха­наның игілігін көріп отыр. Аталған оқу орнының 3-курс сту­денті, болашақ мейіргер Келбет Жеңісбекқызы:

– Жаңадан салынған 5 қа­бат­ты жатақханада 2-курс­тан бері тұрамын. Оған дейін ескі жа­тақ­ха­нада жаттым. Бұрын­ғы тұр­ғынжайымызбен салыс­тыр­ған­да жаңа жатақхана әлде­қай­да жақсы. Мәселен, бұрын әр қабатта 1 ас бөлме, 1-2 әжетхана, 1 жуынатын бөлме болатын. Қазір әр бөлмеде өзінің ас бөлмесі, әжетхана мен жуынатын жері, тіпті әр бөлмеге 1 тоңазытқыш бар. Сонымен қатар бұрынғы жатақханада 4 адам­нан тұрсақ, қазір 3 адамға лайықталған. Бұл да өз кезегінде оқудың сапасына сеп­тігін тигізеді. Бүгінде сабақ қа­­шықтан оқыту форматына кө­ші­рілді. Менің ауылымда байланыс жоқ. Сондықтан жатақ­ха­на­да оқуымды жал­ғас­ты­рып жатырмын. Мұнда интернет жақсы ұстайды, – дейді.

Студенттің айтуынша, кол­ледж­дегі жатақханада сту­дент­тер­дің саламатты өмір сал­тын ұста­нып, спортпен шұғыл­да­нуы­н­а да жағдай жасалған. Студенттер үйінің тұрғындары сабақтан бос уақытында футбол, баскетбол алаңдарында ойнап, жаттығу жасауға ар­нал­ған ауладағы спорттық құрыл­ғы­лар арқылы денесін шы­нық­ты­ра алады.

Қызылорда медициналық жо­ға­ры колледжінің директоры Салтанат Сейітқалиқызы жалпы ауданы 3382 шаршы метрді құр­айт­ын жатақханада 94 тұрғын бөлме бар екенін айтады.

– Нысанды «ДилМАШ» ЖШС салды. Студенттердің жайлы жағдайда білім алуы­на барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Жоғарыдағы студен­ті­міздің сөзін толықтыра кетсем, жатақ­ха­нада оқу залы, демалыс бөлмесі, буфет, кір жуатын бөлме және ашық аспан астындағы спорт алаңы бар. Сондай-ақ нысан өртке қарсы дабылмен, бейнебақылау, өткізу жүйесімен жаб­дық­тал­ған. Студенттер үйінің тұрғындары оркестрлік үйірмеге қатысады, үстел теннисі, баскетбол, волей­бол, шахмат, тоғыз­құмалақ ойнай алады. Жеке секторлар мем­лекеттің дамуына елеулі үлес қосып отыр. Пандемия барлық салаға өзінің зиянын тигізді. Соның ішінде біз де сту­дент­терімізді қашықтан оқытып жат­қан­дықтан, жатақханамызда бұ­рын­ғыдай тұрғындар көп емес. Соның салдарынан ин­вес­­торымызға қиын тиіп тұр. Өйткені студенттердің жатақ­ха­­наға төлейтін қаражаты сол ин­весторларға беріледі. Осын­дай қиындықтарға қара­мас­тан, қолдау көрсетіп отыр­ға­нына ризамыз. Бәрінен бұ­рын адамның амандығын ойлап осындай ше­шім­нің шыға­рыл­ғанын тү­сі­не­ді, – дейді С.Сейітқали­қы­зы.

Ендігі 2021-2022 жылдарға арналған жоспар мен жоба бойынша барлығы 12 мың орынға арналған 12 нысан пайдалануға берілмек. Келер жылы 7 927 студент жатақханамен қамтылса, 2022 жылы 3921 орындық 7 нысан салынып бітуі тиіс. Жоспардағы нысандардың ішінде ең ірісі Түркістан облысында 2021 жылы салынатын 2460 орындық студенттер үйі болмақ.