Бүгінде «Қазпоштаның» қызметі әдеттегі газет-журналға жазылу, хат-хабар алмасу, сәлем-сауқат тасымалдау секілді қызметпен шектелмейді. Алыстағы ауылға, шалғайдағы елді мекенге дейін жетіп, халыққа түрлі қызмет көрсететін бірегей мекеме – осы «Қазпошта».
Сұрапыл соғыс жылдарында пошта таситын жасөспірім балалардың басынан кешкен түрлі оқиғаны еститін едік. Әсіресе майдандағы сарбаздан келген «қара қағазды» оның отбасына жеткізудің қиындығын суреттеген жазбалар көп-ақ.
Дегенмен бүгінгі пошта қызметкерлерінің басында да түрлі драмалық оқиғалар болып тұрады.
Сәния Айтмағамбетова Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Базаршолан ауылында көп жылдан бері пошта тасушы болып қызмет етіп келеді. 1982 жылы Алматы қаласындағы байланыс техникумын бітірген соң жолдамамен Орал қаласына келіп, бір жыл қызмет етті. Келесі жылы Тайпақ ауданына қарасты «Зауральный» кеңшарына ауысты.
– 1983 жылы осы «Зауральный» кеңшарының орталығы Жанама ауылының поштасында қызмет ететін екі әйел Жайық өзеніне суға кетіп қалды. Мені сол кісілердің орнына жіберді, – дейді Сәния.
Тайпақ пен Жанама ауылдары – Жайық өзенінің екі бетінде орналасқан елді мекен. Бұл жерде кеңес заманында да, қазір де көпір жоқ. Тұрғындар қыста мұз бетімен өтсе, жазда суға паром салып, қайық жалдап жатады. Әсіресе мұзы жұқа көктем мен күзде қиын-ақ. «Жайық деген жанды су» демекші, талай адам осы суға кетіп қаза тапты ғой. Мұндай оқыс жағдай Сәнияның басында да бола жаздаған.
– 1987 жылы тұрмысқа шығуыма байланысты Базаршолан ауылына қызмет ауыстырдым. Бұл да Жайықтың сол жақ бетіндегі ауыл. Ауа райы қолайсыз болса да халықтың түрлі шаруасы таусылмайды ғой. Соның ішінде пошта қызметі, хат-хабар, зейнетақы тағы басқа төлемдер дәл уақытында жасалуы керек. Сондықтан басымызды қатерге тігіп, талай жолға шықтық, – деп еске алады Сәния Бижанқызы.
Әлі есінде, 2002 жылдың 9 сәуірі. Жайықтан мұз кетіп, сең жүріп өткен. Су деңгейі көтеріліп, енді-енді тасығалы жатқан кезі. Мұндай кезде қауіпсіз паром әзірге түспейді. Жолаушылар қалтылдаған қайықпен ғана қатынайды. Аудандық пошта бөлімі Тайпақ ауылында болғандықтан, Сәния амалсыз жолға шықты. Өйткені ауылда газет-журналын күтіп отырған оқырмандар бар. Түрлі төлемақы алатындар да аз емес.
– Қалтылдаған қаңылтыр қайық екен. Өзеннен өтпек болған адам саны да көбейіп кеткен сияқты. Бәріміз отырып алдық. Менің қолымда екі қапшық: бірінде – газет-журнал, екіншісінде – ақша. Жайықтың жайылған айдынының орта шамасынан аса бергенде су құйыла бастады. Аллалап келеміз. Арамызда жас балалы келіншек те бар екен. Жағаға 5-6 метр қалғанда қайығымыз бір жағына жантайып, суға батты да кетті. Суға күмп етіп, қайта шыққанымда байқадым, қолымдағы қапшықты тастамаппын. Екі алақаным қарысып қалған екен, – деп еске алады Сәния апай.
Абырой болғанда қайықтағы жолаушылардың арасында Алматыдан келе жатқан студент жігіт бар екен. Жанұшырып жүзіп жүріп, жолаушылардың бәрін сол құтқарған. Жағада тұрған Базаршолан мен Сарытоғайдың көлік иелері, жолаушылар да арқан тастап, ағаш бұтақтарын созып, суға кеткендерді шығарып алған.
– Үйге келгеннен кейін қапшықтағы газеттерді пешке жайып кептірдім. Ол кезде ауылға көгілдір отын келмеген кезі. Басылымдар түгел су болып қалған екен. Кейбірі оқуға келмеді, – дейді Сәния Айтмағамбетова.
Айта кетейік, өзенде әлі күнге көпір жоқ. Яғни жоғарыдағыдай қауіп-қатер жыл сайын қайталанады деген сөз.
Дегенмен осындай қиындықтарға қарамастан Сәния апай 40 жылға жуық пошташы қызметін абыроймен атқарып келеді. Екі мыңдай ғана тұрғыны бар шағын округте газет-журналға жазылушылар саны да әжептәуір.
– Дәл қазір біздің ауылға 47 дана «Egemen Qazaqstan», 66 дана «Орал өңірі», 160 дана «Жайық таңы» газеті келеді. Барлық басылымдарды қосқанда базаршоландықтар 412 газет-журнал алдырып оқиды. Бұл – Ақжайық аудынандағы жоғары көрсеткіштің бірі. Ауылда 15-17 мың теңгенің басылымдарына жыл сайын жазылатын отбасылар бар, – дейді ардагер пошташы.
Мысалы, Жәлел Самарқанов, Бақшолпан Қадырханова, Қанапия Таспай сынды оқырмандар жыл сайын қомақты қаржыға газет-журнал жаздырып алып оқитын тұрақты оқырмандар екен.
Бүгінде ауылға аптаның үш күнінде ауданнан пошта жеткізіледі. Аптасына екі күн Сәния Бижанқызының өзі Тайпаққа қатынап тұрады. Сонда күнделікті хат-хабар мен мерзімді басылымдар кідіріссіз келіп жатыр деген сөз.
– Бүгінде пошта байланысы әбден жолға қойылды ғой. Қазір жалпақ әлемнің өзі бір үлкен елді мекен болып қалды. Алақандай ауылда отырып, әлемнің кез келген жерінен өзіне қажетті тауарды сатып алушылар бізде де бар. Сәлем-сауқат алмасу деген бұрынғыдан да көбейіп кетті, – дейді Сәния Айтмағамбетова.
Батыс Қазақстан облысы