Қудай аппақ шашы жеңіл тартылған шымқай ақ дәкелі орамалдан ажырағысыз боп, Гүлнәр апа аурухана төсегінде талмаурап жатыр... Ертеңгі ота алдындағы елес-кезбе ойлары тыншытпағанымен, сабырлы қалпын бұзбай, екі жылсыз ғасыр адақтаған Алаш-Апа текті мінезбен ажалға тойтарыс бергендей түйіліп, түңіліс түндігін серпіп тастаған сыңайлы...
...1988 жылдың 4 қарашасы. Алматы. Қара жаңбыр шелектеп құйып тұр. Гүлнәр туған күнін атап өтуде. Үй-іші мәре-сәре. Сырттан ешкім шақырылмаған. Есік қоңырауы... Ұзын бойлы, арық кісі имене кірді. Жақын араласатын ғалым еді.
– Кіріңіз! Төрлетіңіз!
– Туған күніңізбен, Гүлнәр апа! Жетінші мүшелге аяқ басуыңызбен құттықтаймын! Енді 7 жылдан соң 80-нің төрі ме?
– Рақмет айналайын! Ұрпақтарым, Елім аман болсын! Алла қазағымды Тәуелсіздікке жеткізе көрсінші!
– Міржақып Дулатов ақталды, апатайым!.. Ақталды! – деді ғалым өзін-өзі ұстай алмай елеуреп.
Гүлнәр сүлесоқ күймен таңдана:
– Қойшы! Ақталғаны несі?! Ағат естіген шығарсың?! Құлағыма сенбеймін!
Ғалым апасын қапсыра құшақтап:
– Жоғарғы Соттағы күйеу балам осы жаңа жасырын білдіртті. Ақталды! Шешім солай! – деді күбіжіктей әрі шаттанған күйі.
Гүлнәр ғалымды шөпілдетіп сүйе бастап, дауыс салды:
– Ақталса, ақталғанын жасыра тұрайық! Ешкімге айтпашы, айтпашы ешкімге! Тіс жармашы, ешкімге! Жалынамын! Тісіңнен шығара көрме! Ресми жария етілгенше... Құдайым-ау! Мен не естіп тұрмын? Өңім бе, түсім бе? Ақталды дейсің бе? Елден сүйінші кім сұрайды? Сұрайсыңдар ғой! Гүлнәр Міржақыпқызы «халық жауының» қызы емес деп сүйіншілейсіңдер ғой! Мына мен – Адалдықтың, Азаттықтың қызымын! Тәуелсіздік те кешікпей келіп қалар-ау!..
Қаракөлеңке шақ. Гүлнәр кереуетте киімшең жатыр. Ойлар... Елес... «Әкешім, ақталдың-ау ақыры!». Дәл менің туған күнімде ақталдың!
...Түн ортасы ауған шақ. Торғайдың қиыр түкпіріндегі ауыл. Боран ұлып тұр. Терезені қар сабалап, қаракөлеңке бөлмені одан бетер үрейлендіре түскен. Бұрышта үнемі ыңырсып жататын дімкәс кейуананың дыбысы да естілмейтін секілді. Қасында бір ноқат қарауытады. Заржақ неменің жағы семгендей. Бөлмеде өлі тыныштық орнаған. Бір кезде есік ашылып, үрпиіскен адамдар кірді.
– О, құдайым! Сорпа-су іздеп құр сүлдерім жеткенде, көрсеткенің осы ма? – деп Дулат жалма-жан жатқан әйеліне төне түсіп, жұлқылай бастады. – Тірімісің, Дәмеш? Ояншы! Қыбырлашы! Жалынамын, жұбанышым! Жалғыз тастамашы мені! – Абайсызда, аяғын басып кеткенде өзінің екі жасар құйтақандай Міржақыбы шар ете қалды. – Ой-ой-й! Сормаңдай! Шешесінің қойнында жатқанын қарашы, ә?! Өзі еңбектеп жетіп құлаған-ау, шамасы!
– Таста, оны былай! Әйелің өзі, өлі-тірі ме? Соны білейік те! – деп абысыны Дәмештің салбырап жатқан білегінен шап беріп, тамырын ұстап, іле кеудесіне қолын жүгіртті. Сол-ақ екен, шоқ басқандай шыңғырып жіберіп, дауыс қылып, шашын жұла бастады. – Жү-ү-ү-ү-ріп кет-іп-ті-і-і бай-ғұ-с-с!
– Анасыз қалдың, Міржақыбым! Ақ сүтіне тоя алмадың! Жетім қозым! Қошақаным! Тағдырдың тәлкегі ме? Анасыз күнің болса да, Отансыз күнің болмасын, сәбиім! Еліңнің ұлы бол!.. Бұл сөзімді ана аманаты, менің аманатым деп ұқ, бозөкпем! – деп Дулат сәбиін жерден көтеріп алып, күңіренді.
...Қарқаралы шеруі. Теңіз толқынындай аптыға тулаған асау халықты кернеген ашу-ыза бұғалық берер емес. Төбелерінен жоғары-төмен қылтиған транспаранттар да қаһарлы зәрін төгетіндей: «Қазақтардың иелігіндегі жерлер олардың өз меншігі болсын!»; «Ар-ождан бостандығы болсын!»; «Білім беру ісін дұрыс жолға қою керек!»; «Қазақ тілінде газет шығарылсын!». Топтан оқшаулау тұрғандар да қызуқанды сөзге кіріскен. Наразылық білдірушілер тілегі: «Қазақтардың діни көзқарасына еркіндік берілгені жөн!»; «Қазақ даласына орыс шаруаларын орналастыру тоқтатылсын!»; «Бітімші сот институттарын енгізуді талап етеміз!»; «Сот әділ болуы үшін судьялар өзі қызмет ететін халықтың тілін білетін болсын!»; «Қазақ халқының мүдделері мен құқықтарын қолдау үшін заң шығару жиналысына қазақ депутаттарының қатысуы қажет!». Ұран тастаушылар мен өкімет сақшылары қақтығысып та қалды... Жандармдар шеруді қуып таратты. Жиынды басқарушы топтарға да қоқан-лоққы көрсетілді. Міржақыптың иығына дубинка тиіп, омақаса құлады. Оны арашалауға ұмтылған Ахмет Байтұрсынов күңіренеді... «Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам...»; «...Адамнан туып, адам ісін етпей, Ұялмай не бетіммен көрге барам?!».
Міржақып жанары жарқылдап:
– Әне, қыран жүректілер деп осыларды айту керек. Бодандықтан – бостандыққа ұмтылған өңкей сұңқар тектес өр мінезділер. Қалай-қалай ытырынып тұр, – деді кеуде кере.
– Басшысы келіссе, қосшылары дайын-ау! Менің «Масам» да енді ызыңдауын тіптен күшейте түсер! – деп Ахмет зор дауыспен өлеңдете жөнелді.
Міржақып қос қолын көтеріп, айбаттанды:
– Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп, Қазағым, енді жату жарамас-ты! – деп Міржақып алдындағы ағасын жаңа көргендей боп қадалды. – Ахмет аға! Аға деймін! Айтыңызшы, мен не дедім?! Құр сандырақ па, әлде? Ауырып қалған жоқпын ба? Басымнан сүйеңізші, Аға!
Ахмет өбектей қуанып, басу айтты:
– Құдай салды бұл сөздерді сенің аузыңа! Иә, Құдайым салды! «Оян, қазақ!» деп тұрсың ғой қараңғы қапастағы қалың еліңе! Сен қазірден бастап бақытты Міржақыпсың!
Міржақыптың көзінен тамшы жас үзіліп түсті...
...Қызылорда. 1928 жылдың аяғы. Түн ортасы. Қарсыз қара суық дауыл тас ұшырардай құтырынады. Есік қақырата қағылды.
Ғайнижамал төсегіне қисая беріп, ұшып тұрды:
– Сұмдық-ай! О, сұмдық!
Міржақыптың көзі ілініп кетіп еді, қатты дүрсілден басын көтеріп алып:
– Өзім ашам! Кім бұл? Қазір, қазір.., – дегенше болған жоқ, есік ішке опырылып түсті.
Тарсылдан оянып кеткен Гүлнәр елірген қара киімді үшеуді енді көріп, бақырып жіберді.
– Міне, арестке рұқсат қағазы. Тінтеміз! Еш қимылдамай тұрыңдар! Қолжазбаларыңды қайда тықтың? Қане, көрсет! – деп әкіреңдеген біреуі Міржақыпты нұқып жіберді.
– Әкеме тимеңдер! Пышақпен жарып тастаймын! – Он үш жасар Гүлнәр үстел үстіндегі пышаққа ұмтылды. – Жайратамын бәріңді!
Пышақты тартып алған біреуі:
– Қарай гөр! Алаштың қаршадайына дейін көк бөріден ауызданған-ау! Көзін қарашы! Өңменіңнен өтеді. Бөлтірігін де құрту керек бұлардың, – деп тістенді.
Келесі бөлмеде әкесінің қағаздарын Міржақыптың көзінше жүнше түтіп қопарыстырып жатқандарға айбаттанып айқайлаған Гүлнәр:
– Әкемнің қағаздарын әкеткендеріңмен, оның миындағы ойларын қолды қыла алмайсыңдар! Ондай ақыл-ой байлығын өз қазағына өзі ғана шығара алады, – дей бергенде Міржақыптың қарақұсына тапанша дүмбісі қатты тиіп, сұлап түсті.
– Ұруға қақыларың жоқ! Гүлнәрім! Шапшыма! Тыныш жат! Бұлар аямайды. Әкең бәрін өзі біледі. Бірінші көрген құқайы емес қой! Майып қылар, тыныштал, қызым! – деп ана байғұс бәйек боп шырылдауда.
Олар бөлмеден бір бума қобыраған қағаз алып шықты да:
– Осы жазғандары да түбіне жетер. Қапшыққа салайық, – деді де Міржақыпқа зекіп айқайлады. – Әкетеміз сені! Қоштас отбасыңмен! Бол, тез!
– Әзірге сау болыңдар, жарандарым! Дәнеңе етпейді! Халқым барда жоқтаусыз қалмаспын! Өздерің мықты болыңдар! – деп Міржақып қоштасып, бұрыла бергенде, жапсарлас қорадағы Алакөз аты жан дауысы шұрқырай кісінеп қоя берді. – Маған енді Алакөзімнің жалынан бір сипауға мұрсат беріңдер! Өтінем!
– Дулатов, есің дұрыс па? Өйтіп, мазақ етпе бізді! Жүр, алға түс. Атшылын мұның!
Міржақып сенекке шыға беріп, Алакөзге тұра ұмтылды. Басынан сипап, жалынан құшты, кеңсірігінен сүйді:
– Асыл тұлпарым! Алакөзім! Қайтып оралам! Күт! Аңға бірге шығамыз, әлі!
Жендеттер бір-біріне таңырқай қарасты:
– Мәссаған! Атының көзіндегі моншақтаған жасты қараңдар! Өң бе, түс пе? Аттың жылағанын бірінші көруіміз. Қызық болды-ау, өзі! Атын да ала кетсек қайтеді? Ат емес, адам емес пе, өзі! Дұрыстап қараңдаршы!..
Міржақыпты қорадан желкелеп шығарғанда, Алакөзіне соңғы рет көзін салған ол жанарынан үзіліп түскен жасты ешкімге көрсетпей сылып тастады. Бұл кезде Ғайнижамал есік түбінде есінен танып сұлап жатқан. Гүлнәр сыртқа жалаңаяқ атып шығып, ақ қарды кешіп, «әкелеп» өзіне жан - ұшыра ұмтылғанын байқады...
...Вокзал басы. «Халық жауларын» вагонға тиеп жатыр. Аласапыран жұрттың арасымен сығылысып Ғайнижамал мен Гүлнәр алға ентелейді. Вагонға қол созым жер қалғанда, пойыз ілби қозғалды. Көп ішінен жан-дәрмен сытылған Гүлнәр қолтығына қысқан түйіншегін жоғары көтеріп «әкелегенде», Міржақып қызын көріп қап, вагон көзінен қол бұлғады.
– Қызым! Пойызға түсесің! Кері қайт! Қош!
– Әке! Мамам пісірген бәлішті алшы! Мә, қолыңды созшы. Мә, әке! Дәмі қандай! Тәтті! Алшы! Алшы!.. Дәмі таңдайыңнан кетпестей!..
Осы кезде Гүлнәр жауырынынан тиген қатты соққыдан мұрттай ұшты.
...Міржақыптың жақын інісі Шайлан Торғайға жүруге қамдануда. Үй сыртында қараң-құраң адамдар көрінеді. Шешесі Ғайнижамалдың қасында тұрған Гүлнәрдің көзі бұлаудай боп ісініп кетіпті.
Шарасызданған Шайлан:
– Несіне жылайсың, балам? Бутыркадан әкеңнің жазған хаты бойынша Алакөзді әкеткелі тұрмын ғой. Әйтпесе, нем бар, килігіп! Маған оңай дейсің бе? Ауыздарыңнан тамақты жырғандай болдым-ау! – деп күйінді.
– «Соймаңдар, елге апарсын! Қызылордада көзқұртына айналады. Аш-жалаңаш кезде ұрлыққа ілініп кетер». – Міне, әкеңнің аманаты осы. Сарыуайымға салынбайық, қызым! – деп шешесі де басу айтып жатыр.
– Алакөз кетсе, мен де кетем! – Гүлнәр долданып, бөлмені кезіп кетті. – Бермеймін, Шайлан ата! Қызбел ауылындағы аштықта сойып жейсіңдер! – Аттың басын аймалап, бақырып жылады.– Кетпеші, Алакөз! Кетпеші! Зорлап әкетсе, Қызылордаға қайта қашып келші, Алакөзім!
– Уақыт тар. Жол ұзақ. Маған сеніңдер. Міржақыптың аманатын өле-өлгенімше орындаймын! Сатпаймын, сойдырмаймын! Тұқымын жаям, өсірем! – деп Шайлан атты жүгендеді. Алакөз тыпырши осқырынып, шұрқырай кісінеді. Гүлнәр есі ауғандай шыңғырып Алакөздің тұмсығын сүйгілеп, жалына жармасты.
...Аядай бөлме іші алакөлеңке. Ахмет Байтұрсынов, тағы басқа алаш арыстары жиналған. Бәрінің қабақтары қатулы. Тұнжыраңқы. М.Дулатовтың отбасы мүшелері жылап-сықтап, күңіреніске түскен.
Ахмет көзілдірігін бір алып, бір шешіп, егіле үн қатты:
– Бекем бол, Гая! (Ғайнижамалды осылай атайды). Міржақыпты енді қайтара алмаймыз. Артының қайырын берсін! Сосновецте жер жастанды. «Жаза гөр топырақты елден, Алла!», деп тілеуші еді өзі! Бір Алла біледі, арғысын! Гүлнәр қызым! Сен де мықты бол! Енді әке аманатын арқалайтын өзің боласың! Ұқтың ба?
Гүлнәр солқылын басып:
– Ұқтым, жан Ата! Мәскеуден Әлихан Бөкейханов атам да дәл осындай сөзбен көңіл айтып, қаралы жеделхат жолдапты. Орынборда екеуіңіздің тізелеріңізге алма-кезек отырып, әңгімелеріңізді таласып тыңдайтын едім ғой, жан Ата! Сосын естігендерімнің бәрін әкеме қайталап айтудан жалықпайтын едім ғой...– деді де атасының мойнынан қапсыра құшақтады.
– Гүлнәр қызым! Естігеніңнің бәрін кейін халқыңа кітап арқылы жеткізетін күн де туады... Соған дайын бол! Елдік ой ойлайтын адамға қайғы жуымайды. Көтеріңдер еңселеріңді, айналайындар! Алланың ісін кімнен жасырасың? Өз кіндігімнен ұрпақсыз болсам да, күллі қазағымды ұрпағым деп есептеймін!.. – деп кеңкілдеп, басылған Ахмет ойлы жанарын терезеден сыртқа қадады. Ту-ту алысты аймалағандай болды.
– Үшемнің сыңарындай едіңіздер-ау! – деп Ғайнижамал көзінің жасын сүртті. – Міржақыпсыз сіздер қалай жүресіздер?! Әлихан аға үшеуіңізді айтамын. Қалай елестетем?! Сосновецте бір ай болғанымда әуелі халқын, сосын сіздерді аузынан тастамайтын. Сіздің «Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін!» – деген сөзіңізді жиі қайталап, жарқын болашақ туатынын, ел егемендік алатынын болжамдағанда, көзінен тас қайрақтың ұшқыны шашырайтын.
– Қазағымның жаппай оянғанын көре алмай кетті-ау, Жақаңым! Әлиханның өзі «сол қанатым!» деуші еді Міржақыпты! – деп Ахмет мұңайған үнін әлдене өршілдікке жанығандай, сәтте қаһарланып шыға келді.
...Орталық партия комитеті. Бірінші хатшының қабылдау бөлмесі. Мирзоянның шақыртуымен Гүлнәр Дулатова келіп отыр. Кезегі енді-енді жетіп қалды.
– Гүлнәр Міржақыпқызы, Левон Исаевичке кіріңіз. Сөмкеңізді осында қалдырыңыз!– деді хатшы қыз.
– Сөмкемде әке-шешемнің суреттері бар еді. Үлкен кісіге көрсетуге әкеліп едім...
– Тастаңыз! Құр қол кіріңіз! Тез! Ырғалып-жырғалатын жер емес!
Мирзоян лып етіп тұрып, сәл адымдады да Гүлнәрға қолын ұсынып, орындықты меңзеді. Жүзі қуақы. Көзінен көлгірсу аңғарылады.
– Гүлнәр Міржақыпқызы! Сіздің маған тіреп жазған хатыңызбен мұқият таныстым. Зор мақсат! Әрине, білімсіз ештеңе өнбейді. Талабыңызға тәнтімін. Қандай оқуға түскіңіз келеді?– деді айбынды кісі елпілдеп.
– Өте дұрыс! Бірақ онда бәсеке жоғары. Қазақ қызының жолы жіңішке деген тағы бар ғой, – деді ол жүзіне мысқыл жүгіріп. – Орыс халқы және «менмен», тәкәппар келеді. Шын айтам! Түсіп алып, оқи алмай жүрсең... Көмектесерміз-ау! Бірақ...
Гүлнәр өршіл үнмен басшының көзіне тіке қарап сөйледі:
– Левон Исаевич! Түссем болды. Одан әрі қам жемеңіз! Жолдама құжатымдағы «халық жауының» қызы» – деп мөрленген таңбаны жойып берсеңіз. Өзім де... Дайындығым күшті!
Мирзоян таңданып, жымия қалды:
– Халық жауы! Қандай қатыгез атау! Түсінбеймін мүлде! Дулатов қазақ еліне пайда әкелуден басқа нені аңсапты?! Өзге сасық пиғылдылар санатына күштеп енгізіп жіберген ғой! Әйтпесе! «Оян, қазақ!»-тан – не мін, саяси қателік табуға болады? Айтшы, Гүлнәр қызым?!
– Левон Исаевич! Сіз неткен мейірімді жансыз! Әкемдей көріп кеттім ғой! «Оян, қазақ!»-ты қазақша оқып көрсеңіз ғой, әттең! – деп Гүлнәрдің көзі жайнап кетті.
Мирзоян түлкібұлаңдана, қазақша кекештеніп:
– О-о! О-ки-д-и-и-мм!– Сұқ саусағын шошайтты. – Оқуға түсесің! Жолың ашық болады! Қазақ қыздары керемет қой! – Арсыздықпен сұғына қадалды да, телефон нөмірін терді. – Сәтбаевты қосыңыз!.. Сіздің Томск университетімен байланысыңыз жақсы ғой! Дулатов, ие Дулатов, Дутов деп ойлап қалма, соның қызы отыр менде. Оқуға түсір, Томскіге! Барыңды сал! Сенің миыңда көп нәрсе бар ғой!.. – Көлгірси күліп алып. – Қазақ үшін аянбайтын қасиетіңнен айналдым сол!..
Мирзоян Гүлнәр шығысымен орнынан шоқ басқандай ыршып тұрды. Ішкі желімен хабарласып, әлдекімге дөң-айбат шеге бастады:
– Жексұрын Дулатовтың қосымша ісіне қызы Гүлнәр Міржақыпқызының кейінгі құжат-деректерін толықтырып тігіп қойыңдар! Індетіп жинап, пысықтаңдар! Мәскеуге жіберіліп тұратын «қара тізімді» тез әкел маған!
Іле серейген біреу жетіп келді. Мирзоян оның ұсынған қағазын қолы қалтырай ұстап, көзіне тақады. Басы қалтылдап, үңіле түседі. Үстелді қақырата қойып қалып, жаналғыштай шабынды:
– Неге жоқ олар? Неге қоспағансыңдар?! Дулатовтың айнымас серігі, заңгер Сейдәзім Қадырбаевты айтам! Лениннің еңбектерін қазақшалап, орысқа жағынып жүрген нағыз сұмпайы сол! Білімі ұшан-теңіз. Көзін құрту керек! Сосын Дулатовтың туған ағасы Асқар Дулатовты қосыңдар дегенім қайда? Сволочи! Меңіреулер! Өз армяным деп жүрсем сені. Маған жаның ашығаны осы ма? Құртам! Сволоч! Маған мынаны айт! «Қара тізім» жоспарын асыра орындадық білем! Мәскеуге енді қосымша тізім ұсынуымыз керек! Мүмкіндігіміз бар ма?.. Жауыздың әлгі қызын назарыңа мықтап ұста!..
Бұл кезде сыртқа шыға бере сөмкесін асығыс ақтарған Гүлнәрдің қолына еш сурет ілікпеген еді... Осындай бастапқы, жымысқы қулықпен қуырылған құрытқыш құқай дымын білдірместен өрши түсіп, кейін студент қыздың «Дулатова» деген тегін қанша қыспақтаса да өзгертпегені үшін университеттен қуыларын, қатыгез бейнетке малынған дәл қазіргі аңқау Гүлнәр қайдан сезсін...
...Арада елу сегіз жыл өткен. Бидайық ауылы. Міржақып Дулатовтың Карелиядан әкелінген мүрдесі қойылған мазар. Құран бағышталды. Ас беріліп, соңы күрес, ат бәйгесіне ұласты.
– Жүз қаралы ат кетіпті-ау! Ішінде ала байтал да бар дейді.
– Иә, баяғы Алакөзімнің тұқымы екен! Жарықтық! – деп Гүлнәр апа күнқағарынан асыра алысқа көз тікті.
– Әне, дәл сол! Аудан бәйгесін бермейтін ала байтал. Енді бүкіл республика аламанына салыпты. Асығыстық емес пе?– деді бір жанкүйер жанашыр үнмен.
Осы сәтте дауыстар жамырай шықты:
– Құйын тұрды! Құйын! Әне, ала байтал бірін, екіншісін, үшіншісін басты! Алдағының құйысқанын... ілді! Мойыны озды! Толық тұрқымен шықты!.. Не шабыс бұл?! Ненің құдіреті, Құдайым-ау! Ненің екпіні?! Ненің сұрапыл дауылы?
Гүлнәр көз жасына ерік беріп, еңкілдеп жылап жіберді:
– Ала байталым, армансызбын! Алакөзімнің тұяғы! Әкемнің көзіндей боп, аламанда бас бәйгемен намысын жыртты ғой!
Шабандоз баланың маңдайынан елжіреп сүйді... Не құдіретті сезім дерсіз, сол сәтте бүкіл денесін тер жуған ала байтал тұмсығымен Гүнәр апаның ақ қалпағын жеңіл ысырып, жиырылған ернін кейуананың бетіне мейірлене тигізді... Гүнәр апа жалынан сипап, тер жуған көз жасы ма екен, жануардың мол суланған жанарын алақанымен аялады... Арқырап қоя берді. Баяғы әкесі ұсталардағы Алакөздің қайғылы даусындай емес, қуанышпен күмбірлеген өзгеше қоңыраулы үн еді... Гүлнәр апаның буын-буыны босап, қолтығынан демегендердің көмегімен ілби жүріп келе жатып, тәтті тілек байламын жасады: «Әкемнің кешегі сөзі – «Оян, қазақ!» болса, енді оянған халқыма айтар бүгінгі менің сөзім – «Ойлан, қазақ! Ойлан, ойлан, қазағым! Кешегі ата-бабаларымыздың, Алаш арыстарының ар-намысынан жаралған киелі Тәуелсіздік туын жығып алмайық!».
Қайсар ӘЛІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Президент сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты