Бұл туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің төрағасы Ерлан Сыдықов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде "Жоғары білім беру сапасын арттыру" тақырыбында өткен баспасөз-брифингінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Кадрларды даярлау сапасын жұмыс беруші негізгі тұтынушы ретінде айқындауға тиіс, егер ол қанағаттандырылмаса, онда бұл ЖОО-ны лицензия берген (БҒМ) тарап неғұрлым мұқият тексеріп, содан кейін ғана барып лицензияларды қайтарып алуға негіз болады", - деді спикер.
Ерлан Сыдықовтың айтуынша, ЖОО қызметінің сапасын бағалаудың тағы бір құралы институционалдық аккредиттеу болып табылады.
"Егер ЖОО аккредиттелген болса, ал БҒМ тарапынан жоспарлы немесе жоспардан тыс тексеру барысында елеулі кемшіліктер табылса, онда агенттікті аккредиттеу органдарының Ұлттық тізілімінен шығару туралы мәселе заңды түрде қойылуы тиіс. Әйтпесе, егер ол объективті баға бермесе, бұл процедура неге қажет?", - деді ЕҰУ ректоры.
Сондай-ақ спикер жоғары оқу орындарын оңтайландыру бәсекелестікті арттыратынына тоқталды.
"Жоғары оқу орындарының санын қысқарту талапкерлер мен ПОҚ арасында бәсекелестіктің артуына, одан әрі білім беру сапасының және жалпы бәсекеге қабілеттіліктің артуына алып келеді. Ал дипломдарды "басып шығару", ел Президенті атап өткендей, жоғары білімнің девальвациясына әкелуі мүмкін", - деді Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің төрағасы.