• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
14 Сәуір, 2010

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА ӨМІРГЕ ЖОЛДАМА АЛДЫ

566 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы болып өтті. Онда еліміздің 2010-2014 жылдардағы үде­мелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдар­ламасын жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспары талқыланып, бекітілді. Үкімет мүшелерін мемлекеттік бағдараламаны іс жүзіне асыру жөніндегі шаралар жоспарымен Индустрия және жаңа техно­ло­гия­лар вице-министрі Альберт Рау таныстырды. Оның айтуын­ша, ша­ралар жоспарының жоба­сы барлық мемлекеттік органдар мен ведом­стволардың, облыс әкім­діктерінің “Самұрық-Қа­зы­на” ҰӘҚ, “Қаз­агро” ұлттық хол­дингі­нің бірлескен жұмыс­та­ры­ның нәтижесінде дай­ын­далған. Бұл ретте кешенді жос­парларды жүзеге асыру жөніндегі халық­ара­лық тәжірибелер жан-жақты ес­керілген. Баяндамашының ай­туын­ша, әрбір жеке жоспарды іс жүзіне асыру үшін тек қана бір мемлекеттік орган немесе ве­домство жауап береді. “Индустрияландыру карта­сы­на” кіретін жобалардың тізімі то­лық анықталған. Сөйтіп еліміз бойынша “Индустрияландыру кар­тасына” жалпы құны 6,8 трил­лион теңгені құрайтын 101 жоба енгізілген. Бұл жобаларды іс жүзіне асыру бары­сында еліміз бойынша 130 мың уақытша жұ­мыс орны ашылады. Ал белгі­лен­ген жобалар толық пай­да­ла­нуға берілгеннен кейін 90 мың­ннан астам адам тұрақты жұмыс орны­мен қамтылмақ. Альберт Рау ерек­ше атап көрсеткендей, бұл жо­балар өндіріс салалары бойын­ша нақтыланған және оң бағаға ие болған. Сондай-ақ, бұл жоспар Республикалық үйлестіру кеңе­сін­де және Қазақстан экономи­ка­сын әртараптандыру жөніндегі мем­лекет­тік комиссияда талқы­ла­нып, жан-жақты қолдауға ие болған. Сол сияқты ел Үкіметі қосым­ша білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту бағдарла­ма­ларын белгілеуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Ми­нистр Кәрім Мәсімов мәлім­деді. “Қазіргі таңда Экономи­ка­лық саясат жөніндегі кеңесте тағы үш бағдарлама белсенді түр­де талқы­ла­ну­да. Таяу уақытта  бұл бағ­дарла­ма­лар қоғамдық ұйым­дардың наза­ры­на ұсыныл­мақ”, деді Үкімет бас­шысы. Пре­мьер-Министр бұл үш бағдар­ла­ма­ның 2030 жылға дейінгі Қа­зақ­станның стратегиялық даму бағдар­ла­масына және үдемелі ин­дус­трия­лық-инновациялық даму жос­парына сәйкес нақты әрі тиімді болуы қажет екендігін ерекше атап көрсетті. Тілдерді дамыту бағдарламасы туралы айтқанда, Кәрім Мәсімов бұл бағдарлама бойынша биылғы жылы не істелуі керек, келесі жылы қандай шаралар жүзеге асы­рылуға тиіс және 10 жылдан кейін не істелуі керек деген мә­селелер нақты көрініс табуы қа­жет екендігін ескерте келіп, 10 жылдан кейін еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілде сөйлеуі қажет, бұл – біздің мақсатымыз, деді. Сонымен бірге, Үкімет оты­ры­сында “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы да талқылан­ды. Бұл бағдарламаны іс жүзіне асыру мәселелері туралы Эконо­ми­калық даму және сауда ми­нис­трі Жанар Айтжанова баяндама жасады. Баян­дамашының айтуы бойынша, “Биз­нестің жол кар­тасы-2020” 2010-2014 жылдардағы индустриялық-ин­новациялық да­мудың мемле­кет­тік бағдарлама­сын жүзеге асырудың негізгі те­тік­терінің бірі болып та­бы­лады. Жол картасын іс жүзіне асыру мақсатында 2010 жылы рес­пуб­­ли­ка­лық бюджетте 30 миллиард тең­ге қарастырылған. Бұл бағдарла­ма мынандай үш бағыттан тұрады:  бірінші, жаңа бизнес бастама­лар­ды қолдау, екінші, кәсіпкерлік саланы сауықтыру, үшінші, экспортқа бейімделген өндіріске жан-жақты қолдау көрсету. Бірінші бағытты іс жүзіне асыру мақсатында кәсіпкерлер алған несиелер бойынша пайыз­дық став­калар субсидияланады, ішінара не­сие­лерге кепілдік бе­рі­леді, сонымен бірге бизнесті жүр­гізу үшін сер­вис­тік қолдау көр­се­тіліп, өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымдар дамытылады. 2011 жылдан бастап әлеуметтік жұмыс орындары ұйым­дастыры­лып, кадрлар даярлау мәселесі қол­ға алынады. Осы бағыт бой­ын­ша несилерді субсидиялау жаңа несиелер бойынша да, сол сияқты жаңа инвестициялық жо­баларды жүзеге асыру үшін алын­ған не­сиелер бойынша да бері­ле­тін болады. Банктер берілетін несие­лердің пайыздық ставкасын 12 пайыздан асырмауға тиіс. Оның 7 пайызын бағдарламаға қа­тысушы кәсіпкерлер төлейтін болса, 5 пайызын мемлекет өтейтін болады. Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев Астана қаласында салы­нып жатқан Халықаралық жаңа уни­верситетте білім алатын жас­тарға қосымша 500 грант бөлу тура­лы шешім қабылдаған бола­тын. Осы­ған байланысты Үкімет оты­ры­сында Кәрім Мәсімов Қар­жы, Бі­лім және ғылым министр­ліктеріне бұл қаржымен дер ке­зін­де қамта­ма­сыз ету мәселесін тап­сырды. Со­ны­мен бірге Үкімет басшысы үстіміз­дегі жылдың 1 қыр­күйегіне дейін Астана қала­сы­ның әкімдігіне, Құ­ры­лыс және тұрғын үй-коммунал­дық шаруа­шы­лық істері жөніндегі агенттікке және ТКШ-ларға, сту­денттер үшін 500 орындық жатақ­ха­наны пайдалануға беру және оқы­ту­шы­ларды тұрғын үймен қам­та­масыз ету мәселесін шешуді тапсырды. Қазіргі кезде кәсіпкерлердің көпшілігі Кеден одағы жөніндегі бірқатар келелі сұрақтарға жауап іздеуде. Осыған байланысты кә­сіп­керлерге Кеден одағына қатыс­ты туындаған барлық сұрақтарға түсінік беретін жұмыс тобы құ­рыл­ған. Үкімет отырысында Пре­мьер-Министр Кәрім Мәсімов еліміздің барлық кәсіпкерлерін өздерін толғандырып отырған мәселелер бойынша осы жұмыс тобымен хабарласуға шақырды. “Біздің міндетіміз Кедендік одақ аясында еліміздің барлық кәсіп­кер­леріне тиімді де қолайлы жағ­дай туғызу”, деді Үкімет басшысы. Үкімет отырысында қаралған мәселелер бойынша Премьер-Ми­нистр тиісті органдарға, әкімдіктерге нақты тапсырмалар беріп, оның дер кезінде және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.