Қызылжар өңірінде елге танымал екі Сәду болған. Біріншісін, құлағы ауыр еститіндіктен, «саңырау Сәду» деп атап кеткен. Қу жауырынға қарап ауа райын болжайтын сәуегейлігі айна-қатесіз келетінін үлкендер жыр қылып айтып отыратын. Екіншісінің лақап аты – «шұбар Сәду». Сірә, бетіндегі шешектен қалған қорасан дағына байланысты қойылса керек. Ол еті тірлігінің, пысықтығының арқасында саудагерлікпен, қазіргі тілмен айтқанда, бизнеспен айналысып, жілік майын шағып ішкен.
Оның бір қауым елді аштықтан қалай құтқарып қалғаны жайлы талай адамдардан естігеніміз бар. Үркіншілік жылдары қудалауға ұшыраған жиырмаға жуық отбасы Ресей жаққа еріксіз көшіп, Түмен маңына жүдеп-жадап жеткен. Елден алып шыққан азық-түлік таусылып, нәр татпаған балалардың қарындары ашып, жылай бастаған. Содан жолбастаушы Сәду бір әжетке жарап қалар-ау деген оймен тірнектеп жинаған мол қазынасын, алтын-күміс, бағалы заттарын нан мен картопқа айырбастап, қашан орнығып кеткенше ешнәрседен тарықтырмаған.
Айта берсе, ақсақалдың танымайтын жандарға да жасаған жақсылығы, қайырымдылық шарапаты аз емес. Ал әкеден жастайынан айрылып, сыртта тентіреп жүрген шиеттей жиендеріне деген нағашылық қамқорлығы – өз алдына бір әңгіме. Біз әулет арасында ақылы мен көркіне сай «үш тоты» атанған апалы-сіңлілілер туралы әңгімелемекпіз. Олар – Сәду ақсақалдың туған қарындасы Ақкүмістің қыздары.
Сара
Былтыр 82 жасында дүниеден өткен Сара апайдың ақ қағаздай әдемі жүзін әжім торлады демесең «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейдінің» тура өзі еді. Сөзі нық, қимылы ширақ. Тілінің майын тамызып, небір құпия қалтарыстарға толы әңгімені термелей жөнелгенде терең тарихтың кемел қойнауына кіргендей тыңдай бергің келеді. «Қайдағы-жайдағыны» түп тамырымен қопарып, кескен теректей сұлатып салатын жадының мықтылығы таңғалдыратын. Әкесі Кәкім сөз байласқан анасын алып қашып, сонау Алтай өлкесіне бір-ақ табан тіреген. Оның сыры мынада. Абырой-беделі зор, ауыл-аймаққа ықпалды нағашысы бетінен қақпай, еркелетіп өсірген қарындасын әйелі өлген, екі баласы бар «жалаңаяққа» ұзатуға намыстанып, рұқсатын бермей қойған. Содан екеуі қол ұстасып, көз көрмес алысқа кете барған. Аяқ-қолы балғадай Кәкім кенеттен қайтыс болып, асқар тау панасынан, сүйенішінен айрылған отбасы барар жері, басар тауы жоқ болжаусыз күй кешкен. Жат жерде аңырап қалған жесір келіншектің жатса да, тұрса да есіл-дерті – 7 баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіру, туған жерге жету. Кәкімнің алғашқы әйелі Сәруәрдан қалған екі баланы өз кіндігінен өрбіген 5 ұл-қыздан кем көрмеген. Бір-бірінен бөлектемеген. Жылы-жұмсағын алдымен солардың аузына тосқан. Үйдің ең үлкені Сара бар-болғаны 11-де ғана. Ақкүміс айы-күні жетіп отырғанына қарамастан таң атқаннан ымырт үйірілгенге дейін «Зингер» тігін машинасымен іс тігуден шаршамайтын. Оның шебер қолынан шыққан киім-кешектер пен қолөнер бұйымдарын Сара мен әлі бұғанасы қата қоймаған Күлзипа екеуі базарға апарып, сататын, азық-түлікке айырбастайтын. Сосын пойызбен Барнаулға барып, кездеме материалдар алып келетін. Кешкі тамақтан кейін бәрі жабылып шәлі, шұлық, шілтер тоқуға отыратын. 1950 жылы Сәду арнайы іздеп келмегенде шықпа жаным шықпамен отырған күрмеуі қиын күйкі тірліктің ақыры қандай соқтықпалы, соқпалы сүрлеуге апарып соқтырары белгісіз еді. Анасы ағасын құшақтап, ағыл-тегіл жылаған. Көпке дейін солығын, мауқын баса алмаған. Діні қаттылау нағашысы да «қателік менен, кешіріңдер» деп кемсеңдей берген. Содан біржола Петропавлға көшіріп алған. Баспана әперіп, алдарына мал салып берген.
Сара тәтенің жолдасы Аманжол да жетімдіктің зарын көп тартқан. Оның анасы сұлу, тәкаппар, өткір болған. Мені кім қуып жетсе, соған тиемін деген ғой бір жиында дүйім жұрттың көзінше. Аманжол 1,5 жасқа келгенде анасы көз жұмған. 6-ға толғанда әкесі Әбікей «халық жауы» ретінде тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Жарықтықтың «жалғыз құлынымды балалар үйіне бере көрмеңдер!» деген зарлы үні алты қырдың астына дейін естіліп тұрған деседі. Қу жетімек әркімнің босағасында телміріп, жастайынан еңбекке жегілген. Бар тауысқаны шопырлық курс қана. Ғұмыр бойы жүргізушілік қызмет атқарса да, шалбарының қыры сынбаған, ақ көйлегінің жағасы кірлемеген. Қызылжарда ең алғаш «Зенит» фотоаппаратын сатып алған да осы кісі. Бертінге дейін сурет түсіруден қол үзбеген.
1958 жылы немере апам, кейін Социалистік Еңбек Ері атанған Байсарина Сәруар тұрмысқа шығу тойына шақырып, барсам, әскери формада киінген ағаң сымша тартылып, сыптай болып жүр екен. Қашан той біткенше маған сүзіле қарап, көзін алмады. Әбден зығырданым қайнады. Үзіліс кезінде жанына жетіп бардым да, мені аласың ба, қазір-ақ тиемін деп, бетіне бажырая қарап едім, бірден келісе кеткені. Қапелімде тосылып қалсам да, Алла тағала аузыма салған шығар деп, етегінен ұстадым. «Шәй» дескен жоқпыз. Тек орны ойсырап тұрғаны болмаса, – деген еді апай соңғы сұхбатының бірінде жанарына мұң ұялап.
Мара
Әпкесі мен сіңлісіне қарағанда Мара бірбеткей, өжет. Бет-жүзге қарамай айтып салатын тік мінезін ол кездері қазақтың қыз-келіншектері бара бермейтін әскери мамандық қалыптастырған тәрізді. Оның бұл салаға келуі кездейсоқ. 1961 жылы Петропавл педагогика училищесін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітірген оған жолдаманы облыстық қазақ мектеп-интернатына береді. Ана тіліне мүлдем шорқақ қаланың қызы қандай ортаға түскенін білген соң көз жасын көлдетіп, мектеп-интернаттың директоры Жасұлан Нұрпейісовке келеді. «Мені кері қайтарыңыз» деп жылап отырып алады. Ақылды басшы «әке-көкелеп», алдап-сулап, пионер вожатыйы болуға көндіреді. Содан жеті жылдай еңбек етіп, ана тілін жетік меңгеріп алады. Тапсырылған іске тиянақтылығын, алға қойған мақсаткерлігін байқаған балалар колониясы мекемесінің басшылығы оған әскери қызмет саласына ауысуды ұсынып, келіседі. Жоғары оқу орнын сырттай тәмамдап, білімін толықтырады. Лейтенант шені беріліп, қызметі жоғарылайды. Көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, өзі де белді мүшесі болады. Әуелете ән шырқап, өнерпаздық қырымен танылады. Зейнетке майор шенімен шыққанша әскери өмірдің тәртібіне көндігіп, қыр-сырына әбден төселеді.
– Жоқтық қой, мектепке бір аяқ киімді кезектесіп киетінбіз. Ойын баласы емеспіз пе, кейде үйге кеш оралып, сілеміз қатып келетін. Анамыз сабырлы, шыдамды еді. Келешектерің алда, заман әлі-ақ түзеледі деп қайрап отыратын. Еңселері түспесін дей ме екен? Күйректікке салынып, налығанын көрген жоқпын, – деген Мара апай тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ширек ғасырға жуық сауда-саттыққа қалай араласқанын да айтып өтті. Нағашы жұрттан жұққан қасиеті болар, Қытай, Түркия, Ресей елдерін армансыз шарлапты. Алғашқы сапарын Читада бастап, екінші рет жолы түскенде жамбасын сындырып алып, үш ай төсекке таңылуына тура келіпті. Сонда да үйреніп қалған кәсібін жалғастырып, нәсібін де, пайдасын да көрген. Коммуналдық базардан сауда нүктесін ашқан. Інісі Әлтай, ұлы Құрмет тон, ішік тігудің хас шеберлері. Тәтейдің бір ермегі – кітап жинау.Үйдің тұтас қабырғаларында орналасқан сөрелерде әлемдік, отандық классик ақын-жазушылардың шығармалары толып тұр. Олардың арасынан Т.Драйзердің, О.Бальзактың, Н. Куприннің, Л.Толстойдың М.Шолоховтың, тағы басқа сөз зергерлерінің еңбектерін кездестіруге болады. А.Дюманың 14 томдығын Ленинск ауылында әр жерде шашылып жатқан жерінен жинастырып алыпты. Г.Серебрякованың шығармаларын майшаммен іздегендей әзер тауыпты. В.Лениннің 35 томдығы, Қазақ кеңес энциклопедиясының 12 томдығы мұрты бұзылмаған күйі тұр. Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сын біреуге атан өгіздің құнын беріп, аттай қалап алыпты. «Үлкен кеңес энциклопедиясы» жинақтарын «Знание» дүкеніне өткізіп жібергеніне әлі күнге дейін іші удай ашиды. Несиесін өтеу үшін тапсыруға мәжбүр болыпты.
16 құрсақ көтерген нағашы әжесі Жәмиланың бір әңгімесі оның есінде қалыпты. Нағашы атасы Усовский селолық советінде ауылнайдың хатшысы болып жүргенде ебін тауып, ауылдастарын ұжымшарға кіргізген, жұмысқа орналастырып, еңбеккүн алуға жәрдемдескен. «Труд» ұжымшарының басқарма мүшесі ретінде де көп қарайласқан. Елге келгенде қызғаныштың қызыл иті ішін тырнаған бәзбіреулер соңына шам алып түсіп, еңбек армиясына жіберткізген. Біраз жыл ауылшаруашылық жабдықтау саласында қызмет еткен. Қайда жүрсе де, абыройға бөленген. Разъезде тұрып, төрт түлік мал өсіріп, бие байлап, қымыз ашыту ісімен айналысқан. 1960 жылы облыс орталығынан бір татар көпесінің атшаптырым ауласы бар зәулім үйін сатып алып, асхана, қонақ бөлмелері, монша, атқорасы бар керуен сарайға айналдырған.
– Әскери қызметте жүргенде жергілікті ұлт кадрларына деген астамшылық көзқарас ашық айтылмаса да, қас-қабақтан байқалып қалатын. Сондай алалаушылықты сезінгенде қаным қайнап, басыма шабатын. Бастапқыда іштен тынып жүрдім. Сосын ондай әрекеттерге тойтарыс берудің бірден-бір амалы сөз таластыру, салғыласу емес, білім, сабырлылық деп түсініп, қай жағынан болсын өзімді олардан биік тұруға ұмтылдым. Арың таза, жаның қылаудай кіршіксіз болса,ешкімнен тайсалмайсың, тік қарайсың. Менен кейін қызметке алынғандар зейнетке подполковник, полковник шенінде шығып жатқанда әділетсіздікке қарадай күйіп кететінмін. Тау қопарғандай, алмас қылыштай жарқылдаған жастықтың асау аттай жалына қол апартпайтын кезеңінде шындық үшін шырылдап, талайларға араша түсіп, осы қылығыммен жақпағаным рас. Құрбыларым бастықтарға иілмейсің, адамның көңіліне қарамайсың деп сөгетін. Бұл – қайта жуасыған түрім ғой. Шүкіршілік, ең бастысы, заманымыз түзу,еліміз аман,–деді қоштасар сәтте 79-дың төріне көтерілген кейуана. Күлген кезде әдемі жүзі тіпті нұрланып кетеді.
Мәриям
75-ке аяқ басқан Мәриям апайдың бір арманы – сүйегі жат жерде қалған әкесінің бейітінің басына туған жерден бір уыс топырақ апарып, басына белгі қою. Ана бір жылдары әулетімен жиналып, бармаққа ниеттенген, аяқасты ауырып қалғандықтан, жолы түспепті. Мұсылмандар қорымының қай маңайда екенін осы кісі ғана жақсы біледі.
Бұл әулет те шетінен өнерлі. Апайдың қыздары Сәпия, Әлия, немересі Сабина әнші. АҚШ-та оқып келген немересі Әдемі домбыраның құлағында ойнайды. Ал Қайрош отағасы кезінде көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі ретінде домбыраға қосылып, қоңыр даусымен әндеткенде тыңдаушыларын сүттей ұйытып тастайтын. Кей-кей кезде, оның өзінде жиын-тойларда көпшілік қолқалап болмағанда «әу» деп қоятыны бар еді, намазға жығылғалы сирексітті. Оның үстіне жасы да келіп, ыңғайсыз сезінеді. Ыңқыл-сыңқылы да көбейіп барады. Жастар шариғат ілімдерін көбірек білсе, ислам дініне бой ұрса деген игі тілекшілердің бірі.
Қайрекеңнің үйленіп, үй болғаны – өз алдына бір тарих, шытырман оқиғаға толы дерсің. Шаңырақтың үлкені болғандықтан, еркіндеу өсті. Әкесі Мұхтар –үлкен қызметкер, ұжымшардың төрағасы. Сәдудің сауда-саттығы алшысынан түскен кезі. Көршілес ауылдарда тұрғандықтан, аралас-құраластары жақсы. Туыстардай жарасып кеткен. Шіркін, мың жылдық құда болсақ деген ішкі армандарын да жасырмайтын. Тағдырдың мына жазуын қарашы, төрағаның көзі жидек теруге бара жатқан бір топ қыздың ішінен ең әдемі бойжеткенді шалып қалып, ананы байқасаңшы дегендей жанындағы ұлына қарайды. Сол-ақ екен, Қайрош үш аяқты мотокцикліне от алдырып, орманға қарай зулай жөнеледі.
Апайдың айтқанынан: Жасым 15-те, ұмытпасам 9-сыныпқа көшкен кезім. Жидек теруге кіріскенім сол еді, бір гүріл естілді. Қарасам, мотоцикл тура маған қарай құйғытып келеді. Шелекті тастай қашып, бір бұтаның түбін қалқаладым. Сөйтсем, көшеден өтіп бара жатқанда әкесімен тұрған бозбала екен. Сырттай білетініміз болмаса сөйлесіп көрген емеспіз. Аузы-аузына жұқпай бастырмалатып барады. Не істерімді білмей нарттай қызарып мен тұрмын. Құрбыларымнан ұялып барамын. Былай қарасам, жаман балаға ұқсамайды. Инабатты, кішіпейіл. Түр-түсі келісті. Шелегімді лезде жидекке толтырып берді. Соған қарағанда, шаруақор сияқты. 10-сыныпты бітіріп, есепшілік жұмыс атқарып жүр екен. Әке-шешесінің немере сүйгісі келетінін сыпайылап жеткізіп, бұрыннан білетін жанша мақтауымды әбден келістірді. Кейін білгенімдей бұрыннан ұнатып жүреді екен.
Содан басымның қалай айналып қалғанын білмеймін, сол күні үшаяқты көлігімен алып қашты.
Ертеңіне қыз жағы кәмелетке толмаған мектеп оқушысын алып қашты деген айғай көтеріп, істің аяғы насырға шабады. Әсіресе Мәриямның жездесі Аманжолдың екпіні тау құлатқандай, «ол пәлені соттатпай тынбаймын, түбіне жетемін» деген сөзінен жұртшылық шошынып қалған. Оған басқа жоқтаушылар қосылып, қос ауыл жауығып шыға келген. Облыс орталығына жолаушылап кеткен Сәду ақсақал да жағдайдан құлақтанып, үлкен ұлы Сапан арқылы жиен немеремнің бағын байламаңдар, ақ батамды бердім деген үшбу сәлемінен кейін у-шу пышақ кескендей тыйылған.
– Нағашымыз бес уақыт намазын қаза қылмаған тақуа болды. Қазақтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын қатаң ұстады. Жібек деген келінінің кішіпейлдігін, күміс көмей әншілігін өзгелерге үлгі етіп отыратын. Көңілі жақын Базарбек деген замандасымен құдаласып, Ғалия деген қызын ұлы Сансызбайға атастырған. Қызы Қанипаны да осындай кәделі жолмен ұзатқан. Оның болашақ күйеуі Зүбәйірді жетімсің деп өзекке теппеген. 1974 жылы керуендер сарайы сүріліп, балалары мен жиендері 7 үй болып, енші алып шықты. Мұның бәрін нағашымыз күнілгері ойластырып, заңдастырып қойған. Үйіміз «Колхоз базарына жақын орналасқандықтан, ауыл адамдары арылмайтын. Мал, қымыз саудасы үзілмейтін. Петропавл ауыр машина зауыты аумағында мұсылмандар зираты болған. Нағашы ата-әжеміздің зираты сонда. Жас келген сайын ол жаққа да жол түсе бермейді,– дейді Мәриям апай әлдебір өкінішті үнмен.
Өмір ЕСҚАЛИ,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы