Ел ішінде жаман індеттің аты қайта атала бастады. Өткен тәулікте Шымкентте вирус жұқтырған 4 адам тіркелді.
Қала көшелері мен тұрғындар жиі шоғырланатын орындардағы бейғамдықты ескерген қала билігі 2020 жылғы 12 қазанда сағат 00.00-ден бастап 2020 жылғы 26 қазанда сағат 00.00-ге дейін карантиндік шектеу шараларын ұзартқан болатын. Шаһардың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Әбдіманап Төлебаевтың қаулысына сәйкес, демалыс және мереке күндері жабық азық-түлік пен азық-түліктік емес базарлардың (қабырғалары, терезелері/витраждары бар үй-жайлар, ғимараттар, құрылыстар) қызметі тоқтатылады. Сондай-ақ демалыс және мереке күндері сыйымдылығы 30 пайыздан аспайтын және бір келушіге 4 шаршы метрлік кеңістік тәртібін сақтаумен азық-түлік базарлары мен жәрмеңкелердің, азық-түлік емес базарлардың қызметі сағат 06.00-ден 18.00-ге дейін шектелген. Жәрмеңкелердің жұмысы күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режімді сақтай отырып ұйымдастырылады. Оның ішінде дезинфекциялық өткелдерді және санитайзерлерді орнату міндетті.
«Кинотеатрлардың (ашық алаңда орналасқан кинотеатрларды қоспағанда), цирк, сауда-ойын сауық кешендері мен орталықтардың, сауда үйлерінің ішіндегі балалардың ойын алаңдарының, мұз алаңдарының, батуттар мен фудкорттардың жұмысына тыйым салынсын. Ашық алаңдағы кинотеатрлардың жұмысы бетперде кию режімі, әлеуметтік қашықтық сақталған жағдайда қалыпты режімде рұқсат етілсін», делінген қаулыда.
Осы орайда шымкенттік медицина мамандары тұрғындарды сақтық шараларына салғырт қарамауға шақыруда. Қазіргі таңда қалада тіркелген 4 науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Қосымша айта кетсек, Шымкент қаласы бойынша COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны бүгінде 5 207-ге (+4) жетсе, жазылып шыққандар саны 5 129 адамды құрайды. Ал індеттен қайтыс болғандар саны 71-ге жеткен. Осыған байланысты, медицина мамандары қала тұрғындарына қатерлі індеттің әлі де қауіп төндіріп тұрғанын ескертеді. Сақтық шараларына салғырт қарамай, адамдар көп шоғырланатын орындардан аулақ болуын, қоғамдық көліктерде, дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарында бетперде киіп жүруге шақырады.
Дейтұрғанмен, қалтасын ойлаған саудагерлердің кейбіреулері сауда нысандарында карантин талаптарын сақтамайды. Оған қала аумағында құрылған арнайы мобильдік топтың рейдтік жұмыстарының нәтижесі дәлел. Өткен тәулікте қаланың Әл-Фараби ауданында мобильдік топ карантин талаптарының сақталуы бойынша кезекті рейдтік іс-шаралар өткізген болатын. Құзырлы мекемелерден құрылған мобильді топ кәсіпкерлік нысандарға, қоғамдық көліктерде карантин талаптарының сақталуына мониторинг жүргізді. Іс-шара барысында санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтамаған кәсіпкерлерге әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Жалпы, аудан аумағында бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты атқарылуда. Ал Еңбекші ауданында шілдеден бері 143 сауда нысанына хаттама толтырылған. Шымкент қаласының аудан аумақтарында коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында мониторинг жұмыстары жалғасын табуда. Еңбекші ауданы бойынша мобильдік топ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Жұмысшы топ құрамына аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, ішкі істер органдары және аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері енген. Жұмысшы топ аудан аумағындағы халық көп шоғырланатын орындарда, ірі сауда орындары, базарлар мен қоғамдық көліктерде санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізді. Жалпы аудан аумағында 20 шілдеден бастап карантин режімін бұзған 143 сауда нысанына хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Қаладағы денсаулық сақтау мекемелері де аты жаман індеттің екінші толқынына дайындық жұмыстарын бастап кетті. Ең әуелі салалық министрлік тарапынан шаһардағы денсаулық сақтау мекемелерінің базасы қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толыға түсті. Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасына Денсаулық сақтау министрлігінің ықпалымен өкпе желдету аппараты орнатылды. Жаңа қондырғыны Дүниежүзілік банк өз есебінен гуманитарлық көмек ретінде жеткізіп берген. «HAMILTON-G5» өкпені желдету аппаратын дәрігерлер жансақтау бөліміндегі науқастарды емдеу үшін қолданбақ. Қазіргі талаптарға сай заманауи аппарат ауыр респираторлық ауытқуы бар науқастарды емдеуде таптырмайтын құрал-жабдық болып есептеледі, дейді мамандар.
Айта кетейік, қаладағы медициналық ұйымдарда материалдық-техникалық базаны толық қамтамасыз ету үшін 88 ӨЖЖ аппараты сатып алынады. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан 156 ӨЖЖ аппараты жеткізілді, қазіргі уақытта инсталляция жасалып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
ШЫМКЕНТ