• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 15 Қазан, 2020

Азиядағы ахуал да адамзатты алаңдатады

136 рет
көрсетілді

Коронавирус пандемиясы Азия құрлығына да оңайға соғып жатқан жоқ. Күн сайын шартараптың түкпір-түкпірінде 250 мыңнан астам науқас тіркелсе, со­ның 100 мыңға жуығы сары құрлыққа тиесілі. Әсіресе Үндістандағы жағдай өте қиын. Бүгінге дейін Боливудтың отанында вирус жұқтырғандар саны 7 мил­­­лион­нан асып кетті. 

 

Осылайша Үндістан әлем бойынша коронавирустан ең көп зардап шеккен АҚШ-тағы көрсеткішке жақын қалды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен тәулікте 70 мыңға жуық тұрғын қатерлі дерттің тырнағына ілінген. 110 мыңнан астам адам бұл дүниемен қоштасты. Үндістан вирус жұқтырғандар саны жағынан бірнеше күн бойы алдыңғы қатардан түспей тұр. Яғни елдегі ахуал әлі де күрделі қалпында қалып отыр.

Бұл ретте вирус жұқтырғандар саны­ның өсімі тәулігіне қыркүйектегі 100 мың­нан 70 мың адамға дейін кеміген. Індет­тің сәл де болса бәсеңдегені аңға­рыла­ды. Мәселен, қыркүйектің ортасын­да бір күнде жүз мыңға жуық адам нау­қастанса, қазір бұл көрсеткіш 60-70 мың­ның айналасында. Елдің денсау­лық сақтау министрлігі вирус жұқтыр­ғандар саны азайған жағдайда үндістан­дықтар­дың жаңа жылы – Дивали мерекесін той­лауға мүмкіндік туады деп үміттеніп отыр. Биыл аталған мереке 14 қарашада атап өтілмек.

COVID-19-дың отаны Қытайда қауіп­ті індетпен жаңадан ауырғандар саны бір тәулікте жиырма шақты адамды құрай­ды. Елдің мемлекеттік денсаулық сақтау комитеті таратқан мәліметке сүйенсек, бүгінге дейін науқастардың барлығы вирусты шетелден жұқтырып келген. Алайда күні кеше Циндао қаласында екі айдан кейін алғаш рет вирусты Қытайда жұқтырған адам тіркелді. Осыған байланысты дүйсенбіден бастап жаппай тестілеу жүргізіліп жатыр. Бұл өңірді 9 миллионнан астам тұрғын мекендейді. Аталған науқас коронавируспен ауы­ра­тын­дарды емдейтін аурухананың қыз­меткері көрінеді.

Өткен дүйсенбіде анықталған 13 науқастың жетеуі шетелден жұқтырған, ал алтауы Циндао қаласының тұрғындары екен. Соңғы рет Қытай коронавирустың жергілікті жерде жұғуы туралы мәлімет­ті 15 тамызда хабарлаған еді. Ол кезде анық­талған 4 адам Шынжаң автоно­мия­лық облысында тұратыны белгілі болды. Бүгінге дейін Қытайда науқастар саны 85 мың­нан асып, 4 634 адам қайтыс болды.

Ирандағы жағдай да мәз емес. Бір­неше күннен бері осы елде індет сал­­дарынан бақиға аттанғандар саны рекорд­тық деңгейде тұр. Мәселен, дүй­сенбіде 272 адам бұл дүниемен қоштас­са, 4 206 тұрғынның вирус жұқтырғаны анық­талды. Осылайша Ирандағы індет­тің тырнағына ілінгендер 500 мың адамнан асып кетті. Соның 30 мыңға жуығы бақиға аттанды.

Осы орайда айта кеткен жөн. Иран пандемияның үшінші толқынын бастан өткеріп жатыр. Өйткені алғаш рет нау­рыз­дың аяғы мен сәуірдің басында нау­қастар саны күрт көбейген-ді. Бірақ мамырда жағдай сәл де болса тұрақталып, жаңадан вирус жұқтырғандар саны бәсеңдеді.

Ал мамырдың аяғынан бастап індет қайта өршіді. Жағдай тамыздың соңына дейін тынышталған жоқ. Сөйтіп, Иран екінші толқынды еңсергендей көрінген. Әйтсе де, қыркүйекте ахуал тағы қиын­дай түсті. Қазір науқастар саны күннен күнге көбейіп барады.

Коронавирустың қарқыны Иран экономикасына күйрете соққы берді. Әсіресе ұлттық валютасы риал құлды­рай бастады. Қазір нарықта бір дол­лар 42 136 риалға сатылып жатыр. Бұған де­йін Иранның ақшасы мұншалықты құн­сызданбаған еді. Былтырғы осы кезең­мен салыстырғанда риал 138 пайызға құнын жоғалтқан.

Иордания билігі коронавирустың таралуына жол бермеу үшін демалыс күндері шектеу шараларын күшейтті. Апта аяғында тұрғындардың сыртқа шығуына толық тыйым салынды. Көшеде меди­циналық қызметкерлер мен эпиде­ми­ялық зерттеу жүргізу­ші топ­тарға ғана жүруге рұқсат. Полицей­лер коменданттық сағатта тәртіптің сақ­­талуын қатаң қадағалайды. Өткен жұ­мадан бастап мектептердегі сабақ тоқ­­татылды. Білім ошағының қайта­дан қашан есігін ашатыны әзірге белгі­сіз. Студенттер қашықтан оқуға көшірі­лді. Иорданияда коронавирусты жұқтыр­ғандар саны 22 мыңға жуықтады, 144 науқас көз жұмды.

Жапонияда коронавирус салдарынан суицид саны күрт артыпты. Әсіресе елге танымал «жұлдыздарға» оңайға соқпай тұр. Мәселен, мамырда балуан әрі түрлі ток-шоудың қатысушысы Хана Кимура, шілдеде актер Харума Миура, қыркүйекте актер Сей Ашина мен Юко Такеучи өз-өзіне қол жұмсаған.

Биылғы шілде айында суицид көрсет­­кіші былтырғы мерзіммен салыстыр­­ған­да қатты айырмашылық байқал­маған. Бірақ тамызда 2019 жылмен салыстыр­ғанда 15 пайызға артқан. Жапония үкі­меті­нің мәліметіне сүйенсек, мұның бас­ты себебі өз-өзіне қол жұмсауды бол­дыр­мауға жұмсалатын қаражатты 40 пайыз­ға азайтумен тікелей байланысты. Жыл сайын Жапония суицидпен күресу үшін 55 миллион долларға жуық қаражат жұмсайды.

Коронавирус алғаш әлемге тарай бастағанда, қаңтар-мамыр айларында Күншығыс елінде суицид көрсеткіші 10 пайызға төмендеген еді. Бірақ панде­мияның экономикаға тигізген зардабы салдарынан әлеуметтік жағдай қиын­дай түсіп, көптеген жапониялық азамат күй­зеліске түскен көрінеді. Жұмыс­сыздар саны да күрт артып, шағын және орта бизнес өкілдері кәсібін тоқтатуға мәжбүр болған.

Індет салдарынан суицид көбейгеніне қарамастан, COVID-19 жұқтырып қай­тыс болғандар көп емес. Бүгінге дейін Жапонияда 90 мыңға жуық адам науқас­танып, 1600-ден астам тұрғын ажал тырнағына ілінді.

Аустралия билігі елдегі жағдай әлі де тұрақталмағанына қарамастан кей штаттардағы карантиндік шектеулерді жеңілдетуді жоспарлап отыр. Бүгінге дейін осы елде 27 мыңнан астам адам вирус жұқтырғаны анықталып, соның 900-і пәни жалғанмен қоштасты. Қазіргі таңда Аустралияда күнделікті 30 шақты адам вирус жұқтырады. Дегенмен бұл тамыздың басындағы көрсеткіштен әлдеқайда аз. Сол кезде күніне 700-ге жуық адам науқастанған еді.

Осыған байланысты ел билігі Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында сыртта тамақ ішуге рұқсат берді. Сондай-ақ мейрамханалар мен дәмханалардағы үстелдердің арақашықтығы 4 метрден кем болмауы тиіс. Аустралия үкіметі осындай қадам­дар арқылы карантиндік шектеу­лерді бірте-бірте жеңілдетпек.

Малайзия билігі керісінше ел астана­сындағы жүріп-тұруды шектеуге шешім қабылдағанын мәлімдеді. Кейінгі екі апта­да бұл мемлекеттегі ахуал нашарлап, науқастар күрт көбейді. Мәселен, 6 қа­занда вирус жұқтырғандар саны ре­корд­тық деңгейге жетіп, бір тәулікте 691 адам қауіпті дерттің тырнағына ілінді.

Оңтүстік Кореяда өткен тәулікте 97 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Бұған дейін кореялықтар індетті сәтті ауыздықтап келген еді. Алайда кейінгі деректерге сүйенсек, Оңтүстік Кореяда коронавирус қайта күшіне мініп келе жатқандай.