Дамуында ауытқуы бар балалар елордада мұхит пен джунглидің экзотикалық тұрғындарымен кездесті. Олар үшін Ailand отбасылық демалыс орталығына қайырымдылық экскурсиясын Q Charity қоғамдық қоры ұйымдастырды.
«Біз Ailand отбасылық демалыс орталығына екі қоғамдық қордың - «Солнечный Мир» және «Орда» қамқорлығындағы дамуында ауытқуы бар балаларға арналған қайырымдылық экскурсия өткіздік. Балалар океанариумды, экзотариумды және шолу дөңгелегін аралады. Содан кейін балаларға арналған Family кафесіне барды. Біз балалар үшін бос уақытты әртараптандыру мақсатында осындай іс-шаралар өткіземіз. Бұрын біз «Сарыарқа» сауда-ойын-сауық орталығында балаларға бейімделген фильмдер көрсетілімін ақысыз негізде ұйымдастырған едік, карантин енгізіле бастаған кезде оларды қайта жалғастыра алмаймыз. Ал Ailand бізге қолдау білдірді», - дейді Q Charity директоры Мадина Жұмағалиева.
Балалар ата-аналарымен келді. Карантинге байланысты әлеуметтік қашықтық сақтау үшін олар 10 адамнан тұратын үш топқа бөлінді. Іс-шара барлық санитарлық нормаларға сәйкес өтті.
«Мен аутизммен ауыратын баланы тәрбиелеп отырмын. Біз үнемі оңалтумен айналысамыз. Оларға қоғам керек. Біз өткен жылы бейімделген фильмдер көрсетілімдеріне қатысқан болатынбыз. Ұйымдастырушылар ең жайлы атмосфера қалыптастырып, дыбыс деңгейін төмендетіп, залда жарық қалдырды. Кино көрсетілімі біздің балалар үшін оңалтудың бір түрі болды. Бұл үлкен көмек, ұйымдастырушыларға рахмет», - деді ата-аналардың бірі Сара Жұманқұлова.
Ұйымдастырушылар мұндай мәдени-сауықтыру шаралары қоғамдағы инклюзивтіліктің дамуына және балалардың әлеуметтену деңгейін арттыруға ықпал ететіндігін атап өтті. Экскурсияларды әр апта сайын тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр.