• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 16 Қазан, 2020

Халық жүгінбейтін «сервистік әкімдіктердің» қажеті қанша?..

425 рет
көрсетілді

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, халықпен кері байланыс орнатуды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда Президент биылғы Жолдауында: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет», деп атап көрсетті. Мұны біз тек мемлекеттік атқарушы органдардың халықтың күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелерге жауап беру ісі ғана емес, түптеп келгенде билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалогты нық орнатуға күш салу деп түсінуіміз қажет. Ал бұл мәселеде жергілікті органдардың, олардың ішінде арнайы «Сервистік әкімдік» сынды орталықтардың қызметі мінсіз, үлгілі, талапқа сай болуы тиіс.

 

Жуырда Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өткізген аппараттық кеңесте тұрғындармен өзара байланыс және әкімдіктер мен басқармалардың атқарушылық тәртібі талқыланды. Об­лыс әкімі аппаратының мәліметінше, биыл өңір тұрғындарынан 3066 арыз-шағым, өтініш келіп түскен. Шағымдар артуы­ның негізгі себептерінің бірі ретін­де жергілікті органдардың жұртшы­лықпен байланысының әлсіздігі аталды.

Қазір Павлодар және Екібастұз қалалық, Баянауыл аудандық әкімдіктері, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлік және сауда басқармаларында тұр­ғындардың арыз-шағымдары, өтініш­терімен жұмыс істеу барысы жақсы нәтиже көрсетпеген.

– Алайда аудандық, ауылдық жерлер­де өз өтініштеріне дұрыс, нақты жауап ала алмаған тұрғындар облыс­тық мем­­ле­кеттік органдарға баруға мәж­бүр. Мем­­ле­кеттік қыз­метші­лер­дің тұр­­ғындар­ға мем­ле­кеттік бағ­дар­ла­­ма­лардың іске асы­ры­луын дұрыс түсіндіре алмауы үлкен мә­селеге айналды, – дейді облыс әкімі ап­па­ра­тының басшысы Нұрлан Дүйсембинов.

Ал бұған дейін облыстағы Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнін­дегі комиссия мемлекеттік қызмет­терді көрсету ісін электронды түрде ат­қару керек екенін мәлімдеген болатын. Мемлекеттік қызмет істері агент­тігі Павлодар облысы бойынша депар­та­ментінің басшысы Тоқтамыс Жұма­­ғұловтың айтуынша, өткен жылы жүр­гі­зілген тексерістерде мемлекеттік қыз­мет көрсету саласында 3719 ережебұзу­шылық анықталған.

Egov сайтымен жұмыс істей алмайтын тұрғындарға мемлекеттік қызмет түрлерін онлайн алуға көмек көрсе­тетін әкімдіктердің сервистік офистері әрбір аудан орталығында ашылды. Яғни халық үшін ашық алаңдар аудан орталықтарында тұрғындармен жұмыс істеуге және мемлекеттік қызметтерді бір ғимараттан алуға мүмкіндік бере­ді. Осындай ашық формат үлгісі мем­лекет­тік қызметшінің білімі мен білігінің деңгейін, кәсіби өресін де айқындайды.

Жергілікті әкімдік қызметкерлері «OPEN» орталықтары арқылы ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бұл жоба бойынша тұрғындардың өтініш­тері мен сауалдарына аудандардағы жұмыс­пен қамту, білім беру, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіп­керлік, ауыл шаруашылығы және вете­ринария бөлімдерінің мамандары жауап береді. Осылайша құқықтық, әлеу­меттік көмектер көрсетіліп, халық пен билік арасындағы байланыс нығайып, өзекті мәселелерді тікелей жедел, тиімді шешу жүзеге асырылады. Десек те...

Біз аудандарға барғанда міндетті түрде «Сервистік әкімдіктер» қалай жұмыс істеуде деген сауалға жауап іздейміз. Мұндай құрылымдардың көп­шілігі сырттай қарағанда жарқырап тұр. Техникалық құрал-жабдықтар, орындықтар, үстелдер, бәрі де бар. Бірақ «Сервистік әкімдіктерде» адами жылылық, ашық қабақ, жанашыр сөз, кеңпейілділік, ашық қабылдау жетіспейді. Бір ауданға жасаған сапар барысында осындай орталыққа қара­пайым бір тұрғын ретінде кір­генімде, ондағы адам есіктен енген беттен «Здравствуйтемен» қарсы алды. Қасы-көзі қиылған қаракөз қыз осылай деп сәлемдесті. Ауылдан келетін қарапайым  тұрғынмен оның әрі қарай қалай, қай тілде сөйлесетіні белгілі.

Өзіміз іссапарларда көріп жүргені­міз­дей, әлгіндей «аса мәртебелі» қабыл­дауға аудан орталықтарында тұра­тын бірен-саран тұрғындар болмаса, шал­ғай­дағы ауыл тұрғындарының келуі өте сирек. Жоқ деуге болар. Мысалы, жолдары жөндеу көрмеген Баянауыл, Ертіс, Железин, Ақтоғай аудандарының ауыл­дарынан арыз-шағымдарын арқалап ешкім «Сервистік әкімдікті» іздеп келе бермейді. Сондықтан әлгі жарқыраған орталықтардың көбі бос тұрады. Мұны аудандық әкімдіктегілердің өздері де мойындайды.

– Алыстағы елді мекендердің тұр­ғын­дары арыз-шағымдарын көбіне ауыл әкім­дерінен беріп жібереді, – дейді «Сервистік әкімдіктегілер». Олай болса, халық бас сұқпайтын, қыз­метіне сұраныс жоқ «Сервистік әкім­дік­терді» ашу дегеніңіз мемлекет қара­жатын босқа шашу деген сөз емес пе. Сөздің шындығы осы. Ешқандай тиім­ділік көріп отырғанымыз да жоқ. Аудандарға барғанда осы іспеттес сөздерді құлағымыз жиі шалады.

Дұрысы, әкімдіктегілер шалғай ауыл­дарға барсын, көшпелі «Сервистік әкім­дікті» ауылда ұйымдастырсын. Сонда ғана ауылдарға барған тиісті сала мамандары ауылдағы нақты ахуалды, жолдың тозғанын, судың жоқтығын, мектептің жөнделмегенін, ішінің салқындығын көзбен көрер еді, әрі соған сай жұмыс­та­рын жоспарлар еді. Осындайда «қабыл­дауына адам келмейтін, бостан-бос тұратын «Сервистік әкімдіктердің» қажеті қанша?», «Бұл көзбояушылық емес пе?» деген сауалдар туындайды.

Тағы бір айта кетер жайт, «Сервистік әкімдіктерге» тұрғындардың сенімі төмен. «Сервистік әкімдіктер» өздеріне жүгініп келгендерді бос сөзге тойдырып, «өйтіңіз, бүйтіңіз», «өйтеміз, бүйтеміз» деп шығарып салады. Болды.

Облыс бойынша Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы қызмет басшысы Айдар Тастеміровтің мәліметінше, іс жүзінде «Сервистік әкімдіктердің» көпшілігінің қызметі көзбояушылыққа құрылған. Тұр­ғын­дардың мәселелеріне мән беріп, жана­шырлық танытпайды. Сондай-ақ ол Аққулы, Тереңкөл, Ақтоғай, Желе­­зин және Успен аудандарындағы «Сервистік әкімдіктер» талаптарға сай келмей­тін ғимараттарда орналасқан, бір аудан­ның «Сервистік әкімдігі» бір күн ғана ашылып, кейіннен жабылып қалған дейді. Себеп: аудандық әкімдіктердің өзінің іші толып отыр. Орын жоқ. Мүмкіндігі барлар жоқтан бар жасап «Сервистік әкімдік» ашуға  мәжбүр болды. Ғимарат іздеу, оны жөндеу, құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, ішін реттеу – бәрі шығын.

Аудандар әкімдіктеріне «Сервистік әкім­діктен» бұрын өздерінің ғимарат­тары­­ның іші-сыртын күрделі жөндеу өт­кізіп, сол жердегі бір бөлмеде тұрғын­дар­ды қабылдайтын ыңғайлы орын жасап алса да болады. Үнемділік, мем­ле­кет­­тік орынды тиімді пайдалану деген – осы.

Айдар Тастеміровтің айтуынша, кейбір аудандардың «Сервистік әкімдіктеріне» ескі жиһаздар, компьютерлер мен техниканы орнату фактілері орын алыпты. Шарбақты ауданындағы «Сервистік әкімдік» ашылған кезде компьютерлер, тіпті интернет желісіне де қосылмаған болып шыққан. Бұл да сол шығын мәселесі. Қаржылай мүмкіндік болмаса, «Сервистік әкімдікті» аудандық әкім­діктің бір бөлмесіне орналастыруға да болатынын ешкім ескермеген. Тұр­ғындар бас сұқпайтын мұндай «Сер­вистік әкімдікті» несіне белден басып, мүмкіндікке қарамай ашады деген ойымызды осы жерде тағы да қайталап айтқымыз келеді.

Әлгі «Сервистік әкім­дік­терді» ашарда қызылды-жасыл­ды шарлар іліп, жерге кілем төсеп, ұлт­тық киім киген қыз­дар табаққа салған кәмпиттерін әкім-қара­лардың, басшы­лардың төбесінен жаудыра шашып, кішігірім той жасайтындарын қайтерсіз.

Тағы бір айта кетер жайт, жалпы, WhatsApp желісі арқылы облыс әкім­дігіне түскен өтініштердің басым бөлігі облыс орталығындағы, Екібастұз, Ақсу қалаларындағы ыстық су мен жылу мәселесіне байланысты. Облыс әкім­дігіне осы бағытта 5 760 өтініш келіп түс­кен. Оның ішінде 1 851 өтініште үйлерді ыстық су мен жылуға қосу мәселесі көтерілген.

Облыс әкімі аппаратының мәліме­тінше, биыл түскен 1000-нан астам өтініш бойынша өңір тұрғындарына әлеу­мет­тік көмек көрсетілген. Жалғыз тұра­тын 8 адамның тұрғын үйіне жөн­деу жүргізіліп, кіреберістеріне пандус­тар орнатылған. Аутизмі бар бала­лар­ға арналған стоматологиялық кабинет ашыл­ды, облыс орталығында 24 ау­ла аумағы абаттандырылды, көшені жарық­тан­дыру қалпына келтірілді. 32 балалар және спорт алаңдары сырланды, жаңа құмсалғыштар орнатылды, 600-ден астам ағаш кесілді және тағы басқа да жұмыстар атқарылды.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлан Дүйсенбиновтің  мәліметінше, жыл басынан бері өңір тұрғындарынан 52 827 өтініш түскен. Облыстың жергілікті атқару органдарына 28 499 өтініш келген. Шарбақты, Успен аудандары тұрғындарынан түсетін өтініштер саны моноқалалардың тұрғындарынан түсетін өтініштер санымен бірдей.

Жалпы, 14 437 өтініш дұрыс шешімін тапты. Ал Instagram желісіне 2 880 өтініш келіп түскен. Халық көгал­дандыруға қатысты мәселелердің фотосын жібереді. «Бұл әлеуметтік желі­лерден түскен өтініштердің 2 611-і бойынша шаралар қабылданса, 3 724 өтініш бойынша түсіндіру жүргізілді, 274 хабарлама қаралу­да», дейді Нұрлан Дүйсенбинов.

Тұрғындардан келетін өтініштердің ба­сым бөлігі әлеуметтік және зейнетақы­мен қам­тамасыз ету мәселесіне және мем­лекеттік басқарудың сапасына қатысты.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов пен оның орынбасарлары облыстағы 21 басқармаға қарағанда азаматтарды 2 есе көп қабылдаған. Осы орайда облыс басшысы өңірдегі 21 басқарма басшылары тұрғындарды қабылдау ісін жүргізбей­тінін айта келіп, аудандар мен қалалар әкімдіктерінің және басқармалардың азаматтарды қабылдауға дайындығына рейтинг жүргізу қажеттігін айтып, осы бағытта арнайы тапсырма берді. Бұл жерде, егер «аудандар мен қалалар әкімдіктерінің және басқармалардың азаматтарды қабылдауға дайындығы жоқ болса, инфрақұрылымдары, диалогтары, коммуникациялары, тез жауап беретін әлеуметтік желілері болмаса, онда «Сервистік әкімдіктер» не үшін ашылды деген сұрақ туады.

Нұрлан Дүйсенбинов тамыз, қыр­күйек айларында Баянауыл әкімдігі 12 тапсыр­маны, Павлодар қаласы әкімдігі – 10, Екібастұз – 6, Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы, Білім беру мен денсаулық сақтау басқармалары – 7 тапсырманы орындамағанын, Баянауыл ауданында 5 тапсырма қайта орындауға берілгенін айтты.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов тұр­ғындар өтініштерімен жұмысты стра­тегия­лық мәселе ретінде қарау қажет­тігін ескерте келіп, аудан әкімдеріне тұрғындардан келіп түскен өтініштердің сапасы мен қарау мерзімдері бойынша басшылардың жеке жауапкершілігін еске сала отырып, өтініштер мәселесін ерекше бақылауға алуды және оларға талдау жасауды тапсырды.

– Тұрғындардың өтініштері – бұл біздің жұмысымыздың аса маңыз­ды бөлігі, тұрғындардың жалпы мем­лекет­тік ап­паратқа және жеке мем­лекет­тік орган­ға деген сенімінің көр­сет­кіші, – деді әкім бейнеконференц арқылы  өткен жиында.

Расында өтініштермен жұмыс істеу – бұл қандай да бір ағымдағы жай міндет емес, бұл стратегиялық мәселе.

Қазір облыс әкімдігі тұрғындардың өті­ніш­терімен жұмыс істеу тәсілін өз­герт­ті. Енді тұрғындардан келіп түс­кен мәселелерді қарау сапасы мұқият ба­қы­ланады. Міндет – ресми жауаптардан алшақтап, халыққа барынша шына­йы көмек көрсету. Барлық деңгейдегі әкім­діктер мен облыстық басқармалар осындай жұмыс форматына көшуі тиіс.

 

Павлодар облысы