Жұмыр жердегі үш қана боксшыға үш дүркін Олимпиада чемпионы атану бақыты бұйырған екен. Алғаш рет аса мәртебелі атаққа венгриялық Ласло Папп қол жеткізсе, одан кейін Кубаның қос қабыланы – Теофило Стивенсон мен Феликс Савон сол белесті бағындырды. Бүгінгі әңгімеміз ұлылар көшін бастап тұрған Мажарстанның марқасқасы жайында.
Өткен ғасырдың қырқыншы және елуінші жылдары теңдессіз өнерімен төрткүл дүниені тамсандырып, талайларға таңдай қақтырған айтулы былғары қолғап шебері жайында біз бекер әңгімелеп отырған жоқпыз. Әлемдік бокс тарихында өшпес із қалдырған даңқты Ласло Папп осыдан дәл 17 жыл бұрын, дәл осы күні, яғни 2003 жылдың 16 қазанында 78 жасқа қараған шағында бақилық болған еді.
Миллиондаған адамның өмірін жалмаған ІІ Дүниежүзілік соғыс енді ғана аяқталып, күллі әлем жұртшылығы әлі де еңсесін көтеріп, есін жия алмай жатқан тұста Ласло Папптың есімі шартарапқа тарады. 1948 жылы Лондон Олимпиадасында 72,6 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған 22 жастағы Будапешттің тумасы алғаш рет алтын медальді иеленді. Тұманды Альбион елінде бес кездесу өткізген ол соның үшеуінде қарсыластарын нокаутқа жіберді.
1952 жылы Хельсинкиде 71 кило салмақта жұдырықтасқан Папп бес бәсекенің екеуін айқын басымдықпен аяқтады. Өзінің үшінші Олимпиадасына ол 1956 жылы аттанды. Мельбурнде алауы тұтанған ғаламдық додада да Мажарстанның марқасқасына тең келер ешкім табылмады. Жартылай финалда Еуропа чемпионы, польшалық Збигнев Петшиковскийдің сілікпесін шығарған Ласло ақтық айқаста уақыт оза кәсіпқой бокстың жарқын жұлдызына айналған Пуэрто-Риконың өкілі Хосе Торресті үшінші раундта ұрып жықты.
Осылайша, Ласло Папптың есімі үш дүркін Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш боксшы ретінде тарихта қалды. Бір ғажабы, аталған жарыс барысында 13 рет жекпе-жекке шыққан кейіпкеріміз соның тең жартысына жуығын нокаутпен аяқтаған екен. Ол аз десеңіз, тағы мынадай қызықты деректі алға тартайық: Олимпия ойындары кезінде Мажарстанның өкілі тек бір раундта ғана есе жіберген екен. Мельбурндегі финалдық доданың бастапқы раундында Папп Торреске ұпай санымен ұтылды. Десек те одан кейін қаһарына мінген ол Пэрто-Рико өкілін есінен тандырғанын біз жоғарыда айттық.
Ласлоның одан бөлек екі дүркін Еуропа чемпионы деген атағы бар. 1949 жылы Ослода және 1951 жылы Миланда ол қарсылас шақ келтірмей, қарт құрлықтың екі бірдей бас жүлдесін қанғыжасына байлады. Әуесқой рингте барлығы 319 жекпе-жек өткізген Папп 301 рет жеңіске жетіп, 55 қарсыласын сұлатып салды. 12 мәрте ұтылып, 6 рет тең түсті.
Мельбурн Олимпиадасында топ жарғаннан кейін 30 жастағы Ласло Папп кәсіпқой рингте күш сынасуды құп көрді. Сөйтіп, оның есімі социалистік бағыттағы мемлекеттер арасында осындай батыл қадамға барған тұңғыш боксшы ретінде де тарихта қалды. Бұл ретте де мажарстандық спортшының қол жеткізген табысы қомақты. 1962 жылдың 16 мамырында даниялық Крис Кристенсенді ұрып жығып, Еуропа чемпионы атанды. Өзінің сол алтын белбеуін ол қатарынан алты рет сәтті қорғады. Барлығы 29 рет рингке көтерілген Ласло 27 мәрте жеңіс тойын тойлады. 15 қарсыласын нокаутқа жіберді. Тағы екі кездесуде тең есеп тіркелді. Яғни ол өзінің карьерасында бірде-бір рет жеңілген жоқ. Бірақ әлем чемпионы атану бақыты оған бұйырмады. Өйткені, 1965 жылы Мажарстан билігі Паппқа кәсіпқой бокспен одан әрі айналысуға қатаң тыйым салды. 39 жасында кейіпкеріміз былғары қолғабын шегеге ілді.
Спорттық карьерасы аяқталғаннан кейін Ласло бұл саладан алыстаған жоқ. 1971-1992 жылдар аралығында аталған мемлекеттің ұлттық құрама командасының бас бапкері болды. Дәл сол кездері Мажарстан боксы өрлеу кезеңін басынан кешірді. Шағын ғана елден Олимпия ойындарының жеңімпаздары, әлем және құрлық чемпиондары көптеп шықты. Сол аралықта ол «Ауыр қолғаптар» мен «Арыстан секіруге дайын» деп аталатын екі бірдей көркем фильмге түсіп, өзін тағы бір қырынан танытты. Ал 2001 жылы Папптың есімі Халықаралық бокс даңқы залына енді.