2021 жылдан бастап Қазақстанда «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторынан» ақшалай төлемдер алу тәртібін оңайлату қарастырылады. Қайта өңдеу саласына қаржылай қолдау көрсетудің шарттары туралы Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен шағын және орта бизнес субъектілерімен өткен кездесуде «ӨКМ операторы» ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев айтып берді.
Қаптама қалдықтарын жинау және қайта өңдеу саласының көрсеткіштерін талдау, сондай-ақ бизнестің өтініштерін қарау негізінде ӨКМ операторының мамандары шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдаудың қосымша тетіктерін әзірледі. Қалдық өңдеудегі жалпы республикалық көрсеткішке қол жеткізу үшін қаптама қалдықтарын жинауды жүзеге асыратын әрбір ұйым жинау көлемін жыл сайын 5-10%-ға өсіріп отыру міндеттемелерін алады. Сонымен қатар түсетін өтінімдер бойынша (кемінде 20 кило) қайталама шикізат жинауды жүзеге асырады.
Аталған шараларды жүзеге асыру кешенді түрде қалдықтармен жұмыс істеу саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға, қаптама қалдықтары мен автокомпоненттерді жинау географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді және экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді. 2020 жылы қаптама қалдықтарын жинаудың жоспарлы көлемі 130 мың тоннаны, автокомпонент қалдықтары 102 мың тоннаны құрады.
«ӨКМ» операторы» ЖШС аталған саланы дамытудың өзіндік үлгісін ұсынып отыр. Жаңа модельге сәйкес сала қатысушыларын тендер ұғымынан бас тартып, негіздемелік келісімшарт қағидасына сәйкес жұмыс істеуге шақырады. Осылайша мамандандырылған кәсіпорындармен ынтымақтастық орнату арқылы жаңа белестерді бағындыру көзделіп отыр. Алғашқы кезеңде біліктілік талаптарға сәйкес, іріктеу жүргізілмек.
– Маңғыстау өңірінде жұмыс істеп жатқан барлық контрагенттерді «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» ЖШС қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырамыз. Осылайша демеуқаржы, көмекқаржы және көлік жөнелтпе құжатына жұмысалатын шығындарды жеңілдетуге мүмкіндік беріледі. Бүгінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, тұрмыстық қатты қалдықтардың бар болғаны 15%-ы ғана сұрыпталады, ал қалған 85%-ы көміліп жатыр. Негізінен бұл дұрыс емес. Бұдан былай біздің мекемемен келісім жасаудың қажеттілігі жоқ, тендер дегенді де ұмыту керек. Біз негіздемелік келісімшарт ұсынамыз, бұл тәулік бойы жұмыс істейтін жаңа механизм. Қазіргі тендерлік тәртіпке сәйкес 27 құжат талап етіледі, ал біз бар болғаны 3 құжат сұраймыз. Бұл әлдеқайда тиімді. Жаңа жылдан бастап цифрлы жүйеге көшетін боламыз, яғни барлық әкімшілік кедергілер жойылады. Біздің түпкілікті мақсатымыз – еліміздің әрбір азаматына қоқысты табыс көзіне айналдыруды үйрету», – дейді «ӨКМ операторы» ЖШС басқарма төрағасы М.Құмарғалиев.
«ӨКМ операторы» ЖШС Маңғыстау облысының салалық кәсіпорындарымен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Ал ұсынылған шарттар шағын және орта бизнес өкілдеріне әлдеқайда тиімді.
– Бүгінде макулатура жинағаны үшін өтемақы төлемі 26 теңгені құрайды. Сонымен қатар қағаз үшін қайта өңдеу төлемінің мөлшері 9 есе аз, килосына – 3 теңге. Өзгерістер тұтастай алғанда қалдықтарды жинау, өңдеу және кәдеге жарату бағытының дамуына оң әсерін тигізеді, – деді «Kazweste» қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық қауымдастықтың басқарма төрағасы Шынболат Байқұлов.
«ӨКМ операторы» институты құрылғанға дейін елімізде қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 2%-ды құраса, биыл бұл көрсеткіш 15%-ға жақындады. Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 8 есеге өсті.
Маңғыстау облысы