1968 жылдың күзі. Кеңес өкіметі соның алдында бір жыл бұрын Қазан төңкерісінің жартығасырлық мерекесін дүбірлете атап өткен болатын. Осыған орай елдегі үлкен кәсіпорындарға, үлгілі ұжымшарлар мен қалалардағы орталық көшелерге «Қазанның 50 жылдығы» аты берілді. Ал газет, радио болса, халық тамағының тоқ, көйлегінің көк болуы «күн көсем» – Ленин өмірге әкелген осы идеяның арқасы деген насихат жұмыстарын жалғастыра жүргізіп жатты.
Сондай күндердің бірінде Қостанай облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасына орта бойлы, сымбатты қазақ әйелі келіп кірді. Жауапты кезекші ретінде мен оны қабылдап, бұйымтайын сұрадым. Әлі есімде, әлгі келіншек өзін Ақмаржан Смағұлова деп таныстырды да облыстық поштадағы хаттарды сұрыптау бөлімінде істейтіндігін айтты. Жұбайы Мұқтар бұрындары КГБ органында қызмет атқарған екен. Осылай деген ол сөмкесінен ашылған конвертті алып үстел үстіне қойды. Сөз иесінің мәлімдеуінше, бұл хат Алматыдан адресаты дұрыс көрсетілмегендіктен, кейін қайтарылған болып шықты. «Пошта ережесіне сай ашылған не сырты бүлінген хаттың мазмұнымен танысқанымда, оның өкіметке қарсы бір кісінің танысына жазған дүниесі екенін аңғардым, – деді келіншек. – Ана жолы сіздердің бір қызметкеріңіз келіп, біздің ұжымға «Кеңес азаматтарының саяси қырағылығы» туралы лекция оқыған. КГБ органына қатысты фактілер кездессе, біздермен байланыста болыңыздар деп еді. Сондықтан мына хаттың сіздерге қатысы бар шығар деп әкеліп тұрмын», деп сөзін аяқтады.
Алдымдағы белгісіз қағаз парақтарына көз жүгіртіп шықсам, бұл біздің өңірдегі Боровской ауданындағы Михайлов елді мекенінің тұрғыны Әжібаев деген азаматтың жазбасы болып шықты. Ол оны «Жас тұлпар» атты жасырын ұйымның мүшесі ретінде Алматы қаласында тұратын өзінің пікірлесіне жолдаған екен. Осыны білгеннен кейін мекемеміздегі әскери тәртіп бойынша мен аталған хатты әкелген азаматшадан жазбаша түсінік алдым. Сөйттім де оны конвертке қоса тіркеп, кезекшіліктің соңында басқарма бастығына тапсырдым.
Содан көп уақыт өтпей бұл хатқа облыстық қауіпсіздік комитеті басқармасы ғана емес, республикалық МҚК басшылығы да көңіл аударып, өз бақылауына алды. Оның айқын белгісі бізде арнайы топ құрылып, оған облыстық қауіпсіздік комитеті басқармасындағы идеология бөлімінің бастығы, полковник П.Сафрыгин, осы мекеменің аға тергеушісі, полковник П.Дадыкин, идеология бөлімінің жауапты қызметкері капитан Ж.Тасмағамбетов пен аға лейтенант Е.Ыбыраев енді.
Осы ұйымдастыру жұмыстары аяқталған кезде басқарма бастығы полковник С.Сенкеевич мені кабинетіне шақырды. Барсам, онда жоғарыда айтылған топ мүшелері отыр екен. Бастық: «Бүгін Әжібаевтың үйіне тінту жүргізесіңдер, – деп бастады сөзін. – Бұған облыс прокуроры П.Грачевтің келісімі бар. Ал сені, Мәулетов арамыздағы қазақ тілді жалғыз тергеуші болғандықтан, осы іс-шараға арнайы қосып отырмын. Себебі онда жергілікті ұлт тіліндегі құжаттар болуы мүмкін. Соны іріктеп алу керек». Мұны естіген мен: «Жолдас, полковник, қылмыстық іс қозғалмай тұрып тінту амалдарын жүргізуге болмайды ғой. Ол сол мәселеге қатысты Кодексте көрсетілген», дей бастап едім, С.Сенкеевич сөзімді бөліп жіберді. Сөйтті де: «Оған басың ауырмасын. Біріншіден, топты Дадыкин басқарады. Заңбұзушылық болса, оған сен емес, аға тергеуші жауапты. Екіншіден, прокурор П.Грачев тінту жүргізуге келісімін берген деп жаңа айттым ғой. Облыстық партия комитетінің хатшысы да бұл мәселеден хабардар. Содан кейін... Айналысайық деп отырған адамымыз тексеруімізге алған қатардағы кісі емес. Оны республикалық МҚК күнделікті назарында ұстап отыр», деді.
Заңсыздықпен келісуге тура келді. Ол кезде партияның қай салада болса да нұсқау беріп отыратын, оған ешкім қарсы шықпайтын кезі еді. Бағынбай көр, сенімен көп сөйлеспейді, тәжікелеспейді. Социалистік қоғамның сара жолын түсінбейтін кездейсоқ жан деп ойлайды да, партбилетіңді үстелге қой дейді. Ал ондай ұйғарымға ешкім қарсы тұра алмайды.
Сол күні жұмыс аяғына таман біз Михайловка поселкесіне келдік. Қайырбек Әжібаевтың үйі поселкенің күнбатыс жағында екен. Ол қайыңды орманның іргесіне орналасыпты. Шағын, екі пәтерлі құрастырмалы финн үйі. Осыған және ауладағы қора-қопсыға қарап, іздеп келген адамымыздың жұмысынан оралуын күтіп біраз тұрдық. Кешкі сағат алтылардың шамасында көшеден бойы құдды бастауыш мектептің баласындай кішкентай ғана бір жігіт келе жатты. Оны сырттай барлап жүрген Тасмағамбетов: «Біз іздеп келген адам осы болу керек», деді ақырын ғана. Өйткені әріптесім, бұған дейін өзіне бекітілген үшаяқты мотоциклімен бұл поселкеге бір-екі рет келіп кеткен еді. Көпшілік оны ата-енесі осы елді мекенде тұрып жатқандықтан, «жаман күйеу қайыншыл» дегендей, соларға баратын шығар деп жорамалдайтын-ды. Бірақ мәселе басқада болатын.
Біз амандасып, өзімізді таныстырып болған соң Қайырбек Әжібаевпен бірге ілесіп үйіне кірдік. Бойдақ, шешесімен екеуі ғана тұрады екен. Көршілерінен екі куәгер шақырып іске кірістік. Мұны көрген кәрі анасы бір жағдайды сезгендей, біз кеткенше жылаумен болды. «Жалғызымды соттап жіберсеңдер, мына ауру, ертең бе, бүгін бе деп отырған дімкәс мені кім бағады? Өлейін деп жатқанымда кім аузыма су тамызады? Ертеңгі күнім не болмақ?» деп зарлағанда, біздердің бәріміздің тұла бойымыз түршігіп кетті. Бірақ қолымыздан не келмек? Үкіметтің мейірімсіз, алып машинасына кім қарсы тұра алады? «Абыржымаңыз», деп қоямыз кейуанаға. Бұл әйтеуір жай жұбату ғой. Басқа сөз айта алмадық.
Қайырбек Әжібаевтың үйі өте жұпыны болып шықты. Тек қабырға сөресіндегі көп кітап қана көзге түседі. Жиһаз-мүлік дегеннен үлкен, ескі сандық, қазақы көрпе, жастық. Басқа ештеңе жоқ. Үйді ұзақ тінттік. Сөренің жоғары жағына қойылған ескі шабаданнан Қазақстанның көптеген қаласынан келген хаттар және ұсақ әріптермен толтырылып жазылған бірнеше дәптерді тауып, тәркіледік. Сөз ретіне қарай айта кетейін, тінтудің бір кезеңі қазір есіме түсіп отыр. Менің міндетім, ортада үйіліп жатқан құжаттарды іріктеп алып, керектісін хаттамаға тіркеу-тін. Соларды оқып отырғанымда көзімнің шалып қалғаны, жанымдағы үй иесі ақырындап бір дәптерді жымқырмақшы болып жатыр екен. Оны көріп отырған Ыбыраев оған басын изеп, келісімін берген сияқты болды. Мен: «Қайда апарасың?» дегендей қолынан шап бердім. Әжібаев ештеңе дей алмай сасып қалды. Алыстан қарап отырған Василий деген жүргізушіміз осы оқиғаны кейін: «Ғалихан Нұржанович «стоп» дегендей Әжібаевтың қолынан шап берді», деп жолдастарына күлдіргі сөз ретінде сан құбылтып айтып жүрді. Жасырмаймын, бұл да сол кездегі біздің үкімет пен партияға мейлінше берілгендіктің бір көрінісі ғой.
Тағы да бір жағдай, жеті қабат жердің астындағы сыбырдың өзі бірден естіліп жататын бұл органға кейін біздің қызметкерлеріміз Ыбыраевтың тінту жүргізіліп жатқан кезде үй иесіне «бүйрегі бұрғаны» туралы құпия құжат келіп түскені бар. Онда Әжібаевтың дәптерді жасырып қалуға әрекет еткені және біздер туралы, сондағы сөздерімізге дейін жеткен. Мұны содан біраз уақыт өткен соң жауап алғанда Әжібаевтың өзі де айтыпты. Сонда ол: «Тінтушілердің ішінен мен өзім оқыған орта мектептің директоры Ыбыраев ағайдың баласын бірден таныдым. Ол да осы білім ұясының түлегі еді. Ол мінезі жұмсақ, ұлтжанды кісі екен. Негізгі дәптерімді қымқырып қалуға өз ризашылығын бергендей болды. Бірақ құжаттарды тексеріп отырған екінші ұлты қазақ, қатігез, ешкімге жүрегі елжірей қоймайтын адам болып шықты. Ол көрмей қалғанда, топ мүшелері жартымды ештеңе таба алмайтын еді», депті.
МҚК органы жоғарыдағы жағдайдан соң құпия хатқа үлкен мән беріп, Ыбыраевтың саяси сенімсіздігі туралы мәселе көтерілді. Абырой болғанда бұл туралы ол осының алдында топ жетекшісі Дадыкинге айтқан екен. Ол кісі: «Бұл жөнінде мен білемін, шектен шыққан ештеңе жоқ. Ыбыраев маған айтқан», – депті. Сонымен Ершат орнында қалып, бұрынғы жұмысын жалғастыра берді.
Қазір еске түсірсем, Әжібаевтың ой-пікірі сол кезгі өкіметтің қай саладағы болсын «іс-әрекеттері қазақ халқына зиянды» деп айтылған құжаттар екен. «Шындықты айтуға болмайды. Өкіметке қарсы келіп өз пікіріңді білдірсең, жүйке ауруымен ауырады деген жаламен ауруханаға салады, не соттайды», депті. Біраз уақыт өтсе де, әлі есімде, қалғаны мемлекетті басқару саласындағы партияның рөлін азайтып, оның орнына халық сайлаған президенттік басқаруға көшу туралы біраз салыстырмалы дәлелдер келтірілген. Мұны ол сонау 60-жылдары айтып отыр. Сондай-ақ тағы бір тезисінде Әжібаев Варшава Шартына кіретін елдер сияқты КСРО-дағы одақтас республикаларда да басқа партиялардың болуы керектігін айтқан. Бұл мен алып қалған дәптерде көбірек жазылыпты. Онда тіпті республиканың болашақ президенті, үкімет мүшелері мына кісілер болғаны дұрыс деген нақты фамилиялар да келтірілген. Оған жолдаған хатында бір пікірлесі: «Сіз өзіңізді осы лауазымды президенттік қызметке үміткермін деп неге айтпайсыз?» дегеніне, ол: «Құдай маған бой бермеген. Ел басшысы бойшаң, сымбатты әрі жоғары білімді, жан-жақты сауатты азамат болуы керек. Ал менің білімім арнайы орта ғана, араласқан ортам да озық ойдың иелері емес», деген.
Дәптердің «Жас тұлпар» бағдарламасы» деген бөлімінде ұлт мәселесіне байланысты ойлар жинақталыпты. Онда республикадағы облыстар мен аудандар басшыларының басым бөлігі негізгі ұлт өкілдерінен болуы керек делінген. «Бірақ Қостанай облысынан мысал келтірер болсақ, Амангелді, Жангелдин аудандарынан басқа өңірлерде бірінші хатшы қазақ жоқ. Ірі кәсіпорындардың, тіпті кеңшар директорларының бәрі орыс ұлтының өкілдері. Сонда 50 жылда бұл мемлекет ұлт кадрларын даярлап шығара алмаған ба, әлде жергілікті ұлтқа деген сенбеушілік пе?» деп жазған. «Облыс орталығында бір қазақ балабақшасы жоқ, Қостанай қаласында жалғыз-ақ қазақ мектебі бар», дейді күйзелген ол. Дәптер иесі: «Баспасөз көбіне орыс тілді, радиодан қазақ үнін есту қиын, ал халықаралық аренаға келсек, қазақ деген ұлтты басқа елдер білмейді. Неге біз, Қазақ Республикасы Украина, Белоруссия сияқты БҰҰ-ға мүше емеспіз», дейді де: «Сынақтар неге адам жоқ тайгада өткізілмейді? – деп Семей ядролық полигонына тоқталады. Жазуы өте сауатты, бәрі қазақ тілінде. Мұндай батыл ойды сол кезде айтудың өзі бір үлкен ерлік! Міне, оның жоғарыдағыдай ұшқыр ойына мен бүгіндері ерекше таңғаламын.
Тінту нәтижесі бойынша, республикалық МҚК басшылығына және облыстық партия комитетіне көлемді анықтама құжат жазылды. Заң орындарына енді Қайырбек Әжібаевты Қылмыстық кодекстің қайсы бабымен жауапқа тарту туралы мәселе тұрды. Бұл жерде пікір екіге бөлінді. Тобымыздағы «өз жұмысын» көрсеткісі келген өзге ұлт өкілдері қатаң жазалауды ұсынды. Кінәлі азаматымыз ұмытпасам, аталған заңнаманың 161-1-бабымен сотталып кетуі әбден мүмкін еді. Бұл кеңестік қоғамды ойдан шығарған жаламен қаралау деген тұжырымға келетін ұғым еді. Бірақ республикалық МҚК-дегі тергеу бөлімінің бастығы, полковник Н.Ловягин деген кісі өте бір парасатты, осы органдағы беделді адам болатын. Әрі өзі басқа ұлт өкілі болғандықтан ба, Қайырбек Әжібаевты қатаң жазаламауды ұсынды.
Осыдан кейін: «Құжаттармен тергеуші ретінде жұмыс істеген сен, аға лейтенант пікірің қалай?» деп бастық маған сөз берді. Мен: «Ловягин жолдас өте білімді, мұндай істерді республика бойынша талай көріп, қолынан өткізген адам. Және олар бойынша өзінің дұрыс шешімін айтқан кісі. Мұндай маман пікірімен келіспеуге болмайды. Бұны республикалық МҚК тергеу бөлімінің пікірі деп ұққан жөн», дедім. Сөйттім де: «Қолымыздағы құжатта Әжібаев тек өз пікірін жазған. Ол үкіметке қарсы шығу туралы мәселе көтермеген. Және қоғамға қарсы пікірі әлі толық қалыптаспаған. Кеңестік Қазақстанның 50 жыл ішіндегі жетістіктерін айтып жатқанымызда, дәл қазір мынадай сөз көтеру орынсыз. Оның үстіне бұл азаматты құдай аямаған. Отбасы жоқ, кәрі анасын еңіретіп қалдыру орынсыз және ертең сот бола қалған күнде оның орындығында бойы 1,5 метрге әрең жететін адам отырса, жұртшылық мемлекетке қарсы шыққан адамдарының түрін қара деп күлмей ме?» деп қызбаланып кеткенімде, бастық мені тоқтатып тастады. «Жетеді, – деді. – Пікірің түсінікті болды. Әжібаевтың жазулары саған да әсер еткен бе деп отырмын».
Ойын-күлкіге араластырып айтқан бұл сөзге ел ду күлді. Сонымен көпшілік оны қылмыстық жауапкершілікке тартпау туралы шешімге келді. Нақтылап айтқанда, басқармамыздың идеология бөлімі Әжібаевпен профилактикалық, қылмыстың алдын алу шараларын жүргізу жөнінде тапсырмалар алды. Бұл тергеу жұмысына кірмейтін іс-шара болғандықтан, мен оған қатысқан жоқпын.
Сөз етіліп отырған адам, яғни Қайырбек Әжібаев туралы жазамын деген ой менде жоқ еді. 2009 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде қостанайлық диссидент М.Құлмағамбетов туралы мақалам жарық көргеннен кейін басылымның сол кездегі бас редакторы Жанболат Аупбаев ініміз телефон шалып, оған өзінің оң бағасын берген. Содан биыл ол: «Таяуда Павлодарда бір жиын өтеді. Диссиденттік тақырыпқа байланысты мақалаңыз болса жіберсеңіз. Біз республика бойынша кеңестік кезеңдегі сондай күрескерлер туралы ұжымдық жинақ шығарылса деп едік», деді.
Сол сәтте осы Әжібаев туралы жазсам қалай болады деген ойдың келгені. Бірақ көп жылдар өткендіктен, бұл азаматтың аты-жөні есіме түспей-ақ қойды. Архивтерден де ештеңе таба алмадым. Бір күні, кезінде осы іс бойынша жұмысқа тартылған, қазір Алматыда тұрып жатқан Ершат Ыбыраев есіме түсті. Телефон шалып, Әжібаев туралы сұрадым. Ол: «Ғалеке, оның аты – Қайырбек. Менің Нұршат деген ініммен бірге 1965 жылы Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балалар орта мектеп-интернатын бітірген. Ол туралы інімнің аздап айтқаны – сыныптасының экономист мамандығын алғаны. Меңдіқара ауданындағы Михайловка астық қабылдау пунктінде есепші болып жұмыс істегендігі. Одан кейін 70-жылдары бір баланы құтқарамын деп суға кеткенін естігендігі. Сөзінің соңында, – деді Ершат, – інім ол туралы сыныптастарының бірі, бұрынғы Қостанай облыстық соты төрағасының бірінші орынбасары болған зейнеткер Тұрсынбай Жармұхамбетовтің білетінін айтып, мектеп бітіргенде ұжым болып түскен фотовиньетканы берді».
Нұршаттың ағасы Ершатқа айтқан сөзінен кейін ол нұсқаған Тұрсекең, Тұрсынбай ініме телефон шалып бұйымтайымды айттым. Ол да 1965 жылы Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты Қайырбекпен бірге бітіргенін сөз етті. Содан соң: «Ол өзі 1946 жылы Қостанай қаласының іргесіндегі Нечаевка поселкесінде дүниеге келген қандасымыз еді», – деді. – Мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы политехникумға түсіп, қаржыгер мамандығын игерді. Содан соң Меңдіқара ауданының Михайловка кентіндегі астық қабылдау пунктінде істеп жүр дегенді естігенім бар. 70-жылдары суға кетіп қайтыс болыпты. Менің ойымша ол екі жыл Алматыда оқығанда ой-пікірі дамып, сол кездегі Мұрат Әуезов төңірегіне топтасқан қыз-жігіттердің «Жас тұлпар» ұйымымен байланыста болуы әбден мүмкін».
Тұрсынбайдың сөзінің жаны бар. Олай дейтінім, тінту кезіндегі Қайырбектің қағазға түсірген ойлары мен әр жерден келген хаттар оның «Жас тұлпар» ұйымымен мұраттас болғанын дәлелдейді. Осыларды естіп-білген соң Қайырбек жұмыс істеген Михайловка астық қабылдау пунктінде бухгалтер болып істеген Дариға Махамбетова, Надежда Толстых секілді кісілермен де сөйлесіп, пікір сұрадым. Олар біздің кейіпкеріміздің өз мекемелерінде экономист болып қызмет атқарғанын растады. «Қайырбек жұмысына тиянақты, артық сөзі жоқ, көп кісілермен араласа бермейтін жігіт еді. Мінезі тұйық болғандықтан, кейбіреулер бұл «шпион» емес пе екен деп те күдіктенетін. Жұмысшылардың еңбекақыларын кеспей, айлықтарын әділ төлеуге көп жұмыс жасады. Ел осынысы үшін оны жақсы көріп: «Наш маленкий Коля», дейтін. Басқа айтарымыз жоқ», деді...
...Кеңес өкіметі кезінде социалистік қоғамға наразы болып, оны сынаған немесе арнайы бағдарлама жасап, ұйым құруға әрекет еткен адамдар онша көп емес. Бұларды саусақпен санарлық деп айтуға болады. Олар – сонау 40-жылдардың басында республиканың ұлт саясатындағы қиғаштықтарды ашына айтып, Бүкілодақтық төраға М.Калининге хат жазған Батыс Қазақстандағы жастар тобының жетекшілері мен 50-жылдарғы сол түсініктегі тың игеруге байланысты кеудемсоқтыққа қарсы шаққан «ЕСЕП», 60-жылдары Қарағанды өңірінде өмірге келген «Жас қазақ» партиялары мен Алматыдағы «Жас тұлпар» қозғалысының басшылары болатын. Оған сондай-ақ Павлодардағы «Жас ұлан» ұйымын қосуға болады. Осылардың жетекшілерін есептей келіп, сол уақытта өзі жеке-дара әрекет еткен М.Құлмағамбетов пен мына мақаламызда сөз еткен қандасымыз Қ.Әжібаевты қосқанда, ол кеңес қоғамындағы бөгде ойлы 13-ші адам болып шығады екен. Бұл жердегі әңгіме 1940-1970 жылдар аралығындағы диссиденттер турасында болып отыр. Кейін мұндай жандардың Алматы мен Қызылорда және Целиноградта бой көрсеткені анық. Қайырбек Әжібаев та сол уақытынан ерте туған намысқой қандасымыздың бірі еді.
Ғалихан МӘУЛЕТОВ,
ҰҚК-нің құрметті ардагері, отставкадағы подполковник
Қостанай