Азық-түлік бағасына алаңдауға негіз жоқ. Кейбір тауар түрлері ішінара сәл қымбаттағанымен, негізгі азық-түлік қолжетімді. Бағаны тұрақтандыру қоры да қауырт жұмыс істеп, қапысыз қамдануда.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру тетігі біршама жолға қойылған. Қазір «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы тұрақтандыру қорына азық-түлік сатып алынуда. Бүгінде өңірдің тұрақтандыру қорында 1 600 тоннадан аса азық-түлік бар. Былтыр осы мақсатқа облыстық бюджеттен 317,5 млн теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 750 млн теңгеге жетіп отыр.
Азық-түлік бағасын бақылау мақсатында күнделікті мониторинг жүргізіледі. Бағаның тұрақты болуына жергілікті жерде жиі өткізілетін жәрмеңкелер де септігін тигізуде. Мәселен, жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 200-ге жуық жәрмеңке өткізді. Құны базар бағасынан әлдеқайда төмен азық-түліктің сатылуы қарапайым халық үшін жақсы болып тұр. Ертеңін ерте ойлайтын ел үшін қысқа қамданудың тиімді жолы да осы. Айтпақшы, осы жәрмеңкелерде 440 млн теңгенің өнімі сатылды.
– Бағаны тұрақтандырудың тағы бір тетігі жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлік субъектісіне белгілі бір кезеңде бағаны тұрақты ұстап тұру міндеттемесі жүктелген. Несие беру бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі болуына игі әсерін тигізеді. Сонымен қатар аудан әкімдіктерімен, жекелеген кәсіпорындармен бірлесе отырып былтырдан бері осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Айталық, нан өндіруші «Ақсай нан-Көкшетау» нан комбинаты серіктестігімен жасалған уағдаластық бар. Серіктестік 300-ден аса сауда нүктесінде халық көп тұтынатын нан түрін 75 теңгеден сатуда. Міне, осындай жұмыстарды барлық ауданда қолға алып жатырмыз, – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Әбдірахманов.
Бағаны тұрақтандыруға қатысты кәсіпорындармен 1 мыңнан аса меморандум жасалған. Өңірдегі бағаның тұрақтылығына осы келісім оң ықпал етуде.
Жыл басынан бері бірінші сұрыпты ұн, қант, қарақұмық жармасы, картоп, сиыр еті, тұз, сары май тәрізді тауарлардың бағасы біршама көтерілді. Оның басты себебі жоғарыда аталған кейбір өнімдердің біздің өңірде өндірілмеуінен. Дегенмен астықты өлкеде ұн, картоп, сиыр еті, сары май бағасын тұрақты ұстап тұруға әбден болар еді. Соңғы уақытта құс тұмауына байланысты жұмыртқаның бағасы да сәл-пәл көтеріліп келеді.
Көңіл демдер бір жайт, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұдайы қатаң бақылауда ұстағандықтан саудагерлердің тәбеті оншалықты өсіп тұрған жоқ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның ұсынысы бойынша «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 2 293 тонна азық-түлік өнімін сатып алған. Демек ел ырысы кемімейді деген сөз.
Ақмола облысы