• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Парламент 23 Қазан, 2020

Сенаторлар ауылдық аумақтардың проблемаларына алаңдап отыр

172 рет
көрсетілді

Сенатта ауылдық аумақтарды әлеуметтік-экономикалық дамытудың жай-күйі және олардың теңгерімді даму келешегі тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау болды, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің кіріспе сөзінде Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарының табысын ұлғайту және ауыл инфрақұрылымының сапасын жақсарту жөнінде нақты міндеттер қойғанын атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстан халқының 41%-ы ауылдық жерлерде тұрады.

"Әр бесінші ауылда білім беру нысандары жөндеуді қажет етеді. Ауылдық жердегі денсаулық сақтау мекемелерінің де жағдайы мәз емес. Олардың үштен біріне жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Кадр тапшылығы да үлкен мәселе", - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасының айтуынша, ауылдарды мемлекеттік қолдаудың тиімділігі төмен болып отыр. Ауылдық аудандарды орнықты дамыту міндетін орындау үшін жүйелі саясат қажет. Палата Төрағасы бұған дейін сенаторлар "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасына ұлттық жоба мәртебесін беру туралы жақсы ұсыныс жасағанын атап өтті. Бұл осы саладағы мәселелерді кешенді түрде шешуге, ауылды мемлекеттік қолдауды жүйелендіруге мүмкіндік береді.

"Ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттырудың негізгі факторы – сапалы инфрақұрылым қалыптастыру екені түсінікті. Ол дегеніміз – денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, баспана мәселелерін оңтайлы шешу деген сөз. Сондай-ақ, сапалы жол мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту. Сондықтан ауылды дамытуды қаржыландыру Республикалық бюджеттің басым бағыттарының бірі болуы керек деп есептейміз", - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және олардың табысын арттыру да ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Осы мақсатта ең алдымен, жұмыс орындарын ашу, ауылдық кәсіпкерлікті дамыту және қосымша мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру қажет екені айтылды.

Тыңдауды Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев жүргізіп отырды.

Сенатор Ақылбек Күрішбаев ауылдық жерлердің проблемаларына жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, жылдан жылға ауылдық жерлерден кететін адамдардың саны артып келеді. Өткен жылы жарты миллионға жуық адам ауылдан қалаларға көшіп кеткен. Бұрын ауылдағы туу деңгейі қалаға қарағанда әрқашан жоғары болатын. Ал соңғы алты жылда бұл көрсеткіш төмендеп кетті. Ол сондай-ақ өз сөзінде ауыл халқын жұмыспен қамту, сумен жабдықтау, инфрақұрылымды дамыту, білім беру, медицина нысандарының құрылысын салу, жас мамандарды ауылға жұмысқа тарту мәселелеріне тоқталды.

"Біріншіден, Үкімет ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламасының тұжырымдамасын түбегейлі қайта қарастыруы қажет. Осы орайда ең алдымен, ауылдық аймақтарды дамыту бағытын жеке құжатпен ұлттық жоба ретінде қабылдау жөн болар еді. Екіншіден, ауылдық аймақтарды дамыту мәселелерін басқаруды Ұлттық экономика министрлігі қарамағынан алып Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керек. Себебі ауыл өндірісі мен ауылдық тұрғындарға оңтайлы жағдай жасау ортақ мәселенің құрамдас бөлігі және оны бөліп-айырудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, бұл – бүкіл әлемдік тәжірибе", - деді Ақылбек Күрішбаев.

Тыңдауға қатысушылар ауылдық аумақтарды және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ, Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы кооперациясының бастапқы жобаларын іске асыру нәтижелері, сондай-ақ еліміздің ауылдық аумақтарын дамытудың қазіргі заманғы тәсілдері айтылды.

Ауылдық елді мекендерде экономика мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері көтерілді. «Атамекен» ҰКП Төрағасы Абылай Мырзахметов ауыл кәсіпкерлігін қолдау шараларын атап өтті. Одан басқа, кооперацияны дамыту және ауылдағы агробизнестің ағымдағы проблемаларына қатысты мәселелер көтерілді.

Парламенттік тыңдауға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, бизнес-қоғамдастықтың өкілдері, сондай-ақ агросаясат жөніндегі сарапшылар – Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері қатысты.