Жаһанды жайлаған індет талай мәселені шиеленістіре түскені анық. Карантин кезінде бүкіл отбасылардың бір үйге тығылуы бұрыннан да бар жұмыссыздық, озбырлық, әлімжеттік сияқты оқиғаларды ушықтыра түсті. Бұл әрине мемлекетіміздің құқық қорғау саласындағы көптеген заңды қайта қарауға мәжбүр етіп отыр. Ал осы мәселелерге араласып жүрген қоғамдық қорлардың не тындырғаны бар? Өйткені бұл қорлардың қаржылай гранттарды иемденіп отырғанын ұмытпау қажет.
Мәселен, «Қазақстанның тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері институты» қоғамдық қорына 10 жыл толған. Осы уақыт ішінде Қор 20 қоғамдық маңызды және әлеуметтік жобаны іске асырып, 100 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, маңызды құжаттарды әзірлеуге қатысқан.
Қор 2017 жылдан бері әлеуметтік маңызы бар жоба – тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендерді паналататын «ARASHA» баспанасын іске асырып келеді. Айтқандай, «ARASHA» баспанасы Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен ашылған.
Содан бері соңғы үш жылда осы әлеуметтік баспана жақындарынан әлімжеттік көрген 342 әйел мен баланың үйіне айналды. Қор президенті, балалар психологі Маргарита Өскембаева бұрын да қиын жағдайға тап болған әйелдерге көмектесіп келгендіктен, тұрмыстық зорлық-зомбылық жәбірленушілеріне жүйелі көмек қажет екеніне көзі жетіп, осы іске мұрындық болып отыр.
Баспана бір тәулікте 20 адамды паналата алады. Сонымен қатар заңгерлік кеңес пен психологиялық көмекке жүгінген әйелдерді күндізгі және кешкі уақытта қабылдау үшін жағдай жасалынған. «ARASHA» баспанасы және «жедел желі» тәулік бойы жұмыс істейді. Көмекке мұқтаж барлық адамдар қауіпсіз жерге орналастырылады, оларға тамақ беріліп, қамқорлық көрсетіледі. Сондай-ақ заңды, психологиялық, қажет болған жағдайда медициналық қолдау көрсетіледі.
Әлеуметтік қызметкер-баспана үйлестірушісі қажетті анықтамаларды алуға, құжаттарды қалпына келтіруге, ауыстыруға, мемлекеттік органдарға өтініш жазуға көмектеседі. Сонымен қатар әртүрлі бағыттағы тренингтер ұйымдастырылады, оның арқасында әйелдер мен балалар қолдау, көмек алады.
Өткен жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ гранттық қолдауымен Қор «Қазақстандық отбасылар-2019» ауқымды зерттеуін жүргізді. Оған 3 мыңнан астам қазақстандық қатысыпты. Зерттеу Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында және еліміздің 14 өңірінде жүргізілді. Алғаш рет қазақстандық отбасылар әртүрлі тұрғыдан қаралды.
Ал биыл, яғни 2020 жылы Қор екі маңызды жобаны сәтті жүзеге асыруда: «Жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі іс-шаралар кешені» және «Жастар арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешенін өткізу».
Бұл жобалар да Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ гранттық қолдауымен жүзеге асырылады.
Бірінші жоба бойынша жарты жыл ішінде «Қазақстанның тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері институты» ҚҚ еліміздің 17 өңіріндегі жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайтуды көздейтін ауқымды ақпараттық науқан өткізді. Оның ішінде ажырасу алдында тұрған ерлі-зайыптыларға арналған 14 тренинг 600 адамды қамтыған көрінеді.
Сол сияқты «Менің отбасым – менің байлығым!» отбасылық фотография байқауына 150-ден астам адам қатысыпты. Ал 30 адам қатысқан «Қазақстандық отбасылардың сүйікті тағамдары» бұл іске қаншалықты септеседі? Және 100 шақты адам қосылған «Сіз үшін отбасы дегеніміз не?» деген байқау-сауалнама да ұйымдастырылған. Биыл 12-13 қыркүйекте онлайн форматта «OTAUFEST» отбасылық фестивалі өтіп, оған 7 мыңнан астам адам қатысқан.
Осы қазан айында қор еліміздің өңірлерінде «Менің отбасым – менің байлығым» акциясын өткізбек. Оған мектеп оқушылары, студенттер, психологтер, «OTAUFEST» отбасылық фестивалінің жеңімпаздары, медиа тұлғалар қатысады. Акция жалпы 17 мыңнан астам адамды қамтуды көздейді.
Екінші, «Жастар арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешенін өткізу» жобасының қандай пайдасы бар? Бұл «Мен өмірді таңдаймын!» ауқымды ақпараттық-түсіндіру науқаны еліміздің 17 өңірін қамтуы керек. Жоба аясында «Қазақстандық жастардың суицидтік мінез-құлқы: әлеуметтік және психологиялық триггерлер» ауқымды әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, таныстырылыпты. Сауалнамаға 16-29 жас аралығындағы 2 мың адам тартылған.
Жоба жетекшілерінің сөзіне қарағанда, қыркүйек айының соңынан бастап «Мен өмірді таңдаймын!» шарасы өңірлердегі мектеп, колледж оқушылары және ЖОО студенттері арасында Zoom платформасында өтуде. Жастар алдында танымал қазақстандық психологтер, жастар арасындағы суицидпен жұмыс жөніндегі мамандар, медиа тұлғалар өмірді бағалауға шақырып, сөз сөйлейді. Қазан айында барлық өңірде жетекші сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстелдер өтеді. Шараға 15 мыңнан астам жас қазақстандық қатысады.
АЛМАТЫ