Қыс қыр астында. Ал аймақтың жолдарын тазалайтын техникалар қыс маусымына дайын ба? Бұл туралы брифингте аймақтағы жол қызметі мен құтқарушылар және «Қазгидромет» пен «Қазселденқорғау» мамандары баяндады.
«Қазгидромет» РМК өкілдерінің ұзақмерзімді болжамына сәйкес, биылғы қарашада ауаның орташа температурасы әдеттегідей, ал желтоқсаннан келер жылдың қаңтарына дейін ауа температурасы нормадан 1°С жоғары болады деп күтілуде. Осы кезеңде облыстың солтүстігінде, солтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері әдеттегі нормадан жоғары болуы ықтимал.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, қар басып қалатын 314 учаске белгіленген. Оның 69-ы ұзақтығы 192,6 шақырым болатын республикалық және 245-і жалпы ұзындығы 302,314 шақырымды құрайтын облыстық маңыздағы автожолдар. Бұл жолдардың бойына 19 жылыту бекеттері ұйымдастырылған.
– Барлық қар құрсауында қалатын жол учаскелерінде ұзындығы 17 мың метрден асатын қар тоқтататын қалқандар орнатылды. Республикалық күре жолда 4 медициналық-құтқару бекеті жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар олар жылыту пункттері қызметін де атқарады. Ал жолдардың жағдайына келер болсақ, республикалық маңызы бар трассалардың қар тазалау техникасы 90%-ға дайын, – деді «Қазақавтожол» ЖШС облыстық филиалының бас инженері Болат Жұртпаев.
Қар тазалайтын техникалар қатарында автогрейдерлер, шнекороторлар, шынжыр табанды және дөңгелекті тракторлар, тиегіштер, автотүсіргіштер бар. Бұлардың жалпы саны 500 бірліктен асады. Сондай-ақ 19 мың тоннадан астам көктайғаққа қарсы материалдар қоры және 844 уақытша жол белгісі дайындалған. Қолайсыз ауа райы жағдайы кезінде жедел өзара әрекеттесу үшін қызметтер арасында жоспарлар әзірленген.
Брифинг барысында өңірде 100 шақырымнан астам жол қар көшкініне ұшырауы мүмкін екендігі де айтылды. Өйткені Шығыс өңірі – қар көшкіні жиі жүретін қауіпті аумақтардың бірі. Көшкін қаупі бар учаскелерде көшкін түсу қаупін азайтуда атқарылған жұмыстар және қысқы кезеңге дайындық туралы облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Тимур Дидахметов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі кезде облыс аумағында қар көшкіні қаупі бар 497 учаске анықталып отыр. Соның ішінде 336 учаске жол нысандары адамдардың өміріне аса қауіпті деп саналады. ТЖД болжауынша, 105 шақырым автокөлік жолы қар көшкіні құрсауында қалуы мүмкін аумақ.
– Қарашадан бастап күн сайын көшкін қаупі бар учаскелерге тексеру жүргіземіз. Барлық ақпараттарды жинап, талдауды және қауіпті табиғи апаттар мен төтенше жағдайды бақылап, тиісті шешім қабылдауды тәулік бойы 6 диспетчерлік бекет жүзеге асырады. Облыс тұрғындарын ескерту мақсатындағы қалқандар мен «сақ болыңыздар, қар көшкіні қаупі бар аймақ» деген жазуы бар плакаттар орнатылды. Биыл «Зубовка» тауында қар тоқтататын қалқандарға жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. 10 нүктеде қар ұстайтын 66 қалқан тұрғызылды, – деді Тимур Дидахметов.
Облыстық ТЖ департаменті «Қазгидрометтің» аймақтық филиалымен бірлесіп, ұялы байланыс операторлары көмегімен SMS хабарламалар жіберу және кез келген азамат пайдалана алатын DARMEN мобильді қосымшасы арқылы дауылды, қолайсыз ауа райы жағдайын ескерту бойынша ақпараттар тарататын болады.
Қыста апаттық-құтқару іс-қимылдарын жүргізу үшін ТЖД резервінде 150-ден астам техника бар. Оның ішінде қар құрсауында жиі қалатын аудандарға жұмылдыруға арналған өрт сөндіру автоцистерналарынан, жол талғамайтын, вахталық көліктерден басқа, байланыс және жарық беру көліктері, сондай-ақ «Нива-Марш», «Трэкол», «Шерп» сынды техникалар қыс маусымына сақадай сай.
Бұдан басқа шұғыл көмек көрсету үшін Өскемен әуежайында «Қазавиақұтқару» бөлімшесінің бір «Еврокоптер-145» тікұшағы дайын тұр. Облыстық ТЖ қызметі жеке құрамының саны екі мыңнан асады.
Қыстың күні жолға шықпас бұрын барлығын мұқият жоспарлап, кез келген жағдайға дайын болған жөн. Әр автокөлікте шұғыл жағдайда адам өмірін құтқаратын заттар болуы тиіс. Мысалы, шамдар, арқан, дөңгелектерге арналған шынжырлар, күрек сынды қажетті заттар.
Шығыс Қазақстан облысы