Биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Батыс Қазақстан облысында тұтыну бағаларының индексі былтырғы желтоқсанға қарағанда 104,8%-ды құрады. Бұл жалпы елдегі көрсеткіштен (104,9%) сәл ғана төмен. Соның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 7,2%-ға, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 3,3%-ға өскен.
Кейінгі кезде өңірде 1-санатты тауық жұмыртқасының бағасы 12%-ға өскені байқалды. Жергілікті тауар өндірушілердің айтуынша, жұмыртқа құны Ресей аумағынан жеткізілетін жем, гербицидтер және шикізат бағасы орта есеппен 20%-ға көтерілген соң өсіп кеткен.
Сондай-ақ шаруа қожалықтарында шикізат бағасының өсуіне байланысты күнбағыс майы да 2,4%-ға қымбаттаған. Қазір 1 тонна күнбағыс тұқымының бағасы 180-220 мың теңгеге жетеді. Өткен жылы 1 тонна күнбағыс тұқымы 100 мың теңге тұратын. Облыстағы күнбағыс майын негізгі өндіруші «Белес-Агро» ЖШС бұл тауарды шарттық міндеттеме бойынша сатып отыр.
Қанттың орташа бағасы да 7,3%-ға көтерілді. Биылғы өнім көлемінің төмендігі, халық сұранысының артуы Ресей мен Беларусьтан келетін тауар бағасын өсіріп жіберген.
Ал жеміс-көкөніс өнімдерінің, мәселен, қырыққабат бағасының 2,5%-ға көтерілуі маусымдық ауытқуларына байланысты.
Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Құланбаевтың айтуынша, облыс басшылығы өңірде бағаны тұрақтандыру үшін кешенді шараларды қолға алды. Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тежеу, бақылау, мониторингілеу бойынша тиісті шаралар қабылданған. Күн сайын облыстың барлық кәсіпорындары – өндірушілер, көтерме жеткізушілер, сауда желілері бойынша азық-түлік тауарларының бағасы мен сақтаулы қорына мониторинг жүргізіледі. Соның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу мәселесі ерекше бақылауға алынған.
Бүгінде жергілікті жерлерде күн сайын баға мониторингін жүргізетін 20 жедел топ жұмыс істеп тұр. Сауда кәсіпорындары, өндірушілер, қоймалардағы қорлар және облыстың тұрақтандыру қоры бойынша азық-түлік тауарларының қоры күнделікті бақылауда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын көтерме сатушылар үшін «қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша сауда павильондары ұсынылған. Сауда желілерінің басшыларымен бірлесіп, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін әлеуметтік бұрыштар – халықтың осал топтары үшін төмендетілген бағамен берілетін тауарлар сөресі ашылды, тұрақтандыру қорының тауарларын өткізу үшін «Алтындар» ЖШС-мен шарт жасалды.
Жергілікті тауар өндірушілер өз өнімін, соның ішінде көкөніс пен нан өнімдерін тұтынушыға тікелей сату үшін арнайы сауда орындары ұсынылды. Орал қаласының өзінде тауар өндірушілерінің нан-тоқаш өнімдерін тікелей сататын 50 фирмалық дүкен орнатылды. Aqjayiq әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Ел ырысы» әлеуметтік шағын маркеттерінің жобасын іске асыруда. Қазірдің өзінде 10 шағын маркет орнатылып, тағы 15 шағын маркет жоспарланған. Бұл маркеттерді жалға алған кәсіпкерлер әлеуметтік азық-түлік бағасын кем дегенде 10%-ға төмендетсе, жалдау құны 50%-ға дейін төмендейді. Тұрақтандыру қорының тауарларын осы шағын-маркеттерде және облыстың басқа сауда павильондары желілерінде өткізу туралы меморандумға қол қойылған.
Бүгінде көше саудасы нысандарын орналастыру үшін кәсіпкерлерге www.gosreestr.kz порталы арқылы аукцион өтіп, 38 жер телімі берілген.
– Ең алдымен нан бағасын тұрақтандыру үшін облыстағы наубайханаларға тұрақтандыру қорынан 1 килограмы 95 теңгеден 200 тонна бірінші сұрыпты ұн сатылды. Наубайшылар әлеуметтік нанның бағасын 80 теңгеден асырмауы тиіс. Биылғы тамыз айынан бастап наубайханаларға 31 желтоқсанға дейін бірінші сортты ұннан жасалған нанның бағасын бір бөлке үшін 80 теңгеден белгілеу шартымен әр килограмы 111 теңгеден 160 тонна ұн бөлінді, – дейді Мақсат Мейрамғалиұлы.
Сондай-ақ Орал қаласында және аудан орталықтарында ауылшаруашылық жәрмеңкелерін ұйымдастыру қолға алынған. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге де, тұтынушыға да тиімді. Мәселен, 2019 жылы облыс бойынша 286 жәрмеңке өткізілген екен. Сол аралықта 372,8 млн теңгенің саудасы жасалған. Соның ішінде 96 жәрмеңке Орал қаласында өтіп, 243,5 млн теңге айналған екен.
– Биыл наурыз айының басында еліміз бойынша төтенше жағдай режімі енгізілген соң ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізе алмай қалдық. Тек 5 қыркүйектен бастап қана жәрмеңке саудасы қайта қызды. Осылайша қыркүйек-қазан айларында 15 жәрмеңке өткізіліп, 55,5 тонна ет, 11,1 тонна балық, 59,6 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері, 134,8 мың дана жұмыртқа сатылды, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары.
Батысқазақстандықтар үшін күнделікті қажетті азық-түлік тауарлары қат болып, бағасы аспандап кетеді деген қауіп жоқ сияқты. Өңірде тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін 2019-2021 жылдарға 550 млн теңге бөлінген. Дәл қазір қорда 337,1 млн теңгенің тауары, атап айтсақ, 401 тонна бірінші сұрыпты бидай ұны, 100 мың литр күнбағыс майы, 76 тонна сиыр еті, 277 тонна қант, 112,5 тонна қарақұмық жармасы, 8 тонна тұз, 130 тонна күріш, 60 тонна макарон өнімдері, 30 тонна тауық еті жинақталған.
Батыс Қазақстан облысы