• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Қазан, 2020

Полиция жоғалған жылқыларды табуға көмектесті

309 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданындағы Новоандреевка ауылының тұрғыны полицияға үйінің қасында байлаулы тұрған құлынды биесінің жоғалып кеткенін хабарлаған. Өзі екі күн бойы іздесе де малынан еш дерек таба алмай, амалсыздан полицияға жүгініпті, - деп хабарлайды Egemen.kz

Солтүстікқазақстандық ауыл тұрғындары үшін жылқының маңызы айтарлықтай зор. Ол әрі соғым, әрі сатса пұл болады. Жазда қымызын ішетіндер де соңғы жылдары көбейіп келеді. Ал биылғы жаман індеттің кезінде қымыз адамдардың иммунитетін көтеретін бірден-бір сусын ретінде таралды. Оның үстіне көлік ретінде қолданатындар да ауылда әлі күнге көп. Осындай малынан айрылып қалған ауыл адамының күйзелізін түсінуге болады. 

Дабыл кезекші бөлімге түскен бойында ол полиция бөлімдеріне жеткізілен. Соның ішінде осы ауыл маңында кезекшілік еткен әкімшілік полиция бөлімінің қызметкері, полицияның аға лейтенанты Азамат Көппергенов пен аға криминалист, полиция майоры Айдарбек Хамзинге де хабар жеткен. Олар оқиға орнына барып, із кесуге кіріседі.

Осыдан бір-екі күн бұрын Новоандреевка ауылынан шамамен үш шақырымдай жерде орналасқан Қатанай ауылына қарай беттеп бара жатқан жылқыларды көрген куәгер табылады. Полицейлер ауыл тұрғындарымен бірге ормандарды аралауға кіріседі. Бір орманның ішінде Айдарбек Хамзин алыста жүрген жылқыларды байқайды. Құлынның жібі шөпке оралып қалып, бие одан алыстай алмай, қасында тұр екен. Бұлар нақ жоғалған жылқылар болып шыққан. Малы табылған иесінің қуанышы шексіз болды. "Жылқыларды бар қаражатымды жұмсап, жуырда ғана сатып алған едім. Полиция қызметкерлердің қайырымдылығы, іздеуге жедел кірісіп кеткендері үшін аудандық полиция бөлімінің басшылығына алғыс білдіремін", - деді ол.   

Сөйтіп ізшіл полиция қызметкерлерінің қатысуымен іздеу жұмысы жарты күнге ғана созылған. «Күнкөріс көзіне айналған төрт-түлік ауыл тұрғындары үшін аса маңызды.  Малдарынан айрылып қалса адамдар қатты күйзеледі. Сондықтан да біз мұндайда қолымыздан келген көмегімізді жедел жасауға тырысамыз, - деді Мамлют ауданы ПБ бастығы, полиция подполковнигі Серік Әлжанов. "Қызметкерлеріміздің тұрғындарға қуаныш сыйлағаны біздің де өз жұмысымызға деген ынтамызды арттыра түседі. Малы жоғалған адамның бейнекөрініс арқылы алғыс айтқаны біз үшін үлкен марапат болды", деді ол.

Бір жақсысы осы ауданда үстіміздегі жылдың тоғыз айында бірде-бір мал ұрлау фактісі тіркелмеген. Осының өзі полицияның нәтижелі, жедел жұмысының айғағы болса керек. Алайда, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жоғалып кеткен жануарларды іздеуге 11 рет қатысты.

 

Солтүстік Қазақстан облысы