«Адамның бір қызығы бала деген...» демеп пе еді Абай?! Өкініштісі, сол қызыққа кенеле алмай, ұрпақ сүюді арман еткен жандар жетіп-артылады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі әрбір алтыншы отбасы бір перзентке зар екен. Кейбір отбасылар ортада бала болмаған соң ажырасып та кетіп жатыр. Ал азаматтардың ұрпақты болуы, өмірге дені сау ұрпақ келуі мемлекет үшін өте маңызды. Маңызды болған соң да 2010 жылы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында тегін экстракорпоральды ұрықтандыру жүзеге аса бастаған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырып, экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек екенін айтқан. Ал еліміздің отбасылық-демографиялық ахуалын жақсарту мақсатында ЭКҰ бағдарламасы 2010 жылдан бастап тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі (ТМККК) аясына енгізілген болатын. Содан бері бұл бағдарлама еліміздегі мыңдаған отбасына бақыт сыйлаған.
500-ден аса ана бесік тербеткісі келеді
Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын жүздеген отбасы аталған бағдарламаға бөлінген квотаға іліну үшін кезекке тұрады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметтері бойынша, биыл өңірімізге 80 квота бөлінген. Алайда сәби сүйе алмай жүрген отбасылардың саны 500-ден асып жығылады екен. Әсіресе Семей, Риддер қалаларынан, Аягөз, Зайсан аудандарынан келіп кезекке тұрған отбасылар көп. Медицина саласы мамандарының айтуынша, оның бірден-бір себебі – Өскеменнің өндірістік қала екені. Демек экологияның әсері болуы мүмкін. Ал орталықтан алыс жатқан аудан тұрғындары дәрігердің көмегіне кеш жүгінеді.
– Мұндай жағдайда кінәні көбінесе әйелдерден іздеп жатады. Бұл – қате түсінік. Егер жұп бес жылдан артық нәрестелі бола алмай жүрсе, ерлердің денсаулығына байланысты. Оның себеп-салдары көп. Мәселен, ер-азамат өндірістік орында жұмыс істеуі мүмкін, керісінше офистік қызметте болып, аз қимылдайтын шығар. Сөйтіп гормоналды фонның әлеуеті бұзылады. Бізге келуші пациенттердің орта жасы 21-47 жас аралығында екенін ескерсек, бұл – үлкен проблема, – дейді «Экомед-Шығыс» ЖШС клиникасының директоры, репродуктолог дәрігер Назгүл Махамбетова.
Дәрігердің айтуынша, кейбір жағдайда ер адамның ұрық жүретін түтікшелері бітеліп қалуы да мүмкін. Ондайда бітелген жолдарды емдеп, жазуға болады. Нәтижесінде ерлі-зайыптылардың сәби сүюге мүмкіндіктері бар.
Ал әйелдердегі бедеуліктің басты себептері – жатыр түтікшелерінің қабынуы, аналық ұрықтың азаюы. Егер аналық ұрық азайса, оны көбейту мүмкін емес екенін алға тартады дәрігерлер. Сол үшін де жергілікті жердегі дәрігерлер бала сүйе алмай жүрген отбасылардың денсаулықтарын жіті қадағалап, дер кезінде шара қабылдағандары жөн.
Жалпы алғанда, облысқа бөлінген квотаға кезекте тұрған отбасылардың саны жеті-сегіз есе көп. Ал Өскемендегі «Экомед» клиникасына бір жылдың ішінде 180-200 отбасы жүгінеді екен. Нәтижесінде, клиникада емделген әйелдердің 60-70-і жүкті болыпты. Баса айта кетерлігі, Өскемендегі клиникада болашақ аналар ЭКҰ процедурасына дайындалады, ұрықтары жетілдіріледі. Ал ЭКҰ процедурасының өзі Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы эмбриологиялық зертханаларда жасалады. Квоталар эмбриологиялық зертханалары бар клиникаларға ғана бөлінеді. Көрсетілетін қызметтің барлығы мемлекет есебінен жүзеге асады. Тіпті жол ақысын да төлеп береді.
Қазіргі уақытта әйелдер ғана емес, ерлер бедеулігі де өзекті мәселе болып отырғанын облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандары да атап өтті.
– Сәби аңсаған отбасылар бақытты болуы үшін медицинада урология, андрология, акушерлік-гинекология, эмбриология, репродуктология саласындағы мультидисциплинарлық тәсіл ерекше рөл атқарады. Мысалы, ЭКҰ-ға квота алу үшін кезекте тұрған жұптардың шамамен 200 жұбында бедеуліктің аралас және ерлер факторы кездеседі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр. Медициналық ұйымдарда ерлер мен әйелдердің бедеулігін диагностикалау және емдеу стандарттары қатаң сақталады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиуллина.
2018 жылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша квота алу үшін кезекте тұрғандар саны – 667, 2019 жылы – 594, ағымдағы жылы 600-ден астам жұпты құраған. Ал бөлінген квоталардың игерілуіне келсек, 2018 жылы бөлінген 65 квотаның 62-сі игеріліп, үшеуі қайта бөлінген. Игерілген 62 циклдың 18 жағдайында отбасы сәби сүю бақытына ие болды, яғни 29 пайызы. Өткен жылы бөлінген 69 квота толығымен игеріліп, 24 жағдайда оң нәтиже көрсеткені қуантқан. Сонда қаншама әулет бала сүйіп, қаншама ана бесік тербетті?! Бақыт емей немене?!
Мемлекеттің осы бағдарламасы арқылы балалы болу бақыты бұйырған ата-аналармен хабарласып көргенбіз. Мемлекетке, дәрігерлерге алғысын жаудырып отырған отбасы пікір білдіргенімен, аты-жөндерін атамауды өтінген.
– Балалы үй базар демекші, әр отбасының қуанышы баладан басталады ғой. Бірақ сол бір балаға зар болып жүргендер де бар. Біздің отбасылы болғанымызға 9 жыл толыпты. Соншама уақыт сәбилі болуды аңсадық. Бала тілеп, бармаған бақсы-балгеріміз қалмады. Аталардың басына да түнедік. Сөйтіп жүргенде нәрестелерін қоқыс жәшігіне, әжетханаға тастап кететіндерге ашуым келетін. Ең бастысы, жолдасым екеуміз бір-бірімізге қолдау көрсете алдық. Түсіністік. Құжаттарды әзірлеп балалар үйінен 3 жастағы Даянаны асырап алдық. Бір жылдан кейін танысымыздың ұсынысымен ЭКҰ жасатуға шешім қабылдадық. Тәңірдің сыйы болар, барған күннен барлығы сәтті өтті. Қазір кішкентайымызға 1 жас 9 ай болды. Тәубе, өсіп келеді, – дейді өскемендік кейіпкеріміз.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, биылғы Шығысқа бөлінген квота арқылы алдағы уақытта тағы бірнеше отбасы балалы болады.
ЭКҰ әдісі елімізде ең арзан
Құтыдан тұңғыш сәби 1996 жылдың 31 шілдеде Қазақстан мен Орталық Азияда дүниеге келген екен. ЭКҰ әдісімен туған алғашқы қазақстандық бала биыл 24 жасқа толыпты. Құтыдан шыққан тұңғыш қазақстандық баланың авторы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпаздарының бірі, биология ғылымдарының докторы, еліміздегі алғашқы және жетекші ЭКҰ орталықтары мен бедеулікті емдейтін «Экомед» клиникасының негізін қалаушы – Салтанат Байқошқарова. Егер Салтанат пен жұбайы Батыр Бекмұсаевтың өздері де жеті жылдай бедеулікпен күреспесе, елімізде мұндай әдістің қашан қолға алынарын кім білсін?! Кейін олар құрған зертханалардың көмегімен мыңдаған бала дүниеге келді, олардың ішінде өздерінің екі баласы да бар. Қазір отбасының күшімен ашылған «Экомед» орталықтары еліміздің бірнеше қаласында жұмыс істеп тұр. Сегізінші клиника өткен жылы ғана Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында іске қосылды.
– Клиника филиалдарының Қазақстанның бірнеше қалаларында белсенді дамуы – менің соңғы екі-үш жылдағы еңбегімнің нәтижесі деп айтуға болады. Жеріміз кең болғандықтан алыс ауыл-аудандағылар бір орталыққа аяқтары жете бермейді. Алайда қаншама адам балалы болуды қалайды. Менің ойымша, біздің медицинада акушер-гинекологтер көп, ал бедеуліктің себеп-салдарын анықтау мен емдеудің заманауи тәсілдерін меңгерген репродуктологтар, ЭКҰ-ны жақсы білетін мамандар аз. Сондықтан өңірдегі жұптар репродуктолог іздеп Нұр-Сұлтанға немесе Алматыға сабылмас үшін аймақтарда филиалдар ашу өте маңызды, – деген еді Өскеменге арнайы келген Салтанат Байқошқарова.
Салтанат Байқошқарованың айтуынша, бедеу жұптардың үштен бірі ғана ЭКҰ-ға мұқтаж, қалғандарына қарапайым әрі арзан әдістермен-ақ көмектесуге болады. Өз тәжірибесінде репродуктологтың бір ғана кеңесінен кейін жүкті болған әйелдер бар көрінеді. Өйткені білікті репродуктолог жүктілікке әкелетін жолды дұрыс көрсеткен.
– Біздің міндетіміз – әрбір отбасы үшін қолжетімді болу. Жергілікті жерлерде филиалдарды ашу. Бізге тек жақын шетелдерден ғана емес, алыс елдерден де емделуге келеді. Бұл да жетістік көрсеткіштерінің бірі, – дейді елге белгілі дәрігер.
Медицина саласы мамандардың мәліметіне сүйенсек, бала көтере алмай жүрген отбасылардың бес пайызында ғана туа біткен бедеулік болады. Қалған 95-97 пайызында бедеулік жасанды түсік түсіруден кейінгі асқынулардың, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың салдары екен. Сондай-ақ мамандар экологиялық факторды, яғни экология адамның репродуктивті функциясына теріс әсерін де жоққа шығармайды.
Салтанат Байқошқарованың айтуынша, Қазақстанда ЭКҰ процедурасы басқа елдермен салыстырғанда арзан тұрады, ал препараттары, керісінше, қымбат. Мысалы, стандартты экстракорпоральдық ұрықтандыру бағдарламасы шамамен 400 мың теңге тұрады, ал медициналық препараттарға 600 мың теңгеге дейін жұмсалады. Егер мемлекет тарапынан квоталар көбірек бөлінсе, онда Еуропадан сатып алынатын медикаменттердің арзандауына қол жеткізуге болатын сияқты.
Әлемде ЭКҰ әдісінің қолданыла бастағанына қырық жылдан асты. Жылдан-жылға бұл тәсіл жаңа технологиялармен толығуда. Мысалы, осыдан он жыл бұрын эмбриондарды мұздату технологиясы болмаған. Қазір жапон профессоры Куваяма ойлап тапқан «крио-консервациясын» бүкіл әлем қолданады. Бұл әдіс пациенттердің биоматериалдарын мұздатып, бала сүюді кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Ал Қазақстанда онкологиялық дертке шалдыққан науқастарға осы әдісті пайдалануға рұқсат берілген. Олар ұрықтарын мұздатып қояды да, кейін қатерлі ісік ауруын емдеп болған соң пайдалана алады.
Отбасылық-демографиялық ахуалды жақсартқанымен, олардың әлеуметтік жағынан қорғалуы мен баспанамен қамтамасыз етілуі де назардан тыс қалмаған. Мемлекет басшысы биыл 13 мамырда 8 және одан да көп баласы бар отбасылар үшін жәрдемақының жекелеген мөлшерін белгілейтін заңға қол қойды. Енді сегіз баласы бар отбасы үшін жәрдемақы 88 896 теңге, 9 баласы бар отбасы үшін – 100 008 теңге, 10 – 111 120 теңге, 11 – 122 232 теңге, 12 – 133 344 теңге, 13 – 144 456 теңге, 14 – 155 568 теңге, 15 – 166 680 теңге, 16 – 177 792 теңге мөлшерінде белгіленген.