• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 29 Қазан, 2020

Жауһар мұраға – жаңаша көзқарас

330 рет
көрсетілді

Ұлы ақын, дана ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен «Абай мұрасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шараны жүргізген Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов ұлы ойшыл­дың мұрасын зияткер ұлт пен жаңартылған қоғам қалып­тас­ты­ру негіздері тұрғысынан зер­де­леудің маңызы туралы айтты. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ға­сыр­дағы Қазақстан» атты мақа­ла­сындағы «ұлттық сананы жаң­ғыр­та­мыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұ­қият оқуымыз керек. Оның қо­ғам­дағы түрлі үдерістерге қа­­тысты көзқарасы бүгінгі Қа­зақ­стан үшін аса пайдалы. Өз зама­нының ғана емес, қазіргі қоғам­ның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы» деген сөздерін қа­пер­­ге алып, Абай мұрасының зият­кер ұлт қалыптастырудағы рө­лінің басымдығын атап өтті.

Жиында «Абай мұрасы және ел­дік сөз» деген тақырыпта баян­дама жасаған Парламент Се­натының депутаты, белгілі қа­ламгер Нұртөре Жүсіп Абай­дың алтыншы қарасөзіндегі бір­лік туралы тұжырымдамасына қатысты ойларымен бөлісті. Қа­­лам­гер қазіргі қазақтың сөз тың­­дау, сөз сөйлеу, аталы сөз­ге тоқтау мәдениетінің кем­шін­дігі, тобырлық сана тудыр­ған топтық мүддені көздейтін кей дау-жанжалдар «қазақ ұлт болып қалыптасқан жоқ» дей­­­тін түсініктердің пайда бо­луы­­­на әкелгенін айтты. Де­ген­­­мен қуаныш пен қайғыда, көпшіліктің басына түскен қиын­­дықта бірге болуды мұрат тұтқан отандастарымыздың тұтас ұлт­тығымыздың белгісін таны­тып жүргенін де атап өтті. Осыған орай Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы ауылдарды су басу оқиғасы кезіндегі халықтың «біз біргеміз», «біз бекембіз» деген түсінікпен зардап шеккендерге барынша көмек қолын созған мысалдарын келтірді.

Сенатор жүрісі жылдам дә­уір­ге аяқ басқан халқымызға ең керегі кәсіп үйрену мен білім алу екенін жеткізіп, соған сәйкес Абай­­­дың «әрбір орынды қарекет өзі де уайым-қайғыны азайтады» дей­­тін сөзіне талдау жасап берді.

Филология ғылымдарының док­торы, профессор Шәкір Ыбыраев «Абай поэзиясының әлеу­меттік парадигмасы» деген тақы­рыпта баяндама жасап, Абай ойла­рының мәңгілікпен ұштасып жатқанын алға тартты. «Абай тура­лы көп жазылды. Үлкен ға­лым­дар тарапынан іргелі зерттеу­лер жасалды. Енді Абайды жа­ңа­ша зерттеу керек. Әлемдік әдебиеттану, антропология, психологияны игерсек қана Абайға жаңаша келуге болады»  деген ғалым әр ұрпақтың Абаймен өз сана шеңберінде диалогқа түсіп отыратынын айтты. Ол сондай-ақ өткен ғасырдағы француз әлеуметтанушысы, философы Пьер Бурдьенің кез келген әдеби шығарманы төрт капи­тал­ға жіктеп қарастырғанын айта келіп, Абай феномені ретінде оның шығармашылығы осы капиталдардың шеңберіне сыймайтынын, өйткені ол өлеңді «табыс табу, танылу, елену, мәдени ке­ңістіктен өз орнын табу» мақ­сатында жазбағанын айтты. Ға­лым­ның ойынша, Абай «ішін кернеген дертті сыртқа шы­ғар­ған ақын». Ш.Ыбыраев өз баян­да­масының соңында ұлы ақын шы­ғармашылығына бойлау үшін оның өлеңдеріндегі мәдени және әлеуметтік кодтарды ашу керек­ті­гі­не назар аудартты.

Ал «Абайдың қайраткерлік бол­мысы» тақырыбында баян­да­ма жасаған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология ин­ститутының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабыл­ди­­нов жас ұрпақ Абайдың ақын­дығына, ойшылдығына, аудар­машылығына ғана емес, қайрат­кер­лік болмысына да қарап бой түзеулері керек деген мағынадағы ойларымен бөлісті. Тарихшы ғалым қайраткерлігімен де та­ныл­ған тұлғаның атқарған істе­рі туралы деректер Ұлттық мұра­ғат­тың 64-ші, 44-ші, 344-ші қор­ларында сақталғанын айтып, сондай дерекқорлардың бірін­де сақталған, Семей облысы әске­ри губернаторы, генерал-майор Галкиннің 1903 жылы Абайға берген мінездемесінен үзінділер келтірді. Галкиннің мә­лі­метіне сәйкес, біріншіден, Абай дәулетті адам. 1000 жылқы, 2000 қойдың иесі. Екіншіден, кін­дігінен тараған балаларының бәрін өзі оқытқан. Үшіншіден, кітап, газет-журналдарды жаздырып алып, оқыған. Төртіншіден, 18 жыл мемлекеттік қызметті мінсіз атқарған. Осы мәліметті кел­тірген З.Қабылдинов, әсіресе ме­м­лекеттік қызметкерлерді Абай­­­дың қайраткерлік қыры­мен, мем­­лекет ісіндегі мінсіз қыз­ме­ті­мен тәрбиелеудің маңыз­ды­лы­ғы жөнінде ой қозғады.

Жалпы, «Абай мұрасы» кон­ференциясында баяндама жаса­ған ғалымдардың көпшілігі Абай шы­ғармашылығын бүгінгі күн тұр­­ғысынан зерделеу, оның мұ­­расын шетелдерде таныту, өс­ке­лең ұрпақты тәрбиелеу тұр­­ғы­сынан сөз қозғады. Айта ке­ту керек, жиынға Zoom желісі ар­қы­лы 100 шақты отандық ға­лым­­дар мен шетелдік қонақтар қа­тысты. Шара барысында Қа­зақ­стан Республикасы Прези­ден­ті Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» кітабының тұсауы кесілді. Жиын­ды жүргізуші Еуразия ұлт­тық университетінің ректоры Е.Сыдықов кітап материалы БҰҰ-ның ресми алты тілі­не ауда­рылғанын, бұл орайда ше­тел­дік және отандық ғалымдар мен аудармашылардың еңбегі зор бол­ға­нын атап өтті.