Бүгін ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің басшысы Оңал Бекеевтің төрағалығымен кеңейтілген кеңес өтті. Онда Департаменттің 2020 жылғы 9 айдағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары қаралып, көлік полициясының алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалды. Басқосуға Департамент аппаратының қызмет бастықтары мен аумақтық бөлініс басшылары қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңесті ашқан О. Бекеев еліміздің теміржол және әуе көлігі нысандарындағы жедел жағдайға жан-жақты тоқталды.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бері көлік полицейлері әуе және теміржол көлігімен тасымалданған 15 миллионнан астам азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.
Өз сөзінде ведомство басшысы қабылданған алдын алу шараларының нәтижесінде қылмыстар санын 27,1%-ға төмендетуге қол жеткізілгенін атап өтті. Осы жылдың 9 айында барлығы 1159 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Олардың жалпы ашылуы 91%-ды құрады.
Түрлі құқық бұзушылықтары үшін 32498 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ есірткінің заңсыз таралу фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған шаралар іске асырылды. Департамент бөліністерінің күшімен 155 килограмнан аса әртүрлі есірткі заттары тәркіленді.
Кеңес барысында Ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру, соның ішінде ішкі істер органдарын реформалау, "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясында полиция жұмысының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер кеңінен талқыланды.
"Мемлекеттің тұрақтылығын және қоғамның береке-бірлігін сақтау – басты міндет. Осындай сәтте полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне, отаншылдық рухына, қажыр-қайратына көп нәрсе байланысты", - деді Президент Қ.К. Тоқаев ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында.
"Бұл Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы. Біріншіден, полицияда тек кәсіби мамандар қызмет етуі қажет. Екіншіден, болашақ полиция қызметкерінің жоғары моральдық қасиеттері, адал, әдепті және физикалық дайындығы да шыңдалған болуы қажет. Ол қандай маңызды лауазымда қызмет атқаратынын және қаншалықты жауапты екенін толыққанды түсінуі қажет", - деді полиция полковнигі.
Бұдан соң бірқатар аумақтық бөлініс басшысының баяндамалары тыңдалды.
Шара барысында кадр саясатына баса назар аударылды. Сонымен қатар полицейлердің қызметтік-жауынгерлік дайындық деңгейін көтеру және жеке құрам арасындағы тәртіпті нығайту мәселелері айтылды.
О. Бекеев кеңесті қорытындылай келе, бөлініс басшыларына жедел қызметті күшейту, қылмыстарды ізін суытпай ашу, құқықбұзушылықтардың алдын алу, адамдар көп шоғырланатын темір жол қозғалысында, әуежай нысандарында, вокзалдар мен перрондарда қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар міндеттер қойды.