Ақыл таразысына салып, байыптап қарасаңыз, кәсіп істеймін деген адамға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек аз емес. Бұл орайда тіпті өкпелеудің жөні жоқ. Биыл облыстың 632 азаматына кәсіптерін дамыту үшін 2,5 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілген.
Бір ұтымдысы, өз алдына кәсібін енді бастаймын дегендер қайтарымсыз грантқа ие болса, бұл орайда аз-кем тәжірибе жинақтаған, енді ісін ұлғайтуды көздегендерге шағын несие түрінде қолдау көрсетілуде. Іссапарда болған кезімізде ауыл тұрғындарымен тілдесе қалсақ, ең алдымен, жұмысты бастап кетуге бастапқы қаржының жоқтығы туралы көп айтылады. Егер қолымызға қаражат тисе, ойдағыны орып, қырдағыны қырып жұмыс істер едік деген тәрізді ниетін де байқатады.
– Кәсіп қылудың қыр-сыры өте көп. Ең алдымен немен шұғылданатыныңды күні бұрын барлап, өңірдің тыныс-тіршілігін аңдап алуың керек. Шығарған затың өте ме, өтпей ме, халыққа қаншалықты қажеттілігі бар, оны білген де өте маңызды, – дейді кәсіпкер Нұрлан Алпысов.
Бұл арада айтпағымыз – ісін енді бастаған адамдардың шаруасы оңғарылмай жататыны. Мәселен, Қорғалжын ауданында бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері 27 адам алған несиесін уақытында қайтара алмай жүр. Осындай келеңсіздіктің кесірінен 34 млн теңге жеке сот орындаушылардың араласуымен кейін қайтарылмақ. Тілдесіп көрсеңіз, кәсібін бастаймыз деп қарызға батқандардың уәжі бизнес талабын бағамдай алмауынан болып отыр.
Ең алдымен, осы мәселені екшеп, жан-жақты дайындалған ләзім. Биыл ауданның 17 тұрғынына 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 9,5 млн теңге қайтарымсыз грант берілген. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қолдарына қаражат тиген кәсіпкерлер өз жұмыстарын бастауда. Солардың бірі – көпбалалы ана Жанаргүл Жүнісова.
Міне, Жанаргүлдің шаруасын өзгеге үлгі етуге болар. Бұл өңірде не қат – құрылыс материалдары. Жұмысын бастамас бұрын ауыл-аймақтағы көзтаныстарымен тілдескен соң, әсіресе, кірпіштің қасқалдақтың қанындай тапшы екенін қапысыз ұққан. Сөйтіп, құм мен цемент қоспасынан құрылыс қабырғаларын тұрғызуға арналған блок шығара бастапты. Өнімі жатып қалмай, жылдам өте бастаған соң екі қолына бір күрек таба алмай жүрген екі ауылдасын жұмысқа алған. Өздерінің айтуына қарағанда, құм-кірпіш 20 жылға дейін былқ етпейтін көрінеді. Мұндай арзан материалды кез келген құрылысқа пайдалануға болады.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Асылбек Мұстафиннің айтуынша, биыл аталған бағдарлама аясында 32 адамға несие беру жоспарланған екен. Қазір 16 адам ғана несие алып, жұмыстарын бастаған. Бір әттеген-айы, адамдар тарапында ұмтылыс болғанымен, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорында қаражат тапшы.
Біздің ендігі бір айтпағымыз, қаражат нақты қолынан іс келетін адамдардың қолына тисе. Әйтпесе, «апам тойға барса, мен де барамын» деудің жөні жоқ. Қазір ойланбай алған 27 адам қарызға кірсе, жұмыс істеймін деп жұлқынып тұрғандардың қолына қаражат тимей тұр.
Ақмола облысы,
Қорғалжын ауданы