Алматының Ақсай шағын ауданында орналасқан көлік жөндеу орталығында жарылыс болып, бір азаматты жеңіл дәрежеде күйік шалды. Оқиға салдарынан жөндеу орталығында тұрған тоғыз көліктің тамтығы қалмай жанып кеткен. Қара жаяу қалған көлік иелері шығынды кім өтеп береді деп дал.
Тілсіз жаудың неден туындағаны әзірге анықталып жатыр. Болжам бойынша, нысандағы май толтырылған бөшкелер оттың қызуына шыдас бермей жарылған. Оқиға орнына жеткен 60 арнаулы қызметкер мен 13 техника қызыл жалынмен түн жарымына дейін арпалысқан. Темір жабындылардан жасалған ангардың аумағы бет қаратпас ыстық болғандықтан өртті ауыздықтау оңайға соққан жоқ. Төтеншеліктер келгенге дейін тосын апатқа тосқауыл болсам деген Олег есімді азаматтың өзі де өртеніп кете жаздаған. Абырой болғанда, денесін жеңіл ғана өрт шалыпты.
Түгі қалмай жанып кеткен тоғыз көліктен бөлек нысанның сыртқы аумағында тұрған тағы үш темір тұлпар да зардап шеккен. Бірақ екі көліктің иесі арыз-шағым жазудан бас тартыпты. Оқиға орын алған аумақты торуылдап жүрген көлік иелерінен ұйқы қашқан. Зардап шеккен ең қымбат көліктің құны 10 млн, ал ең арзан дегені кемінде 2 млн теңге тұрады.
Техникалық орталыққа тежегішін жөндетуге келіп, аяқ асты жер сипап қалған Бақтыбай Сұлтанбаев көлігін несиеге алыпты. Тұрақты жұмысы жоқ азамат, осы темір тұлпарымен адам тасымалдап бала-шағасының нан-тұзын ажыратып отырған. «Көз алдымда көлігім көкке ұшты. Сақтандыру компаниясына хабарлассам, біз тек жол көлік оқиғасы болған жағдайда ғана шығынды өтеп бере аламыз дегенді айтады. Несиеге алғандықтан банкке де телефон соқтым. Олар да ешқандай жеңілдік жасай алмайтындарын мәлімдеді. Жөндеу орталығы шығынды бірден өтеп бере алады дегенге сену қиын. Мұнда да нысанды жалға алып өзіміз секілді жан бағып жүрген жандар», дейді Бақтыбай Сұлтанбаев.
Тоғыз көліктің иесі Әуезов ауданына қарасты төтенше жағдайлар бөліміне арыз жазған. Құзырлы орынның басшысы Айдар Сқабаевтың сөзінше, зерттеу қорытындысы 10 күннен кейін ғана дайын болады. Нақты келген шығын көлемі де зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін анықталмақ. Қорытынды дайын болғаннан кейін іс сотқа жіберіледі.
Статистиканы сөйлетсек, жыл сайын ел аумағында 2 мыңнан астам автокөлік өртенеді. Бұл өрттердің жалпы санының 20%-ын құрайды. Көп жағдайда апат электр сымдарының тозуы мен жөндеу орталықтарындағы дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу салдарынан туындайтын көрінеді. Қасақана өрт қою фактілері де статистиканы толықтыруда.
Есте болса, өткен жылы газ баллон жабдықтарымен жабдықталған көліктердің жабық тұрақтарға кіруіне тыйым салу туралы тиісті заңнамаға толықтырулар енгізілген болатын. 2019 жылғы 13 желтоқсандағы Үкіметтің №921 қаулысына сай тұрғын үйлерге және қоғамдық ғимараттарға кіріктірілген және жапсарлас салынған автотұрақтарға өрт қауіпсіздігі қағидаларына сай газбен жүретін көліктерді қоюға рұқсат жоқ. Бұл талаптар мемлекетаралық және Ұлттық құрылыс нормаларында көзделгенін атап өту қажет. 550 мың көлік ресми түрде тіркелген мегаполисте газбен жүретін көліктер саны жыл санап артып келеді. Үнемді әрі экологиялық тұрғыдан тиімді болғанымен мұндай көліктердің өртке бейім болатыны мамандар тарапынан аз айтылып жүрген жоқ. Осы тұста жоғарыда біз айтқан талаптың қалай қадағаланып жатқаны баса назар аударуды қажет ететіндей.
АЛМАТЫ