Елімізде браконьерлікпен күрес өзекті проблемаға айналғаны қашан?! Әсіресе орталық өңірлерде жағымсыз фактілер тыйылмай тұр. Десек те Сарыарқаны мекен еткен жануарларды қорғауда қорықшылардың еңбегі өлшеусіз. Бөкендей сұлу аңды браконьерлердің құрығынан сақтау үшін басын бәйгеге тігіп, еліміздің тұмса табиғатындағы тәртіпті қадағалап жүрген жанның бірі – Мұрат Әлиев. «Дала қылмыскерлері GPS, әріптестерім Рэмбо деп атайды» деген «Охотзоопром» кәсіпорнының инспекторы қызметтегі қиыншылықтар мен жануарлар әлемін сақтаудың маңыздылығы жөнінде әңгімелеп берді.
Инспектор атануды мақсат еткен
– Бұл қызметті таңдауға қандай себеп түрткі болды?
– Туған жерім – Қарағанды облысы Нұра ауданындағы Баршын ауылы. Ауылда мектепте оқып жүргенімде «Охотзоопром» мекемесі мен аңшылық шаруашылық инспекциясының мамандары келіп үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін. Олардың қызметтік киімдеріне қарап, сондай-ақ ақбөкендерді қорғау туралы және жұмыстағы оқиғалары туралы айтқанда қызығушылығым оянды. Осы қызығушылықпен 2006 жылы бас шаһардағы С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетке түсіп, 2010 жылы «Аң өсіру және аңшылықтану» мамандығын тамамдап шықтым. Осылайша, аңшылық инспекцияларына, «Охоотзоопромның» филиалдарына түйімдемемді қалдырып, екі айдан кейін Павлодарға жұмысқа шақырту алдым. Бұл кезде даладағы жұмыстың қыр-сырын біле бермейтінмін. 2011 жылы Қарағандыға жануарлар дүниесін қорғау инспекторы болып ауысып, өмірімде алғаш рет арқарды көрдім. 2012 жылы тірек пунктіне ауыстым. Негізгі міндетіміз – ақбөкендерді қорғап, заңбұзушылықты алдын алу. Әріптестерімнің арасында ең жасы мен болғандықтан аға буын өкілдерінен жұмыстың ерекшеліктерін, браконьерлермен күреске қатысты біраз мәселеге қанықтым. Алдыма мақсат қойып, тәжірибемді арттыра бердім. Киіктің жайылып баратын бағыттарын, аңшылардың жүретін жерлерін біле бастадым. 2014-2016 жылдар аралығында мамандығым бойынша астанада магистратура оқып шығып, «Охотзоопромға» оралдым.
– Қызметіңіз бала күндегі үмітіңізді ақтады ма?
– Шындығына келсек, бұл жұмыстың қызығынан бөлек қаупі мен қорқынышы көп. Түрлі жағдайлар орын алатынын біліп жатырсыздар. Өзімнің туған жерімде жұмыс істегендіктен жағдайдың 70%-ын білем деп айта аламын. Браконьер қайдан келіп, қайда қашатыны секілді маңызды дүниелерден хабардармыз. Іздерін айыра аламыз. Ол біздің шаңымызды көргеннен қашуға тырысады. Бірақ олардың артынан қуып, ұстамасаң қылмысты тоқтата алмайсың. Мұндай сәттерде іштей қорқыныш бәрінде болады. Алайда жұмыстың аты жұмыс.
Әріптесі өлім аузынан аман қалды
– Браконьерлермен бетпе-бет келген сәттеріңіз туралы айтып берсеңіз?
– Ірі қылмыс жасаған браконьерлермен 7-8 рет қарсы келген шығармын. Ең қауіптісі 2016 жылы Жезқазған даласында орын алды. Инспектор Сергей Тулов бастаған топ кешке екі мотоцикл мінген екі адамды көріп, көлікпен ізіне түсті. Біздің топ басқа тұсынан тығылып, күтіп тұрдық. Қатарымыз тағы бір топ қосылды. Бірінші құрама іздеріне түсіп, тым қатты жақындамай арақашықтық ұстап отырды. Көлік тоқтамаса, соғып құлата алмаймыз. Себебі жоғары жылдамдықпен адамды қағып кетуің де мүмкін. Сондықтан инспекторлар оң жағына шығып, мотоциклдердің сүрінуін күтті. Ойлағанымыздай-ақ біраз уақыттан кейін жан-жағына жалтақтаудың салдарынан аударылып түсті. Оқыс жағдай осы сәтте орын алды. Инспектор Достай Нұрбеков бірінің қолын қайырып, кісен салып жатқаны сол еді, артынан жақындаған екінші браконьер мойнына пышақ кезеп, жіберулерін талап етті. Пышақты қатты тақағанның әсерінен Нұрбековтың тамағы тілініп кетті. Сол кезде әріптестеріміз келіп үлгеріп, браконьерлер ұсталды. Инспекторға алғашқы көмек көрсетіліп, мойны тігілді. Пышақ күретамырына сәл жетпей аман қалды. Бұл іс Нұра ауданына тапсырылды.
Инспекторларға мылтығын кезеді
– Өміріңізге тікелей қауіп төнген жағдайлар болды ма?
– Бір жағдай шамамен 2015 жыл орын алды. Жаңаарқа ауданында Жалын деп аталатын карьердің жанынан Nissan Patrol көлігін байқап, бірден ізіне түстік. Сол кезде аңдып келе жатқанымызды сезіп, жылдамдықты арттыра сала қаша жөнелді. Ізімен жүріп, әлгілердің жанталасып көліктерінен екі өлі ақбөкенді түсіріп, тобылғының арасына тығып жатқанын көрдік. Жақындағанда біреуі мылтығын бізге қарай кезеді. Бөкендер мен қаруды тастаған бойда тас жолды бетке алып қашты. Әккі браконьерлер видеокамераға түсіретінімізді бірден түсінгендіктен ет пен қаруды тастап, көліктерінен айғақ заттар табылған жоқ. Бірақ қылмыстық іс қозғалды. Қазір жақындай түссең көбі осылай қару кезенуден тайынбайды. Бұған қоса көліктің жолына тастайтын арнайы темір шегелерді алып жүреді. Бассаң дөңгелегің жарылады. Мұндай жағдайлар өте көп. Сондықтан көбіне екі көлікпен жүріп, қауіптің алдын алу үшін бір-бірімізден қалыспауға тырысамыз. Қазіргі көліктеріміз де жаман емес. Жарақтандырылған. Браконьерлерді іздері арқылы тануды меңгердік.
– Инспекторлардың қорғану құралдары бар ма?
– Карабин винтовкасы, «Сайга» автоматы және «Байкал» тапаншасымен қамтылғанбыз. Бірақ браконьерді барынша қару қолданбай ұстауға тырысамыз.
– 10 жыл бойы ұстатпаған браконьерлерді қолға түсіргендеріңіз жайлы естідік. Осыған кеңірек тоқталсаңыз?
– Сәтбаев қаласында жерді қатты білетін әкелі-балалы аңшылар бар дегенді бұрыннан еститінбіз. Қарағандыны қойып, Арқалыққа да барып киік атады деген сыбыс тарайтын. Кейін зерттеп, қай кезде шығатындарын біліп алдық. Осылайша, олардың шығатын күні жайлы ақпарат алған соң, таудың арасына көліктерімізді жасырып, таңнан бинокльмен аңдып отырдық. Сол күні ауа салқын болғандықтан ақбөкен таудың қарсы бетіне шығып, олар іздеген жерінен таппады. Бірақ бізді байқаған сәтте қаша жөнелді. Браконьерлердің көлігі жолсыз жерде қатты жүргенінің әсерінен бұзылып, амалсыз тоқтады. Біз жеткенше мылтықты бір жаққа, зат салынған дорбаларды бір жаққа лақтыра бастады. Бірақ оның бәрі бейнекамераға жазылды. Тексеру нәтижесінде екі жұп мүйіз таптық. Қазір Нұра ауданының ішкі істер бөлімі іс қозғап жатыр. Егер ұстамағанымызда қанша киікті атып салатындарын кім білсін?!
Туыстары жұмысына қарсы болған
– Отбасылы адам екендігіңізді ескерсек, туыстарыңыз қызметіңізге қарсы емес пе?
– Осы туралы кейінгі жылдары, балалы болғалы көп ести бастадым. Әсіресе әке-шешем қарсы. «Далада жүріп, жоғалып кетсең, бірдемеге ұрынып қалсаң сені қайдан іздейміз?! Басқа жұмыс тап» дейді. «Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалып жүрген еңбегіңді кім бағалап жатыр?» дегенді де еститінмін. Былтыр министр Мағзұм Мырзағалиевтің қолынан «Елім-ай» премиясының «Үздік инспектор» номинациясын алғанда арнайы ата-анама апарып, мақтанып көрсеттім. Жұмысымыз ескерусіз емес екенін айттым. Бұл 10 жылдық еңбек жолында алған алғашқы үлкен марапатым. Соған іштей қуандым, далада жүрсек те еңбегімізге баға беріліп жатыр. Ауыл ақсақалдары ақбөкендердің көбейіп жатқанына куә болып, рақметін айтады. Ал кей кісілер түсінгісі келмейді. Себебі өз туған жерімде жұмыс істегендіктен ауылдастарым браконьерлікпен қолға түсетін сәттер де болады. Сондай кездері «бұл жұмыста өмір бойы істемейсің ғой» деп ағайынгершілікке салуға тырысады. Мысалы, өткенде Терісаққан ауылында бір киік атып келе жатқан УАЗ автокөлігін қолға түсіргенбіз. Жас балалар екен. Бірінің әкесі «Бір киікте тұрған ештеңе жоқ. Жүздеп атқандарды ұстап алсаңдаршы» деген сынды сөздер айтты. Сондықтан сыртта жүргенде ауылды жерлерге қонбауға, көп аялдамауға тырысамыз.
Арқаның қаһарманы
– Әріптестеріңіз сізді «Рэмбо» деп атайтынын естідік. Бұл ат қайдан шықты?
– Жігіттердің қойып алғаны ғой (күлді). Браконьерлерді жиі ұстайтыныма, жалпы жұмыстағы көрсеткіштеріме қарап айтатын болса керек. Ең жас топ басшысы болып жүрмін. Бір топта 6 кісі. Ал браконьерлер «GPS» (бағытты анықтау жүйесі) деп атап кеткен. Себебі, 10 жылдан бері өзіміз қорғайтын аумақтың ой-қырының бәрін танып алдым. Браконьерлердің жүретін жерін, киіктің қозғалу бағыттарын білемін десем артық айтпаспын. Жылқышылармен көп сөйлесіп, тыңғылықты ақпарат жинаймын. Ұзақ уақыт бұл жұмысқа беріліп істесе, кез келген адам дала заңдарын меңгеріп алады деп ойлаймын. Жалпы аң-құсты қорғап жүрген жігіттердің бәрі мақтауға лайық деп есептеймін. Ешкімді бөле-жаруға болмайды. Себебі әрқайсысы да жұмыс барысында өмірлерін тәуекелге тігеді. Мысалы, браконьерлер қолынан қаза тапқан марқұм Ерлан Нұрғалиевті ел біледі. Екеуміз кезінде бір топта істедік. Бір ауылданбыз. Қайтпас қайсар жігіт еді. Біз бір-бірімізді мақтап ат қойып, арқадан қағып жатсақ браконьерлердің өз арасында да «батыр» санайтын адамдары бар. Оларға инспекторлардан қашып құтылу, жеткізбеу кету – мәртебе. Өз орталары бар. Бір-бірінен бар ақпаратты біліп отырады.
– Қазір жануарларды қорғауға қатысты заң күшейді. Сол себепті браконьерлер барынша қашып құтылуға тырысатыны мәлім. Сытылып кету үшін қандай жаңа құйтұрқы әрекеттерге барып жатыр?
– Бұрын екі-үш «джиппен» топтасып шығатын болса қазір жеке-жеке жортуға көшкен. Тіпті, кезінде алдымыздан шығып «сендер кімсіңдер?» деп қоқан-лоққы көрсетуге дейін барушы еді. Бүгінде маңдарына жуытпас үшін ештеңеден тайынбайды. Жоғарыда айтқанымдай салондарына «шипы» салып алады. Бұрын темір тікенекті олардың жолына біз тастасақ, қазір олар бізге тастайды. Осы қыста ауылда әкімдікке бір қағазға мөр бастырып шыққанымызша жергілікті тұрғындар қарда жүретін техникамыздың лентасын қиып, бір жолдан қалдырғандары есімізде. Осындай жағдайдар жиі орын алады. Ұсталып тұрса да «киіктің етін көлігімізге сендер салып жібердіңдер» деп көзбе-көз жала жауып, жалтармақ болғандар да кездесті. Дегенмен сараптама шындықтың бетін ашып береді.