Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, онда экономикалық өсуді қалпына келтіру туралы және қоғамдық кеңестердің қызметіне қатысты заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды. Сондай-ақ Палата бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды.
Бірінші кезекте салымшылардың мүддесі қорғалады
Пленарлық отырыста Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді қарап, оны ратификациялауды мақұлдады. Келісімге 2019 жылғы 20 желтоқсанда қол қойылған. Құжат – Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт шеңберінде ЕАЭО-ға қатысушы елдердің ынтымақтастығын тереңдетудің нәтижесі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов өз сөзінде мәселенің анық-қанығын түсіндірді. Оның айтуынша, ЕАЭО азаматтарын басқа мүше мемлекеттерде зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін құқықтық реттеу жұмыс күшінің қозғалуы жолындағы қазіргі кедергіні жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ еңбек қызметін заңдастыруды қосымша ынталандырады.
Келісім күшіне енгеннен кейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары еңбек қызметін жүзеге асырған мемлекеттің азаматтары сияқты зейнетақымен қамсыздандырылуға құқылы болады. Б.Нұрымбетовтің айтуынша, ЕАЭО-ға қатысушы әрбір ел еңбеккеріне өз аумағында жинақталған жұмыс өтілі үшін зейнетақы төлейді. Зейнетақыны ЕАЭО-ның басқа елінде тұратынына қарамастан, еңбек етуші аумағында еңбек қызметін жүзеге асырған ЕАЭО-ға мүше мемлекет төлейді.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстанда келісімді іске асыру бойынша құзыретті орган болып белгіленді. Зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша барлық сұрақ жөнінде Қазақстан және ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің азаматтары БЖЗҚ-ға тікелей жүгінеді.
ЕАЭО-ның басқа мемлекеттерінің еңбекшілерінің келісімі бойынша Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін зейнетақы төлемдері жүзеге асырылады. Өйткені олар Қазақстанда тұрақты тұратын азаматтармен және шетелдіктермен тең жағдайда Ұлттық зейнетақы заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарнасын аударады.
Отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы қоғамда қызу талқыланған зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беруге бағытталған нормалар туралы айттты. Нұрлан Нығматулин аталған заң жобасының қабылдануымен осы мәселені шешу бойынша заңнамалық база құрылатынын атап өтті.
– 2021 жылдың басынан бастап зейнетақы қорының салымшылары өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беру үшін пайдалана алады, – деді Мәжіліс Спикері.
Осы норманы талқылау кезінде депутаттар заң жобасында көзделген зейнетақы жинақтарының «жеткіліктілік шегін» белгілеу әдістемесіне қатысты мәселені көтерді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері түсіндіргендей, зейнетақы жинақтарының «жеткіліктілік шегін» айқындау әдістемесін Үкімет анықтайды. «Жеткіліктілік шегін» белгілеудің басты мақсаты – азаматтарды зейнеткерлік жасқа толған кезде болашақта лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету мүмкіндігі.
Сонымен қатар Мәжіліс Спикері зейнетақы жинақтарын пайдалану тетігі қолжетімді әрі түсінікті болуы тиіс екенін атап өтіп, алдағы уақытта мемлекеттік органдар осы талаптар жүзеге асырудың нақты тетіктерін қалыптастыруы қажет екенін жеткізді.
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Осы мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндама жасады.
– Инвестиция туралы келісім деп аталатын жаңа құрал енгізілмек. Мемлекет-жекешелік әріптестігі тетіктерін жетілдіру және рәсімдері оңтайландырылады. Бизнес субъектілеріне қолайлы жағдай жасау үшін «Бірыңғай терезе» қағидаты бойынша «Бизнеске арналған үкімет» веб-порталын және бизнес әріптестердің Тізілімін енгізу жөніндегі тиісті функцияларды бекіту жоспарланған. Тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларында жаңадан құрылатын объектілер үшін инвестициялар шегін 2 есеге дейін төмендету қарастырылған. Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу бойынша түзетулер ұсынылады. Бұл ретте аккредиттеу жөніндегі органға аккредиттеу схемаларын, тізілімдерді регламенттеу жөніндегі құзыреттер бекітіледі, – деді Р.Дәленов.
Бұдан бөлек, министр IT саласындағы экспортты дамыту мақсатында шығындардың бір бөлігін өтеу үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы өнімдер тізбесін кеңейту ұсынылатынын жеткізді. Сонымен қатар заңнамалық деңгейде жасанды интеллектінің ұлттық платформасын қалыптастыруға жағдай жасайтын түзетулер бекітілмек.
– Автомобиль көлігі саласында зияткерлік көлік жүйесін дамыту, тасымалдаушылар үшін рұқсат бланкілерін беру процесін автоматтандыру, елдер арасындағы қатынастар транзитін мониторингтеу үшін ақпараттық база құру бойынша түзетулер ұсынылады. Бұл көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ заң жобасында дербес деректерді жинаумен, өңдеумен және қорғаумен байланысты түзету енгізілмек. Ақша-кредит саясатын жетілдіруге бағытталған бірқатар түзету бар. Заңнама нормаларын біріздендіру үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің орнына базалық мөлшерлеме ақша-кредит саясатының негізгі құралы ретінде есептелмек. Қаржы нарығының тұрақтылығы бойынша, синдикатталған қарыз беру тетігін жетілдіруге бағытталған түзету жасау жоспарда бар», деді ведмоство басшысы.
Р.Дәленовтің сөзіне сүйенсек, бұл бірнеше банктің, халықаралық қаржы ұйымдарының бір шарт шеңберінде қарыз алушыға кредит беруге мүмкіндік жасайды. Бейрезидент банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарына қаржы ұйымдарына ұқсас талап қойылады.
– Микроқаржы ұйымдарының қызметі қаржы ұйымдарына теңестіріледі. Бұл қаржы қызметтерінің адал бәсекелестігін қолдауды және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Әлеуметтік саясат бо-йынша, азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту, емделу ақысын төлеу немесе жеке қаржы компанияларының басқаруына беру мақсатында пайдалану үшін түзетулер көзделген. Жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту үшін мемлекеттік білім беру кредиті бойынша түзету енгізілмек. Көпбалалы және аз қамтылған, толық емес және мүгедектер тәрбиеленетін отбасылардағы балаларды қолдауды қамтамасыз ету мақсатында білім беру гранты бойынша квоталар кеңейтіледі.
Жобалық басқару бойынша, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін қойылған мақсаттар мен міндеттерді шешу бағытында мемлекеттік органдардың ішкі рәсімдерін жеңілдетуге, ақпараттық жүйелерді дамытуға, жобалық басқару қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған түзетулер ұсынылады, – деді министр.
Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі ережелері таныстырылды.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген тапсырмасын орындау шеңберінде квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестерді, олардың өкілеттіктері мен сандық құрамын құру бойынша заң жобасына тиісті түзетулер әзірленді.
Жалпы отырыста Палата бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңының жобасы және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыру мәселелеріне қатысты заң жобасы бар. Сондай-ақ жол жүрісі мәселелері мен «Астық туралы» заң жобаларын да жұмысқа алды.
Мәжіліске келген жаңа заң жобаларының ішінде ратификациялық заң жобалары бар. Атап айтқанда, олар: ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу (Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бөлігінде) және ЕАЭО туралы шартқа Арменияның қосылуына байланысты өзгерістер енгізу туралы хаттамаларды ратификациялау туралы заң жобалары.
Газ қымбат
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Кәрібай Мұсырман мен Дархан Мыңбай Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалда отандық мультфильмдердің сапасыздығын сынға алды.
Оның айтуынша, еліміздің телеарналарынан көрсетілетін, басқа тілдерден қазақ тіліне аударылған көптеген мультфильмнің сапасы да сын көтермейді. Олардың аудармалары мен дыбысталуы бала санасы мен талғамына сай келе бермейді.
– Мәдениет және спорт министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, анимациялық фильмдердің негізгі өндірушісі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы базасында құрылған «Анимациялық кино» шығармашылық-өндірістік бірлестігі кейінгі 3 жыл ішінде жалпы сомасы 610 миллион теңгені құраған мемлекеттік тапсырыс бойынша небәрі 6 мультфильм шығарған, – деді Кәрібай Мұсырман.
Мәжіліс депутатының сөзіне қарағанда, Мәдениет және спорт министрлігіне алдағы жылы ұлттық фильмдер шығару үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 159 миллион тенге бөлініп отыр. Осы қаржының елеулі бөлігін анимациялық фильмдерді шығаруға жұмсау керек. Депутат осыған байланысты Үкімет басшысы орынбасарының қарауына бірнеше ұсыныс жасады.
«Халық коммунистері» фракциясының депутаттары «Сарыарқа» газ құбырына қосылатын тұрғындар шығынын субсидиялауды ұсынды. Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолданған депутаттық сауалды Жамбыл Ахметбеков оқып берді.
– Қазақстанның коммунистік халық партиясының қоғамдық қабылдауына Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларының тұрғындар газды үйге кіргізу шығындарыны жоғары екеніне және газ бағасының өзі қымбаттығына шағымданады. Республикада халыққа арналған тауарлық газдың бағасы ҚҚС-ты қоспағанда 1 текше метрі үшін өңірлерге байланысты 7 269-дан 30 600 теңгеге дейін айқындалған. Бұл ретте ең жоғары тариф Нұр-Сұлтан қаласында бекітілген, – деді Ж.Ахметбеков.
Депутат келтірген деректерге қарағанда, қазандық құнын қоса алғанда бір үйді газға қосу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының орташа құны 350 мың теңгені құрайды. Ал бұл әлеуметтік аз қамтылған азаматтар үшін өте қымбат екені сөзсіз.
– Қазақстаның газ тартылған орталық және солтүстік облыстарында қыстағы орташа температура өте төмен екендігін ескере отырып, «Сарыарқа» газ құбырына қосылатын барлық 171 елді мекен үшін жылу маусымында тауарлық газ құнын және халықтың аз қамтылған тобына газ тарату желілеріне қосылу шығындарын субсидиялау бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсыруыңызды өтінеміз, – деді Мәжіліс депутаты.
Кәсіпкерлерге қолдау көрсетілсе...
Үкімет басшысына жолдаған сауалында «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының депутаттары пандемиядан зардап шеккен шағын және орта бизнесті 6 пайызбен қайта қаржыландыруды талап етті.
Мәжіліс депутатының дерегіне сай, пандемиядан және онымен байланысты шаралардан 1 миллионнан астам кәсіпкер зардап шеккен. Бұл елімізде тіркелген бизнес субъектілерінің үштен екісін құрайды. Төтенше жағдайға және локдаун шектеулеріне байланысты 430 мыңнан астам кәсіпкер жұмысын тоқтатып, оның басым бөлігі әлі күнге дейін қызметін жандандырған жоқ.
Бірақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірлеріндегі шағын және орта бизнес субъектілерінің кредиттерін қайта қаржыландыру жүргізілмей отыр. Осыған байланысты депутаттар зардап шеккен барлық шағын және орта бизнестің кредиттерін 6 пайызбен қайта қаршыландыруды шұғыл, кідіртпестен бастауды сұрады. Сондай-ақ Президент тапсырмасын орындамаған лауазымды тұлғаларды анықтап, жауапкершілікке тартуды талап етті.
Бұдан бөлек, Р.Ким, К.Абсатиров, А.Қожахметов, А.Қоңыров, М.Теміржанов депутаттық сауал жолдады.