Дүниені дүр сілкіндірген қатерлі індет ең алдымен егде жастағылар мен балалар үшін қауіпті екені айтылып та, жазылып та жатыр. Індеттің алғашқы толқыны мұның негізсіз емес екенін дәлелдеді. Осы орайда індеттің алдын алу мақсатында алматылық қарттар мен балаларға үйде профилактикалық медициналық тексеру жүргізілетін болды.
Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Мадеева атап өткендей, Сovid-19-дың екінші толқынына дайындық аясында халықтың ең осал топтарына профилактикалық тексерулер ұйымдастыру туралы шешім қабылданып отыр. Медициналық тексеру ең алдымен 65 жастан асқан тұрғындарға жасалады. Өйткені нақ осы жастағы азаматтардың арасында артериалды гипертензия, созылмалы обструктивті бронхит, қант диабеті секілді созылмалы аурулары бар науқастар көп.
«Әрбір алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымында жалпы тәжірибе дәрігері, невропатолог, кардиолог, отоларингологтан тұратын мультидисциплинарлық командалар құрылды. Олар қарт адамдарды үйде қарап, қант, холестерин деңгейін анықтайды, ЭКГ жасайды. Бұл қажет болған жағдайда емдеуді түзетуге немесе стационарлық емдеу үшін көрсеткіштерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте 80 мыңға жуық адамды қамтуды жоспарлап отырмыз», деп атап өтті Ж.Мадеева.
Елдегі ахуалға байланысты балалардың ұзақ уақыт бойы қашықтан оқып жатқанын ескерсек, олардың көпшілігі жыл сайынғы тексеруден өту үшін емханаларға бармаған. Алматы әкімдігі осы ретте 16 жасқа дейінгі жеткіншектерді профилактикалық тексеруден өткізу мәселесіне де маңыз беріп отыр. алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында балаларды профилактикалық тексеру үшін педиатр, невропатолог, окулист, отоларинголог, балалар хирургі дәрігерлерінен құралған мультидисциплинарлық командалар құрылған. Қажет болған жағдайда талдау үйде жүргізіледі. Шамамен 100 мыңға жуық жасөспірім жан-жақты тексеруден өтеді деп жоспарланған. Әсіресе әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға баса назар аударылған. Қазіргі уақытта аталған ұйымдарда нысаналы топтардың тізімдері жасалып жатыр.
Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында №8 қалалық емхананың бас дәрігері Фарида Ағыбаева нысаналы топтардың тізімі жасалып, профилактикалық тексеру жүргізу кестесі бекітілгенін, педиатр, невропатолог, отоларинголог, кардиолог, офтальмолог, балалар хирургінен құралған мультидисциплинарлық команда жасақталғаны хабарлады.
Қабылдау кезінде және аулаларды аралау барысында учаскелік дәрігерлер мен медбикелер жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау, қолды жиі жуу, медициналық масканы қолдану ережелері, әлеуметтік қашықтық, балаларды адамдар көп жиналатын орындарға, үлкен ойын алаңдарына жібермеу туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
«Емханада патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап прогрессивті моделіне сәйкес медбикенің ерте жастағы балаларға, оның ішінде босанғанға дейінгі кезеңде «үйге барып тексеру» өткізу жүйесі енгізілді. Пациенттің отбасымен оның жеке ортасында кездесу маманға проблемаларды түсінуге және дұрыс шешім қабылдауға ерекше мүмкіндік береді», дейді бас дәрігер.
Осылайша, №36 емханада 2,5 мың адамды, оның ішінде 1,5 мың 16 жасқа дейінгі бала мен қалған диспансерлеуді қажет ететін 65 жасқа келген азаматтарды профилактикалық тексерумен қамту жоспарланған. Шаһардың Наурызбай ауданында орналасқан №36 емхананың бас дәрігері Гүлжайнат Тілеген бұл процедура жыл бойы скринингтен өтпеген халықтың басым бөлігін қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«65 және одан жоғары жастағы тұрғындарды, сондай-ақ 16 жасқа дейінгі балаларды жоспарлы диспансерлеуге байланысты учаскелік дәрігерлер мен арнаулы мамандардан тұратын 2 мобильді бригада құрылды. Бұл акция ерте бастан қандай да бір патологияны анықтауға, сондай-ақ коронавирус инфекциясын жұқтыру күдігі бар және онымен ауырғандарды анықтап, оларды үйде қарап, тиісті ем беріп, мониторингтік бақылауға алуымызға мүмкіндік береді», дейді Г.Тілеген.
АЛМАТЫ