Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында республиканың экономикалық жағдайы нашарлап, әлеуметтік ахуал шиеленісіп кетті. Сондықтан елдегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандырып, нарық экономикасы мен демократияға бет бұру үдерістерін дамыту үшін президенттік басқару жүйесін енгізу қажет болды. Жаңа билік институтын енгізудің келесі бір себептерінің қатарына Қазақстанның көпұлтты мемлекет болғандығы жатады. Өйткені Президент болып сайланған адам сонымен бірге еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстардың қолдауына ие болып, реформаларды әрі қарай тереңдетіп, тәуелсіздікті нығайтуы керек еді.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік қарсаңындағы еліміздегі саяси ахуалдың ұлттық қырына ерекше мән беріп, қоғамды демократияландыру жолында бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, реформаларды тереңдете түсудің маңызы артты. Елбасы бір мезгілде іске асыруды мақсат еткен демократия да, азаматтық қоғам да, мемлекет құру да түбінде ұлт мәселесіне келіп тірелетіндігін жақсы түсінді. Сонау 1990 жылы «Қазақстан көпұлтты, оның бірегейлігінің өзі де осында», дегенді Тұңғыш Президент бекер айтпаса керек.
Елбасы егемендігін алған кезден бастап Қазақстанның алдында көпұлтты елдің мемлекеттік сәйкестігін, яғни азаматтығын қалыптастыру міндетін шешудің маңыздылығына көп көңіл бөлді. Себебі жас тәуелсіз мемлекет үшін азаматтық бірегейлік ел дамуының басты факторы және оның тұрақты дамуының алғышарты болатын. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және демографиялық жағдайын ескере отырып, азаматтық бірегейлікті қазақстандық, ұлттық немесе мемлекеттік бірегейлік деуге де болады. Еліміздің көпэтносты құрамы мен көпконфессиялығын ескере отырып мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев азаматтық сәйкестіктің шешімін табу қажеттігін көріп, мәселенің астарына терең үңілді.
Осы жағдайды ескере отырып Елбасы тәуелсіздіктің ең алғашқы күндерінен бастап-ақ ұлтаралық татулықты сақтау мен нығайту және қазақстандық сәйкестікті немесе тақылеттестікті қалыптастырудың жеке моделінің негізіне этностық емес, азаматтылық қағидатын алып, жүзеге асырды. Елбасы «...Біз саяси, азаматтық бірлікке ұмтылып отырмыз және де Қазақстан халқы әлдебір жаңа этникалық қауымдастық ретінде емес, түрлі ұлттар азаматтарының қауымдастығы ретінде көрінуге тиіс, осы заманғы Қазақстанның бірегейлігі – этностық саналуандығында. Біздің стратегиялық міндетіміз – қоғамды одан әрі топтастыру және біртұтас қазақстандық, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру», деп, мәселені турасынан қойды.
Азаматтық бірегейлікті немесе біртектілікті жеке адамның әлеуметтік бірегейлігінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырған жағдайда, Н.Ә.Назарбаев айтқандай, еліміздің әрбір тұрғыны өзін этносына қарамастан Қазақстан Республикасының азаматы, яғни қазақстандық ретінде сезінуі, өзінің тағдыры мен болашағын Қазақстанмен байланыстыруы керек. Азаматтың өзін осы мемлекетпен, оның мақсаттары және мәдени, этностық, тілдік, діни әралуандылыққа негізделген жалпыұлттық құндылықтарымен бірдей санауы, ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жалғасатын осынау үдерісте өзінің рухани байланысын ұғынуы, сол сияқты мемлекет пен қоғам өміріне белсенді қатысуы немесе араласуы сол мемлекеттің тұрақты дамуының алғышарты болды. Осы негізде біріккен халық мемлекеттің тұрақтылығын сақтауға мүдделі болады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамытуға айрықша көңіл бөліп, осы мәселеге деген өзінің жаңа концептуалдық ұстанымы – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін негіздеді. Сондықтан да бүгін біз бірліксіз ұлттың болмайтынын, ұлтсыз мемлекеттің қалыптаспайтындығын, ал мемлекетсіз болашақтың жоқтығына көз жеткізіп, Қазақстанның ұлттық бірлігі «әралуандықтағы бірлікте» екендігіне куә болып отырмыз. Ендеше еліміздің тәуелсіздігін, қоғамдық бірлік пен тұрақтылықты бұрынғыша өзінен-өзі аспаннан түсе қалған сый ретінде емес, керісінше, бар болмысымызбен оның адам айтқысыз жауапкершілік пен шыдамдылықты, ең бастысы, адамгершілік пен сыйластықты, көп тер төгуді талап ететін еңбек екендігін түйсінген абзал. Осылай болғанда ғана Қазақстанның барлық азаматтарының жүрегінің түбінде қазақстандық патриотизм сезімі ұялайтыны анық.
Әрине, әлеуметтік, экономикалық, этномәдени және дүниетанымдық тұрғыдан бөлшектеніп кеткен қоғамда бірегейлікті қалыптастыру оңайға түскен жоқ. Дегенмен мәселе қаншалықты қиын болса да, оны іске асырудың алғышарттары бар болатын. Бұл – ең алдымен ортақ тарих пен менталитет және ұлтаралық келісім. Мемлекет те өз кезегінде қажетті шараларды іске асырып, адамдардың сана-сезімін өзгертіп, олардың беттерін бері қаратуға жағдай жасауға кірісті. Ең алдымен тұралап қалған экономиканы көтеріп, халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауды қолға алудың маңызы зор еді. Халыққа тәуелсіздік алған Қазақстанның алдағы уақыттағы дамуының бағыт-бағдарын, мақсат-мүдделері мен перспективаларын тәптіштеп тұрып түсіндіріп, нақты нәтижелерге қол жеткізіп, сөз бен істің арасын алшақтатпай олардың жүрегіне сенім ұялату қажет болды.
Тәуелсіз Қазақстанда азаматтық бірегейлік пен азаматтық қауымдастықтың негізі қаланып, демократиялық үдерістердің қалыптаса бастауы көпұлтты және көпдінді елде ойдағыдай іске асырылып жатқандығына көп мән берілді. Өйткені «алдымен экономика, содан кейін саясат деген» Н.Ә.Назарбаевтың «қазақстандық жол» ұстанымын іске асыру үшін қоғамдық келісім мен азаматтық татулық қажет болды. Қазақстандағы тұрақтылық көпэтностық қоғамға және ұлтаралық келісімге арқа сүйейтіні белгілі. Осы ұстанымға сай ұлт саясатын саясаттандыруға жол берілмеді. Керісінше, Қазақстанды мекендеген барлық этнос өкілдерінің өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыратын әлеуметтік-экономикалық, мәдени мәселелерге көп көңіл бөлінді. Нәтижесінде, Елбасы Қазақстанда этносаралық келісімнің өзіндік қазақстандық моделін құрды. Кез келген этносқа және дінге жататын қазақстандық – тең құқылы азамат, біртұтас азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі. Бұл, шын мәнінде, әлеуметтік бағдардағы нарық, ұлтаралық және конфессияаралық төзімділік, әлеуметтік ынтымақтастық ұстанымдарына арқа сүйейтін күшті, өміршең демократиялық қоғам құру еді. Елбасы әсемдік пен ақылға сыйымды тұтастық астаса келіп, ұлттық дәстүрлер мен демократиялық ұстанымдар қалыптастыратын еркін қоғам», деп осы мәселедегі «қазақстандық ұстанымды» нақтылап та берді.
«Қазақстандық жол» тұрақтылықтан – жаңғыру арқылы – өркендеуге жетуді көздейді. Елбасы оны барлық этностар азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын нығайту бағытымен тығыз байланыстыра қарады. Осы тұста Тұңғыш Президенттің қоғамдық қатынастардың ең шетін де маңызды өрісі ұлтаралық қатынастар екендігіне ерекше көңіл аударып, ол эксперимент жасайтын жер емес, оны көздің қарашығындай сақтау үшін мемлекеттік органдар да, азаматтық қоғамдардың институттары да бірдей жауапты деп үнемі ескертумен болғанын еске салған жөн.
Сонымен бірге Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің сөйлеген сөздерінің барлығында дерлік Қазақстан қоғамындағы татулық пен бірлікті сақтаудың маңыздылығына баса назар аударды. Сайып келгенде, қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім, толеранттылық және ортақ тарихи тағдыр сияқты халық құндылықтары, жаңа қалыптасып келе жатқан ұлттық бірлік пен этносаралық өзара құрметтің қазақстандық моделі елдегі жүргізіліп жатқан ұлт саясатының негізіне айналды. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі мызғымас бірліктің ұйтқысы, сарқылмас берекенің бастауы, татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі болмақ.
Қазақстанда елдің Ата Заңына сәйкес халықтарды алаламайтын, баршаның еркін дамуына мүмкіндік жасайтын ашық саясат жүргізіледі. Осылайша Қазақстанның жалпыұлттық келісім моделін жасауға барлық ұлт өкілдері өз үлестерін қосуға мүмкіндік алды. Осының негізінде қазақстандық модельдің этностық, конфессиялық және тілдік саналуандылығы, елдегі этностардың мәдениеті мен тілін дамыту, тағаттылық пен жауапкершілік, қазақ этносының топтастырушы рөлі және қазақ халқының бірлігі сияқты қағидаттары екшеліп шықты. Ең бастысы, ұлттық бірліктің беріктігі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен барлық этномәдени бірлестіктер жұмысының тиімділігін арттырумен тікелей байланысты екендігін түсінген жөн.
Бұл – қоғамда мемлекеттік және патриоттық сана-сезімді оятудың іргетасын қалайтын қадам болды. Осы жағдайлар Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа «...біздің стратегиялық бағытымыз бірмәнді, ол – Қазақстанның барлық азаматтарының саяси тұтастығының басымдығы, біздің ортақ азаматтығымыздың бірегейліктің барлық басқа түрлерінен басымдығы», деген қорытынды жасауға мүмкіндік берді. Өйткені, сонда ғана бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналады.
Қазақстан таңдаған көп еңбекті және тынымсыз жұмысты талап ететін жолдың басы-қасында тұрғандықтан Елбасы татулық пен ұлтаралық тұрақтылықты сақтау мақсатында әу бастан-ақ түйісу нүктелерін іздеп, халықтар арасындағы келісім мен сенім аймақтарын кеңейтуге бар күшін салды. Ұлттық мәселені әділетті шешудің бірден-бір тиімді жолы мен институты ретіне 1995 жылы Қазақстан халықтарының Ассамблеясын құрып, оны түрлі ұлттар азаматтарының қауымдастығын құрудың, түрлі этностар өкілдерін азаматтық тұтастыру құралдарының біріне теңеді және ұлт саясатын ілгерілетудің басты құралы деп есептеді. Ұлттық саясаттың басты қағидаттары айқындалды. Ол мәмілеге негізделген қоғамдық тұрақтылық, заңның үстемдігі мен тәуелсіздікті нығайту болатын. Бұл мәселені шешуде эволюциялық ұстанымға басымдық берілді. Ассамблеяны құрудағы басты мақсат – Қазақстан халқының бірлігі мен тұрақтылығын сақтау. Сонымен қатар алда тұрған мақсаттардың арасында елдің этностық даралығын дамыту мен ұлттық-мәдени саналуандылығын қамтамасыз ету, оның барлық азаматтарының құқық теңдігі негізіндегі ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылық, мемлекеттің тұтастығы мен көпұлтты халықтың бірлігіне қол жеткізу.
Бұл мәселеде ешбір күдік келтірмей ұғынып алатын екі ақиқаттың барлығын Елбасы Н.Ә.Назарбаев ескерткен болатын: Қазақстан әрқашан да көпэтносты мемлекет болады және біздің көпэтностығымыз – орасан зор мәдени, экономикалық және саяси ресурс. Ұлтаралық қатынастарға мұқият болу, онда болып жатқан үдерістерге дер кезінде құлақ асу қажеттігіне сол кездің өзінде-ақ көңіл аударылды. Өйткені тұрақтылық көпэтностық қоғамға және ұлтаралық келісімге арқа сүйейді. Ал ұлтаралық келісім – саяси тұрақтылықтың негізі болды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы түрлі мәдениеттердің үндесуін жолға қойып, жалпы қазақстандық азаматтық құндылықтарды бойына сіңірген көп мәдениетті қоғам қалыптастырылды. Үйлесімді тіл саясаты іске асырылып, еліміздің рухани түлеуін, оның дінаралық келісімі мен қоғамда адамдардың бір-бірін жатсынбауына қол жеткіздік. Ендеше ұлттық келісімнің басты міндеттерінің қатарына Қазақстанды рухани келісім еліне айналдырудың да жататынын естен шығармаған абзал. Бұл жағдай азаматтарымыздың санасындағы бетбұрысқа әкелді. Сөйтіп, біз Қазақстан үшін көпұлттылық қоғамның кемшілігі емес, қайта артықшылығы екендігін іс жүзінде дәлелдедік. Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, Қазақстан жағдайында «осал тұсымыз» деп саналған көпэтностығымыз бен конфессиялығымызды өз артықшылығымызға айналдыра алдық. Ол жетістіктерге қол жеткізуіміздің басты себебі біздің ұлтаралық мәселелерді шешуде «көпқырлылықтың бірлігі» деген қағиданы басшылыққа алғандығымызда болып отыр. Мемлекеттік саясат ұлттық бірлікке, қоғамның топтасуына бағытталған жағдайда елдің әлеуметтік мүмкіндігін еселей түсері анық. Қазақстандағы сауатты ұлттық саясаттың арқасында мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтардың құқықтарын іске асыру мен барлық азаматтардың ұлттық белгілері бойынша құқықтарын шектеуге жол берілген жоқ. Сөйтіп, тұрақтылық сақталып, қазақстандық қоғам ұлттың даму мен өркендеу жолында бірігуіне жағдай жасалды.
Ұлттық бірліктің беріктігі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен барлық этномәдени бірлестіктер жұмысының тиімділігін арттыруға тікелей байланысты. Тәуелсіздік жылдары ішінде Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен Рухани келісім күні, Құрбан айт, Пасха сияқты дәстүрлер қалыптастырылды. Қазақстан халқының бірлігі ұлттық келісім мен діни түсіністікке негізделген бірегей қоғамның қалыптасуына жеткізді. Бұл қоғамның асыл мұраттарына тәуелсіздік, бірлік, келісім және өркендеу жатады. Сондықтан Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ мекеніне айналды. Мұндай көпұлтты қоғамда, ұлтаралық қатынастар мәселесінде ешқандай қосарланған стандарттарға жол берілмеуі тиіс.
Жаңа жағдайларда жалпыазаматтық, саясатүстілік және жалпыхалықтық институт болуы тиіс. Ассамблея – нағыз жалпыхалықтық өкілдік. ҚХА жаңа міндеттерінің қатарына заманауи жүйелі модернизациялау міндеттеріне жауап беретін қоғамдық сана-сезімді қалыптастыру, азаматтық бірегейлікті нығайту мен бірлігімізді қамтамасыз ету жатады. Ал жалпы алғанда, Ассамблеяның ең басты міндеті – еліміздегі қоғамдық келісімді сақтау. Олай болса, Қазақстанның жағдайында ұлттық келісім мен мәдениеттердің үндесуі сонымен бірге діндердің үндесуі дегенді аңғартса керек. Ол «Бірлік алуандықта, көпұлттылықта, көпконфессиялықта» деген қағидаға негізделеді және басқа өркениеттердің, мәдениеттердің бар екендігін, олардың да терең тарихымен, ділімен санасу керектігін ескереді. Ендеше мәдениеттер мен діндердің байланысы жағдайында өмір сүре білу, оған үйрену қазақстандық қоғам үшін өте маңызды қажеттіліктердің бірі деп түсінгеніміз жөн. Қазақстанда қазіргі кезде ұлтаралық және конфессиялық келісімнің тиімді жүйесі негізінен қалыптасқан. Ол қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығын сақтаудың елеулі факторы болып есептеледі. Сондықтан да дін мәселесінің саясаттануына жол бермеу біздің аса маңызды міндетіміз деп ұғынған дұрыс. Оның үстіне қазақстандық конфессиялардың жетекшілері Ассамблеяның мүшелері. Ендеше дін де көптеген халықтың ұлттық топтасу факторына айналуына ерекше мән берілгені абзал. Саяси реттеу дәстүрі дәрменсіз жағдайда Құдай сөзі татуласу мен үміттің жалғыз құралы болып қала береді. Діннің діңгегі – дәстүрмен берік деген бар. Ол деген сөз сол зайырлы қоғамның дәстүрлері мен мәдени үдерістеріне сай келетін діни сана қалыптастыру керектігін меңзейді. Сондықтан қазақ қоғамының алдында мемлекеттің, қоғам мен діннің өзара қарым-қатынастарының моделін табу міндеті тұрды. Алайда зайырлылық деген атеистік дегенді білдірмесе керек. Керісінше, Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, зайырлы дегеніміз – ілгерішіл, бейбіт сүйгіш, толерантты, ашық қоғам дегенді аңғартады.
Қазақстан халықтары Ассамблеясы дегеннің орнына Қазақстан халқы Ассамблеясы деген жаңа атауы берілгенде оған қоғамды одан әрі топтастыру басты мақсат ретінде жүктелген болатын. Яғни болашақта Ассамблея тарихын тұрақтылық тарихына айналдыру міндеті тұрды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ассамблея құру арқылы ұлтаралық бірліктің стратегиялық дербес жолын тапты, бейбітшілік пен келісімді кіріктіруші моделін дүниеге әкелді. Ол «Саналуандылықтағы бірлік» және «Бір ел, бір тағдыр» сияқты этносаралық саясаттың негізгі қағидаттары негізінде іске асырылуда.
Жапсарбай Қуанышев,
саяси ғылымдар докторы