• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қараша, 2020

Індет кезінде де іркілмеген ізгілік

126 рет
көрсетілді

Індет қос бүйірден қысқан қысылтаяң кезеңде құндылықтар өзгерсе де болмысымызға біте қайнасқан мейірім, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерімізден ажырап қалудан сақтанғанымыз абзал. Мейірім – тек қана туғандарға көрсетілетін шектеулі сезім емес, көңіл көлемімен өлшенетін ізгі қасиет. Осы ретте індеттің кесірінен қаншама ісіміз іркіліп қалса да, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғайтын шаралар тоқтаған емес. Арбаға таңылған адамдардың арманын алыстатпай, қоғам арасында қолайлы орта қалыптастыру мақсатында жасалып жатқан ізгілікті істер жетерлік.

 

Мүгедектік мерзімі автоматты түрде ұзартылды

Әлемді әбігерге салған ін­дет­­тің таралуының алдын алу мақсатында 56 106 қазақ­стан­­дыққа автоматты түр­де мүге­дектік мерзімі, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі, кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі және жеке оңал­ту бағдарламалары үш айға ұзар­тылды. Бұл ретте мемлекеттік жәрдемақыларды төлеу бұрын белгіленген мүгедектік тобы бо­йынша жүзеге асырылады.

Сонымен қатар 15 830 қазақ­стандық мүгедектікті eGov.kz порталы арқылы онлайн ре­жімде сырттай рәсімдеді және ұзартты. Мұндай мүмкіндік мемлекеттік мекемелерде адам­дардың көп жиналуын болдырмау және коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайту мақсатында жасалды.

Індет қаупінің күшеюіне байланысты азаматтар мүгедектікті белгілеу және қайта куәландыру үшін электронды форматта өтініш бере алады. Өтініш беру үшін eGov.kz порталында авторлану қажет және электронды цифрлық қолтаңба болуы керек. Порталға кіргеннен кейін оң жақ жоғары бұрышында ашылмалы тізімі бар батырманы басып, «Электрондық өтініштер» және «Қызметке онлайн тапсырыс беру» дегенді таңдау қажет. Содан кейін өтініш беруші өзінің жеке кабинетіне кіреді, ол жерде «Құру» түймесін басады. Әрі қарай көрсетілген жолдарды толтырып, «Алушы» жолында «Еңбек, әлеуметтік қорғау және Көші-қон комитетінің аумақ­тық департаменті» тар­мағын таңдайды. Бұған қоса құжат­тардың фотоға түсіріл­ген немесе сканерленген көшірмелерін қоса беру қажет.

Тізімді «Қажетті құжаттар тізімі» сілтемесіне өту арқылы көруге болады. Соңғы әрекет ЭЦҚ-кілттің көмегімен өтінім­ге қол қою болады. Ол үшін «Сертификатты таңдау» батырмасын басу және атауы «RSA...»-дан басталатын файлды таңдау қажет, содан кейін жүйе ашық парольді енгізуді талап етеді. Өтініш беру нәти­жесінде өтінімге жеке кабинетте статус беріледі.

Айта кетейік, 16 және 18 жасқа толған мүгедек балаларға қатысты сырттай қайта куәландыру қарастырылған. Оларға мүгедектік қолда бар құжаттар негізінде және алдыңғы куәландыруға сәйкес мүгедектік дәрежесін ескере отырып белгіленеді.

Мүгедектік мерзімін автоматты түр­де ұзарту бойынша шаралар алғаш рет Қазақстан аумағында төтенше жағдай режімі енгізілген кезеңде қа­былданды. Қайта куәландыру мер­зімі төтенше жағдай кезеңіне жә­не бір ай бұрын келген адамдарға мүге­дектік 3 айға ұзартылды. Бұдан әрі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында шектеу шараларының, оның ішінде карантиннің сақталуын ескере отырып, мүгедектік мерзімдері ұзартылды.

 

8 жаңа оңалту орталығы салынады

Қазақстанның 8 облысында мүге­дектігі бар тұлғаларға арналған оңалту орталықтарын салу жоспарлануда. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов төрағалық еткен жергілікті атқарушы органдармен кеңес барысында мәлім болды.

Еліміздің 5 облысында мұндай орта­лықтар жоқ, ал 3 облыста төсектік орын­дар жетіспейтіндіктен, тиісті ме­кемелерге қосымша қажеттілік бар. Ор­та­лықтардың құрылысы үшін қазір­дің өзінде аумағы 5 гектарға жуық жер телімдері бөлінген. Әкімдіктер Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті әзірлеген үлгілік жобалық-сметалық құжаттаманы бекітуді кү­туде. Құрылыс кезеңінде мүгедектігі бар тұл­ғаларды оңалту қызметтерімен қамтуды қамтамасыз ету үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нис­трлігі әкімдіктерге мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыс немесе мемле­кет­-жекеменшік серіктестік шең­­бе­рінде орталықтарды ашуға жер­гілікті бюджеттерден қаражат қарас­тыру туралы ұсыныс хат жолдайды.

Бүгінгі таңда республикада 40 оңал­­ту орталығы бар, оның 12-сі биыл іске қосылды. Бұл қамту ауқымын 42%-дан 50%-ға дейін ұлғайтты, 1,5 мың қосымша төсектік орын пайда болды.

Жаңа орталықтардың құрылысы стационар жағдайында оңалту қызме­тіне мұқтаж барлық мүгедектігі бар тұлғалардың қажеттілігін өтейді. Қазір­гі уақытта оңалту орталықтары жоқ аймақтарда күндізгі емдеу бөлі­мінде және үйде қызмет көрсетіледі.

 

Мүгедектігі бар тұлғалар – мемлекет қамқорлығында

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мүгедектігі бар жандардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адам­дардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде кешенді түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Соның бірі – қолданыстағы заңнамаға түзетулер әзірленді.

Осы санаттағы азаматтарды бел­сен­ді жұмысқа тарту мәселелеріне ерек­ше назар аударылады. Қазіргі уақытта мүгедектігі бар тұлғаларды жұмысқа орналастыру үшін сұра­ныс­қа ие мамандықтар бойынша оқыту жүргізілуде. Мәселен, ерекше қажеттіліктері бар 120 адам IT ма­мандықтары бойынша білім алып жа­тыр. Бизнесте жүрген немесе стар­тап-жобаларға ие мүгедектігі бар адам­дарға акселерация, ауқымды ке­ңейту, бизнес-тәлімгерлік, оқыту, жаңа нарықтарға шығуға көмектесу мақ­сатында жәрдем жасалады.

Сонымен бірге биыл қараша айын­да мүгедектігі бар адамдарға ар­нал­ған мамандықтар атласын әзірлеу аяқ­талады. Бұл жұмыс берушілерге, жұмыспен қамту орталықтарына жә­не жеке HR-агенттіктерге, шектеу түріне байланысты қолайлы бос жұмыс орындарын іріктеуге, Элек­тронды еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындарын таңдауды авто­маттандыруға мүмкіндік береді.

 

273 млрд теңгеден аса жәрдемақы төленді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қаңтар-қыркүйек аралығында респуб­ликалық бюджеттен мүгедектікке бай­ланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 218,4 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы төлеуге 54,8 млрд теңге бөлінді.

«2020 жылғы қыркүйек айын­да республикалық бюджеттен мүгедек­тікке байланысты мемлекеттік әлеу­меттік жәрдемақы төлеуге 24,6 млрд теңге, асыраушысынан айыры­лу жағ­дайы бойынша жәрдемақы тө­леуге 5,2 млрд теңге бағытталды. Ал 1 қазандағы жағдай бойынша мүге­дектікке байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 533,1 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушылар саны 132,2 мың адамды құрайды», делінген ми­нистрлік таратқан ақпаратта.

Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мем­лекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөл­шері мүгедектіктің тобы мен себе­біне, қайтыс болған асыраушының асы­рауында болған адамдардың санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады. 2020 жылғы 1 қазанға мүгедек­ті­гі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәр­­демақының орташа мөлшері –  46 196 теңгені, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеу­меттік жәрдемақының орташа мөлшері – 39 179 теңгені құрады.

 

Әлеуметтік қызметтер порталы жұмысты жеңілдетті

Өткенде 1411 колл-орталығының алаңында Әлеуметтік қызметтер пор­­талын пайдалану және колл-орта­­лықтың жұмысы мәселелері бо­йын­ша мүгедектігі бар адамдар қа­та­­рындағы белсенділер мен қо­ғам қай­раткерлері кеңес берді. Сер­вис азаматтарға әлеуметтік-еңбек сала­сының негізгі бағыттары бойынша кеңес беруге мамандандырылған. Оның ішінде зейнетақы және әлеу­мет­тік қамсыздандыру, әлеуметтік сақ­тандыру, атаулы әлеуметтік көмек көрсету, еңбек қатынастары және басқа да мәселелер бар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Әділет Закиев мүгедектігі бар адамдар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарды келесі жылдан бастап порталда жеке көмекшілер мен ымдау тілі мамандарының қызметтеріне тап­сырыс беру бойынша, сондай-ақ сана­торий-курорттық емдеуді жүзеге асыру үшін ұйымды таңдау бойынша функционалдың қосылатыны туралы хабардар етті. Биыл бұл қызмет қанатқақты режімде іске асырылады.

«Біз мүгедектігі бар адамдар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отыр­ған ата-аналардың байланыс орта­лығына шығуын ұйымдастырдық. Олар операторлардың қалай жұмыс істейтінін, оларға азаматтар қандай сұрақтармен жүгінетінін көрді, сон­дай-ақ тесттік қоңырау шалып, жедел консультация алды. Сондай-ақ біз колл-орталық басшылығынан олар­дың келесі жылғы жұмысты қалай жос­парлағанын, жүктеме қашан артуы мүмкін екенін білдік. Жалпы, барлығы риза болды», деді Ә.Закиев.

Өз кезегінде 1-топтағы мүгедек Батыржан Қадыров мұндай кездесулер мүгедек адамдар үшін өте қажет екенін атап өтті.

«Келесі жылдан бастап портал­да санаторий-курорттық емдеу, жеке көмекші және ымдау тілі мама­ны­ның қызметтері қолжетімді болатынын тағатсыздана күтемін. Байла­ныс орталығына келетін болсақ, опера­торлардың жедел жұмысын атап өткім келеді. Біз сол жерде қоңырау шалып, сұрақтарымызға жауап алдық. Қазіргі уақытта мен өзім орталықтың жұмысын көріп, бағаладым. Жұмыстың жолға қойылғаны байқалады», деп өз ойымен бөлісті Б.Қадыров.

Колл-орталықтың операторы Жа­дыра Әубәкірованың айтуынша, Әлеу­меттік қызметтер порталын пайдалану мәселелерінен басқа, оларға азаматтар алғыс айту үшін жиі хабарласып жатады.

Колл-орталықтың жедел және үз­діксіз қызметін 60 адам қамтамасыз ете­ді. Колл-орталық күн сайын сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз, мере­келік және демалыс күндерінсіз жұмыс істейді. Күніне Қазақстанның барлық өңірінен 3,5 мыңнан 5 мыңға дейін қоңырау түседі.

 

15 мыңнан аса азаматтың жұмысқа тұруына жәрдемдесті

Биыл 1 қазандағы жағдай бойын­ша жұмыспен қамтуды қолдау шаралары 15,4 мың мүгедектігі бар адам­ға көрсетілді. Оның ішінде Нәти­желі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасы бойынша 11,4 мың­нан аса адам, ал Жұмыспен қамтудың 2020 жылға арналған жол кар­тасы шеңберінде 2,2 мың адам қолдау алды.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарла­ма­сына 11,4 мың мүгедектігі бар адам қа­тысты, оның 4 мыңы тұрақты жұ­мыс орындарына, 6 мыңнан астамы уақытша жұмыстарға орналастырыл­ды, 448 азамат қысқамерзімді кә­сіп­тік оқытумен қамтылды, 284 адам мик­рокредиттер алды және 700 адам мемлекеттік гранттар алды. Сондай-ақ «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік қызмет негіздеріне оқытуға 504 адам жіберіл­ді. Тағы 2,2 мың­ға жуық мүгедектігі бар адам ­Жұ­мыспен қамтудың жол картасы­ның жобаларына жұмысқа орналас­тырылды.

Бұдан басқа «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңға сәйкес, жергілік­ті атқарушы органдар ауыр жұмыстар­ды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіп­ті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары са­нының екіден төрт пайызға дейінгі мөл­шерінде мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгілеуді қамтамасыз етеді. Квота шеңберінде 2017 жылдан бастап осы жылға дейін 13,6 мың мүгедектігі бар адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 1,8 мыңы 2020 жылдың ІІ тоқ­санында жұмыспен қамтылды.