Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құру керек. Пандемия кезінде мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігінің қашықтан жұмыс істеу режіміне көшуі мемлекеттік аппаратты қысқарту керектігін және бұған толық мүмкіндік бар екенін көрсетті» деп атап көрсеткен еді.
Мемлекет басшысының бұл мәселеге назар аударуы тегін емес. Осы саланы жетілдіре түсу, қызмет көрсету сапасын арттыру бүгінгі күні кезек күттірмейтін мәселе. Жуырда Солтүстік Қазақстан облыстық Мемлекеттік қызмет департаментінің басшысы Елена Степаненко журналистерге осы Жолдаудың талаптарын іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар және 9 айдың қорытындысы туралы айтып берген еді.
Үстіміздегі жылдың 9 айында Мемлекеттік қызмет департаментінің мәліметіне қарағанда жергілікті атқарушы органдар халыққа барлық қызметтің 92,5%-ын электронды түрде көрсеткен. Бұл шамамен 3,8 млн қызмет деген сөз. Ал барлық қызмет саны 4,8 млн болған. 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл 14% көп. Қазір қағаз түрінде ұсынылатын қызметтер санының қысқартылуы жалғасуда. Соның ішінде Мемлекеттік корпорация бөлімдері арқылы көрсетілген қызметтер 2 есе, балама қызметтер 3 есе азайды. Сонымен қатар, Елбасының электронды мемлекеттік қызметтерді дамыту және электронды қызметтер үлесін 90%-ға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын ескере отырып, департамент «бір өтініш» негізінде бірнеше мемлекеттік қызмет көрсету үшін қызметтер тізіліміне, қызмет көрсету барысында қолданылатын ақпараттық жүйелерге талдау жасауда. Мәселен, биыл Агенттікке туылған баланы асырап алу және қамқорлыққа алу қызметін «Баланың тууы мен күтімі бойынша жәрдемақы тағайындау» қызметімен бірге проактивті нысанда көрсету жөніндегі ұсыныс жіберілген. Сондай-ақ 146 қызмет бойынша проблемалық мәселелер туындаған. Оларды жою жөніндегі ұсыныстар да Агенттікке жолданыпты. Соның ішінде оң шешімін тапқан мәселелердің бірі – облыстың шаруа қожалықтарына тыңайтқыштар құнын төлеу үшін субсидия бөлу жөніндегі өтініштерін беруіне мүмкіндік туған. Қазір олар субсидияларды ресімдей бастады.
Электронды нысанға ауыстырылған мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігіне мониторинг жасалғанда да кейбір проблемалардың бары анықталған. Мысалы, бүгінгі күні мүлік салығын есептеуде проблема туындап отыр. Өйткені, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде ақаулар пайда болуда. Сондықтан есептелген салықтар бойынша түзетулер енгізу мақсатында мемлекеттік кірістер органдарымен «е-Салық» қосымшасы жасалған.
Электронды қызметтерді іске асыруда «Өзіне-өзі қызмет көрсету» секторлары ерекше орын алуда. Қазір облыста сондай 828 сектор қызмет етуде, соның ішінде биыл ғана 127 сектор қосымша ашылған.
Облыс орталығында 123 бұрыш бар, олардың барлығы 2 Gis қосымшасына енгізілген, қалғандары, яғни 85,1% ауылдық елдімекендер мен аудан орталықтарында орналасқан. «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрыштары арқылы алынған қызметтер саны былтырғы жылмен салыстырғанда 27 мыңға ұлғайды.
Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде облыс әкімдіктері Сервистік әкімдіктер форматына көшуде. Қазір барлық 13 ауданның 12-інде Ашық әкімдіктер қызмет етуде. Сонымен қатар, Петропавл қаласының Ашық әкімдігі жанында былтырдан бастап «109 iKomek» бірыңғай анықтамалық қызметі жұмыс істей бастады.
Сонымен бірге «Агро Үйде» «Агро Көмек» сервис орталығы ашылды, мұнда ауылшаруашылық саласының 5 бағыты бойынша 5 маман кеңестік көмек көрсетуде. Департамент қызметкерлері жұмыс қабілеттері және жайлы жағдайлардың жасалуына мониторинг жүргізіп, қызмет көрсету үдерістерін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуде.
Ағымдағы жылы үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету үшін сұранысқа ие және аса маңызды мемлекеттік қызметтерді «Электронды үкімет» порталы, «eGovmobile» мобильді қосымшасы және Telegram мессенджері арқылы алу мүмкіндігін түсіндіретін 83 оқыту нұсқамасы әзірленді. Сонымен қатар, бұл ақпарат Instagramдағы «eGOV-та қалай мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алуға болады» деген парақшада орналастырылған. Нұсқамалар ҮИК, еріктілер және коммуналдық қызметтер тұтынушыларының жеке кабинеттері арқылы таратылған. Әзірге оған 4520 жеке тұлға және 3035 заңды тұлға кірген. Электронды цифрлы қол қоюды (ЭЦҚ) қашықтан алу үшін eGov mobile, Digital agent қосымшалары бойынша түбіртектермен бірге түсіндіру кітапшалары мен парақшалары қоса жіберіледі.
Былтырғымен салыстырғанда көрсетілген мемлекеттік қызметтер саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар саны 4,7 есе төмендеді. Мемлекеттік қызмет көрсету және мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты Департаментке барлығы 36 өтініш түсіп, олардың алтауының бұзылған құқықтары толық қалпына келтірілген. Мысалы, «Пушкин» ЖШС шағымының Есіл ауданының жер кадастры бөлімінің үстінен жер учаскесінің құнын анықтау бойынша қателік жіберілгені туралы шағымы анықталды. Департамент ұсыныстарын жібергенінен кейін артық төленген қаражат өтініш иесінің шотына қайтарылды.
Алайда баяндамада Президенттің Жолдауындағы тағы бір талабы – мемлекеттік қызметшілер санының қысқартылуы бойынша ешқандай деректер айтылмады. Оның үстіне нақты фактілер көрсетілмей, жалпылама айтылған жайлар журналистер тарапынан наразылық тудырды.
Солтүстік Қазақстан облысы