• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Саясат 10 Қараша, 2020

Халық үнін естімейтін салық органы

151 рет
көрсетілді

Дүйім жұртты пандемия дүрліктіріп тұрған қиын-қыстау кезеңде «Жау жағадан алғанда бөрі етекке жармастының» керін келтіріп отырған жайтқа наразылығымды ел газеті арқылы тиісті органдарға жеткізсем деймін.

Мен 2006 жылы Н.Қожанов атты азаматқа өзіме тиесілі «ПАЗ» маркалы автокөлікті сенімхат арқылы сатқан едім. Н.Қожанов дер кезінде аталған автокөлікті өз атына аудармаған және маған бұл жайтты ескертпеген. Бұл азаматқа менің атымнан сенімхат берілгендігі ресми түрде Ішкі істер министрлігінің мәліметтер базасында тіркеулі тұр. 

Осының салдарынан менің атымда салық органында көлік қарызы жиналып қалған екен. Оның өзін маған салық органы сенімхат мерзімі өткен 2009 жылдан бертінге дейін хабарлап та көрген емес. Кейінірек кездейсоқ білдім. Аталған азаматты іздестіріп көрсем, Нұр-Сұлтан қаласында тіркеуде көрінеді. Телефонмен хабарласқанымда, көліктің салық қарызын төлейтін ойы жоғын айтып, бірден бас тартты. Онымен соттасу қиынға соғатын болды, себебі ол тіркеуде Нұр-Сұлтанда тұрғандықтан, астанаға барып соттасуға немесе заңгер жалдауға мүмкіндігім жоқ. 

Салық мекемесіне қарызымның сомасын азайту жөнінде жолдаған хаттарым да нәтижесіз болды.

Екі рет Қазақстан  Президентінің виртуалды қабылдауына осы мәселені айтып, көмек сұрап хат жолдағанымда, бірінші хатыма  Қаржы министрлігінен келген жауапта: «Қарызыңыз өндірілді» деген түсініксіз, жаңсақ, жалған мәлімет болды. Жалған дейтінім, салық органы ол кезде қарыздың бір теңгесін де әлі менен өндіріп алмаған болатын.

15 мамырда жазған екінші хатыма Қаржы министрінен 2 маусымда берілген ресми жауапта былай делінген: 

«Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің тапсырмасын орындау мақсатында, жеке тұлғаларға қатысты жарияланған салықтық рақымшылықты жалғастыру жос­пар­лануда, ол осы жылдың соңына дейін жалғасатынын хабарлаймыз.

Сізбен көлік құралдары салығы бойынша негізгі қарыз сомасы тө­ленген жағдайда (негізгі қарыз 207 136 теңге), есептелген өсімпұл сомасын (өсімпұл 122 703 теңге) есептен шығару мүмкіндігін пайдалану құқығы қарастырылады». 

Өкінішке қарай, Екібастұз қала­сы бойынша салық басқармасы Пре­зи­денттің салық рақымшылығы туралы тапсырмасын да, Қаржы министрінің Президенттің виртуалды қабылдауы арқылы айтқан сөзін де аяқасты етіп, 2020 жылғы 19 тамызда менің қарызыма қатысты Салық бұйрығын (өндіру сомасы – 242 мың 486 теңге) шығарып, жалақымнан мәжбүрлі түрде өндіруге кірісті.

Менің 2020 жылғы желтоқ­санның 31-іне дейін негізгі қа­рызды жабу арқылы айыппұл сомасын жоюға мүмкіндігім бар еді. Са­лық органы осы мүмкіндікті пайдалануыма ресми бұйрықпен тос­қауыл қойып отыр. Мен салық орга­нының бұл әрекетін пандемия кезін­де жасалған қысым ғана емес, Пре­зидент саясатын аяқасты ету деп қабылдадым. Қиын кезеңде мек­тептегі үш  баламның аузынан жырып, сот орындаушысының 25 пайыздық қызмет шығынына ақшамды жұм­­самақпын.

Бақсам, сенімхатпен көлік сатып, мен сияқты опық жеп жүр­г­ен адам аз емес екен. Көлікті се­­нім­­хатпен сатып алушыға заң­на­­малық тұрғыда ешбір шара қа­рас­тырылмаған. Яғни бұл – заң аясында реттелмей қалған мә­селе. Осыны ескеріп, мен сияқ­ты адамдардың қарызын 10 жылдап есептемей, 5 жыл аясында қа­рас­тырып жеңілдік жасауға бол­мады ма?

Мен Қаржы министрінің 2 мау­сымдағы хатында аталған негіз­гі сома – 207 136 теңгенің Екі­бастұз қа­ласы бойынша салық бас­қармасы шығарған «Салық бұй­рығында» 242 486 теңге болып шыға келуін де түсін­бей далмын. Бірі екіншісіне ба­ғынышты қос мемлекеттік ор­ганның ресми мәліметтері неге екі түрлі, Пре­зидент Әкімшілігіне бе­ретін көр­сеткіші басқа, менен өндіретін сомасы бір бөлек?

Екібастұздық мекеменің Прези­дентіміздің бізге ұсынған игілігін кәдеге жаратуымызға осыншама қарсыласу себебін білсем деймін! 

 

Жанаргүл ҚАДЫРОВА,

Екібастұз қаласының тұрғыны

 

Павлодар облысы