• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Қараша, 2020

Борышкерлерді қалай қорғауға болады?

273 рет
көрсетілді

Қазақстан азаматтары өздерін банкрот деп жариялай алмайды. Себебі ондай құқығы жоқ. Қарызын қайтара алмай немесе несиесін төлей ал­май жүрген жандар көбіне кол­лекторлардың тұзағына түсіп жатады. Сосын амалсыз мо­й­нындағы несиелерін жабу үшін тағы несие алады. Сөйтіп, қарызға белшесінен батады.

Өткен жылғы статистикаға үңілсек, жалпы берешек сомасы бар­лық тұтынушылық кредиттерді қоса есеп­тегенде 4 трлн теңгеден асады. Қазақстан халқының 27%-дан астамы несие алған, мойындарында қарызы бар. Бұл елдің экономикалық белсенді халқының 55%-дан астамын құрайды. Ипотекалық қарыз, автокредит бо­йынша алынған несие, бизнес-кредитті есептемегендегі көрсеткіш. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш азайған жоқ, қайта көбейе түсті.

Коллекторлар борышкерлерді жиі мазалайды. Соның салдарынан қарыз алушының да, кейде кепіл бол­ған адамның да мазасы кетеді. Кол­лекторлардың мақсаты – қорқыту ма, қорғау ма? Ол жағы түсініксіз. Бір анығы, барлық кредиттік жүйе банктің мүддесін қорғауға бағытталған.

Барлық дамыған елдерде «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң бар. Ол заңдар азаматтардың құқықтарын қорғайды және пайда табуға ғана бағытталған банктердің мүдделерін шектеуге мүмкіндік береді.

Бұл идея негізінен, ең алдымен Америка Құрама Штаттарында жүзеге асырылды, онда банкроттық туралы алғаш рет XIX ғасырдың өзінде айтыла бастаған. Бір ғасырдан кейін бұл процедураны Еуропа елдері де қабылдады. Банкроттық туралы заңнаманың негізгі мақсаты – адал борышкердің мүлкін несие берушілер арасында әділ бөлу, борышкерді қарыздан босату және оған бизнесін қайтадан бастауға мүмкіндік беру.

АҚШ-та жеке тұлғаның банкрот­тығы өте кең таралған. Банкроттық деп жариялауға мәлімдемені борышкердің өзі (ерікті банкроттық) немесе несие беруші арыз бере алады, бұл жағдайда ол мәжбүрлі банкроттық болып табылады. Мұндай іс жергілікті федералды банкроттық сотында қаралады және банкроттық туралы кодекспен реттеледі.

Егер борышкердің тұрақты табысы бола тұра, бірақ оның көлемі барлық қа­рыздарын өтеу үшін жеткіліксіз бол­са, онда оның бар мүлкін тартып ал­май­ды. Ол өз мүлкіне билік ету ер­кін­­дігіне ие болады. Бірақ шарт бо­йын­ша ол қарызын тез арада өтеуге міндеттеледі.

Егер банкрот деп жарияланған тұлға қ­арызын өтеуге еш мүмкіндігі бол­ма­са, онда оның мүлкі жазып алын­ады да, артынша сатылады. Ал одан түс­кен табыс кредиторларға қайтарылады.

Жалпы, АҚШ-та заңның негізгі қағидасы «freshstart» («жаңа бастама») деп аталады және адамды мүмкін­дігінше тез қарыздан босатып, оған өз ісін қайта бастауға мүмкін­дік береді. Бірақ бір теріс тұсы: банкроттық туралы жазба несие тарихында 10 жыл бойы сақталады. Ол жаңа несие алу мүмкіндігін айтарлықтай төмендетеді.

Ұлыбританияда жеке тұлға үш жағдайда банкрот болуы мүмкін: борышкер сотқа өзі жүгінген кезде, кредитор сотқа жүгінсе немесе борышкер кемінде 750 фунт (шамамен 485 мың теңге) берешегі болған кезде. Сондай-ақ борышкердің кредиторлармен бітімгершілік келісім талаптарын бұзуы себебінен конкурстық басқарушы сотқа жүгінсе, банкроттық жарияланады.

Банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін борышкер тұрмыстық заттарды, киім-кешектерді, жиһаздарды жалпы өзіне қажетті құралдар мен арзан көлікті қалдыра алады. Сондай-ақ банкрот тұлға зейнетке шығу құқығын сақтайды, зейнетақы жинақтарын төрелік басқарушы ала алмайды.

Ал Қазақстанда заң бойынша кредиторларға банкроттың зейнетақы жинақтарынан 50%-на дейін алуға болатын норма бар.

Ресейде жеке тұлғалардың банкрот­тығы туралы заңның оң тұстары да бар: несиелер мен қарыздар бойын­ша қарыздарды есептен шығару; мүлікке тыйым салуды алып тастау; атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру; айыппұлдар мен пайыздардың есептелмеуі; барлық қарыздарды үмітсіз деп тану. Сондай-ақ заңмен өндіріп алынбайтын мүлік қорғалған: жеке қаражат есебінен сатып алынған, сыйға немесе мұраға алынған, бан­крот­тық туралы өтініш берілгенге дейін өтелген ипотека арқылы сатып алынған жалғыз тұрғын үй; үйге ар­нал­ған заттар, тамақ, киім, аяқ киім; борышкердің кәсіби қызметіне қа­жетті мүлік; борышкерге және асы­рауындағыларға күнкөріс минимумы; жүріп-тұруға қажетті мүгедектің мүл­кі; наградалар, сыйлықтар; мүге­дектігі бойынша зейнетақылар мен жәрдем­ақылар, әскери зейнетақы, балаға төленетін жәрдемақы.

Теріс тұстары: банкроттық деп танылғаннан кейін 5 жыл бойы кредит пен қарыз алу мүмкіндігінің болмауымен 3 жыл ішінде заңды тұлғалардың басқару органдарында басшы лауазым­дарға орналасуға тыйым салу жатады. Сондай-ақ сот тәркіленген мүлікті толық сатпайынша, борышкер Ресей Федерациясының шекарасы­нан шыға алмайды. Сот тыйым салуға құқылы.

Ресейдің Орталық банкінің эконо­мистері заңның мақсатты аудиториясын қолданатындар саны 600 мыңнан астам адам болады деп топшылады. Бірақ 2015 жылы заң қабылданғаннан кейін бір жыл өткен соң, банкроттық рәсімін 600 мың борышкердің 1000-ға жуығы, яғни 0,2%-ы ғана пайдалан­ды. Сондықтан экономикалық жүйе­лер мен халықтың менталитетінің ұқ­сас­тығын ескере отырып, мұндай заң­ның енгізілуі жаппай банкроттыққа әкел­мейді деп толық сеніммен айтуға болады.

Мүліктік және азаматтық құқық­тар­дың шектеулеріне қарамастан, бұл заңды адамгершілік тұрғысынан қолай­­лы деп санауға болады. Дү­ние­жүзі­лік Банктің есебінде де тұтыну­шы­лық банкроттықтың негізгі ұзақ мерзім­ді мақсаты адал борышкерді эконо­микалық қалпына келтіруге қол жеткізу болып табылатыны атап көрсетілген.

Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев жеке тұлғаларға қатыс­ты банкроттық туралы заңды 2015 жылы әзірлеуді тапсырған болатын. Елбасы 2018 жылғы халыққа Жол­дауында шенеуніктерге оны жедел­детіп, жылдың соңына дейін қабыл­дау қажеттігін айтты. Бірақ өкініш­ке қарай, заң әлі қабылданған жоқ. Сонымен қатар 2018 жылдың сәуір айынан бастап заң жобасы «Бан­крот­тық туралы» заңнан «Төлем қабілет­тілігін қалпына келтіру туралы» заңға өзгертілді. Қазір бұл шара 2023 жылға дейін кейінге қалдырылды.

Шетелдердің тәжірибесін зерт­теу арқылы заңды қабылдау қажет. Сонда елімізде жеке тұлғалар­дың құқын қорғайтын заң қабылда­нады. Осылайша, Қазақстан Республи­касы­ның жеке тұл­ғалардың банкроттығы туралы заңын енгізу және іс жүзінде оны жүзеге асыру көптеген мәселелерді қамтиды.

Бұл заңды көп кешіктірмей қабыл­д­ауымыз керек. Сонда «Жеке тұл­ғалардың банкроттығы туралы» заң аясында азаматтарды қорғау пара­метрі бойынша дамыған мемлекеттер қатарына қосылуға мүмкіндік туады. 

 

Бауыржан Смаилов,

кәсіпкер