«Egemen Qazaqstan» басылымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялауды жалғастырады.
Бүгінгі нөмірде оқырмандар назарына коронавирус пандемиясынан кейінгі кезеңде атқарылуы тиіс жұмыстар жөніндегі екі мақаланы ұсынып отырмыз. Еуропалық инвестиция банкінің президенті Вернер Хойер бүгінгі жарияланымында қарт құрлықтың қазіргі таңдағы әлемдік аренадағы жағдайына тоқталады. Оның пайымдауынша, Еуропалық одақ көшбасшыға айналуы керек. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Брюссельдегі саясаткерлер қаржыландыру мәселесіне баса назар аударғаны жөн.
Африка даму банкінің бастамасымен құрылған Africa 50 инвестициялық алаңының директоры Элейн Эбобиссе пост-пандемия кезеңінде қара құрлықты тығырықтан шығаратын жол ретінде активтерді жекешелендіруді ұсынады. Автордың сөзіне сүйенсек, Африка елдерінің басшылары цифрландыруды белсенді жүргізіп, жекешелендіру мәселесіне ерекше ден қойғаны жөн.
КАСАБЛАНКА – Африкаға коронавирус пандемиясы кері әсер етіп, ішкі жалпы өнім көлемі күрт құлдырауы мүмкін. Оған қоса, Африканың бірқатар мемлекеті қазіргі таңда шикізат бағасының арзандап кетуінен қатты зардап шегіп отыр. Бұл қазіргі құлдырау үдерісін одан сайын күшейтіп жібереді.
Құрлық экономиканың кері кетуімен белсенді түрде күресіп, оны қайта қалпына келтіруге тиіс. Сондай-ақ келешектегі ықтимал дағдарыстарға әзірленуі керек. Денсаулық сақтау саласын күшейтуден бастап, экономиканы дамыта отырып азық-түлікпен қамтамасыз ету назарға алынуы қажет. Африка көшбасшылары осындай құрылымдық қиындықтарды еңсеру үшін дамудың жаңа стратегиясын әзірлегені абзал. Африка құрлығының басты сыртқы әріптестері де коронавирус пандемиясынан зардап шегіп, ішкі мәселесімен айналысуға мәжбүр болғанын, тіпті індет басталмай тұрып-ақ дамушы елдердің (оның ішінде Африка елдері де бар) капиталы өте жедел түрде сыртқа кетіп жатқанын ескерсек, құрлықтың саясаткерлері қайта ойлануына тура келеді.
Мұндай мәселені шешудің бір жолы – инфрақұрылымға бағытталған кең көлемді инвестициялық бағдарлама. Осылайша, активтерді жекешелендіру арқылы жергілікті ресурстарды пайдалануды оңтайландырып, билік өкілдері қазір қолда бар капиталға арқа сүйейді. Осы активтерді концессиялық схемалар арқылы сенімді жеке инвесторларға ұсынып, Африка елдері маңызды жаңа жобаларды қаржыландыруды тоқтата алады.
Мұндай жеңілдіктер ұзақ мерзімді кіріс әкеліп, Африкаға көбірек инвестициялық капиталды тартатын жаңа инфрақұрылымдық-инвестициялық мүмкіндік ұсынады. Осылайша, активтерді жекешелендіру құрлықтың инфрақұрылымын қаржыландырудың үлкен айырмашылығын жоюға көмектеседі. Африканың Даму Банкі (AfDB) оның жыл сайынғы көлемі 68-108 миллиард долларға тең деп есептейді.
Электр стансалары, ақылы автомобиль жолдары, порттар, әуежайлар, талшықты-оптикалық желілер, құбырлар және осы секілді инфрақұрылымдар қайта өңделетін активтер қатарына кіреді. Соларды монетизациялау арқылы жиналатын қаражат мультипликативті тиімділігі мол жаңа жобаларға жұмсалып, бүкіл құрлықтағы экономикаларда жұмыс орындарының ашылып, бизнес жүргізуге мүмкіндік береді. Құрлықтағы жұмыс орындарының көптеп жабылуы мен жыл сайын миллиондаған жастың жұмыс істеуге жарамды жасқа жететінін ескерсек, бұл – өте маңызды.
Активтерді жекешелендіру Африкада ешқашан қолданылмағанымен, Аустралияда мұндай тәжірибе өзінің жемісін беріп отыр. Бұл елде мемлекет меншігіндегі 12 активті жекешелендіру арқылы үш жыл ішінде 18 млрд доллар пайда тапты. Африка елдері бүкіл құрлықта осы тәсілді қайталап, жыл сайын инфрақұрылымды қаржыландыруға жетпей қалатын қаражат тапшылығын жабуға жол ашады.
Қысқа мерзімде түсетін пайдадан бөлек, Африкадағы активтерді жекешелендіру инфрақұрылымдық инвесторлардың жаңа тобын қалыптастырады. Аустралияда әл-ауқат қоры, зейнетақы қоры және жеке инвестициялық қорлар бірігіп осындай жобаларға қатысады. Қолданыстағы активтерді пайдалану арқылы осындай инвесторларды тарту Африка үкіметтерінің тек донорлар мен даму жөніндегі қаржы институттарына тәуелділігін тоқтатады. Қазіргі таңда «Африка50» ұйымы активтерді жекешелендіру жобаларын іске асыру бойынша құрлықтың бірқатар үкіметімен келіссөз жүргізіп жатыр.
Цифрландыруға басымдық беру арқылы ауқымды инфрақұрылымдық инвестициялар азаяды. Нәтижесінде мемлекеттік және жеке тараптардың шығындарын азайтуға, олардың тиімділігін арттыруға, физикалық кедергілерді жеңуге және клиенттер мен азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға болады. Құрлықтағы цифрлы трансформация бүкіл көрсеткіш бойынша жақсы дамып келеді. Жаңа кең жолақты интернет ауқымы кеңейді, ұялы телефондарды пайдалану үрдісі жоғарылай бермек, құрлық ұялы байланыс арқылы төлем жасауда әлемде алдыңғы қатарда. Коронавирус пандемиясынан кейін туындаған қашықтан жұмыс істеудің «жаңа нормасы» және қозғаған тұтынушылардың мінез-құлқындағы өзгерістер бұл процесті жеделдетуге мүмкіндік береді.
Цифрландыруды жалғастыру арқылы Африкада экономика өсіп, жұмыс орындары құрылса да, кең жолақты интернетті жаппай енгізу әлі де орташа әлемдік деңгейден төмен. Цифрлы трансформацияны толықтай жүргізу сенімді инфрақұрылымдық кешендер арқылы мүмкін емес. Дүниежүзілік банктің хабарлауынша, 4G/5G технологиялары мен әмбебап кең жолақты интернетке қол жеткізу, талшықты-оптикалық кабельдік желілерді кеңейту 2030 жылға қарай қосымша 100 миллиард долларды қажет етеді. Қажетті қаражатты жинау Африка елдері үшін басты басымдыққа айналды. Олар коронавирустан кейінгі ахуалға бейімделуге тиіс. «Africa50» қазірдің өзінде активтерді жекешелендіру принципін қолдану арқылы осындай цифрлы өзгеріс жасауға кірісіп кетті.
Активтерді жекешелендіру стратегиясы Африка мемлекеттеріне қажетті инвестицияны өзін-өзі қаржыландыруға мүмкіндік беретін ерекше әдіс ұсынады. Африка елдері үшін ауқымды цифрлы инфрақұрылымды дамыту басты басымдық болып саналса да, сонымен қатар билік өкілдері цифрлы инновацияны қамтамасыз ететін экожүйесі бар кәсіпкерлерді қолдауға баса назар аударуы керек. Kigali Innovation City сияқты бастамалар технологиялық және білімге негізделген компанияларға «қос та, жұмыс істе» қағидатын ұсынады.
Африка елдері Африка құрлығының еркін сауда аймағы (AfCFTA) арқылы аймақтық интеграцияны одан әрі дамытқаны жөн. Бірлескен инфрақұрылым өндірістік әлеуетті дамытуда өте маңызды. Бірақ құрлықтағы көптеген мемлекеттің экономикалық қауымдастығы бұл мәселеге құлшынып отырған жоқ. Әсіресе, экономикалық тиімділікті ескерсек, энергетикалық инфрақұрылымды біріктіру ұсынысты көбейтіп, құнын төмендетеді. Мәселен, Африка даму банкінің Desert to Power бастамасы Нигерия, Мавритания, Мали, Буркина-Фасо, Нигер, Джибути және Эритрея сияқты 11 елді электрмен жабдықтау үшін Сахел аймағында қуаты 310 гигаваттық энергия шығаратын жаңармалы энергия көздерін дамытпақ.
AfCFTA-ны толығымен енгізу арқылы ұсыныс тізбектерін аймақтық интеграциялау жергілікті экономиканы көтеріп, отандық өндірістің әлеуетін күшейте түседі. Африка елдерінің көбі сыртқы серіктестермен сауда-саттық арқылы ішкі жалпы өнімді 30 пайызға арттырады. Ішкі құрлықтық саудаға екпін беру арқылы AfCFTA жергілікті нарыққа қатысы бар өндірістік сектордың өсуіне қолдау көрсетеді. Осылайша құрлықтағы тауар айналымын қазіргі деңгейінен (барлық сауданың 15 пайызы) 60 пайызға дейін өсіріп, миллиондаған жұмыс орнын ашады.
Қысқасы, африкалықтардың өздері әзірлеп, өздері қаржыландыратын қалпына келу жоспарын орындау мүмкін екені анық. Пандемия құрлыққа қатты әсер еткендіктен, активтерді жекешелендіру, цифрландыруды жалғастыру және өңірлік интеграцияны күшейту секілді стратегиялар сонда ғана індетпен күресудегі Африканың әлеуетін арттыра түседі.
Элейн ЭБОБИССЕ,
Africa50 компаниясының директоры
Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org