Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен академия кітапханасында Тұран идеясын ту еткен ғалым, шоқтығы биік шығыстанушы, Мажарстан түркологиясының маңдайалды тұлғасы Дьюла Неметтің туғанына 130 жыл толуына орай «Мажарстан түркологиясы» атты халықаралық онлайн-конференция және осы шара аясында әлемдік түркологияның белді өкілі, белгілі ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің академия шығарған ежелгі қыпшақтардың байырғы тілі, жағрафиялық атаулары, Дунайдың төменгі сағасындағы татар-ноғай қауымының тілі мен ауыз әдебиетіне қатысты «Үзілмес тамырлар» және «Иштван Қоңыр Мандокидің библиографиясы» атты қос кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бағдарлы басқосу аясында Түркі академиясы мен Мажарстанның Қазақстандағы елшілігі арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды.
Ата түркі жұрты мен тау асып қонған тарихы тамырлас елдің атқа мінген азаматтары және айтулы ғалымдары қатысқан алқалы жиынды ашқан Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі: «Мажарстан түркологиясы – әлемдік түркологияның негізгі қайнар бұлақтарының бірі. Сондықтан түркі халықтарының тілін, тарихы, әдебиетін, мұрасын зерттеуде Мажарстан түркологиясының үлесі орасан зор. Қалыптасқан үлкен дәстүрі бар Мажарстан түркологиясының шоқтығы биік өкілдері Дьюла Немет, Мандоки Қоңыр Иштван секілді ұстаздардың тәлімі біздің тамырлас тарихымызды, рухани дүниемізді жақындата түсті. Бүгінгі басқосуымызға арқау болған мажар түркологтерінің мұралары Мажарстан мен түркі әлемінің арасын жалғастыратын алтын көпір десек, артық болмас», дей келе, Атилла мен Арпаттың мирасын жаңғыртып жүрген тұлғалар тағылымына тоқталып, тамырластық пен сабақтастық жайын сөз етті.
Мажарстан Парламентінің вице-спикері Шандор Лежак түркі және мажар қатынасының көзотағасындай саналатын бұл тақырыптың қозғалуы мерейлі оқиға екенін айта келіп, ғылыми дисциплинаның ауқымынан асып кеткен Мажарстан түркологиясының тарихи маңызын көрсетер уақыт жеткенін, осы тұста осындай конференциялардың өтуі маңызды екенін тілге тиек етті. Шайқалтса да шатқаяқтамас, теңселтсе де тамырынан ажырамас түркі мен мажар тарихын, тілі мен ділін, бары мен жоғын зерделеуде түркологияның алатын орны орасан зор.
– Дьюла Неметті, түркі филологиясы кафедрасының негізін қалаушы, көне тарихымыздың көмбесін ашушы тұлғаны әр уақытта зор құрметпен еске аламыз. Немет негізін қалаған кафедрадан үздік түркологтер шықты. Шығыстағы отанынан Карпатқа түркілік мәдениетімен келген ата-бабамыздың тұрандық тамыры бүгінгі халқымыздың мәдениеті мен дүниетанымын қалыптастырды. Немет мұрасы мен тұлғасы осыны ашып көрсетуімен, оның күрескерлік рухымен де құнды, – деді Мажарстан вице-спикері.
Түркі халықтарының тарихи, мәдени, рухани жаңғыруында Түркі академиясы үлкен қызмет атқарып отырғанын, сол қатарда академияның түркі елдері ғалымдарын қолдау және олардың жұмысын үйлестіру арқылы интеллектуалдық орталыққа да айналғанын айтқан ТүркПА Бас Хатшысы Алтынбек Мамаюсупов: «Тұтас дүниедегі түркі мұрасын зерттеу мен бағыттау жайында айтқанда әлемдік түркологияның дамуына үлкен үлес қосқан Дьюла Неметті айналып өте алмаймыз. Венгрияның түркі әлемімен байланысы жаңа заманда жеткен жетістігіміз емес, оның тамыры тереңде, ғасырлар қойнауында жатыр» деп, ортақ тамырларды тануда Дьюла Немет секілді тұлғалардың мұрасы түркі халықтары үшін маңызды да құнды деп білетінін жеткізді.
– Ол – 300-ден аса ғылыми еңбек жазған, саналы ғұмырын ғылымға арнаған, түркология тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлға. Көне жазба деректеріндегі тарихи-этностық, тілдік байланыстарды зерттеп, Шығыс Еуропа аймағындағы руна жазбаларын Орхон, Талас жазбаларымен салыстырып, мажарлар мен ортағасырлық түркілердің тарихи, мәдени байланысын ашып көрсеткен бірден-бір ғалым. Д.Неметтің «Түркі тілінің грамматикасы» еңбегі осы күнге дейін маңызын жоғалтқан жоқ, – деген Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ ректоры Нұрлан Дулатбеков, қазақ халқы үшін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қадір-қасиеті қандай болса, мажар үшін Дьюла Немет те сондай дара тұлға екенін айтты.
Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жәнібек Әбдірашев жалпы түркі халықтарының тарихы, оның ішінде қазақ пен мажар жұртының бүгінгі тұрақты әрі тиянақты қарым-қатынастары жайына тоқтала келіп, Дьюла Немет пен Қоңыр Мандоки секілді тұлғалардың мерейтойы бәрімізге ортақ екенін, Дьюла Неметтің туғанына 130 жыл толуына орай Будапештте аталып өткен маңызды мәдени шараға түркі халықтарының басын қосып отырған ұйымдардың атсалысқанын атап өтті.
Басқосу барысында сөз алған Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михай Галошфай жаһандық пандемия тудырған қиын кезеңде осындай іс-шара атқарып, ортақ тұлғаларға құрмет көрсетіп отырған Түркі академиясына алғысын білдіре келіп: «Өткен ортақ тарихымызды зерттеу, тану және құнды мұраларымызды қамқорлығымызға алу – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Дьюла Неметтің еңбектері ғылыми орта үшін әлі күнге дейін темірқазық жұлдызындай болып отыр», деді.
Сондай-ақ аталы сөз айтылған алқалы жиын секциялық отырысқа жалғасты. Түркі Кеңесінің Мажарстандағы өкілдігінің атқарушы директоры Янош Хавари, РФ ҒА Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл, әдебиет зерттеу институтының жетекшісі, профессор Фирдаус Хисамитдинова, Мажарстан Шығыстану институтының директоры Пери Бенедик, «Мажар-Тұран» қорының төрағасы, антрополог Биро Андраш, Қырғызстанның танымал түркологі, профессор Қадыралы Қонқобаев, «Мажар-Тұран» қорының қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Бабақұмар Хинаят, Мажар Ғылым академиясы, Этнография институтының ғылыми қызметкері, түрколог Дәуіт Шомфай Қара қатысып, ғалым мұрасы жайында баяндамалар оқылды.