Аба – жылқы терісінен тұтас тігілген жауын-шашыннан қорғайтын жамылғы киім.
Аббар – суыт, үдере қозғалу. «Аббар көшіп, шет қонған, жау алдына бет қонған» (Шалкиіз жырау).
Абдан – халықтан жиналатын ежелгі салық түрі. «Сыбан-Раптан басып алып, боданына қаратқан қазақ, қырғыздан қытай императорына абдан төлеп тұруға міндетті еді» (Ж.Тұрлыбай)
Адарғы – үлкен ине, яғни тебен түрі. «Көк кебісін көктеп өтті адарғы» (Қ.Шаңғытбаев).
Ажан – сақшы, айдауыл. «Ажанның қолына тапсырып түрмеге жөнелтті». (С.Шарипов)
Азада – жүрісі жайлы жылқы. «Жүрісті, өзі сұлу азада атпен, барайын көпшіл болсаң, жүз жігітпен...». (Б.Қалиев)
Азбар – мал бордақылауға арнап, қараңғылап жасаған орын. «Қырғауылдай қызыл нар, алшаңдаған асаулар, азбарда тұрып жем жеген, аяғын әсем сермеген» (Қашаған ақын).
Азбеніш – нәпақа, дәтке қуат. «Оның алданыш, азбеніші – ораза ашары». (Ж.Аймауытов)
Айғыржап – үлкен арық. «Суарма егістікпен күн көрген елдің айғыржап жасаудан бастап, егінді орып, жинап алғанша қолынан кетпені түспейді» (Ғ.Мұстафин).
Аймауыт – болаттан шынжырлап соққан сауыт. «Аймауыттың шынжыр торы денеге батпау үшін ішінен киіз кебенек киеді» (ҚСЭ).
Ақаба – егінге жіберілетін судың арықтан асып төгілген артығы. «Су лай батпақты атыздарда ақабаланып, артқы атыздар тыңайтқыштан құр қалады» (Ы.Жақаев).
Ақбұрғы – тұтқынның мойнына кигізетін ағаш бұғау. «Ақбұрғы мойнымызға сонда салды, шеріктер темір үйге алып барды» («Арқалық батыр» жыры).
Ақташы – Шыңғыс хан кезінде орда жылқысын баптаушы адам. «Шул қаум татар ахташы бекілігі төрт казик еді» (Қадырғали Жалайри).
Алагүлік – түйе түлігінің ауруы. «Желі толған түйеңді, жан шешеке, алагүлік әкетсін деді Қозы» («Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры).
Алақаншық – бірде үдеп, бірде саябырлап соғатын қарлы боран. «Бір сәтке боран алақаншықтанып еді, таң білінген кез екен, аяз ширай түсіпті» (З.Ақышов).
Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ,
этнограф