Біз жаңғыру туралы көп айтамыз. Елімізде, әсіресе қазақ қоғамында саяси, экономикалық, рухани жаңғыру тақырыбының жиі көтерілуі халқымыздың қоғамдық, мәдени ой-санасының жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетеді деп ойлаймын. Бұл өте құптарлық.
Сонымен қатар «жаңғыру» ұғымының өзі өркендеу, қайта түлеу мағынасын беретінін, болашақтың бейнесі екенін біле тұра, сол «сананы жаңғыртудың» рецептерін, әдістемесін тек өткеннен іздегіміз келіп тұратыны тағы бар. Әрине, жаңа жаһандану дәуірінде, мультикультурализм жағдайында ұрпақтың адаспауы үшін Ұлттық кодты қастерлеу, сақтау аса маңызды. Мұндай жағдайларда өткен тарихымыз, мәдени, моральдық құндылықтарымыз, төл болмысымыз біздің иммунитетіміздің өзегі болып қала береді.
Дегенмен жаңғырудың кілтін өткеннен іздей беру технологиялық тұрғыдан да, әдіс-тәсілдемелік тұрғыдан да әбестік болар еді. Бұл анық! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бағдарламалық мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатынын да ұмытпаған жөн. Бұл бағдарлама біздің жарқын болашағымыздың көкжиегін негіздеп отыр. Бұл – біздің «болашақтың картинасын» жасау жобасы!
Ұлттың «болашақ картинасын» жасау үшін қандай сұраққа жауап беру керек? Бұл мәселеде мемлекет басшылығының, халық, қоғамның пікірі бір сауал төңірегінде тоғысады. Яғни «ХХІ ғасырдың адамы, ХХІ ғасырдың қазағы қандай болуы керек?» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында: «Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртқа таныстыра алады», деп атап өткен. Ал сол болашаққа бағдары бар, рухани жаңғырған ұлттың келбеті қандай болуы тиіс?
Қазақстан дүниежүзілік технологиялық дамудың босағасында тұр. Алайда көп жағдайда біз ескірген тәсілдермен, көне стереотиптермен жұмыс істеуге бейіл екеніміз жасырын емес. Мысалы, біздің білім жүйеміз жас ұрпақты творчестволық тұрғыдан дамытуға, қиялдауға, армандауға мүмкіндік бермейді. Мұхтар Әуезовтің сөзі бар. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Ал біздің даму бағдарламаларымыздың көбі мемлекеттің әртүрлі аспектілерін дамытуға арналады да, сол бағдарламаны іс жүзіне асыруға қабілетті адамды тәрбиелеуге, адам капиталын дамытуға көңіл аудармайды.
Жаңғыру үшін сапалы адамды, жаңа дәуірдің тұлғасын қалыптастырып, тәрбиелеу, адам капиталын дамыту ең басты бағыт болуы тиіс! Яғни қазіргі жағдайда, заманауи технологияны меңгерген, бүгінгі еңбек қатынастарына бейімделген, «болашақтың тарихын» жасауға қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеуді қолға алу өте маңызды. Біз ендігі кезекте ұлттық футурология, гендік инженерия, жасанды интеллект, цифрлы технологияны, керек десеңіз ғылыми фантастиканы терең меңгерген жас буынды тәрбиелеп шығаруымыз керек. Бұл бағыттарды дамытпай, болашақтың кілтін табу өте ауыр болары ақиқат.
Қазақстанның ғана емес, күллі әлемнің күн тәртібінде тұрған жоғарыдағы «ХХІ ғасырдың адамы қандай болуы керек?» деген сұраққа сонда ғана жауап таба аламыз.
Ал бұл мақсаттың үдесінен шығу үшін алыстан мысал іздеудің қажеті жоқ. Ұлттық модернизацияның бастауында тұратын және оны іс жүзіне асыратын нақты, пассионар тұлғалар болады.
Жиырмасыншы ғасырдың ортасында қазақ халқының руханиятын, ғылымы мен тарихын аса жоғары деңгейге көтерген үш тұлға болды: Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан. Үшеуі де – Алашорда ізбасарлары.
Еліміз экономикасының тірегі ірі кеніштердің басым көпшілігін Қаныш Сәтбаев ашып кеткен, қазір сол жерлерде қаншама жүздеген мың адам еңбек етіп, өзінің нәпақасын тауып жүр, бюджетке қаншама триллиондаған салық құйылып жатыр.
Мұхтар Әуезов бізге, әлемге Абайды ашты.
Әлкей Марғұлан қазақ мемлекеттігінің санғасырлық тарихын, қазақ ұлтының ерекше өркениет пен мәдениетке мұрагер халық екенін Кеңес кезінде-ақ дәлелдеп берген тұлға.
Бұл кісілердің дүниеден өткеніне елу жылдан асты. Қазақ «елу жылда ел жаңа» дейді. Ендеше, «Бүгінгі күннің Қанышы, Мұхтары, Әлкейі кім?» деген сұраққа жауап бере аламыз ба? Жаңғырудың ғұмыры келер ұрпақ өткендерден асып түсіп отырған жағдайда ғана баянды болады.
Қаныш Сәтбаевтың еңбегін басқа сапалық деңгейде дамыта алдық па? Сәтбаев металл заманында экономиканы дамытудың негізін жасады. Бүгін металдың экономикадағы мағынасы жойылды, бүгінде металды композиттер айырбастап жатыр. Ертең ірі металлургия зауыттары анахронизмге айналады. Сонда не істейміз?
Мұхтар Әуезовтің Абайын, Абайдың «толық адам» ілімін моральдық, гуманитарлық, философиялық тұрғыда зерделей алдық па? Абай мұрасының құндылығы Конфуций, Георг Гегель, Людвиг Фейербах деңгейінде.
Ал біз Абайды сол ғұламалардың деңгейінде әлемдік руханият айналымына енгізе алдық па?
Рухани жаңғырудың дайын әдістемесі деуге болатын Әлкей Марғұланның тарихи, мәдени, этнографиялық еңбектерін жеткілікті насихаттай алып жатырмыз ба?
Міне, меніңше, «Рухани жаңғырудың» бастаулары мен қайнар көзі осы сауалдарда жатыр. Осы сауалдарға лайықты жауап берген кезде ғана қазақтың рухани экспансиясы басталары сөзсіз.
Мұхтарды, Қанышты, Әлкейді Алаш ардақтылары тәрбиелеп, баулып кеткен. Осы үшеуі қазақтың санасын басқа сапалы деңгейге көтеруге халықты басқа формацияға көшіруге еңбек етті.
Тағы да білім мен тәрбиеге келіп тірелеміз. Бүгінгі заманда ұлтқа осындай интеллектуалдық-технологиялық сапалы серпіліс, алға ұмтылыс беретін тұлғаларды тәрбиелеп, баулып өсіру өте маңызды. Біздің жеткіншек ұрпаққа бүгінгі заманның технологиялық бет-бейнесіне сәйкес білім бере отырып, қазіргі заманға сәйкес ұлттық, мемлекеттік бағдарлама жасау өте маңызды.
Нақтылап айтқанда:
– Біріншіден, Назарбаев зияткерлік мектептері аясында жас жеткіншектердің технологиялық, интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін «Силикон жазығы» тектес технологиялық, зертханалық платформалар ашу мүмкіндігін қарастыруға болады.
– Екіншіден, орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары және жоғары оқу орындары жанынан еңбек алаңдарын (шеберхана, жылыжай, агроферма және т.б.) ашу мәселесін пысықтап, нақты ұсыныстар енгізуге болар еді.
– Үшіншіден, дүниежүзілік технологиялық орталықтармен бірлесе отырып, жаңа заманға сай мамандықтарды даярлайтын факультеттер ашудың уақыты келді.
Осындай жағдайда ғана болашақтың Қаныштары, Мұхтарлары, Әлкейлері өсіп шығады. Жаңа технологиялық формациядағы біздің ұлттық жаңғыруымыздың көшбасшылары солар болады. Сонда «Рухани жаңғыру» рухани өрлеу мен әлеуметтік кемелденуге алып келері анық.
Ерлан САИРОВ,
саясаттанушы