• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Қараша, 2020

Алғашқы сурет, алғашқы өлең...

605 рет
көрсетілді

Адамзат тарихындағы ең алғашқы тасқа қашалған сурет Оңтүстік Африка Республикасындағы үңгірлердің бірінен табылған. 75 мың жыл бұрын салынған шимай. Иә, шимай. Оны тапқан археологтар, суреттен қарап отырған біз де соны салған алғашқы суретшінің (солай атайық) бұл шимайына таңдана қараймыз. Соны салып отырған адам осы сурет арқылы не айтқысы келді екен? Ұғына алмаймыз. Қандай ақпарат бергісі келді? Түсіне алмаймыз. Оның жанын не ауыртты, жүрегін не сыздатты, басынан не дәуір өтті, қандай хал кешірді? Бірақ сезіне аламыз. Ол бұл шимайын өнер деп ойлады ма?

 

Шығыс Африкадағы Малави көлінен жанартау күлін тапқан ғалымдар, оның табиғатына үңіле келе, Тоба жанартауының күлі деген ұйғарымға келді. Тоба жанартауы қазіргі Индонезиядағы Суматра аралында, осыдан 75 мың жыл бұрын атқылаған жойқын жанартау. Ақырғы мұз дәуірінде оянған Тобаның күлі жеті мың шақырым шалғайда жатқан Малавидің түбіне келіп шөккен. Жер бетін қара түнек басып, жазсыз жылдар жылжып өтіп, ұлы суық дүниені құрсаған. Ғалымдардың бір тобының айтуынша, жер бетіндегі адам саны екі мыңға дейін қысқарған. Енді ойлаңыз, Африка құрлығындағы арғы бабаларымыздың бірі дәл осы кезеңдерде үңгірде отырып, қабырғаға таспен қашап сурет салған. Дүниені басқан қара түнек, күнді жапқан алапат күл жайлы айтқысы келді ме екен? Оны құдайдың қаһары деп ойлады ма екен? Жалпы, олар құдай жайлы ойланды ма екен?

Үңгірдің қабырғасына сурет сала алған адамның жан-дүниесінде таңғажайып әуен болмады деу, табиғаттың өзі: жаңбырдың тырсылы, жапырақтың сыбдыры, құстардың құйқылжыта салған әні күй болып төгіліп, дүниені таң-тамаша етіп, тамылжытып тұрғанда оның жанында музыка, қандай да бір алғашқы әуен ойнамады деу, әрине әбестік болар еді. Осы дерекке қарағанда, адамзат тарихында 75 мың жыл бұрын дүниеге Өнер келді. Ұлы өнер!

Жалпы, алғашқы дегеніміздің өзі шартты ұғым ғой. Дерек пен дәйекке сүйенетін дүние. Алғашқы суретші, алғашқы ақын, алғашқы композитор дегеніміздің өзі жүзмыңжылдық жылнамалардың жүйесінде кездесіп қалар нақты дерекке ғана құрылады. Тарих дерекке сүйенеді.

Алғашқы суретші құдай жайлы ойланды ма деп болжам ғана жасар болсақ, адамзат тарихында аты мен хаты қалған алғашқы ақын саналатын бір сұлу қыз құдай жайында ойланған екен. Оның бүкіл поэзиясы құдайға мадақтан құралды. Біздің заманымыздан бұрынғы 2285-2250 жылдары өмір сүрген аккад ханшайымы, шумер гимндерінің авторы, көріпкел, пірге айналған перідей көркем жан, дүниені ынтықтырып жыр жазды. «Мен, Энхедуанна» деп бастар еді ол сөз әуелін. Қырық үш ғасыр бұрын. Иә, оның есімі Энхедуанна екен.

Қосөзен бойында алғаш қағанат құрған Саргон патшаның қызы ғибадатханада құдайға арнап мадақ жырларын жазды. Ғи­бадатханадағы оның міндеті – жұл­дыз­дардың жайын ұғу болған екен:

Шынайы әйелге даналық қонған,

Зерделейді ол зеңгір көкті,

Жердегілерге ақылшы болған,

Өлшейді оймен ғарышты отты...

Қараңыз, осы бір өлеңде Энхедуанна жалпы әйел табиғаты, оның жер бетіндегі миссиясы жайлы толғанады. Шынайы әйел жайлы толғанады. Шынайы әйел аза­матқа ақылшы болады, оның кеудесінде даналық шырағы жанып тұрады дегенді айтады. Жалпы, әйел табиғатынан қайбір қауым да осы бір даналықты іздейді ғой. Себебі, даналық дегеніміз тыныштық, да­налық дегеніміз сұлулық. Бұл – қарама-қайшылықтардың таңғажайып үйлесімі. Сұлулық пен сұңғылалық бір жанның бо­йынан табылса, сол жан кісінің көркемі, адамның кемелі емес пе?! Қырық үш ғасыр бұрынғы қауым да әйел табиғатынан осы үйлесімді іздеген екен. Жар – ақылшы деген. Қазақтың қабырғаммен кеңесейін деуінде де осы қабырғадан жаралды дейтін жардың жайы тұрған жоқ па.

Саған дұға етем,

О, күн шырайлым,

Инанна!

Қайғыдан құтқар,

Сенен сұраймын.

Үнсіз сүйемін,

Үнсіз жылаймын,

Менің көз жасым –

Шырын сыңайлы!

Энхедуанна өзі тәңірі тұтқан Инаннаға осылай дұға етеді. Аккад ханшайымы осынша қайғы-қасіретке душар еткен не, жұбана алмай жаратушыға жалынуы, жанына бір медет сұрауының сыры неде екен?

Ур шаһарында, Саргон патша салтанат құрған, бір күні бұрқ етіп бүлік шығады. Саргон билігі тұсында Ур көшелерінде алақан жайған жан кездейді екен, дімкәсқа қамқор, әлсізге қорған, жетімнің басынан сипар, жесірдің көз жасын сүртер ізге қоғам құра алған. Бірақ, бүліктің аты бүлік, ол әрқашан әділетті бола бермейді. Сол бүлікте Энхедуанна ханшайым ғибадатханадан қуылып, зар кешкен екен. Сонда құдайға жылап, жалбарынған қыздың зарын қырық үш ғасырдан кейін оқып отыр екенбіз.

Жиырмасыншы ғасырдың басын­да ағылшын археологы сэр Чарльз Лео­нард Вулли Қосөзен бойында қазба жұмыс­тарын жүргізді. Осы тұста Ур қала­сы­ның орны қазылды. Саргон патша за­ма­­нындағы жәдігерлер табылды. Сол жә­дігерлердің арасында Энхедуаннаның да жырлары ұшырасқан. Ханшайым қуыл­ған ғибадатхананың да орны ашылды. Топырақтың астында тоқсан заман бойы тозып жатқан поэзия топырақтан өнген гүлдей, қайта көктеп, қайыра бүр жарып, жайқалып шыға келді.

Жайқалған желек жамылып бір сәт,

Бала арыстандар,

Саяда ойнайды.

 

Сұрша бауыр қой мен

Көлдей көзді торпақ,

Шопансыз, шүйгін іздейді.

 

Шалғын желмен билейді,

Жабайы өгізшелердің,

Қытықтайды бауырын.

 

Аймүйізді сол өгіз,

Кипаристің қалыңын,

Қалқа қылып, сүйсінер.

 

Эбих тауының етегіндегі табиғаттың мамыражай тыныштығын, бәлкім өз жүрегінен таба алмаған тыныштығын, Энхедуанна осылайша суреттейді. Осы бір өлеңді оқы­ғанда, уақыт дауылында ысырап болған ықылым заманның кейіпкерлері – ерте дәуір адамдарының үңгір қабырғасына салған суреттері – аң стилі көз алдыңызға картина болып келе қалады. Алғашқы сурет, алғашқы өлең...