Алматыдағы Ғылым ордасында «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» биобиблиографиясының тұсаукесері өтті. Тағылымды тұлғаның қайраткерлік жолын арқау еткен туындының таныстырылымына қабырғалы қаламгерлер мен белгілі ғалымдар жиналды. Жөні бөлек жинақ Елбасының Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланғанына 25 жыл толуына орай жарық көріп отыр.
Жобаның жүзеге асуына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы, саяси ғылымдар докторы, профессор Махмұд Қасымбеков бастамашы болған. Кітапта Қазақстан мен әлемдік қоғамдастықта мойындалған Елбасының өмірі мен қызметі, тың бастамалары мен сіңірген еңбегі бейнеленеді. Елбасының іргелі, бағдарламалық және стратегиялық еңбектері, жарияланымдары, шығармашылық жұмыстары, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдерде сөйлеген сөздері туралы бірқатар материалдар мен ақпараттарды да осы жинақтан табуға болады. Сонымен қатар кітапта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа арнап түсірілген көркем және деректі фильмдер, туынды авторлары мен әдеби басылымдар туралы ақпараттар көрініс тапқан.
Биобиблиографияның тұсаукесері Елбасы кітапханасы мен Ұлттық ғылым академиясы бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстан ғылымы: даму кезеңдері мен басымдықтары» тақырыбындағы дөңгелек үстел аясында өрбіді.
– Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүшелігіне Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қабылданғанына жыл 25 толмақ. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы, саяси ғылымдар докторы, профессор М.Қасымбековтің жетекшілігімен Елбасы кітапханасы «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» академиялық биобиблиографиясын әзірледі. Тағдыры мен борышын егемен Қазақстанның қалыптасу тарихымен ұштастырған тұлғаның еңбек жолы басылым негізіне алынып отыр. Өзінің бай тәжірибесіне сәйкес, бүгінде Елбасы Қазақстанда білімді, ғылымды дамытуға мейлінше көңіл бөліп келеді. Жыл сайын бұл салаға бюджеттен үлкен көлемде қаражат бөлініп, елімізде жаңа заманауи мектептер, дарынды балаларға арналған оқу орындары және әлемдік деңгейдегі университеттер ашылуда. Олар талантты оқытушыларды, студенттерді, зерттеушілерді тартатын орталықтарға айналды. Тәуелсіздікке қол жеткізген күндерден бастап Елбасы мемлекеттің білім беру және ғылым саласын ешқашан назардан шығарған емес. Елбасы айтқандай, ғылымсыз өндіріс алға баспайды. Сондықтан әрбір Жолдауында индустрияның әр саласын инновациялық, ғылыми сүйемелдеумен күшейтуді талап ететін. Қазақстанның Тұңғыш Президенті қайда болса да, республика көлемінде немесе шетелдік сапарда болсын, жоғары оқу орындарының студенттерімен ұдайы кездесулер өткізеді, дәрістер оқып, өзінің білімі мен тәжірибесін жастармен бөліседі, – деп атап өтті Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов.
Дөңгелек үстел қатысушыларына өз құттықтау хатын жолдаған М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий: «Биобиблиографияның жариялануы қоғамдық, ғылыми және саяси өмірдегі маңызды оқиға. Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының бар кезеңіндегі орасан зор еңбегін танытады. Кітапта Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанның дамуына, атап айтқанда, саясат, экономика, қоғамдық өмір, ұлтаралық қатынастар, т.б. мәселелердегі тұтас қадамының көрініс табуы маңызды» дей келе, кемеңгер тұлғаның ел дамуындағы елеулі еңбегі ұрпақ үшін өлмес өнеге екенін жеткізді.
Бұл ойды қуаттай түскен отандық ғалымдар да ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Тұңғыш Президент – Елбасы жүріп өткен жол жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеліп, сарапталуы керек деп есептейді.
«Қазақстан дамуындағы ірі жобалардың неге негізделгенін, қалай жүзеге асқанын, неге қол жеткізгеніміз туралы ғылыми түйін жасауға тиіспіз. Мұны бәрі білуі керек. 1995 жылы экономика ғылымдарының докторы, профессор Н.Ә.Назарбаев ҰҒА академигі болып сайланғанда, барлық ғалымдар бірауыздан қолдадық. Біз бәріміз Елбасының жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшуді ғылыми тұрғыда жасақтап шыққанын білеміз. Және оны тұтас бір мемлекет тәжірибесінде жүзеге асырды. Міне, осы үшін академик болып сайланды», дейді ҰҒА президенті, химия ғылымдарының докторы, академик М.Жұрынов.
Қазақ тағамтану академиясының директоры, медицина ғылымдарының докторы, академик Төрегелді Шарманов Қазақстанның қандай қиын кезеңді бастан өткергенін тілге тиек ете келе, «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы көпұлтты мемлекеттің бірлігі мен дінаралық келісімін елдің басты құндылығы деп жариялауының арқасында, біз көп қиындықты еңсердік. Елбасы көреген саясаткер, реформатор, өз жерінің нағыз патриоты ретінде қазақ ұлтының болашағы үшін жұмысын жалғастыруда», деп атап өтті.
Жарық көрген жаңа туынды – мемлекеттің ғылыми қоғамдастығы үшін айтулы оқиға екенін айтқан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов: «Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік ірі саясаткер ғана емес, белді ғалым ретінде де танымал. Қазақстанның аяққа тұрып дамуы Елбасының қызметімен тікелей байланысты екені күмәнсіз. Ғылымның дамуындағы оның тарихи көрнекті рөлін айтпауға болмайды. Әмірхан Мұратбекұлы атап өткендей, тәуелсіздік алып, Қазақстанда жеке даму моделін қалыптастыру әлемде «Қазақстан жолы» немесе «Назарбаев моделі» деген атау алды. Әлемнің дамыған елдері экономикасының тәжірибесін есепке алып, тәуелсіз мемлекет құру моделі шындығында өте бағалы еңбек. Елдің тұрақты дамуының мұндай стратегиясы терең ғылыми фактілерге негізделген және жаһандық ғылым мен тәжірибені тоқтаусыз зерттеудің жемісі», деп пікір білдірді.
Іс-шарада Ерлан Сыдықов, Тілектес Есполов сынды белгілі ғалымдар сөз сөйлеп, Рахым Оразалиев, Ақан Бижанов, Алма Әбілқасымовалардың баяндамалары тыңдалды.
Мазмұнды шара аясында Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Меморандумға қол қоюдың мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын насихаттау, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру.
АЛМАТЫ